Т.НҰРМАҒАНБЕТОВЫҢ ЖАЗУШЫЛЫҚ ШЕБЕРЛІГІ
Омаров Т.Қ. – ф.ғ.к., Жапарбекова А.А.- қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, №2 Ә.Бөкейханов жом.
Резюме
В этой статье рассматривается мастерство Т.Нурмагамбетова в раскрытии характера персонажей в его рассказах. Автор показал, что Т.Нурмагамбетов является одним из мастеров слова, продолжающих традиции в Б.Майлина
Summary
This article discusses T.Nurmagambetova skill in revealing the nature of the characters in his stories. The author showed that T.Nurmagambetov is one of the masters of words, continuing the tradition in B.Mailin
Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтар мәселесі әдебиеттегі өзекті тақырыптардың біріне айналып отыр. Ғылым мен техниканың дамуымен қатар, адамзаттың талғамы мен танымы, ой-санасы, тіпті өмір сүру салты да өзгерді. Жаңа экономикалық қарым-қатынастардың әсерінен тұрмыс-тіршілігімізге де өзгерістер ене бастады. Бұл көркем әдебиетке де өз әсерін тигізіп, нарықтық қарым-қатынас, сауда-саттық, алыс-беріс сияқты жаңа мазмұндық өзгерістер ала келді. Енді сол жаңа мазмұнға сай жаңа пішін тауып соны сөз, сындарлы ой айтатын көркемдік ізденістердің жасалуына үлкен ықпал жасады. Сондықтан тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ прозасы, соның ішінде қазіргі қазақ әңгімелерінің де жеткен жетістіктерін саралап қарастыру, соған өзіндік үлес қосқан жазушылардың көркем дүниелерін талқылап қорытынды жасау өте қажет. Осы арқылы – бүгінгі таңдағы қазақтың ұлттық әдебиетінің бағыты мен бағдарын айқындауға мүмкіндік аламыз.
Қазақтың талантты көркемсөз шеберлерінің бірі – Т.Нұрмағанбетов. Жазушы қолына қалам ұстағалы бері ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігін, солар кешіп отырған өмір-тіршіліктің шуақты һәм күнгей тұстарын әдемі юмор, ащы сарказм арқылы шынайы жазып келеді. Біз мақаламызды жазушының таным-талғамын танытатын, ұлттық бояуы қанық ауыл өміріне арналған «Ата қоныс» атты әңгімесінен бастауды жөн санадық. Әрине бұл әңгіменің жазылғанына біраз уақыт болды. Алайда әңгіменің көтерген жүгі мен қажеттілігі бүгін де, тіпті бұдан кейін де жоғала қоймас.
Әңгімеде адам баласының туған жерге деген сағынышы нәзік лиризммен әдемі өрілген. Символ ретінде алынған «атақоныс», «құт мекеннің» бүгінгі күні басынан бағы тайған, сұры сүреңсіз.
Шығарманың басты кейіпкері Мұқа шал өмірде жолы болған адам. Тіпті қанды қасап соғыстан да аман-есен елге оралады. Бағына қарай жолыққан ақылды да, адал жарынан өнген үш ұлының да тасы өрге домалап, шетінен дөкей, шетінен бастық болып шыға келеді. Алайда, «орта жолда атың өлмесін, орта жаста жарың өлмесін» дегендей, күтпеген жерде әйелі дүние салып, шал байғұс қара жамылады. Әрине, тірі адам тіршілігін жасайды. Балалары аналарының жылын берген соң, әкелеріне дәрет суын дайындап әрі шешелерінің орнына үйге ие болып отыратын әйел іздей бастайды. Торғын деген жас әйел келісімен бергенмен «Мені алысымен орталыққа көшетін болсын. Тау-тасты аралап жүре алмаймын. Даңғыраған ақ үйде, қалың көптің ортасында отырамын деп сәлем айтыпты» [1, 5 б].
Шал айтқанына көніп, үйленген соң көп ұзамай атақоныс Көлтоғанды тастап, орталыққа көшіп кетеді. Жылдар жылжып балалары түгілі Мұқа шалдың өзі де туған жер, атақонысын ұмыта бастайды. Дүниеге жақындау болып шыққан парықсыз әйелмен бірге, Мұқа шалдың да мейірімсіз болып бара жатқанын, Дәнекердей адал жарынан соң атақоныстан да кие қашып, дүнние-жалғанның қатігездене бастағанын көреміз.
Жазушының шеберлігі қарапайым ғана оқиғаны тілге тиек ете отырып кейіпкерінің рухани тоналып, басқа бір адамға айналып бара жатқандығын, обал мен сауапты, иба мен инабаттылықты ұмыта бастаған бүгінгі ұрпақтың келбетін аша білген. Бір қарағанда әңгімеде аса бір шиеленіскен сюжет, не болмаса өмірдің дүлей дауылынан туындап жатқан оқиға да жоқ сияқты көрінеді. Алайда, жазушы сол қарапайым ғана ауылдың тұрмыс-тіршілігін суреттеп отырып-ақ, ұлттық құндылықтар мен қасиетттердің құнсызданып бара жатқанын көрсете білген.
Аяқ астынан үйдегі буаз сиырының бошалап, ескі жұртқа кетіп қалуы Мұқа шалдың он жылдан бері ат ізін салмаған ата қонысқа баруына себепші болады. Ескі жұртқа келген шалдың есіне өткен өмір белестері түсіп, жүрегіне сағыныш, көкірегіне мұң ұялайды.
«Мұқа тағы бір бұызылған тамның жанына келді. Небәрі екі бөлмелі бастауыш мектеп үйінің қабарғалары. Ержігіт, Белжігіт, Сайранбектер осы қабырғалардың ортасында оқып ер жетті. Азамат болды. Олар күнде таңертең Жетпісбай тігіп берген бір-бір етікті тепкілеп киіп, сөмкелерін асып алып, осы қабырғаларға жетуге асығатын. Олардың көңілді дауыстары мына шағын екі бөлмеге сыймай, далаға, маңайға түгел естіліп жатушы еді» [1, 6-7 б].
Сөйтіп жүріп жетілген балаларының бірі Белжігіт аналарының ең жақын құрбысы болған Шынаркүлдің, өзімен бірге оқыған жалғыз баласы қайтыс болғанда, үйінің жанына келіп тұрып көңіл айтуға да жарамайды. Ол түгіл, Мұқа шалдың өзі де өмірдің ыстық-суығын, қуаныш пен қайғысын Дәнекермен бірге бөліскен Шынаркүлге көңіл айтуды ұмытып кеткен. Тіпті оның қандай жағдайда екенін, соқа басы сопайып, әлі күнге сол ескі жұртта жападан-жалғыз тұрып жатқанын білмеген. Ең сорақысы, білуге де тырыспағандығы.
Ескі жұртта ойда-жоқта жолығып қалған екеуі біраз шер тарқатады. Анығы, ағынан жарылып ішіне шен-шемен боп қатқан қайғы-наласын ақтарып отырған Шынаркүл ғана. Оған қарсы уәж айтатындай Мұқа шалда дәрмен жоқ. Өйткені Шынаркүлдің айтып отырған өкпе-реніші орынды.
«Қайыпбегімнен айрылып, қабырғам қайысқан шақта неге екенін білмеймін өздеріңді қайта іздедім. Іштей Дәнекерді ойладым. Сені ойладым. Бұл Мұқа неге келмей жатыр деп алаңдаумен болдым. Япырмай, есітпеді ме екен? Неге есітпейді? бұл жұрттың бәрі менің қайғымды әңгіме етпейтін, көрдік-білдік демейтін қаскөй, қатыгез болып кеткенде де, аңыраған дауысым арылдап соққан желмен ілесіп жетпеді ме? Сәуірдің ақ жауыны боп менің көз жасым терезеңнің әйнегін қақпады ма? Жеткенде шығар-ау...
Қаққан да шығар-ау... » [1, 20 б].
Ия, өз қателігін кеш те болса түсінген Мұқа шал запыран құсқандай күй кешеді. Жердің тесігі болса кіріп кетердей халге түскен ол, өз ар-ұятынан қалай қашып құтыларын білмей тұншығады.
Қос мұңлық бір-бірімен сырласа келіп Дәнекердің тек әйел ғана емес, осы атақоныстың киесі де болғандығын түсінеді. Киесі өлген соң атақоныс жетімсіреп, бұл ауылдың адамдарынан қасиет кеткендігі кейуананың аузынан зар-запыран болып төгіледі.
«Дәнекер болса, келер ме, келмес пе еді?» Құдай біледі келер еді. Мені бүйтіп зарықтырмай аңырап әлдеқашан жетер еді-ау. Жоқ ол арамыздан тек кетпеген екен, Мұқа. Біздің бәрімізге ортақ киелі қасиетті өзімен бірге ала кетіпті. Бұрынғылар осындай бір ерекше жандар болады деуші еді. Солардың бірі Дәнекер шығар. Ақиқат сол. Соңы да сол Дәнекер болмаса қайтсін...» [1, 21 б].
Шынында да Шынаркүл ананың жүрегінен ақтарылған мұң-қайғысы сай-сүйегіңді сырқыратып, көзіңе еріксіз жас үйіреді. Міне, бұл сөз жоқ жазушы шеберлігі болса керек.
Біз жоғарыда бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтар мәселесі әдебиеттегі өзекті тақырыптардың біріне айналып отырғанын тектен-текке тілге тиек етпедік. Ал енді сол жаһанды жайлаған ұлтсыздандыру саясатынан ұлтты сақтап қалатын күш – тек ұлттық құндылықтар ғана екенін әр шығармасында дәлелдеп келе жатқан жазушының бірі де, бірегейі – Т.Нұрмағанбетов. Оған жазушының соңғы жылдары жазған әңгімелері дәлел бола алады. Жазушының сондай шығармасының бірі – Кене әңгімесі. Әңгіме желісі бүгінгі қоғамда белең алған келеңсіздіктер, яғни билік басына өлермендікпен жетіп алып, енді өз үстемдігін баянды етуге ұмтылған бір үлкен мекеменің бастығы Бименнің аяқ астынан қайтыс болуымен басталады. Жазушы осы шындықты берудің әдісін сәтті таба білген. Ол әдіс бас кейіпкердің өзі өлген соң оның жанының кенеге айналып, өзінің бұл өмірдегі жасаған қиянаттары мен қатігездіктерін өз көзімен көруі дер едік. Әрине қазақ фольлорында адамдардың жасаған қиянатынан, болмаса басқа да сыртқы күштердің әсерінен адамдардың аңдар мен құстарға немесе жәндіктерге айналып кету құбылысы бұрыннан-ақ бар болатын. Осындай аңыздар мен мифологиялық желілерді кейінгі жылдары жазушыларымыз сәтімен пайдаланып жүр.
Т.Нұрмағанбетовтің бұл әңгімесін мистикалық жанрға жатқызып, жоғары бағалаған талантты әдебиет сыншысы А.Кеңшілікұлы былай дейді: «Кене» әңгімесінде жазушы Тынымбай Нұрмағанбетов реализм мен мистиканы араластырып жіберіп, әлем әдебиетінде өзіндік мектебін қалыптастырған жазушы Франц Кафканың өзімен іштей бәсекеге түсіпті. Егер Кафканың «Құбылысында» (Превращение) адамның жәндікке айналу процесі ғана сипатталса, Тынымбай Нұрмағанбетовың «Кенесінде» жәндікке айналғаннан кейінгі тіршілігіне зор мән беріледі. Тынымбай Нұрмағанбетов үшін адамның жәндікке айналу процесі маңызды емес, жәндікке айналған адам арқылы арсыздықты, зұлымдықты әшкерелеп, дүниенің жалғандығын екі аяқты пенденің есіне салу маңызды [2, 123 б].
Ия, жаны кенеге айналған Бимен өзінің өлі денесін жер қойнына беріп жатқан туыстары мен таныстарының соншалықты қайғырып, қамықпағанына куә болады. Тіпті зират басын мекен етіп жүрген ол өзін ешкімнің іздеп келмегенін, көзі тірісінде қиянаттан басқа ешкімге жақсылық жасамағандығын, өз ғұмырының мағынасыз өткендігіне көзі жетеді.
«Ол әйелін,... баласын.. қызын күткен. Тіпті кім де болса қарайып, қалқайып келіп, қабірінің басына тізесін бүгіп, дұға оқып жатса... Бұл – бір ұлы арман екен.
Ешкім керек етпеген, іздемеген денесінен ақыры өзі де жерігендей болды. Тіпті жек көріп кетті-ме-ау. «Бәсе, дүниеде жасаған жаманат, қиянаттарың тегін кетсін бе? Тәңірі ием бәрін есептеп, жіпке тізіп отыр екен де»... деп ойлады Жан-Бимен мұңайып.
Қанша күн, қанша түн өткені де есінде жоқ. Әйтеуір бұл бір үрей мен азапқа толы кезең болды» [3, 346 б].
Жазушы қасиетті қадистерде айтылатын кім де-кім мына дүниеде шаңның тозаңындай жақсылық істесе ана дүниеде соның пайдасын, ал жамандық жасаса соның зиян-зардабын тартатынын пенде баласының есіне салуды мақсат еткен. Әңгіменің барысында жазушы Жан-Бименді мына дүниеде қиянат жасаған адамдарымен жолықтырады. Мысалы Бимен өлген соң алғаш жаны түЙеге берілген Атанбаймен жолығады. «Жақындай беріп кене түйені таныды. «О жаратқан ием, мынау Атанбай ғой. Менен бұрынғы бастық»
Менен бұрынғы демекші... Ол байғұстың ажалына себепші болған осы кене еді.
... Кене оған қызыға қарап тұрды. Әй, сабаз... Атанбай десе Атанбай еді-ау. Бұдан қанша жамандық көргенде, өзі бұған бір түйір қараулық жасамады. Құдай-ай, сол жамандықтарды бұл не үшін жасап еді? Қисынсыз жалаларды оған неге жапты? Сол антатқыр қызмет... Мансап... Енді соның бәрі жаман Әліпке қалған жоқ па? Ойбай-ау оның жанында мына Атанбайлар пайғамбар емес пе?... Пайғамбар»!? [3, 349 б].
А.Кеңшілікұлы жиырмасыншы ғасырдың басында отау тіккен қазақ прозасында М.Әуезов пен Б.Майлин қалыптастырған екі мектеп болғандығын айтады.
Алайда халық жауы ретінде атылып кеткен Б.Майлиннің шығармаларымен жұрт алпысыншы жылдардың орта шенінде ғана қайта қауышқандықтан, қазақ топырағында Әуезов қалыптастырған мектеп қана тамырын тереңге жібере алғандығын, Бейімбетке көбісі іштей қызыққанымен, прозадағы оның дәстүрін жалғастырып әкеткен жазушылардың некен-саяқ екендігін, солардың бірі һәм бірегейі Т.Нұрмағамбетов деп жоғары бағалайды.
Ал Бейімбет негізін салған дістүрге көп жазушының бара алмаған себебін былайша түсіндіреді. «Өйткені қысқа ғана әңгімеге үлкен ойды сиғызып, ылғи да шығарманы астарлы юмор, ащы сарказммен тұздықтап отыру үшін табиғи талантпен қатар хас шеберлік те керек еді. Және шығарма Бейімбет жазғандай шынайы болу үшін, ұлттың болмысы мен мінезін әңгімеде жан-жақты аша білу, сонымен қатар әрі қарапайым, әрі терең, әрі қызықты, әрі қысқа қылып жазу шарт екен. Бейімбет прозаға қойылатын талапты тым күшейтіп жіберді. Міне, сондықтан да кезінде Бейімбетке еліктеушілер көп болғанымен, қаптаған қазақ қаламгерлерінің ішінен тек ілеуде біреуінің ғана осы мектепті жалғастырып әкетуге қабілет-қарымы жетті [2, 107 б].
Ия, жазушы Т.Нұрмағанбетов әдебиетіміздегі Бейімбет іргетасын қалаған мектептен шығып қана қойған жоқ, сонымен қатар сол прозаны шебер дамыта білген санаулы ғана саңлақтардың бірі дегіміз келеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Т.Нұрмағамбетов. Туған ауыл түтіні. – Алматы: «Жазушы», 1989.
2. А.Кеңшілікұлы. Сөз патшасы. – Алматы: «Дәуір», 2007.
3. Т.Нұрмағанбетов Айқай. – Алматы: «Өнер», 2001.
Достарыңызбен бөлісу: |