Table of Contents бірінші бөлім екінші бөлім үшінші бөлім төртінші бөлім бірінші бөлім



Pdf көрінісі
бет3/7
Дата05.11.2022
өлшемі1,61 Mb.
#156679
1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
Ақбілек. Жүсіпбек Аймауытов
Kazakh Khanate, Von wegen Lisbeth-Augen, 9 апталық жұмыс, HW#1 2023, Undergraduate Instructions for documents submission 2023-1.docx
ЕКІНШІ БӨЛІМ 
Бесатардың оғы — шыққан жерін алақандай қып үңірейтіп, 
жұлып әкетеді. Емдеуі келіспей, асқынып кетсе, ол оқ тиген адам 
жуырда мал болмайды. Сол бесатардың оғы Бекболаттың иығын 
ала, қарынан тиіп, сырт жағын үңірейтіп кетіп еді. «Бұған сормақта 
тарту керек... малдың жыны да мың да бір дәрі...» деп, әркімі әр 
түрлі ем айтып жатқан үстіне, қаладан келген бір «үнүстрүк»: 
«Дәрігерге көрсетпесе, өледі» деген соң, Бекболатты дуанға апарып 
еді. Мамырбайдың Төлегені не дегенмен қайынағасы ғой, барған 
соң, кеңседен-кеңсеге жүгіріп жүріп, ауруханаға жатқызып емдеуге 
қағаз алған еді. 
Бекболат ауруханаға жатқалы жиырма күнге жуықтады. 
Дәрігердің қарауы күшті болғаны той: он бес күн дегенде қолы 
икемге келіп, жарасы бүріліп біте бастады. Алғашқы кезде 
аурухананың сары төсегіне, сасық дәрісіне, шөп тамағына үйрене 
алмай, мұрнын тыжырып, іші пысып, уайым басып жатса да, жүре-
жүре аурухананың өз адамындай болып, бойы үйренейін деді. 
Дәрігер күн шуаққа шығып отыруға рұқсат еткен соң, Бекболат 
бір күні тысқа шықты. 
Үсті-басына ақ киген, ақ орамалмен желкесінен бір түйген сары 
матүшкелер сыпсыңдап кіріп-шығып жүр; қолдарында бөтелке, 
шәйнек, орамал, шылапшын. Мұртын тазының құрығындай 
ширатқан, шашын енесі жалаған бұзаудай тарап, жылтыратқан, ақ 
киімді дәрігер де матүшкелерге орысшалап, ауру жатқан үйлерді 
нұсқап, бірдеңе тапсырып жүр. Аурухананың қабырғалары да, 
төбесі де, табаны да сүргі тартқандай теп-тегіс, маса тайғандай, тап-
таза. Мыналарды көргенде, өзі жазылған соң, Бекболат: «Ауру 
қалай жазылмасын» деп ойлайды. 
Аяғында көттік пен өкшеден шырай жоқ, сылпылдаған башмақ, 
үстінде березе жағалы ұзын сары шапан, басымда ақ орамал — 


Бекболат судан шыққан тышқанша солбырайып, сенекпен ептеп 
аяңдап, алақтап дәрігерлердің қасынан өтті. Дәрігер «Неге кетіп 
барасың?» дегендей, Бекболаттың бетіне бір ажырая қарап, рұқсат 
бергені есіне түскен соң, «Жүре бер» дегендей кірпігін бір қақты. 
Бұрын ауыз сенекте олай-бұлай жүріп буынын бекіткен ғой, бойы 
тыңайған, тәрізді. 
Бекболат сыртқы есікті ашып тысқа шықты. Аурухананың төрт 
қабырғасы, табыт төсегі, сасық дәрісі басырқып тастаған екен, күні 
жарқыраған, әуесі саңғыраған, көгерген көк аспанды көргенде, 
бойы да кеңіп, жадырап, реңі шырайланып, ажарланып, ойы да 
көтеріліп, шарықтап елге қарай бет қойды... еліне тезірек қайтқысы 
келді. Жар дегенде есіне Ақбілек түсті. «Мен міне құдайдың жарық 
күнін көрдім, жазылдым. Ол осы күнде не күйде екен? Әлде 
тұтқында екі көзі жаудырап, жасын бұлап жүр? Әлде, орыстар 
өлтіріп тастады? Әлде бір сары орыспен құшақтасып отыр? Әлде 
бәрі жабылып...»— деген ойға келгенде, шауып келе жатып, биік 
жардың ернеуіне төніп қалған кісіше, денесі шіміркеніп, жүрегінің 
астыңғы жағындағы бір нәзік қыл үзіліп кете жаздағандай болды. 
Бұл ойды Бекболат жараның беті қайтқалы күні де, түні де ойлаған, 
жардың ернеуіне бір емес жүз, мың қайтара таянған, жүрегінің 
нәзік қылы да соншама тырсылдаған; сонда да бұ жолғы жүрегінің 
қағысы бұрынғыларға ұқсамады. Бұ жолы Ақбілекті ойламайын 
десе де кең дала, еркін, сайран өмірі еске түскенде Ақбілек те сол 
сұлу өмірдің гүліндей жылтырап, көзіне іліне берді. 
Бекболат ауруханада жатқанда Төлеген екі-үш рет келіп, көңілін 
сұрап кеткен. Төлеген бір сыпайы, жатық жігіт. Келгенде: «Жараң 
қалай? Бойың тәуір ме? Тамаққа көңілің шаба ма?», деген тәрізді, 
жарасының жайын ғана сұрайтын. Төлеген қайынағасы болған соң, 
Бекболат Ақбілек жайын сұрауға ұялатын. Қарындасы жайынан о 
да сөз қылмайтын. Өзі бірдеңе айтып қалар ма екен деп, Бекболат 
елдің хабарын сұрап жақауратқанда Төлеген: «Жалпы аман болса 
керек... бөтен хабар білінбейді...»— деп, Ақбілек жаққа 


жуымайтын. «Шешесін өлтіріп, қарындасын алып кеткенде.. 
соларды барып бір көрмейтін, соларға бір жәрдем қылмайтын 
неткен жан? Әуелден көңілі қатты адам ба екен? Қалада жүріп 
қақайып, қатайып кетті ме? Мұның пайдасын әкесі қашан 
көреді?»— деген сұраулар Бекболаттың ойына талай келсе де, өзіне 
бірдеңе деуге аузы бармайтын. Өйткені көңілі қатты деуге — 
Бекболатты жан тартып, дәрігерге қаратып, көңілін сұрап келіп-
кетіп жүреді. Қарындасы болса кетті. Енді менен не үміт 
қылады?— деген ойлар келгенде Бекболат Төлегеннің неткен адам 
екеніне миы жетпейді, дағдаратын. Бекболаттың имене беретіні де 
Төлегеннің жұмбақтығы еді. 
Енді далаға шығысымен, Бекболат Ақбілектің не болғанын 
білуге көңілі кетті. Қалай, кімнен біледі? Мұнда қазақ бар ма екен? 
Кеше төсекте жатқанда бір қазақтың есік алдынан өткенін көз 
шалып еді; со қазақ жылт етіп жоқ боп кетіп еді, сол кім екен?.. 
Немесе дәрігерге келіп тұрған қазақтар жоқ па екен?— деп 
қабырғаны жағалап, қақпа жақтағы бұрыштан асты. Асып еді 
ауруханаға кіретін екінші есіктің тепкішегіне көт қойып, бір-екі 
тымақты қазақ сөйлесіп отыр екен. Бекболат іздегені табылғандай 
қуанып кетті: 
— Ассалаумаликүм! — деді, 
Қырындап, төмен қарап сөйлесіп отырған екі қазақ жалт 
қарады. Ел қазағы нұсқынды біреуі: «Әлік» алды. Аятында орысша 
етігі бар ықшам шапанды, жекей қара тымақты, аузы-басы пияздай, 
қожаға айтқан нияздай, қара сұр жігіт ойнақы көзі жалтаң етті де, 
ернін қыбырлатты, Бекболат амандасты. Ойнақы көз жігіт: 
«Сені кім шақырды?» — дегендей жөнді амандаспады. Бекболат 
келген соң сөздерін қоя қойды. Онысы өздеріне қолайсыз көрінді 
білем: жуан етік қазақ Бекболаттың аты-жөнін сұрады. Бекболат 
жөнін айтқан соң, ойнақы көз жігіт: 


— Ә, Бекболат, сіз боласыз ба? Отырыңыз, — деп сырғып, орын 
берді. — Әнеугі оққа ұшқан жігіт екенсіз ғой, — деп біле қойды. 
Бекболат: 
— Өзіңізді мен танымадым ба? — деп сұрап еді: 
— Мен «Тақырдың Жылтыры» деген жігіт болам,— деп 
Тақырдың Жылтырын білмейтін қазақ жоқ тәрізді. «Жылтыр» 
дегенге езуін бір қисайтып, басын бір шұлғып тастады: өз атын 
мардамсып атағаны көрініп тұрды. — Мына кісі Мұстай деген 
біздің бір ағайын,— деді. 
«Тақырдың Жылтыры» дегенде, Бекболат: 
— Ә, естуім бар,— деді. 
Жылтыр жұлып алғандай, тікірейе қарап: 
— Мені кім деп естідіңіз?— деп сұрады. 
Бекболат әнтек мүдіріп қалды да: 
— Көзі ашық, пысық жігіт деп естиміз,— деді. 
Бекболат әлгідей дегенде: 
— Әйтеуір, халықтың көз жасы үшін Матайдың Әбенімен 
ұстасып жүрміз. Ақырын бір «Алла біледі», – деп, қаз көрген 
қаршыға бастанып, мойнын қылтың еткізді. 
Бекболат мақұлдағансып: 
— Е! – деді. 
«Е» дегені: «Ажалы жеткен қарға қаршығамен ойнайды» деген 
осы-ay! Әбен кім? Бұл кім? Ол арыстан да, бұл – тышқан ғой. Ол 
сегіз болыс елді, бір дуанды аузына қаратқан Әбен емес пе? Ол 
Петрамборыңа да барған, патшаға да білікті болған Әбен емес пе? 


Онымен таласқандай мұның не айбыны, не күші бар? Шілтиген бір 
қораш жігіт...» деген ой келіп еді. Бірақ Бекболат бұл ойын неге 
білдірсін, іші пысып қалған кісі ғой: оны-мұны сұрай бастады: 
Жылтырдың білмейтін хабары, естімейтін өсегі жоқ ағып 
тұрған: сөз екен. Аузы аузына жұқпайды. Ол сөйлеген сайын 
Бекболаттың аузы аңқиып, жаны кіріп барады. Ол елдің партиясын, 
сайлауын, кімнің пара алғанын, кімнің бергенін, кім қызын 
сайлаушыға шырға қылғанын, кімнің үйі, малы таланғанын, кімнің 
үйінде тінту болғанын, кімнің қатыны, қызы кеткенін, кім мен 
кімнің керіскенін, төбелескенін, қызыл мен ақтың соғысқанын, 
кімнің басы сотты болып, кімнің үстінен арыз беріліп, газетке 
басылғанын, кім абақтыға түскенін, кім шығарып алғанын, кім 
кепіл іздеп жүргенін, — бәрін саулатты. Оның білмейтін әкімі де, 
сөйлеспеген адамы да, білмейтін заңы да жоқ. Соның бәрін көзімен 
көріп, қолымен ұстағандай, су төгілгісіз қыла, нандыра, жанын 
бере, орысшаны ара-арасына қыстыра сөйлейді. Манағыдай емес 
Бекболат Жылтырдың сөзіне ұюға айналды, нанып емес таң қалып 
ұйыды. Бір сәтте осынша сөзді, осынша хабарды, заңды үйіп-төгіп 
айтып тастаған неткен тілмар, неткен білгіш деп таң-тамаша қалды. 
Сөзінің арасына жік салмастан, бірді айтып келе жатып, бірге кетіп 
будыратқанда, қалың тобылғыдан андағайлай қашқан қоян көрген 
тазыдай, Бекболат қай сөзін ұстарын білмей даң болды. Даң болса 
да, оның айтқан бір хабары құлағына майдай жағып кетті; ол хабар 
– «Қарашаттағы» ақтардың қолға түсуі еді. Оны естігенде Бекболат: 
— Е, бәрекелді!.. Япырай! Түгел түсіп пе? – деді. 
— Түгел, бірін қалдырмай ұстап әкелді. 
«Ақбілек қайда екен» деген сұрау Бекболаттың аузына келіп 
қап, келіп қап, бірақ ел қазағы отырған соң сұрауға қаймыға берді: 
орыс масқаралап кеткен қызды несіне сұрап отыр?— деп мазақ 
қыла ма деп ойлады. Бекболаттың сұрауы көбейіп, әңгіменің аяғы 
созылып бара жатқанын сезіп ел қазағы: «Бір айналып соғармын. 


Шаруам бар еді»,— деп тұрып кетті. Ол кетісімен, Бекболат 
қыбыржып, қобдиланып, Жылтырға қарай берді. Бір уақытта бір 
жасырын сөз айтатын кісіше көзін жыпылықтатып: 
— Сізден менің бір сұрайын деген сөзім бар еді, – деді. 
— Айтыңыз, айтыңыз,— деп Жылтыр жөпілдетті. 
— Мамырбайдың қызы не болды екен? Оны естіген жоқсыз ба? 
– деді. 
— Жоқ, оны естімедім. Ақтардың өзін кешке әкелді. Білуге 
болады. Ол айтпақшы сіздің қалыңдық екен ғой. Жалкі, жалкі!

— 
деді. 
— Япырым-ай! Білуге болса, соны маған біліп берсеңіз... 
— Құп болады. Бүгін, ертең-ақ біліп берем. Күнде елден кісі кеп 
жатады ғой... Бірақ оның енді не керегі бар? — деді. 
«Не керегі бар?» деген сөз Бекболатқа ауыр тиді: жұрттың 
аңызы да осылай екен деп ойлап қалды. Бекболат жабырқау тартып: 
— Әйтсе де,— деді. 
Жылтыр біліп бермек болды. Сөйтіп отырғанда есіктен ақ 
киімді матүшка шығып: 
— Эй, киргиз!.. Доктор,— деп Бекболатқа орысшалап, 
саусағымен ымдап шақырды. 
Бекболат орнынан тұрып жатқанда, Жылтыр матүшкеге түйіліп, 
басын шайқап, орысшалап жіберді де, Бекболатқа қарап: 
— «Киргиз» деп қорлағанын әлі қоймайды, жалаңбұт немелер! 
«Жолдас», «Граждан» деп неге айтпайсың?— деп жатырмын, деді. 
Бекболат жымиып, көпшіктеп: 


— Бәсе! Бұларға да айғыр табылсыншы! — деп ауруханаға кіріп 
кетті. 
— Е, аты шулы Жылтыр осы екен ғой,— деді Бекболат сенекте 
келе жатып. 
Бекболатты тамақ ішуге шақырған екен. Қаңылтыр аяқтағы 
сылдыр сорпаны жеріген жылқыша тамсап, ұрттаған болды. Сорпа 
ішіп отырғанын да, су ішіп отырғанын да андаған жоқ; ойы бөлініп, 
қиялы әлдеқайда отыр еді. 
Ақбілек орыстардан өлі қалды ма? Тірі қалды ма? Өлі қалса сөз 
де жоқ. Тірі қалса, үйіне кеп отырса онда не болмақ? Орыстардың 
талқысынан қалған қызды бұл ала ма? Алмай ма? Дүйім елге әйгілі 
боп, абиұры кеткен қызды қалай алады. Екі сөздің бірінде құрбы-
құрдас бетіне басады ғой. О бір сүйегіне басылған, кетпес таңба 
ғой. Бірақ құдайшылыққа келгенде, Ақбілек сорлыда не жазық бар? 
Өз еркімен барған емес, тағдырдың кермесіне кез келді. Бұл алмаса 
оны кім алады? Адам да алмайды, етпей отырғаны. Бұл басқа 
біреуді алар. Онысы әлдеқандай боп шығады, Ақбілекті өзі көріп, 
айттырып еді ғой. Ондай қыз бұл өңірде жоқ еді ғой. 
Бұлар, үш кісі құс салып жүріп, алғаш барып көргендегі оның 
түрі қандай еді! Маңдайы қасқиып, мойны қаздиып, көзі мөлдіреп, 
ерні үлбіреп, үріп ауызға салғандай жұтынып тұр еді-ау! Тал 
бойында бір міні жоқ, жаңа шығып келе жатқан сүйріктей еді. 
Шашбауын сылдыр еткізіп, сып етіп түрегелгені, тізесімен ақ 
көйлегін серпе тастап, аяңшыл бедеудей кербездене аяқ басқаны, 
тысқарда жүріп, жеңгесімен сыбырлап сөйлесіп, дауысы күмістей 
сыңғырлап тәп-тәтті күлгені; әнтек жымиып келіп, шәй жасап, өп-
өтірік сызылғансып, үш саусағының үшімен шыныаяқ әпергені, 
салалы, қою кірпігін салмақпен қағып, анда-санда көз астымен бір 
қарап қалғаны; мұның шыныаяғына білдірмей бір қант тастап 
жібергені; бір жолдасы сөз қатқалы: 


— Бұ жақтың сұқсұрлары қалай сақ! Қаршығаны көш жерден 
көре қояды екен,— дегенде: 
— Қаршығаларыңыздың қырандығы да, – деп күлім етіп, 
бұлардың құс алдыра алмағанын сықақ қылғаны; апасы: — 
«Ақбілекжан қонақтарыңды аттандыр!» – дегенде, жеңгесі мен 
екеуі бұлардың атын шешіп, нәп-нәзік торғын қолымен қолтықтап 
көтеріп аттандырғаны; «Қош болыңыз» дегенде, көзін жалт еткізіп, 
басын әнтек изеп, артынан қарап қалғаны, — бәрі-бәрі сондағыдай 
сайрап көз алдына келді. 
Бұрын қыз көрмеген кісіше құлап кетпейін, өзін-өзі осынша 
берік болайын десе де, Ақбілектің жүрісін, күлкісін, көз қарасын 
көріп, естіген сайын есі кетіп, «Осының жолына жаным құрбан 
болсын!» деп, өзіне-өзі серт қылғаны қайда? Ақбілек өзгеше еді. 
Әсіресе оның дауысы, оның күлкісі адам баласында жоқ еді. Әлде 
әнтек күрмеліп шіңгірлеген құлыншақтың, әлде түн ішінде көл 
жүзінде сыңқылдаған аққудың дауысы ма? Жоқ, оның біріне де 
ұқсамайды. Ақырын сөйлесе, жас ботаның дауысындай, қаттырақ 
сөйлесе, ол дауысқа күміс қоңырау таққандай ма, қалай, — әйтеуір 
көмейінен, көмейі емес-ау, кеудесінен күңгірлей-сылдырлай 
шыққан бір сиқырлы жат дауыс дәл жүрегіңе барып тиер еді. Сол 
кезде бойың балқып, жаның иер еді. Тағы, тағы да ол дауысты 
естігің келіп, ынтығар едің. Ол күлсе, бұ жалғанның бәрі күліп 
жібергендей, қайда отырғаныңды ұмытып қалар едің. Өзге әйел 
оның бір тырнағына, басқан ізіне тұрмай қалар еді. Сол сияқты 
Ақбілекті Бекболат шынымен ұмытқаны ма? Елдің өсегінен 
қорқып, шынымен алмай кетпегі ме? Қой, өмірде қызық болмас. 
Өзге қызды алса да, оның суреті көз алдынан кетпес. Өмір бойы 
өкінер де жүрер. Қалайда Ақбілектің хабарын тезірек білу керек. 
Ол күні-түнімен, ертеңінде күнімен Бекболаттың ойынан 
Ақбілек кетпеді. Оны қандай жаман адамдарға араластырып, одан 
қандай жиренейін, жек көрейін, түңілейін, безейін десе, оны алғаш 


көргені есіне түскенде, ол ойының бәрі жел қуған тұмандай 
серпіліп баяғы періште сынды Ақбілек көзіне елестейді де тұрады. 
Оны осынша ойламайын деп, үйдегі атын, құсын, мылтығын, аң 
аулағанын есіне түсірейін дей ме, болмайды. Ат, құс, аң, сейіл-
серуен, қызық-думан, — бәрі де жалғыз соның басында тұрғандай, 
бәрі де соның айналасында жүргендей көрінеді де тұрады. Бәрін 
Ақбілек аударып әкеткен тәрізді. Қалай екенін өзі де түсінбейді. 
Бекболат бір кіреді, бір шығады, тағат ете алмайды. Жылтырға 
әлденеше жолықты — хабар жоқ. Бірер қабат сұрады. Сұрай беруге 
де ұялады. Дүниенің тетігі Жылтырдың қолында тұрғандай. 
Жылтырға жолыққысы келе береді. Бірақ Жылтыр көрінген 
қазақпен бір сөйлесіп, босанбайды. Жылтырға жаңадан біреу келіп 
сөйлескен сайын: — «Е, мынау Ақбілектен бір хабар әкелген екен» 
деп, — дәмеленеді. Ол үміті болмайды. 
Бекболат есік алдында тепкіштің қадасына сүйеніп тұр еді. 
Қорадағы дөңбектер үстінде бір қазақпен ауызы жабысып Жылтыр 
отыр еді. Бір кезде ана қазақты жөнелтіп, Жылтыр шапаны 
делегейленіп, басын сермеп тастап, қатты-қатты басып Бекболатқа 
келді. Келе: 
— Уат, жөлік, уат, машіннек
2
, — деп орысшалап, шұлғып 
қойды.. 
— О не? 
— Тағы әлгі Матайдың Әбені. 
— Неғыпты. 
— Шортты ызнат! Әкеле жатқан поштаны талатып, поштабай 
өзі шашып кетті деп пәле сап отырғаны. 
Бекболат мәнісін сұраған соң, Жылтыр түсіндіріп айтты. 
Матайдың Әбені болыспен өш болады ғой. Болыс Әбеннің үстінен 


пргауар жасатып, он ауылнайдың мөрін басқызып, поштамен 
қалаға жіберсе, оны естіп Әбен үш кісі аттандырады. Үш кісі жолда 
шабарманды қуып жетіп, поштасын тартып алып, өзін жаяу тастап, 
поштаны алып қалаға келеді. Пргауардың көзін жойып, өзге 
қағазды кеңсеге тапсырады. «Шабарман бізге пәле салам деп 
астымдағы жалғыз атымды бере қоймаған соң, поштасын шашып 
кетті, шашылған поштаны жинап тапсырғалы әкеліп тұрмыз»— 
дейді. Болыс Жылтыр жақтікі. Пргауар қыл деп үйреткен Жылтыр 
болу керек. Сол жұмыс орынға келмеген соң, Жылтырдың бұқырап, 
«Шорт ызнатты» қатып келгені сол екен. 
— Бәрібір. Ініне су құйылған. Материалы

гүбірніге алда қашан 
жіберілген. Бүгін болмаса, ертең жаптырам. Құдай біледі-ау! Оны 
жаптырмасам, Жылтыр атым құрысын! — деп, Жылтыр күпсініп 
«Шорт ызнатын» қатып барып басылды. Жылтыр басылған кезде, 
Бекболат өзге хабар білгелі, сөзді басқа жаққа бұрғалы: 
— Манағы бір орысша киінген қызметтегі жігіт пе?— деп 
сұрады. 
Жылтыр жұлып алғандай: 
— Ә, ол шекенің агенті,— деді. 
«Шеке
4
» мен «Агентті» білмейтін қазақ жоқ қой, Бекболат: 
— Ол сізбен қалай жақын? — деп сұрады. 
— Біздің кісілер қай кеңседе жоқ дейсің? Шекенің өзі біздің кісі 
ғой! — деді. 
— Онда сізді қалай жатқызып жүр? — дегенде: 
— Ой, шырағым-ай! Оның бір мәнісі бар ғой,— деп Жылтыр 
жымиды. Мені жауып отыра алмайды. Мен ертең-ақ шығамын. 
Кәне менің абақтыда отырғаным? Есебін таптық та балнеске

келдік,— деп қолды бір сермеп қойды. 


Бекболат тағы бір-екі сөз аралатып қыздан хабар сұрады. 
Жылтыр: 
— Жоқ, әлі, хабар жоқ... қыз демекші, ой қыз кәпірді қойсайшы, 
— деді. Бекболат: 
— Е, қыздың несі бар? 
— Шорт ызнат!.. Әлгі агент бір қызық әңгіме айтып кетті. 
— Не әңгіме дегенде, — Жылтыр мынаны айтты: 
— Осында Мәдише деген мұғалім қыз болатын. Сен білмейтін 
шығарсың. Өзі шала қазақ. Баяғыда бір шадыр сары ноғай болды 
ғой... Лапке ұстайтын. Соның қатыны қазақ болатын. Үш қызы бар-
ды: Қадиша, Мәдише, Зағипа деген. Шетінен желаяқ. Мәдишесі 
жап-жас қыз еді. Алдыңғы жылы Семейге барып оқып, мұғалім боп 
келген. Сол Мәдише орыс командирімен жүреді екен. Соның 
арғымағына мініп катайтса

қыла беруші еді. Түнде бақшада бірдеңе 
серең-серең етеді дейді. Бақша күтетін шал бұ не деп жетіп барса — 
екеуі екі жаққа қаша жөнеледі. Бірдеңе ағараң етеді. Қараса шолақ 
дамбал. Шал дамбалды «Шекеге» тапсырады. «Шеке» Мәдишені 
шақырып алып: «мынаны танисың ба?» — десе біресе дамбалға 
ұмтылып, біресе жылайт дейді. Ой, масқаралық- ай!.. Әлгі соны 
айтып, бірқатар күлгеніміз ғой... Бұ қыз кәпірге дауа жоқ... Қазақ 
пен ноғай жетпеді ме екен...— деді. 
Қызды бұлайша сөккеніне Бекболат көңіліне ауыр алып, 
Ақбілекті арашалағалы: 
— Өз еркімен сүйтеді екен-ау!— деді. 
— Е, бұл қаланың қыздарын қалтаң болса — болғаны,— деп 
Жылтыр басынан кешкен бір-екі оқиғаны сөйледі. Бекболат тыңдап 
отырып: 


— Қала бір — бұзылған жер ғой, — дей берді. Онысы 
Ақбілекке кір жуытқысы келмегені ғой. 
Соны айтып отырғанда кішкене қақпаны ашып, бір қазақ кірді. 
— Е, Жаңбырбай, мал-жан аман ба?— деп Жылтыр ұшып 
түрегеліп, шұрқырай кетті. Елдің амандығын сұрап болған соң 
Жылтыр Жаңбырбайды ертіп, манағы дөңбек үстіне барды. 
Сөйлесті-сөйлесті. Бекболаттың екі көзі соларда. Бір мезетте 
Жылтырдың көзі Бекболатқа түсіп кетті де, Жаңбырбайды түртіп 
қап, бірдеңе сұрағандай болды. Жаңбырбай жауап беріп еді. 
Жылтыр ежіктеп, тағы сұрады. Сөйтті де Бекболатқа жайраңдап 
қолын былғады: 
— Сүйінші!— деді. 
Бекболат жымиып: 
— Ал, ал,— дей берді. 
— Қыз аман-есен үйіне келіпті, — деді. 
— Япырмай, шын ба? Япырмай, шын ба?— дей берді. 
— Өтірік айтамыз ба?— деген соң: 
— Япырмай, ә! Япырмай, ә!— дегеннен басқа сөз айта алмады. 
Бекболаттың қуанғаны сонша, Ақбілекті орыс алып кеткенін де, 
масқара болғанын да ұмытып кетті. Ақбілек дәл бір боранда адасып 
кетіп, не тауда, не орманда қалып, жоғалып табылғандай көрінді. 
Қуанған сайын Ақбілек таза, Ақбілек періште сынды болды. 
«Жаным, сәулем қай жерде отыр екен? Құрмалдығың болайын!»— 
дегендей, Ақбілекке мүлде құлап кетті. Әкесі базардан келген 
балаша қуанып, Бекболат тайраңдап ауруханаға кірді. Ойы: 
дәрігерге қашан босатуын сұрамақ еді. 


Ертеңінде жолыққанда, Жылтыр тағы да Матайдың Әбенін 
жамандап келіп: 
— Мен тағы да арыз бергелі отырмын. Сенің атыңнан берсек 
қалай болар еді?— дегені. 
Бекболат шошып кетті. Бұрын мұндай хат-қаламға араласпаған; 
мылтық ату, құс салу, бозбалалық құрумен әуестеніп кеткен серілеу 
жігіт қой: 
— Жаным, менің ретім келмес, мұндай жұмысқа мен өзім жоқ 
едім,— деп абдырап қалды. 
— Сен өзің бір жасық жігіт екенсің ғой! Одан қорқатын түк 
жоқ: барлық пактісі

міне, менің қойнымда отыр,— деп омырау 
қалтасынан бір қағазды суырып алды. Алды да: — Міне, міне — 
мына қағаз оның әкесін танытады. Танытатын жерге алдақашан 
жіберілген. Мынау шорнабай
8
,— деді, сүйтті де іс-міс жоқ, қағазын 
судыратып оқи бастады. 
Бекболат амалсыз тыңдады. Кім біледі, кейін бір керегі боп 
қалар: біз де тыңдайық: 
Семей губрепкоміне, копия 
«Қазақ тілі» басқармасына. 
H. үйезі, Сартау болысының қазағы; 
Пәлен-пәлен ұлынан 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет