Table of Contents бірінші бөлім екінші бөлім үшінші бөлім төртінші бөлім бірінші бөлім



Pdf көрінісі
бет7/7
Дата05.11.2022
өлшемі1,61 Mb.
#156679
1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
Ақбілек. Жүсіпбек Аймауытов
Kazakh Khanate, Von wegen Lisbeth-Augen, 9 апталық жұмыс, HW#1 2023, Undergraduate Instructions for documents submission 2023-1.docx
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ 
МАХАББАТ 
Арада бес жыл өтті... 
Ертіс — үлкен өзен. Өре басы Қытайдан келеді. Екі қабағы 
ызғындай ел. Ызғындай елдің ортасындағы өнер-білімнің, сауда-
кәсіптің, от арба, от кеменің тоғысатын кіндігі қара шаңырақ 
Семей. Семей бір гүбірне елдің миы: ақыл-ойдың табысы — 
Семейде. Семей бір гүбірне елдің жүрегі: Семей бүлік етсе, бір 
гүбірне ел бүлкілдейді. 
Ертістің оң қабағында — Семей, солында — Алаш қаласы. 
Алаш пен Семей арасынан өткенде, Ертіс сауулы інгендей 
талтаяды. Талтайған жерінде арал пайда болады. Аралдың өнбойы 
сыңсыған орман. Жаз болса, орман жасарады, астына шалғын кілем 
төсенеді. Арал сәнденеді. Арал жанданады. Екі қаланың еті тірі 
еркек-әйелі қызылды-жасылды киім киіп, түрленіп, қайыққа мініп, 
сол Аралға — көкке шығады. 
Арал толған ағаш. Ағаш арасы жол. Жол жиегі жасыл шөп пен 
түрлі гүл. Гүл әдіпті жасыл жолда иін тіресіп, ерсілі-қарсылы жүріп 
жатқан жан. Ағаш-ағаштың саясы топ-топ адам. Ол топта 
пәремішін кәрзеңкелеп, тәукеншіл самаурынын бықсытқан татар 
әйелдері де бар; орталарына қымыз қойып, қой сойып, жер ошаққа 
еттерін асып шымырлатып жатқан қазақ та бар; қыз қолтықтаған, 
гүл терген орыс та бар; арақ ішкен, мас болған, сырнай тартқан, 
өлең айтқан орыс, татар да бар. Ән-күй де, қызық-сый да, сұлу қыз 
да, сұлу қымыз да, махаббат та, карта ойыны да төбелес те, айқай-
ұйқай да, ойын-күлкі де — бәрі содан табылады. 


Күн жұма. Ақша бар ма? Әйда, Аралға. Ее қайықты! Әпкел 
домбыраны. Әміре қайда? Шақыр мұнда! Соқсын «Ардақты»! 
Сыңғыратсын Аралды! Көтерсін Семейді басына!.. Ай-хай, жасыл 
Аралым! Қызық еді-ау бір күнде! Әлі де солай ма екенсің? Біз 
Аралдан кеткелі көп айлар, көп жылдар өтіп барады. Сағындық-ау 
Аралды! Сағындық-ау Семей, Алашты!.. 
Сол Аралда, Алаш жақта, үлкен қарағаштың түбінде, Ертістің 
шымырлап аққан суына көз салып, көк теңбіл желек жамылған, 
аппақ шөлмектей бір келіншек отыр-ау! Өзге жұрт Арал кезіп, арақ, 
қымыз ішіп, қызыққа батып жатқанда, жападан жалғыз отырған 
неткен келіншек екен?! Тегі жәй емес қой; аузы жыбырлап, жынды 
кісіше өзінен-өзі сөйлеп отыр. 
...— Шіркін-ай! Біздің ауылдың жайлаудағы шалғыны қандай 
еді! Бұзау көрінбей кетуші еді!.. Ауыл келіп қонғанда жұпар иісі 
мұрныңды жарушы еді!.. Тау аясындағы айдын көлінің айнадай суы 
қандай еді! Өңшең ұсақ бала шолпылдатып суға шомылып, 
жұмыртқа іздеп, жылан бас, тана теріп кетуші едік... Есіл қызық 
күндер-ай! Есіл оң жақтағы дәурен-ай! Елім-ай! Жерім-ай! 
Сағындым-ау, қайтейін.. — деп отыр еді. 
Сол кезде ағаштың ар жағындағы жолмен орысша киімі бар бір 
жас әйел келе жатып, келіншектің сөзіне құлақ салып тұра қалды. 
«Сағындым-ау, қайтейін!» деген кезде, келіншектің қарсы алдынан 
өте беріп, бетіне қадала қарады да, тамсанып тоқтады: 
— Япырау! Жаңылмасам... таныдым ғой: сен, Камила 
емеспісің?!— деп... жаза басам ба дегендей, аяғын бір басты. 
— Иә,— деп келіншек көзі бажырайып, көсілген аяғын жиып 
алып, қарай қалды. 
Орысша киінген әйел таянған сайын, келіншек тесірейе қарап, 
дәл қасына келе бергенде: 


— Бауырым, жиен-ау! Сені де көретін күн бар екен!— деп 
ұшып түрегеліп, мойнынан құшақтай алды. Келіншектің көзінен 
жасы ыршып-ыршып кетті. Көрісіп, мауқын басқан соң, екі жас 
әйел біріне-бірі таянысып, аяқтарын айқастырып, телмеңдесіп 
отырып, әңгімеге кірісті. 
— Сен мұнда қайдан келдің? 
— Сен қайдан келдің?— деп екеуі де сасқалақтап, қатар 
сұрасты. 
— Әуелі өзің айтшы! 
— Әуелі сен айтшы!— деп орысша киінген әйел келіншектің 
қолынан ұстап өз алдына тартты. 
— Жарайды ендеше, — деп келіншек бастады. 
— Жасаған-ау! Енді қайтейін! (тамсанып қояды). Сені көрем 
деген тиіттей ойымда босайшы... ана жылы, жайлауда отырғанда 
апам екеуің келіп жатып кеттіңдер ғой... Онда екеуміз де бала едік 
қой... Япырау! Содан соң қайтып көріскеміз жоқ-ау! 
— Көріскендей болды ма жұрт: балапан басына, тұрымтай 
тұсына... 
— Ия десейші... Жаман болды ғой... Өткен күннің белгісі жоқ... 
Ту баста бүлдірген Рақымжан деген ғой... Қазақтардан солдат алып, 
қызылдармен соғыспақ болып... Әй, дүние-ай, десейші!.. Соғыспаса 
қайтып барады екен? Орыс шіркінді жеңем деп ойлай ма екен... 
сонда елдің кісілерін жинап алып, Рақымжан айтыпты ғой: 
балшабай келді, малдарыңды талап алады. Әйелдеріңе билік 
қоймайды. Аман күндеріңде Қытайға ауыңдар депті ғой. Әкемдер 
қалаға барып келді де: ал ауамыз! — деп, елді бөріктіріп, 
аласапыран болмасын ба? Тігулі үй тігуімен қалды. Толып жатқан 
абдыра-сандық бәрін тастап, жеңіл-желпі киім-кешек, төсек-


орынды алуға мұршамыз әрең келді... Малды айдап күні-түні 
шұбырып, аудық қой... Қанша күн жүргенін де білмеймін, сол 
көшкеннен көшіп, Қытай қазақтарына бардық. 
— Ия, ауып кетті деп естігеміз. 
— Естісең сол. Ол ел бір бейбастақ, жаман ел болады екен: кім 
көрінгені би болып малымызды талап ала берді. Әсіресе, бір 
үкірдай дегені жаман болады: әкемнің бар малын сол айдатып 
алып, сымпидық та қалдық... Не мал жоқ, не үй жоқ, не тамыр-
таныс жоқ, жаппаның астында жаттық. Көрген күнімізді құдай итке 
бермесін. Мені тартып алады деген де сөз шықты. Әйтеуір құдай 
сақтады. Не керек, сонда бір қыс тұрып, аштан өле жаздап, жаз 
шыққан соң, жаяу-жалпылы шұбырып елімізге қайттық. 
Елге келсек — қора-мүлкімізді, жерімізді бір кедей көршіміз 
иемденіп отырып алыпты. Өз үйімізге жолатпайды. Әкем ел 
адамдарына барды, болысқа барды. Түк болмады. Қайдан болсын: 
болыстың өзі екен қондырған. Әкем ізденіп, болыстың үстінен арыз 
беріпті. Қайдан білсін бұрынғы заманы бар деп жүр ғой. 
Бір күні ауылға мылтықты екі мелисе келіп, әкемді алды да 
кетті. — Не жазығым бар,— десе, сен қашқынсың, буржойсың 
дейді. Буржойы не екенін қайдан білейік. Әкемді қалаға апарып, 
абақтыға жауып қойыпты. Әкем жатып алды, шығармады. Өзің 
көрген Ақан деген ағатайым бар еді ғой, сол олай шапты, бұлай 
шапты, әкемді босата алмады. Жалғыз әкем ондай болды. Туған 
шешең болмаған соң, немене... 
— Ой, дүние-ай, десейші... Нағашым сені жақсы көруші ме еді? 
— Е, жақсы көрмей. Қытай қазақтарына бермей алып келді ғой. 
Менің де балалау күнім емес пе: он беске жаңа шыққам ғой: 
әкемнің абақтыға жатқаны жаныма жаман батып жүрді. Айға жуық 
жатты. 


Ақан ағам қалаға кетіп еді. Бір күні әкемді босатып алып келді. 
Қуанып қалдық. Әкем келген соң, қора-мүлкімізді де, жерімізді де 
өзімізге қайырып берді. 
— Онысы тәуір болған екен. 
— Тәуір болғаны құрысын! Тәуір болмады. Арада бір жұма өтті 
ме, өтпеді ме: бір күні кешке таман қаладан үш кісі сау ете түсті. 
Жоғарғы үйге кіргізіп, көрпе салып, қой сойып, шала бүлініп 
жатыр... Мұнысы кім деп отырмын. 
Қатындар жиылып келе бастады. Біріне-бірі: — күйеуді көрдің 
бе?— дейді. Жүрегім су ете түсті. 
— Кімнің күйеуі?— дедім. 
— Ойбай-ау! Күйеуің келгенің білмей отырсың ба?— деді. Не 
дерімді білмедім, көзімнен жасым тыйылмай кетті. Мен жылап 
отырғанда, өгей шешем келіп: 
— Жылағаны несі?.. Бала емессің. Күйеуге тимей отырушы ма 
ең? Дәнеңесі жоқ. Өз теңің: оқыған төре жігіт... Қой жылағанды! — 
деді. Оған да болғам жоқ, теріс қарап, домаланып жылай бердім. 
Енді қайтейін. Әрі жаспын, әрі күйеуге тием деген ойым бар ма... 
Және бір ауыз сөз айтпастан, дәнеңе етпестен, бірақ күнде күйеуің 
келді деген соң... 
— Ой, аллай-ай, десейші. 
Асқа да тұрмай бұлан-талан боп жатыр едім. Қасыма ағатайым 
келді. Қамығып, басымды сипап отырып... — Берейік деп беріп 
отырғанымыз жоқ...Әкеңнің жаны қала ма деп, уәде қылып едік... 
Енді уәдемізді жұта алмай отырмыз... Заман жаман: осындай 
қызметтегі бір адамға сүйенбесек, жазым боп кететін көрінеміз: 
бізді қашқын деп, кім көрінген сұқтанатын көрінеді...— деп 
бірталай ақыл айтты. Ағатайым сөзі кішкене құлағыма кірейін деді. 


Әйткенмен аржағым болатын емес, көңілім соқпайды: жоқ жерден 
күйеуге тиеді деген не сұмдық!.. Әкемнің шыққанына қуанып 
жүрсем, сорлы басым, мені бермек боп босанған екен. 
— Ал сонсын? 
— Сонсын немене? Тамақтан кейін әл-еркіме қоймай, қол 
ұстатамыз деп, мені сүйрелеп жеңгелерім алып барды. Есіктен 
кіргізді. Үй алакөлеңке еді. Әйнектің түбінде қап-қара аюдай 
бірдеңе отыр. Өзі тіпті үлкен. Аузынан түтіні бұрқырайды... 
— Ойпырым-ай! 
— Манағы манағы ма, зәре одан жаман кетті. Мынау өңкиген 
қара аю жеп қоятындай көрдім. Жеңгелерім мені қасына таман 
әкеліп: — Өзіңдей бұ да адамның баласы. Балалық қылма... Әлі-ақ 
үйреніп кетесің,— деп қасына отырғызды да, шамды алып, шығып 
кетті. 
Төмен қарап бұғып отырмын. Дір-дір етем. Түтінін бұрқыратып 
болды да, әлгі қара аю сырғып келіп, қолымнан ұстады. Денем шым 
ете түсті: қолы темірдей тиді. — Не ғып отырсың, бері таман кел!— 
деп қолымнан тартты. Жүрегім дүрсілдеп барады. Бауырына таман 
тартып алып орыс исі қолқамды атып, тікен мұртын бетіме қадап, 
жап-жалпақ аузын жапсырды. Белімнен қысып, икемдеп әкетіп 
барады. Ағатайладым, жалындым, жыладым... керек қылмады. 
Темірдей қолдарымен бүріп, күйретіп барады... Не керек.. тамұқ 
азабын тартқандай, жан терге түсіп, қиналып, есеңгіреп, тұла 
бойым дал-дұл болып, көрер таңды көзіммен атқыздым. 
— Сүйтпей қайтушы еді. Сонысын? 
— Сонысын ертеңінде ол кетіп қалды. Он шақты күннен соң 
ағатайым мен апам екеуі төсек-орныммен арбаға салып, мені қалаға 
алып келді. Бір қатын, үш-төрт сымпиған еркек алдымыздан 
шығып, үйге кіргізді. Ауыз үйі кішкене, төргі үйі үлкендеу екі 


бөлмелі үй екен. Төсеніші жоқ. Қу тақтай. Бір бұрышта темір 
кірауат тұр. Шешем екеуміз соның үстіне отырдық. Еркектер 
ортадағы орыс үстелді жағалай орындыққа отырды. Өңшең бір 
шүлдірлеген бөтен адам. Тартқандары шылым. Қайда отырғаныңды 
білмейсің... 
— Е, оның рас, алғашқы кезде кісі сүйтеді екен. Сонысын? 
— Сонысын кешке таман қонақ шақырды. Кірауат жаққа маған 
шымылдық құрып қойды. Апам басы ауырып, ауыз үйде жатып 
қалды. Қонақтары келді саусылдап. Орталарына ет қойып: — 
Келіншегің құтты болсын! — деп айғайласып, стақанды 
салдыратып арақ ішті. Ақан ағам ішпеп еді, бәрі жабылып, қоярда-
қоймай оған, да ішкізді. Мен шымылдықтың ішінде жалғыз 
шошайып отырмын. Ағатайымды аяп отырмын... 
Шетінен мас. Бір жігіт арақты азырақ ішті білем: бәрі соған 
жабылды. Менің күйеуім: — Іш! Сен неге ішпейсің?— деп 
күжілдеп әлгімен ұстасты. Содан ұшқынып екеуі керілдесіп, 
боқтасты. «Қой, қойлағанды» тыңдамай, әлгі менің күйеуім тілі 
күрметіліп, боқтап, атам деп, мылтығын ала ұмтылғаны ғой. 
— Құдай-ай, сақтай гөр! 
— Зәрем зәр түбіне кетті. Бәрі дүрлігіп, ыдыс-аяқты қиратып, 
үстелді, тақтайды тарсылдатып, үйді басына көтеріп барады. 
Қорқып мен орнымнан ұшып түрегелдім. Шымылдықтан сығалап 
қарасам — күйеуімді екі жігіт ұстап жүр екен. Көзі қисайып, 
ақшиып кетіпті. Қыли екенін сонда көрдім. Қолында мылтығы, 
тұра-тұра ұмтылады. Күйеуімнен қорықтым, көңілім қалды. Мінезі 
жаман екен. Әлден уақытта екеуін де қойғызып, қонағы түскірлер 
тарады. 
Ыдыс шашылып, стақан, бөтелкелер қирап, арақ төгіліп, үйдің 
ойран ботқасы шығып қалды. Ағатайым мана төбелестен бұрын 
лоқсып, шиқылдап, ауыз үйге шығып кетіп еді. Күйеуім 


қонақтарын шығарып салып, тәлтіректеп келіп, мені тағы 
құшақтап, сүйді. Өне бойы арақ сасиды. Шешінбестен төсекке 
келіп қылжиып, әлгі төбелескен жігітті боқтап жатып, ұйықтап 
қалды. 
— Ойпырым-ай! Күйеуің мінезі қалай жаман еді! 
— Мінезі жаман деймісің? Жамандығын қазір айтам... 
— Сонысын қайттың? 
— Сонсын жылап-жылап, сілем құрып, кірауаттың алдына 
көрпе тастай беріп, жантайып таң ата көзім ілінді... 
Не керек бір cay күні болған жоқ. Қызметтен келсе, арақ 
ішумен, мас болумен, боқтаумен күні өтті. Мені жан екен деп 
сөйлесу жоқ. Тек қойныма жатуды... біледі. Күндіз-түні бүк түсіп 
жатқаннан басқа жарық сәуле көрмедім... 
Бір жұмадан кейін күйеуім қызметінен түсіп қалды. Партиясы 
дей ме, бірдеңесінен де шығарып тастапты. Пара алып, 
жолдастарымен ұстасып, әйтеуір жамандығы білініп қалса керек. 
Содан кейін ол мені алып, өз еліне қайтатын болды. 
Келіп-кетіп жүретін бір қазақ қатыны бар еді. Өзі сумаңдаған, 
сөзі көп қатын еді. Бір күні сол келді. Күйеуіңді қызметтен түсірді. 
Бұ қаладан қуып отыр... Жаман жұмыстары көп: енді абақтыға 
түседі... Өзі кедей дейді. Сен оған ерме! Мұнда қал! Саған жақсы 
күйеу тауып береміз...— деп мені азғырды. Не сөз екенін білгем 
жоқ, келген соң күйеуіме айттым. Кеше ғана тие сала қалай 
айрылайын? Күйеуім: — Олар менің дұшпаным, өтірік айтады. 
Әуре болма!— деді... 
Содан мені осында алып келді. 
— Семейдікі екен ғой? 


— Ия. Осында бір жаман үйі бар екен... мені өз үйіне әкелген 
жоқ, бір жолдасының үйіне түсірді. Ноғай қатыны, екі ақ үрпік 
баласы бар екен. Шәй қайнатты. Күйеуім кетіп қалып еді. Әлгі 
үйдің иесі бар, бір-екі балалау жігіт бар, шәйді жаңа ішіп отыр едік. 
Бір мезгілде бір шұбар матүшке келіп, ентігіп, сұрланып, ерні 
дірілдеп есік көзінде тұра қалып еді. Бәрі де үн-түн жоқ, төмен 
қарады. Сөйткенше болмады, әлгі матүшке: 
— Оныки жаңа қатын сен бе?— деп мені көрсетіп: — Мен де 
оныки қатын еди. Мени тастады. Меники одан кишкене бала қалды. 
Баланы асырауға ақша жоқ. Баланы саған тапсырдым,— деп маған 
қарап, жылап қоя берді. 
Мен аң-таң болдым. Үй иесі жігіт отырып, маған мәнісін айтты. 
Бақсам — күйеуімнің орыс қатыны бар екен. Маған оны айтпастан, 
алып кепті. 
— Ойбай масқара! 
— Масқара болғанда қандай!.. Со жерде не болғанымды 
білмедім. Өңім екенін, түсім екенін айыра алмадым... 
Мен жылап отырғанда күйеуім келді. Матүшке кетіп қап еді. 
Күйеуім шәй ішіп отырып: Баланы да жібергелі отырмын,— деді. 
Жолдастары: 
— Өзің білесің... пәлен, түген...— деп жөнді ештеңе айтпады. 
Ішінен жақтырмай отырғандары көрініп тұр. Мен күйіп кеттім. 
— Балаңды неге жібересің? Орыс боп кетпей ме? Алып қал!— 
дедім. — Енді қайтейін... Аядым... Тіпті намысым келді. Кім де 
болса, күйеуімнің баласы ғой. Айтқаныма бола ма, баласын бірге 
тастады. 


Қатыны кеткен соң мені өз үйіне әкелді. Жаман, тоқал үй екен, 
бір атасы мен жеңгесі бар екен. Атасы жаяу жүріп сауда қылады 
екен... 
Әлгі күйеуімнің тастаған баласы анда-санда келіп-кетіп жүрді. 
Бес-алтыға келіп қалған жап-жақсы бала. Менің күйеуімнің баласы 
дейтін емес. Қазақша тіл біледі. Бейшараны аяймын: маған бала 
боласың ба?— деймін. 
— Болам,— дейді. Әкесі келсе: — Келме, үйіңе бар!— деп қуып 
жібереді. Со бала артынан көшеде қайыр сұрайтын болыпты. Әкесі 
жолыққанда, бала қолын жайса, керек десе, садақасын да бермепті. 
Не деген қатты адам екенін білмеймін...— деп келіншек сөзін 
бітірді. 
— Осы күні күйеуің қайда? 
— Қызметпен басқа қалаға кетіп еді. Екі ай болды. Хабар жоқ. 
— Бала көтердің бе? 
— Бір бала түсік түсті. Біреуін қолдан өлтірдік... 
— Күйеуіңнің аты кім? 
— Обал ғой: қалай атайын? 
— Оның обалы жоқ, бауырым. Жәй сөз. Айта бер. 
— Ана аттың мойнына салатын имек ағаш. 
— Қамыт па? 
— Жоқ одан жоғарылауы. 
— Доға ма? 
— Е, сол, сол. 


— Ағы да бір түрлі екен... Өзің немене...жүдеусің ғой? 
— Жүдеу болмай қайтейін... Адасқан қаздай... жападан 
жалғыз... Науқасқа шалдықтым: азырақ жөтелім бар... 
— Ей, қалқам, Камила-ай! Сенің де көрмеген қорлығың жоқ 
екен ғой!.. 
* * * 
— Ал енді өзіңдікін айтшы!— дегенде орысша киінген әйел 
басынан кешкен күндерін бір-бірлеп ағыта бастады. 
Бірінің аузына бірі қарап, киімдерін шұқыласып, екеуі ағаш 
түбінде көп отырды. Күн де еңкейді. Камиланың қыдырып кеткен 
қайын аға, абысындары да келді. Сонымен, о күні әңгіме аяқталмай 
қалды. Орысша киінген әйел Камиланың тұрған үйін сұрап алып, 
ертең келмек боп, қош айтысты. 
Ертеңінде «Кашти» жырасымен ағып екі әйел Ертіс шетіндегі 
«Маған кел, маған кел!» деген көп қайықтың бір бүтіндеуіне 
отырып Аралға тартты. 
Әне жерге, міне жерге барса да, орыс, ноғайдың қыз-қатыны, 
қолтықтасып жылт етіп шыға келеді. Оларды көргенде келіншек: 
— Осылар-ақ үйінде отырмайды екен,— деп қояды. 
Оңаша орын іздеп, екі әйел Аралды өрлеп барып, Алаш жақтағы 
орманның бір алаңқайына алдын бере отырып, әңгімесін қайта 
қозғады. 
— Ия, сонымен? 
...— Сонымен, жазға салым ауылға ағатайым келді. Мен әлі 
әкеме көріне алмай, Ұрқияның үйінде жүруші едім. Әңгіменің бәрін 


ағатайым естіпті. Әкемді көндіріп, ағатайым үйге алып келді... 
Бетімнен отым шығып әрең бардым. 
Елде бір жарым ай тұрған соң, ағатайым мені қалаға алып кетті. 
Әкем үндеген жоқ. Өзі де құтыла алмай жүрген кісі ғой. Қайта 
келгенімді тәуір көрген шығар...— деп әңгімеші әйел қалтасынан 
орамалын алып, мұрнын сүртті. 
Сөз әлпетінен оқушылар өзі де сезген болар. Бұл әңгіме айтып 
отырған Ақбілек еді. Анау Камила деген келіншек Ақбілектің 
шешесімен бірге туысқан, бұрын болыс болған Бояубайдың қызы 
еді. Ақбілектің туған нағашысы болды ғой. Ендеше Ақбілектің 
әңгімесіне құлақ салайық. 
— Ағатайым қаладағы бір Мағиша деген оқыған қызды алғалы 
жүр екен. Орал тауынан ауып келген естек қызы. Бір мұғалім ағасы 
бар. Үйелмелі-сүйелмелі екі қыз екен. Бізге ұсап, дәм айдап келген 
ғой. Көргенді жердің балалары болса керек. 
Бір жұмадан кейін сол жеңгемізді алды. Оқығандардың 
үйленгені де бір түрлі ғой. Құда түсер, қол ұстатар, шаш сипар, ілу, 
жыртыс, киіт-сиіт, кәде-сәде дегеннің бірде-бірі жоқ. Томаға тұйық 
үйге алып келіп, қонақ шақырады екен. Қыз ибасы да, қынамендесі 
де, тойы да — сол. Бір соғар. 
Жаңа жеңгей де ұялған жоқ. Ағатайыммен тізелесіп отырып, 
қонақ күтіп, өзі жүгіріп жүрді. Естек болғанмен, өзіміздің қазақ 
сияқты қытығы жоқ, кең пейіл, тәуір адам екен. Көзі қап-қара, 
денелі, келбетті кісі... 
Жеңешемді сөз қып кеттім-ау! Оны айтатын да жөнім бар. 
Ағатайымнан да маған оның қызметі асты. Мені адам қылған со 
ғой... 


Он қолынан өнері төгіледі. Шаруаға да біртүрлі көріпкел. 
Тамақты қандай қып пісіреді! Неше түрлісін істейді. Ішпегенді 
ішкізді... 
Өзі бір саудыраған, ақ көңіл, бала сияқты адам. Не десең соған 
нанады. Ағатайымның бар-жоғын білдірмейді. Келген кісімен 
еркекше сөйлеседі. Менің көзімді ашқан со жеңгем ғой, әйтпесе... 
— Ал сонан кейін қайда бардың? 
— Содан кейін ағатайым со жылы Семейге барды. Қызметке. 
Мені де ала барды. Пәтер-тұрмысымыз жайлы болды. 
Сол кезде бір курс ашылып, ағатайым мені сол курске түсірді. 
— Курсің немене? 
— Ондайды елі білмейді екенсің ғой. Бала оқытатын сондай 
мектеп болады. 
— Үйден шықпаймын. Қайдам... 
— Оның да рас қой... Курсте менен басқа да төрт-бес қыз 
оқыды. Көбі еркек. Қазақша хат танығаным болмаса, дүкенді, 
оқуды кім көрген. Әуелде түк түсінбей жүрдім. Өзіміз оқитын ескі 
молдалар тәрізді емес, орысша киінген жігіттер түрегеп жүріп 
оқытады, Жазу жазатын, отыратын жерің, бәрі — үстел. 
Мұғалімдеріміз қара тақтайға бормен жазып-жазып, сөйлеп 
түсіндіреді. 
Есеп дей ме, жағырапия дей ме — сен білмейсің ғой — көп 
нәрселер үйретеді, Мұғалімнің үйреткенін дәптерімізге жазып ала 
береміз. Үйге келген соң, білмеген жерімді жеңешемнен, 
ағатайымнан сұрап алам. Екеуі де айтып береді. 
Не керек, сол курстан алты айдай оқып, әжептәуір нәрсе біліп 
қалдым. 


Үйге келгенде, жеңешеме қолқабыс қылам. Омырауға 
алжапқыш байлап алып картоп тазалаймын, кеспе кесем. Пареміш, 
самса, тұшпара, катлет дейтіндері болады екен. Олардың істеуін де 
үйреніп алдым. Киімім де ыңғайлы. Семейге келген соң, ағатайым 
мен жеңешем маған да орысша киім тіктіріп, мені қылтитып сәндеп 
қойған. Кейде ағатайыма, кейде жеңешеме еріп тиатрға, суретке 
барамыз. Сен оларға барып көрдің бе? 
— Әлгі қозғалып тұратын ба? 
— Ия. 
— Әлгі жақта бір таныс шәкірт апарған еді. Не екенін ұға 
алмадым. 
— Әуелде мен де таң-тамаша қып: — бұ қалай қимылдап тұр? 
Жаны бар ма?— деп жеңешемнен сұрай бергем. Сөйтсем — жаны 
жоқ екен. Қозғалтып тұратын бір тетігі бар екен. Іспектакілге 
бардың ба? 
— Онысы немене? 
— Кісілер бет-аузын бояп, сақал жапсырып алып, сөйлесіп 
ойнайды ғой... 
— Әне біреу... әлгі бір қойшы болып қатынын ұратынды айтады 
екенсің ғой. 
— Е, сол, сол... Семейге сені қай жылы әкелді? 
— Қай жыл екенін қайдам...Әйтеуір төрт-бес жыл боп барады 
ғой. 
— Бізге де міне бес жыл боп барады. Біз жиырма бірінші жылы 
қысқа қарсы келдік... Сені не ғып естімедім екен? 
— Ә... Келген жылы біз Қарқаралыға кеткенбіз. 


— Бәсе келесі жылы тағы көре алмайтын жөнім бар. О жылы 
мені ағатайым Орынбордағы оқуға жіберген ғой. 
— Ендеше, о жылы біз қайтадан Семейге келгеміз... Менің 
алғашқы бала көтерген жылым ғой... 
— О жылы мен Орынбордамын. Ағатайым көбірек оқымасаң 
адам болмайсың,— деп оқу бөлімінен қағаз әперіп, Орынбордың 
раппагіне жіберген. Екі қыз барғамыз. Ажар екеуміз... Жеңілтек қыз 
еді. Қалалы жердікі ғой. Есіл-дерті бозбала. Бет-аузын бояп, 
әлектенеді де жатады... 
Менің от арбаға алғашқы мінгенім ғой. Атын естіген болмаса 
кім көрген. Түн ішінде ағатайым жеңешем мен екеуі бержебаймен 
апарып салды. Жыбырлаған кісі. От арба өкіріп жүр. Ағатайым күн 
бұрын қағаз алып қойған екен: кезек күтпей билет алдық. Апарып 
бір ұзын үйлерге, үй емес, дөңгелегі бар, үлкен бітеу 
күймелерге...— багон дейді екен, артынан білдік — әкеп кіргізді... 
Жеңешем мен ағатайымды қимай көп жыладым. Бұрын 
көрмеген алыс жер ғой: қорқып жүрмін... енді қайтейін. Бір 
жағынан оқығанымды да жақсы көремін: бір қыс оқып, оқудың 
дәмін алып қалдым ғой. Оқыған жеңешем түрі анау: бәрін біліп 
тұрған... 
Ағатайымды қандай сыйлайды! Ағатайым да оны ренжітпейді... 
Жеңешемнің тілі де бір түрлі қызық қой! Ол сөйлегенде ағатайым 
екеуміз күлеміз де отырамыз. Әуелде тіліне түсіне алмай жүруші 
ем. Жүре-жүре құлағым үйренейін деді. Жеңешем де қазақша 
сөйлеуге айналды. Өйткенмен кейде бірдеңені қойып қалады... 
Ойбай-ау! Бірді айтып, бірге түсіп кеттім-ау! Жеңешемді 
ойласам, айтып отырған сөзімді ұмытам да қалам: тіпті сағынып 
жүрмін. 
— Олар қайда? 


— Зайсанға кетіпті. Көрем ғой деп келсем... Жеңешетайым-ай! 
Менің көзімді ашқан со ғой... 
— Ия, қимай жыладым дедің ғой. 
— Жыламай қайтейін: сол екеуінен басқа кімім бар? Әке-
шешенің түрі анау болды. Екі бауырым болса, онда өгей шешенің 
қолында қалды. О байғұстардың көрген күні әлде қандай деп бір 
ойлаймын... 
Не керек, екеуі бетімнен сүйіп, төрт көздері жаудырап қоя берді. 
Өкірген от арбаға мініп, мен кете бардым... Ажардың ойына да 
келмейді. Сол екі арада бір жігіт тауып алып, әйнек алдында аузы 
жабыса қапты. Екі күнге дейін көзімнен жас кетпеді. 
Жолда төрт қалаға тоқтап, бағзалда жатып, билет алып, басқа от 
арбаға мініп отырдық. Ажардың жігітпен таныс болғанының бір 
пайдасы тиді: Ажар екеумізге кезекке тұрып, билет әперіп отырды. 
Неше түрлі тамашаны көрдік. Талай өзеннен, көпірден өттік, 
Тауды да, орманды да тіліп өтеміз. Бір жерге барып, тіреліп қала ма 
деп қорқып келе жатасың. Тірелмейді де, соқтықпайды да, 
арасынан жыпылдап, жыланша бұраңдап өте шығады. Жүрісі 
қандай! Құйындай ұшады. 
Орынборға келіп, бержебайға мініп, Ажардың танымалына 
барып түстік. Орынбор қаласы Семейден ретті, көшесі тас, 
бержебайы да оңды екен. Солқылдаған кішкене пауеске. 
Ертеңінде қағазымызды алып, школға бардық. Адам айтқысыз 
бір үлкен үй. Ығы-жығы бала. Біз де кіріп, кеңсесін тауып алып, 
қағазымызды көрсеттік. Қағазымызға қарап, бізді тыңдамастан, 
дәнеңе етпестен алды. 


...Қыздар жататын бөлме басқа екен. Солардың арасынан бізге 
де екі кырауат берді. Төсек-орнымызды әкеп, сонда орналастық. 
Қыздардың бәрі орыс. Қазақтан бес-алты-ақ қыз болды. 
Семейдегідей 
болмады. 
Оқуы 
қиын 
тиді. 
Семейде 
мұғалімдеріміз қазақ, оқуымыз да қазақша еді. Орыс тілін азырақ 
оқып едік. Мұнда оқу қалпетімен орысша. Оқытатын ылғи орыстар. 
Қазақтан бір-ақ мұғалім бар. Ағатайымнан, жеңешемнен орысша 
оны-мұны үйренген болғам. Ол білгенім аз екен. Көпке дейін түсіне 
алмай, босқа отыратын болдым. Бір тәуірі орыс қыздары көп: тіл 
үйренуге, оқудан да солар жақсы болды. Әйтсе де сабақты мәз ұға 
алмай жүрдім. 
Ешкіге ұсаған қызы түскірлер секектеп отырмайды екен. 
Сабақтан босанса, жігіттермен жыртыңдасып, хат жазысып, 
қолтықтасып, құшақтасып жүргені. Орыс қыздары тіпті ұят дегенді 
білмейді екен ғой, еркектің мойнына мініп алады, жас балаша 
алдына отырады. Тіпті ұят! 
Оларға еліктеп, біздің қазақ қыздары да жігітпен жүреді. 
Әсіресе, біздің Ажар мен Камила деген қыз түні бойы жоғалып 
кетеді. Қараңғы жерге барып, әркіммен бір құшақтасып отырғаны. 
Камила деген қыз сабағын оқи алмай, қыс ортасына жетпей шығып 
кетті....Екіқабат екен десіп жүрді. Кім білсін... 
Жігіттер мені де айналдырды. Мен олардың ортасына түспей 
шеттеп жүретінмін. Өзім сияқты жуастау орыс қызымен жолдас 
боп, сонымен сөйлесетінмін. Жігіттер: — Қыдырайық, ойынға 
барайық, сөйлесейік... деп, маза бермейтін болды. Мен олардың 
ыңғайына көнбедім. Бозбалаға несіне қызығайын? Бұрынғы тартқан 
азабым аз ба? Және жеңешем ылғи құлағыма құйып отыратын: 
жігіттердің азғырғанына ерме! Ерсең бұзыласың. Әуелі оқу оқы. 
Күйеуге тиетін кезде жігітке көз саларсың...— дейтін. Қазақтың 
оқыған қыздарын ағатайым да жамандайтын: ыртаң-жыртаңнан 
басқаны білмейді...— дейтін. Сол сөздері есімде. 


Айтқанына жүрмегенсін, жігіттер соңыма түсті. Мені — ұлы 
кеуде деді, байдың қызы деді, қуыршақ деді, кісі киік,— деді. 
Айтпағаны жоқ. Тоғыз саққа жүгіртті. Өтіріктен өтірік: «Пәлен 
жігітке хат жазыпсың, пәленмен жақынсың...» деп жала жапты. 
Маған хат жазып, ғашық болды. Домалақ қағаз түсіріп, неше түрлі 
былғаныш сөздерді айтты. Сонда да болмадым. Ең болмаған соң, 
қараңғыда аяғымнан қағып, жығып кететін, ұрып кететін болды. 
Қағаз, кітаптарымды, тарағымды, орамалымды... ұрлайтын болды. 
Еркек бала бір түрлі бейбастақ келеді ғой. 
Екі күнде, үш күнде бір жиылыс болады. Айқай-ұйқай боп 
сөйлеп жатқаны. Жиналысқа бармай қалсаң, біреуі барып жеткізе 
қояды. Бірін-бірі мүйіздеп, жамандап школдан шығарып жатқаны. 
Әсіресе, біздің қазақ балалары. Не жетпейтінін білмеймін. 
Бес жүзге тарта бала бар. Үй тар. Отын кем. Жұмасына бір жаға 
ма, жақпай ма? Үйдің іші былғаныш, сасық. Көп бала сасытпай 
тұра ма. Тесікті ашсаң, азынап суық кіреді: ауырып қаласың. 
Ашпасаң, тұншығып кете жаздайсың. Оның үстіне тамақ та 
жайсыз: ашаршылық жыл ғой. Таласып-тармасып күніне жарты 
қадақ қара нан, бұлдыры жоқ, картоп салған сорпа ішесің. Кешке 
бір қайнаған су, оқу оқып, жетілгеннен бұрын, аштан өле жаздадық. 
Талай бала ауырып, шығып кетті. Өлгендері де болды. Қыстың 
аяғына жете алмай мен де жүдеу басқа айналдым. Семейге баратын 
үш-төрт баламен мен де қайттым. 
— Сен де бейнетті тәуір көрген екенсің? 
— Атама. Жасынан оқымаған соң, кісінің тілі де қатып кетеді 
екен. Жуырда икемің де келмейді екен. Есейген соң оқығанның бір 
тәуірі: есің болса, артық бұзылмайды екенсің. Өңшең өгіздің 
ортасыңда аман қалғаныма өзім де таңданам... 
Жеңешем мен келгенге қуанып қалды. Оған серік керек қой. 
Екеуміз бір туған кісідей боп кеткеміз ғой. 


Ағатайым губпроткомда қызмет қып, тәуір боп тұр екен. 
Келген соң: — босқа жүргенше, тіл үйрен деп, бір учитель 
қатынды жалдап, төрт ай оқытты. Бұрын қазақ баласын көп 
оқытып, ысылған, кәрі қатын екен. Баласы жоқ. Табысымен күн 
көреді. Сол қатыннан оқығаным көп пайда болды. Орысша жазуға 
да, сөйлеуге де со кісі сауатымды ашты. Орыстың тілі қиын болады 
екен тіпті. 
— Осы күні орысша біліп алдың ба? 
— Онша жетік білмесек те, түсінетін болдық. Аса бір қиын сөз 
болмаса, ойымдағымды айта алам. 
— Біз сияқты аузын буған өгіз емессің ғой. 
— Оқысаң сен де үйренер едің. Оқи алмай қалдың ғой. Заман 
оқығандікі көрінеді. Өмірдің қызығы соларда. Бар тапқанын тамағы 
мен киіміне салады. Мал жиям деп әуре болмайды. Тұратын үйлері 
қандай! Саңғырлаған бір сарай. Әй біздің қазақтың көрген күні 
құрысын! Бықсып, сасып, биттеп, құрттап жатқаны... 
— Құрттаса да: мен сол елді сағынып өліп жүрмін. Қуарған 
қаласы бар болсын! Бәрі бөтен, бәрі жат. Ішім пысып, санамен 
сарғайып, дертті боп отырмын. 
— Қалқам-ау, ол сенің оқымағандығың, оқысаң, бәріне үйір боп 
кетесің. 
— Енді бізге оқу қайда?.. Елімді бір көрсем, арманым болмас 
еді,— деп Камила қатты күрсінді. 
* * * 
Қаланы, оқығанды мақтағаны болмаса, Ақбілектің арғы ойы: 
оқымаған Камиланың алдында өзінің оқығандығымен, орысша 
киімімен азырақ мақтанбақ еді. Әйтпесе даланы, елді өзі де 


сағынып жүр еді. Камила елін бір көруді арман қып күрсінгенде, 
Ақбілек ұялып «өтірік мақтанып отырмын-ау» деп ойлады. 
Сондықтан: 
— Сенің оның да рас: кісі кейде елді бір түрлі сағынады,— деді. 
Кішкенеден соң, Камила. 
— Сонсын не болдың? Бітті ме?— дегенде Ақбілек: 
— Жоқ әлі. Әңгіменің қызығы ілгері,— деді. 
— Е, соныңды айтсайшы. 
— Соны айтсам... немене... қай жерге кеп ем? 
— Семейге келіп орыс қатыннан оқыдың ғой. 
— Е, е... содан кейін, қысқа қарсы Орынборға тағы бардым. 
Оқуға. Қайта-қайта айта бермейінші. Орынборда тағы үш жыл 
оқыдым. Тұрмыс та, оқу да бұрынғыдан жөнделейін деді. Тіл біліп 
қалдым ғой. 
Қалаға әбден таныс болдым. Оқушылар ойын қойып, мен 
ойынға да араластым. «Бәйбіше — тоқалды» ойнағанда, мен Дәмеш 
болдым. Свердлов клубына қойдық. Оқыған азаматтарға қыдырып 
жүріп билет саттық. 
Ойынымыз жақсы боп өтті. Мен де тәуір ойнадым білем: ойын 
басқарушы: — Жақсы шығардың! — деп қолымды қысты. 
Бупет бар. Жұрт сыра ішіп, қызып, ойынды сөз қылысып, 
гуілдесіп жатыр. 
Бетімнің бояуын сүртіп, ауызға шығып ем: — Ақбілек, сен 
жақсы ойнадың!— деп өзіміздің қазақ үшітел жолыға кетті. 
Көтеріліп қалдым: — Жүр, шәй ішейік!— деп үстелге алып келді. 


Ол үстелде үш жігіт отыр екен. Мені таныстырды. 
Кемесерлеріміз екен. — Мынау Ақбала жолдас, мынау Балташ 
жолдас... деп жатыр. — Отырыңыз!— десті. Отырдым. Сыра 
ұсынды. Ішпедім. Ақбала деген жігіті отырып: 
— Ішпесе, зорламаңыз: әйел балалардың ішпегені де жақсы... 
Біздің әйеліміз де кісі боп қапты. Ойындарыңыз тәуір шықты... деп 
бірталай сөз қылды. Мен шәй ішіп отырдым. 
Ақбаланы бұрында көшеде бір-екі рет көргенмін. Балалар 
шешен, білгіш деп мақтайтын. Орта бойлы, маңдайлы, аққұба жігіт 
еді. Көз қарасы, сөйлесі сабырлы жігітке ұсайды. 
Сол отырғанда Ақбаладан көп сөйлеген адам жоқ. Әдемілеп, 
баптап әр түрлі сөздерді айтты. Өзгелері тыңдап, қошамет қып, 
күлісіп отырды. Ақбала менен оқуымызды, тұрмысымызды сұрады. 
Көбінесе маған қарап сөйлеп отырған тәрізді. Мен қарсы 
отырармын ба? 
Маған таяу Балташ деген жігіт отырды. Ол маған: алыңыз, 
ішіңіз...— деп тәтті тамақты алдыма тартып, сыйлаған болды. 
Балташ көп сөйлемейді. Ақбаладан гөрі қоңырлау, бұйығылау, 
білімі де Ақбаладан төменірек пе деп ойладым. 
Тарарда Ақбала өзгелерінен оңашалана беріп: — Жұмысыңыз 
болса, келіп тұрыңыз. Сіздей қарындастарымызға жәрдем беруді 
борыш көреміз,— деп қолымды майда қысты. 
Кемесерлігіне қызыққан кісіше несіне барайын. Қайтып оны 
іздеп барғам да жоқ. Оқуымда жүре бердім. 
Бір күні газеттен: Ақбаланың баяндамасы болады — деген 
хабарды оқыдым. Не себеп екенін білмеймін. Соның сөйлегенін 
естігім кеп кетті. Бармайын деп бір ойлап тұрдым. Бір уақытта 
қолым шашыма, аяғым айнаға барып қалғанын, пальтомды киіп, 
школдан қалай шығып кеткенімді білмей қаппын. 


Бір үлкен жиылыс екен. Арт жағына таман келіп мен де 
отырдым. Мен отырған кезде бір орыс сөйлеп тұр екен. Ол бітірген 
соң, үстел басындағы қара шұбар кісі: — Енді Ақбала жолдас 
баяндама қылады,— деді. Жүрегім бүлк ете түсті. 
Сахнаның ар жағынан жайымен аяңдап жымиып Ақбала 
шықты. Партпелін үстелге қойып, отырған жұртты бір шолып өтті. 
Маған да көзі түсер ме екен деп отырмын. Білмеймін көрген, 
көрмегенін. 
Ақбала сөзін бастады. Асықпай, саспай, қоңырлау әдемі 
дауыспен бастады. Мен қадалып қаппын. Бір үлкен мекеменің 
істеген жұмысы жайынан екен. Не айтып жатқанын ұққам жоқ. 
Көзім оның аузында, құлағым оның даусында болды. Алақанын 
әнтек бүгіп, құлаштап темір соққан ұсталарша, оң қолын нығыздай 
сермеп сөйлеп тұр. Сөйлеген сайын өзінен-өзі қоған секілденіп, 
даусы ашылып, қимылы көбейіп келеді. Оның қыза сөйлегеніне мен 
де қызып отырмын. Сөзді түйдек-түйдегімен тастап-тастап жіберіп, 
қарақшыдан ағып өткен жүйрікше, басын әнтек еңкейтіп, шұлғыды. 
Жұрт шапалақтап алды да кетті. 
Оның 
артынан 
әркімдер 
қарсы 
сөйледі. 
Ақбаланың 
баяндамасын мінеді, сынады. Мен оларға оқты көзіммен қарап 
қоям: жаратпай отырмын. Жаман болса неге шапалақтады деп 
ойлаймын. Ақбала қағазына түртіп жатты. Олар сөйлеп болған соң, 
Ақбала шығып, бәріне жауап берді. Біреуін мысқылдап, бірін кекеп, 
бірін түк білмейтін қып, неше түрлі дәлелдер келтіріп, сыбағасын 
берді-ау! 
Түн боп кеткен екен. Ақбала сөзін бітірген соң, тысқа шықтым. 
Школға бірге қайтатын серік іздеп, тепкішекте жан-жаққа көз 
салып тұр едім. Артымнан біреу келіп білегімнен ұстады. Қарасам 
— Ақбала. Жымиып: 
— Сәлеметсің бе!— деді. 


Сасып қалдым. Қызарып кетсем керек. Қызарғанымды көріп қоя 
ма деп тағы састым. 
— Школға қайтқалы тұр едім,— дедім. 
— Ә, жүріңіз, апарып салайын,— деді. 
Ұялдым. Бұрын кемесердің арбасына мінгем жоқ қой. Ұялсам 
да, ештеңе дей алмадым. Маған да кішкене мақтан пайда болды. 
Арбасына мінгізіп, қасыма отырып, школға әкеп салды. Жолда: 
«Менің баяндамамды естідіңіз бе?— деп сұрады. — Естідім, 
дедім. — Қалай боп шықты? — деді. — Жақсы, — дедім. 
Баяндамасын сұрағаны, менің ойымды білгісі келгені, қолтығымнан 
ұстап таянып отырғаны, көшенің жарық жерінде бетіме жылы 
қарағаны, — бәрі де өзімсініп айтқандай, қарағандай жылы көрініп 
қалады. Қоштасарда: ертең театрға барсақ қайтеді?— деді. — 
Барайын,— деп қаппын. Со күні не екені белгісіз. Ақбала түсіме 
кіріп шықты. 
— Е, көңілің кетіп қалған-дағы! 
— Қайдан білейін, кетсе, кеткені ғой... 
Ертең кешке уәделі сағатына тиатрға келсем — есік алдында 
аяңдап мені күтіп жүр екен. 
Ойынға кірдік. Бірге отырдық. Көп сөйлестік. Оқыған әйелді, 
махаббатты сөз қылды. Бірдеңе айтып келе жатып: — Сіз оған 
қалай қарайсыз?— деп менен сұрап қояды. Оған не десем ұнар екен 
деп қулықпен жауап бергім келеді. Бірақ бүге алмай, өз ойымды 
айтып қоя берем. — Сіздің пікіріңіз маған ұнайды, — деп қояды. 
Біздің елді, туған-туысқандарымды сұрады. Тағы да бержебаймен 
апарып салды. Қолымды жұмсақ ұстап, қайта-қайта қысып 
айырылды. 


Жақсы көрген кісінің тілі айта алмаған нәрсені, көбінесе, қолы 
айтады ғой. Сен оны байқадың ба, Камила? 
— Ол рас,— деп, Камила бір күрсінді. 
— Айтпақшы ұмытып барады екем. Тиатрда әнеугі Балташ 
деген жігіт те болды. Орны бізден бөлек еді. Антыракты кезінде 
біздің қасымызға келіп, екеуі екі жағымнан телмеңдеп сөйлесіп 
жүрді. Екеуі екі қанатым тәрізді. Екеуін сермеп ұшып кететін 
тәріздіміз. Көңілім көтерілгені сонша, Балташ менің ойлағанымдай 
емес, недәуір білетін, артық желігі жоқ, сыпайы, есті жігіт көрінді. 
Өзім әйтеуір солай ойладым. — Сіз ойынға келетін бопсыз ғой! 
Қалай... ойын ұнады ма?..— деген сықылды, о да сөз қатып қояды. 
Екеуі бірдей өліп-өшіп жүрген соң, маған азырақ желік пайда 
болды. Азырақ емес-ау, үлкен желік. Маған қызығып, таласып 
жүрген секілді көрінеді. Өзім солай жорып қойдым. 
Бір күні көшеде Балташ жолығып, қасыма еріп жүріп, 
бірқыдыру сөйлесті. Ақбала сияқты әдемі сөйлемеді. Кідіріп, 
кібіртіктеп, ыңылдап қояды. Оның сөзі, көбінесе, оқу, тұрмыс, 
көктем... жайынан боп келді. Қыз жайынан сөйлеуге қыры жоқ 
секілді. Айырыларда қолымды ұстап тұрып: — Сізбен бір 
сөйлесейін деп едім. Уақытыңыз болар ма екен?— деді. — Болар,— 
дедім. Әлгінің ұялаңдағаны ұнап кетті. Не айтар екен деп ойладым. 
Әйелдің сондай жеңсігі қала ма? 
Үш күннен кейін бір баладан хат жіберіпті: 
«Ақбілек жолдас! Уақытыңыз болса, сағат алтыда Марс 
бақшасына келуіңізді сұраймын. Жауабын 
осы 
баладан 
қайырарсыз. Балташ» депті. 
— Міне қызық! 
— Қызық деймін өзі!.. Ақбалаға көңілім кетіп қалған ғой. 


Оның үстіне көлденеңнен Балташтың киліккені қызық болды. 
Бармайын десем, көңілі қала ма деп ойлаймын. Әйелдің сондай 
жерде көрсеқызарланып кететін жыны бар ғой. Өзі жазғытұрым кез 
еді. Сабағымызды тыңдатып өтіп: көңілім көтеріңкі еді. 
Айтқан уақытында бардым. Барсам жоқ. Әлі келеді — жоқ, әлі 
келеді — жоқ. Енді қайтайын деп, ренжіңкіреп отыр едім. 
Жайықтың жиегімен жалаңбастанып, апыраңдап келе жатыр екен. 
Күттім. 
Келіп амандастым. 
— Көп күттірдім бе? — деп кешірім сұрады. Бір жұмысқа 
алданған екен. Тағы да, көпке дейін сөз бастай алмай, қипақтай 
берді. Бір уақытта жұлып алғандай: 
— Кісіге осы үйленген теріс болмайтын көрінеді... Мен өзім бір 
жолдас іздеп жүр едім... — деді. 
— Жоғыңыздың оралғысы болсын!— деп мен жымидым. Тағы 
да оны-мұны айтып отырып: 
— Сізді менің көңілім ұнатып жүр,— деді. 
— Менің күйеуім секілді о да бір топас екен ғой. 
— Топас деймін өзі!.. Әлгі бізді оқытатын мұғалім мені оған 
мақтаса керек. Мен ашып жауап бере алмадым: — ағатайым, 
жеңгем бар еді. Солардан хабар алған соң, жауап берейін,— дедім. 
Оны дұрыс көрді. Тағы да жолығып жүрмек боп, шығарып салды. 
Ақбала секілді қолтықтап ұстауды білмейді: ебі жоқ еді өзінің... 
Ертеңіне Ақбаладан хат алдым. Недәуір сөз жазыпты. Маған 
көптен бері ынтық боп жүргенін айтыпты. «...Енді бұл хатты 
көңілім сізге әбден кеткен соң жазып отырмын. Сізді өзіме тең 
көремін. Сүйемін. Сізсіз өмір маған қызық емес. Жауабын 
беріңіз...» депті. 


— Міне, қызық. 
— Қызық енді болды. Мына хатты алған соң, әрі қуандым: ол 
мені ала қояды деген ойым бар ма? Аржағым сене алмай жүретін. 
Әрі өзім састым. Көңілім — Ақбалада. Балташты оның қасында 
қораш көрем. Ақбалаға жауап қайырдым: сөзіңізді дұрыс көрдім. 
Бірақ ақылдасатын кісім бар еді. Аз күннен соң ақтық жауабымды 
айтармын. Шыдаңыз. Ренжімеңіз,— дедім. Енді Балташ байғұсты 
әуре қылмай, көңілін суытайын деп ойладым. 
Керуен сарай деген бауда Балташ тағы бір күні сөйлесті. Сол 
күні Балташқа менің уәде беріп қойған кісім бар еді: өкпелемеңіз,— 
дедім. Десем де аяп отырмын. Балташ сазарып кетті. 
— О кім?— деп сұрады. Айтпадым. Қоймады. Қоймаған соң, 
айттым. 
— Өзім де со ғой деп ойлап едім,— деді. — Бірақ ол жігіт әйел 
таңдағыш еді, оқыған қызды ұнатпаушы еді: баянды болса 
неғысын... — деді. Менің көңілімді шығарғалы, оны күңдегендіктен 
айтып отыр ғой деп ойладым. Балташ өкпелеп кетті. Көпке дейін 
жолыққан жоқ. 
— Енді қайтсін. 
— Екі жігіт таласқанның сондайы жаман. Әуелде қызық көрсең 
де, артынан адамға ауыр тиеді. «Сен одан жамансың, сені 
сүймеймін» десе, өзіміз жақсы көрер ме едік? Әркімнің көңілі со да. 
Оның артынан Ақбалаға екі-үш жолығып сөйлестім. Менің: 
ақылдасатын кісім бар еді... шыдаңыз,— дегеніме азырақ ренжіген 
екен: 
— Оқыған әйел өз жүрегіне өзі би емес пе?..— деп кішкене наз 
қылайын деді. Әйтсе де: 


— Сізден басқаға көңілімді бұрмаспын. Сізді ағатайым мен 
жеңешем де ұнатады,— деген соң, тағы сенді, өкпесін тастады. 
Мені: жаным, жарым, күнім!.. деп, кәдімгідей сүйісетін болдық. Ол 
— күйеу, мен — қалыңдық: несіне ұялайық? Ақбаладай жары бар 
кісінің арманы бар ма? Қуанышым ішіме сыймай жүр. Бір жерде 
отыра алмаймын. Кім көрінгенмен сөйлесіп, күлмейтін сөзге де 
күле берем. Ол күндер естен қалмайтын, қызықты күн еді. 
— Сонсын? 
— Сонсын, сүйтіп жүргенде, айға жақындап қалды. Біздің елге 
қайтатын уағымыз да таянды. Үйден хат алдым. Ақбаланы 
ағатайым да біледі ғой: алатыны рас болса ти депті. Қуанып кеттім! 
Жалма-жан Ақбаланың кеңсесіне бардым. Әнеугіден барып 
жүретін болғам ғой. Ағатайымның хатын көрсеттім. Жазып 
отырған қағазын қоя салып, есікті жауып келіп, құшақтап, сүйіп 
алды. Екеуміз де бақытты болдық. Кешке суретке барып, ең 
арттағы оңаша ложада отырып, електір сөнгенде, құшақтасып 
сүйісіп отырдық. Суретті көргеміз жоқ. Бір жұмадан кейін оны-
мұнысын қамдап, той қылып, мені пәтеріне біржола апармақ болды. 
Ертеңіне Балташтан тағы хат алдым. Хаттағы сөзі: сізге 
жолығатын үлкен жұмысым бар. Ол сіздің келешек өміріңізге де 
керекті жұмыс. Қайтсе де бір жолығуыңызды сұраймын,— депті. 
Менің өміріме керек неткен жұмыс екен?!— деп таң-тамаша 
қалдым. Бармайын десем де, тағы көрсеқызарлығы түскір 
шыдатпады. Ыза болыңқырап бардым... 
Барғаннан кейін, амандасып отырып: 
— Ақбала сізге жолдас бола алмайды, — деді. 
— Неге?— дедім жұлып алғандай. 


— Ол өткен уақытта сіз сияқты талай қызға құмар болған. 
Аяғында жаратпаған, алмаған, — деді. 
— Өткеннің маған керегі жоқ,— дедім азғырғалы келе 
жатқаным білдім. 
— Нанбасаңыз, міне оның күнделік дәптері,— деп омырау 
қалтасынан бір кішкене кітапшаны суырып алды. 
— Сіз мұны қайдан алдыңыз?— дедім. 
— Жолдаспыз ғой, алдым,— деді. 
— Жолдасыңыздың дәптерін ұрлағаныңыз ұят емес пе?— деп 
мен қызарып, ашуланып кеттім. 
— Оның ұятын мойынға алдым. Осы дәптерде оның бір қызбен 
жүргені бар: соны сізге көрсеткелі әкеп отырмын. Күйеуіңіздің 
қандай адам екенін білу әлде сізге керек емес пе?— деді. 
— Керек емес,— десем де қызбен жүргені дегені қызықтырайын 
деді. 
— Тыңдасаңыз, оқиын, — деді. 
— Оқи қойыңыз,— дедім. 
Оқыды. 
— Сол дәптер осы күнге дейін менде жүр. Камила, сен 
тыңдайсың ба? Оқиын. 
Камила: — Қарап отырғанша, оқысаң, оқы, естиік,— деді. 
— Оқыған жігіттердің бұл бір — сыры ғой. Әйел туралы 
олардың ойын білу қызық емес пе? Еркек туралы біз де ойлаймыз 
ғой. 
— Өзі не жазыпты? 


— Бір қызбен жүргенін жазыпты. 
— Ал, оқы— дегенде Ақбілек ақ кенеп пальтосының омырау 
қалтасынан кішкене кітапшаны суырып: — Өзім де саған оқығалы 
ала келіп едім,— деді. 
— Камила-ау, дәптерді оқымай тұрып саған айта кетейінші. 
Ақбала өзі әуелде Семейде қызмет қылған ғой. 
— Семейдікі ме еді өзі? 
— Ия. Семейдікі. Балташ та Семейлік қой. Семейде тұрғанда, 
Ақбала үлкен орында болған. Неліктен екенін білмеймін, бір 
жұмысынан қате тапты ма, Ақбаланы бір жылы қысты күні үлкен 
орнынан түсіріп, бір үйездік қаладағы школға жіберіпті. Қызметтегі 
жігіттерді бірден-бірге ауыстырып отыратыны бар ғой. Сол 
кішкене қалада тұрғанда, Ақбала осы дәптерге күндегі көрген-
білгенін жазып жүреді екен. Өзі толып жатыр. Мен саған мына 
қызыл қарындашпен белгілеп қойған жерлерін оқимын. 
— Ал, ия. 
«Февраль — 5. Дүйсенбі. 
...Школдан қайтып келе жатқанда Күлән қасымнан өтті. Мен 
оған жолығудан қашып жүрмін. Бірдеңе айтқысы келді ме деп 
ойладым... Әбікен қатын алу жағынан сөз қозғады. Бір өсек естіген 
екен деп жүрдім. Мен оқыған қыз туралы пікірімді айттым. Ол 
күліп өз ойын білдірмей кетті...» 
— Күләні кім? 
— Күлән — Ақбаланың құмар болатын қызы. Тыңдай бер. 
— Қыздан қашқаны несі? 
— Кім білсін?.. Араларында бірдеңе болғаны ғой. 


«Февраль — 6. 
Мен қайтып келе жатқанда, Күлән мен Жәкім сөйлесіп, күлісіп 
келе жатты. Күләнді кеше де бір жігіт алдынан шығып, ертіп 
апарып салып еді. Сол тағы кездесіп, соңына еріп кетті». 
«Февраль — 7. 
Исполкомға барып қайттым. Қапай баяндама жазып отыр екен. 
Тұяқ деген пелшер, тағы бір оқыған жігіт келді. Қаратау елінде 
партия тақырыпты кедей ауылнайларға еңбек, көлік салығы аудара 
салынса керек...» 
— Мұның керегі жоқ. Мұны неге белгіледі екен? Міне жерін 
оқиық: 
«Февраль — 9. 
Қапай келді. Көшеге шығып жүрдік. Садық жолықты. 
Әңгімелестік. Тергеуші Жақыпұлы пара алып, Сексентаевті залогке 
шығарыпты... 
— Ойбай-ау! Бұ да емес. Тұра тұр. Міне біреуін оқиық. 
«Февраль — 11. 
Осы күні өміріме керекті нәрсе — өмірлік жар сықылды... 
— Е, осы екен? 
...Жанымда сүйген жарым болса, қызметке бір беткей, алаңсыз. 
қарар едім деймін. Көңіл алаң боп жүргенде, іске құлқым соқпайды. 
Бір нәрсем жоғалған, бір мүшем жетпеген кісідей, сыңар жақ 
боламын да тұрамын... 
Кешке Ақымдікінде қонақта болдық. Күләндар да келді. 
Еркектер оны-мұны сөйлесіп отырды. Мен әңгімеге кіріспей, 


солғын отырдым. Күлән шашын бұйралап, жақсы қызыл кофтасын 
киіп келіпті... 
— Коптасы немене? 
— Мынадай омырауша көйлек,— деп Ақбілек өз көйлегін 
көрсетті. 
...Бұрын ондай киім кимегендікі ме ұялған, сезіктенген кісіше 
қызарып отырды... Ол бұрын шығып кетіп еді. Біраздан соң мен де 
шығып, артынан келе жатсам, ілбіп келеді екен. Менде ақырын 
жүрдім: мені күтпек болса, тоқтар деп ойладым. Ойлағанымдай 
тоқтады. 
— Қарашы, еркектер ылғи сынап жүреді-ау! 
— Е, өзіміз де сынамаймыз ба?.. Аржағын қарайық: 
...Ол сөзді бұрын бастады. Мен қысқа, салқын жауап бердім. 
Хаттарымды сұрадым. Оған жат көрінді ме, күлген, білдірмеген 
болып, басқа сөзге бұра берді. Менің хаттарымды қайтаруды 
сұрағанымды X. қаласының өсегінен болды ма деп, майдалағысы 
келді. Мен: X. адамдарымен танысқым келмейді — дедім. Ол: 
қыздармен де ме?— деді. — Қыздармен де — дедім. Ол мұны 
күткен жоқ еді: таңданды. Көшеде біреу келе жатыр екен: қош, деп, 
айрылысып кеттік». 
— «Қы» қаласы дедің бе? Онысы немене? 
— Онысы: қаланың атын қысқартып, бір қарыппен айтқаны ғой. 
«Февраль — 12. 
Күлән күнде екі-үш серігімен сенекте қолтықтасып, сөйлесіп, 
сыңқылдасып жүруші еді. Бүгін көрінбеді. Класынан шыққан жоқ. 
Сабақпен шұғылданса керек. Көңіл күндегідей емес қой. Әйтседе 
іштегісін білдірмейтін әйел». 


«Февраль —14. 
Екінші басқыштың балалары үйірме ашып, іс қылмақ екен. Іс 
қылмаған соң бұрынғы басқармасын түсіріп жаңадан сайлаған екен, 
бұрынғылар орыс балаларын, самогон беріп, азғырып алып, жаңа 
басқарманың жиылысын қуып таратыпты. Төбелесе жаздапты. 
Бұрынғы басқармадағы бай балалары болса керек. Бұлардан қандай 
жақсы адам шығар екен?..» 
— Мынау басқа нәрсе боп кетті ғой. 
— Ия. Мұны неге белгілеп қойды екен? 
«Февраль —16. 
X. қазақтары — әрқайсысы келіп, оны-мұны айтады: маған сөзін 
сөйлетпек, мені керегіне жаратпақ, өздеріне кісі қып алмақ, Қапай 
менің жолдасым болғанға, көңілдегісін істетіп береді деп, 
дәмеленеді. Қазақтың та лай былық жұмысы бар. Кімдікі дұрыс, 
кімдікі теріс екеніне көз жетпейді. Кімнің сөзін сөйлерсің?.. Келіп 
отырған соң, тыңдайсың. Шық!— деуге ұяласың. — Мұнысы 
керекті сөз екен — оқып шығайық: 
Және елдің сырын білгім келеді. Сондықтан ғана тыңдаймын. 
Әйтпесе, ел қазағының толып жатқан шатақ жұмысына кірісе 
берсем, тұтынған мақсұттарым далада қалады ғой. Бірақ қазақтың 
кіріп-шыққаны да зиян ба деп ойлаймын: сырттан кім көрінгенге 
иемденіп, арқаланып, бұтып-шатады. Жолатпайын десең, жаман да 
болса, бұзық та болса, өз елің ғой деп ойлайсың. Елден безген соң 
— бір орыс болғаның». 
— Онысы да рас қой. 
«Февраль —17. 


X. қаласындағы азаматтардың бір өзгеше мінезі: саты арқылы 
болмайтын нәрсе жоқ деп біледі. Ісінің ақтығына сенетін кісі жоқ, 
сатыға сенеді. Жауыздықтың тиылмауына бұ да бір себеп. 
Әжептәуір бір оқыған жігіт; абақтыдағы пәленшелерді кепілге 
шығарып алыңыз,— деп, маған хат жазыпты. Міне қызық». 
«Февраль — 27. 
Қадиша жеңгей (Күләннің жеңгесі. Күйеуі Семейде қызметте 
ғой) шақырыпты. Қапай екеуміз бардық. Көр-жерді сөйлесіп 
отырып, сағат он бірде қайттық. Күлән бізге самса істеп, ас үйде 
жүрді... 
— Е, мұнда Күлән бар екен? 
Шәй жасап құйып берді. Беті қызарыңқырап, қолын сүртініп, 
шашын түзеп, қымтырылыңқырап отырды. Үстел ортасындағы 
лампы екеуміздің арамызда еді. Лампаны іргеге таяп қойды. Лампы 
олай қойылғанда, ол самауырдың көлеңкесіне түсуші еді. Мен 
жарықта қалушы едім. Лампыны алып, оның орнына жент салған 
кішкене тарелкені қойды. Бізге жақындатпақ. Бұдан мен үш түрлі 
мән шығардым: 1) Өзін самауырдың көлеңкесіне түсіру үшін, 2) 
Жентті бізге жақындату үшін, 3) Арамызда лампы қалытқы болмас 
үшін қойылу керек. Бастапқысы болса да теріс емес: от басына 
қызарып, сыны бұзылып келген түрін жасыру да — бізге жақсы 
көріну. Жентті кім болса, соған жақындатады ғой. Соңғысы болса 
да, одан да жақсы». 
— Тү-у-у! Бір лампыны қозғағанның өзін сонша сөз қылғанын! 
— Еркек тіпті уақ нәрсені де аңдиды ғой. Жақсы көрген-дағы. 
— Иә, тағы. 
— Міне. 


«Март —10. 
Таңертең төсекте жатқанда, бір ой келді. Күләннің маған көз 
қарасын білу керек. Бұл күйде жүре беру мүмкін емес. Бірдеңе іздеу 
керек, істеу керек. Әйтпесе, іштей тынып өлетінмін. Қапайға 
ақылдастым. Ол жеңгесі арқылы сөйлесуді қолайсыз көрді. 
Арамызда жүретін бала арқылы білуге болмаса, өзімен сөйлесуге 
бел байладық». 
— Өзі әлі сөз байласпаған ғой? 
— Солай ғой. 
«Март —12. 
Қапай кеше кешке барған еді. Ойлағанымдай түк бітіре алмай 
келіпті. Жәкім болыпты: сөйлесе алмапты. 
Сәскеде он бір жарымда тауға — аңға шықтық. Сейілге десе де 
болады. Бізбен бірге Қадиша жеңгей, Күлән, Жәкім, бір орыс 
пелшер және Қасен болды. Қыздармен жарыстық, сөйлестік. Қапай 
Күләнмен сөйлесіп келе жатты. Мен Жәкіммен біраз жүрдім. 
Түсіріп алған қамшысын алып бердім. Бүлдіргелі қамшымды 
айырбас қылдым... 
Қайтарда Күләнмен біраз сөйлестім. Бұрынғы қалжыңы, күлкісі. 
«Оқимын... пәлен-түген...» деп, жарытып жауап бермеді. 
Ойлаймын: сезімі күшті әйел емес: әулікпейді, қызбайды. Қанша 
ақылды, әдепті, білімді, есті болғанмен, әйелге жарастықты сипат 
сезім ғой. Сезімсіз әйел — иіссіз гүл. «Оқимын. Күйеуге тисем, оқи 
алмаймын» дегені не деген сөз? Оқу — ақыл тілегі. Сүю — сезім 
тілегі. Онда не сүю жоқ, не сезім кем, немесе ақылы басым... 
«Сүймеймін» деуге ауызы бармайды: көңіл жыртқысы келмейді. 
Оқуды сылтау қып, аяқсытып, сүйретпек шығар. Сезім (сүю) 
өзгенің бәрін жеңу керек емес пе? Ұға алмадым. Хат жазып, ақтық 
сөзді айту керек. 


Кешке бір кекселеу қазақ қатыны келді. Бәйке деген 
мелисенердің шешесімін деді. Отырған соң: — Жаушы боп кеп 
отырмын,— деді. Менімен жақын болғысы кеп (маған тигісі кеп), 
пәленше деген байдың қызы жіберіпті. Күйеуін менсінбей, 
қаладағы Әбікен деген үшітел ағасының үйіне келіп жатқан. 
Жасырақ ақ шұнақ қыз еді... лақ секілді. Әлде Әбікеннің маған 
қатын алу туралы сөйлей беретіні: өз қарындасын бергісі келді ме 
екен?.. Әлгі қатынның сөзіне сенер-сенбесімді білмедім. Х-ның бір 
қулығы ма деп, сақтандым: 
— Қыздан белгі хат әкеліңіз,— дедім. Қулық болса, білінер. 
Әйтпесе шын шығар». 
— Қыз да жігітке сөз салады екен! 
— Күйеу керек болғансын қайтсын? Әлде Ақбаланы сүйген 
шығар. Өмірдің өзі де қызық қой! Ақбаланы әлде бір қыз жақсы 
көреді. Ақбала Күләнді жақсы көреді. Күлән әлдекімді сүйеді?.. 
Мен де сүйттім ғой... Басқа сөзді қойып мынаны оқиық. 
«Март — 13. 
Бүгін Күләнға хат жаздым. Әткез алмасам неғылсын... 
Аңға шығу сырт жағынан қарағанда онша қызық болмаса да, 
көңілде недәуір әдемі сурет қалдырыпты. Таңертең төсекте жатып, 
көзіме елестеттім. 
Тау. Тау ішінде бір белден бір белге созылып жатқан шананың 
ізі. Бірі ой, бірі қыр. Тау беті, жолдың екі жағы орман. Аппақ сіреу 
қар. Аңшы бастанып киген брезент сулығымыз, мойында қос ауыз, 
астымызда қылан ұрған, ағылшын ертоқымды аттарымыз, 
артымызда сыңқылдап күліскен қыздар, мықырайған Жәкімнің 
бөксесі ерге сыймай, қорбиып, пәлтесі тырысып, үрген местей 
қоқиып, аяғының басын аттың қолтығына тығып атқа отырысы: 
қолындағы қамшыға, тізгінге ие болмай, қолбағын кие алмай келе 


жатқаны, Күләннің қазақша ықшам күпі, түлкі тымақ киіп, атқа 
ерекше қаздиып отырып, атын шаужай қақтырып аяңдатқаны, 
жарысқанда тақымы қозғалмай, етегі шашырамай, артымыздан 
жетіп, басып озып, бірдеме деп тісі ақсиып күліп өткені. Қадиша 
жеңгейдің барлық көмейін көрсете қарқылдағаны; пелшер атынан 
айырылып, атты мен қуып, шоқанақтағы қалың қарға омбылап ат-
матыммен жығылғаным, үсті-басым қар боп, аунап түрегелгенде 
Күләннің күліп, қашқан атты қайырмалап ұстағаны, қайтарда 
екеуміз тізе қағысып келе жатып сөйлескеніміз. Күлән жеңгесіне: 
жорға салыстырыңдар,— деп, Жәкіммен екеуін оздырып жіберіп, 
менімен оңаша қалғаны; біз Жәкімнің атын, отырысын қожалар 
сияқты деп мысқылдағанымыз; Қадиша жеңгейлерді артынан қуып 
жетіп: келіңіз, аударысайық,— деп, қолымыздан тартысқанда 
жеңгейдің еңсеріліп түсіп қала жаздағаны, — бәрі қазақтың 
еркіндігін, қыз, бозбаланың ойын-күлкісін көзге елестеткендей, 
көңілге бір түрлі тәтті, жүрекке бір түрлі жылы әсер қалдырыпты... 
Кешке Қапай екеуміз ойынға бардық. Құлдық дәуірінен бір 
бөлімді — драма қойылды. Қадиша жеңгей, Күлән, Жәкімдер де 
келіпті. Күләнға анда-санда қарап отырдым. О да ойланған кісідей, 
кірпігін салмақпен қағып қарай берді. Бізді шығарып сала ма деп, 
ойлады білем, жеңгесі мен екеуі жұрт шығып жатқанда, есік 
алдында аялдап тұр екен. Қапай үйіне қайтатын болған соң, олар 
кешегі орыс пелшермен еріп кетті. 
Орыс пелшердің Қадиша жеңгеймен қалжыңы, көзқарасы 
жаман. Күйеуі жоқта бірдеңе қып жүр ме екен? Әйелге сенім де 
жоқ... 
— Қойшы, орыспен не үйтсін? Еркектер де өсектей береді екен. 
— Қадиша оқыған әйел болса керек, кім біледі. Балташ рас 
дейді. Оны қоя тұрайық: 
«Март — 15. 


Тыныс кезінде тысқа шығып ем, қатар есіктен Күлән жымың 
етіп, жылт етті. Ымдап мені шақырды. Жолықтым. «Хат жазсам да, 
әкеле алмадым. Және жазумен айта алатын емеспін. Ауызша 
сөйлессек екен деді. Қашан, қай жерде сөйлесуді айтыстық. Мен: 
«Жеңгең біле ме?»— деп едім; — «Білмейді»,— деді. Уақытын 
өзі айтпақ болды». 
«Март —16. 
Бүгін түсімде Күләнді көріп, сөйлесіп, сүйісіп жүрмін. 
Ғылымда: адам түсінде өңінде көп ойлаған нәрсесін көреді,— 
дейді. Ендеше, менің ойымды, еркімді ол билеп, аударып жүр екен. 
Мен өзімді талай ауыздықтамақ болдым. Өзіме өзім ұрыстым. 
Өзімді сөктім, сынадым. «Сүйгенің бекер, алдап, алданып жүрсің. 
Құмар болатын не бар?» деп, өзімді тоқтатпақ болдым. Оның да 
мінін көрейін, жек көрейін, безейін деп ойландым, талпындым. 
Өзімді түзетпек болып, өткендегі жаман істерімді еске түсірдім. 
Оқыған қызды алғанмен бақытты болмаймын деген пікірді ойыма 
келтіріп көрдім. Қалай талпынсам да болмады. Талпынған сайын, 
торға түскен қаршығадай, шырматылып орала беріппін. Менің қол-
аяғымды байлап ұстап алыпты. Ол тор — Күләнға ауып кеткен 
көңілім екен... 
Оны мен түсімде көргенім бүгін бе? Биыл ма? Есімде бар: еткен 
жаз осы қалаға келерде де көрдім. Онда ол үстінде күпісі бар, 
күжірейіп, қырындап өте беріп еді. Биыл Орынборға жүрерде тағы 
көрдім. Онда тағы түзу қарап сөйлеспеді, адам әйел аңсағандықтан 
кіре беретін шығар деп, өзімді жұбаттым. Оның бәрі бос жұбаныш 
екенін енді біліп отырмын. 
Онымен жолығамын, сөйлесемін дегелі бақ үміті көзге 
елестегеңдік пе, келешектегі жақсы өмірдің суреті қиялыма келіп, 
өзімді әлде қайда сүйреп әкетті. Қазір жүрегімде қан қайнай 


бастады. Көңілім алып-ұшып бір жаққа кететін тәрізді. Тәубе, 
тәубе... Асатпай жатып құлдық демейінші». 
— Байғұс-ай! Қайтсін! Құмар болған екен... 
— Камила-ау! Тіршіліктің сәні де құмарлықта ғой. Құр атқа 
мінгендей көңілің бір серпіліп кетеді ғой! 
«Март —17. 
Школға бардым. Оны көрдім. Жәкім екеуі тұр екен. Басымды 
идім. «Мен — сенің құлыңмын» дедім ішімнен. Ол көзін жаутаң 
еткізді. Неткен сүйікті, жылы көз! 
Оның көзінен шыққан сиқырлы жіптің бір ұшы менің жүрегіме 
жалғаулы. Көзіне көзім түссе, сиқырлы жібін шертіп, жүрегім селт 
еткендей болады. Сиқыр жібін шерткені, қобыздың нәзік шегінен 
шыққан майда күй секілді, жүрекке жылы тиеді, жанға ләззат 
береді. Әттең өкініш! Жанға жайлы майда күйін ұзақ шертіп 
тұрмайды. Бір қағып қалады да, ғайып болады. Күйлі қобызға бір 
шерткен де қанағат: ол шертісте күйлі қобызға үн (тон) беріледі; 
қобыз үн шығаруы-ақ мұң; мұңды тәтті күйін қозғап ала жөнеледі; 
талай қияға соғады, тербетеді, әлдилейді жүректі. Күй дәуірлейді, 
сорғалайды, жаяулайды. Бейне құйып жүрген су жүзіндей 
толқындап, жыбырлап, сыбырлап барып басылады... 
Бүгін ол сағат алтыда жолықпақ. Мен сағатқа қарай беремін. Бір 
баланы көшеге жіберіп, андытып қойдым. Минут өткен сайын 
жүректің соғуы жиілене түседі. Енді жарты сағат қалды. Міне 
жиырма бес минут қалды. Уақыт қалай ұзақ! Не істерімді білмей, 
күнделігімді алып жазып отырмын. Енді бір жиырма бес минутта 
ол көрінсе, келсе, жолықса, жымиып қараса, «Саламатсыз ба?» деп, 
қолымды ақырын ғана қысса, содан әрі не болмақ?.. Қазір басыма 
ешбір ой тоқырап тұрмайды... Бірден бірге көшіп отыр... Не 
жазарымды білмеймін... Ол келер, ә? Бір бөгет болмаса, келер... 
Әлде келмей қала ма? О да мүмкін... Қазір ол не істеп жатыр екен? 


Әлде сағатқа о да қарады? Әлде киініп жатыр? Әлде айнаға қарап 
тұр? Әлде, әлде... Сағатқа тағы қарау керек... он сегіз минут қапты... 
Қой, уақыт өтіп кетер. Тысқа шығу керек әлде оның сағаты ілгері 
шығар... 
Сағат түнгі 12. 
Мана тысқа шығып, бұрышта күтіп тұрдым. Бала келе жатыр 
екен. Баланың жүрісіне қарап, бал ашып тұрмын. Шыдай алмай, 
оған қарсы барып білдім. «Үйінен шықты» деді. Жөнелдім. Ар 
жағынан «Нардомға» о да келді, мен де келдім. Алдымыздан бір 
орыс шығып, билет сұрады: ертең ойын болмақ қой. Біраз тұрдық. 
Көшеде үш-төрт шәкірт көрінді. Ол «Нардомның» ішіне кірді. 
Сахна жаққа жасырынды, састы... Бірге оқитын жолдастары ғой: 
өсектен қорқады. Біз басқа есіктен көшеге шығып кеттік. 
Көбінесе жай сөз сөйлестік. X. қаласының өсегі, әркімнің біз 
туралы сөзі, менің оқыған қыз туралы пікірім... Мұнда келгендегі 
бір мақсұтым... тағы сондай жанама сөздер. Аяғында пердені ашу 
керек дестік. Көбірек сөйлесу үшін бір жер керек болды. Ол бір 
күні біздің пәтерге келмекші болды. Бірақ үйлеріңіздегі балалардан 
сыр шашылып кетпесін деді. Екеуміз көп сөйлесетін кісідей болсақ 
та, сөйлесе алмадық, үйлестіре алмадық. Керекті сөз аузымыздан 
шықпады. Жүрек сырын көзбен ғана білістік. Мен қайтам-қайтам 
деп келе жатып, қас қарайғанда үйіне жеткенше еріп барыппын». 
«Март - 18. 
Ойында болдық. Ол келді. Бұрынғы орнында отырды. Мен 
қарай бердім білем: жеңгесі маған: кейінгі қатарға отырасыз ба?— 
деді. Ол кейінгі қатарда еді. Орын ауыстырдық. Сондай 
құмартыппын, ол қараса менде тағат қалмайды. Сондай құмартып 
отырған көңілді антыракты кезінде үш-төрт шәкірт бұзды. Олар 
оны жібермей, қамалап сөйлесіп тұрып алды. Біреуі баяғы шығарып 


сала беретін жігіт. Не сөйлескенін білмедім. Бірақ оған жағымды 
сөз емес-ау деп жорыдым. 
Ойын басталған кезде ол келіп жеңгесіне сыбырласты. Жеңгесі 
ренжіп отырды. X. қаласында тұру керек емес, кету керек деп, 
маған да айтты. Мен де бұл қаланың адамдары бұзық деп 
жамандадым. 
Жеңгесімен екеуміз орын ауыстырдық. Мен оның қасына 
отырдым. 
Қапай екеуміз оларды үйіне апарып салдық. 
Баяғы шығарып сала беретін сары бала біресе алдымыздан, 
біресе артымыздан шығып, қасқырша торыды да, бізді сақ күзетші 
деп ұқты білем, бір уақытта шылымның отын алдымыздан 
жарқылдатып, шашып, жанап өте шықты. Мен: — мынау кісі өртей 
ме? дедім. Ол: — сонша аямай неғыпты? Кісі аяушыл болу керек 
емес пе?— деді. Мен ол мейірімді екен деп ойладым. 
Мана сөйлесіп тұрғанда, Күләнді біздің пәтерге барасың деп, 
сөгіпті (онысы өсек). Және олар (шәкірттер) наурыз жасамақ екен. 
Күләнді соған шақырыпты. Күлән олармен қатынасын үзгісі 
келмейді: бірге оқып жүрген жолдас қой, өсектей береді,— дейді. 
Олар онсыз да өсектемей жүр ме? — Япырай! Сіздікіне енді қалай 
барамын?— деді. Мен оларды елеме десем де, болмайды. Не 
ғажап?! Солармен не қатынасы бар екен?!». 
«Март — 19. 
Мұнда «Қаланшаның» сағаты бір дұрыс соғылмайды. Қасынан 
етіп бара жатқан кісіден: — Қай уақ болды?— деп сұрап соғады 
екен. Мұндағы оқушылар неткен көргенсіз: екі бала сөйлескенде: 
іспектакіл бола ма? Болса, ойнасшылармен (орысша бл...дармен) 
жүреміз бе деп ойлап едік депті, (онысы жолдас қыздары; ішінде 
Күлән да бар)». 


«Март — 21. 
Әбікенде қонақта болдық. Қымыз іштік. Аса қызық болмады: 
екі қыз (Күлән мен Жәкім) жолдастарының наурызына кетіпті. 
Күлән оларды жамандайтын, жек көретін. Жек көре тұра 
олардың сауығына кеткенін не деп білу керек? Оларды сыйласа 
жамандамас еді. Бұл қызда бет болмағаны ма? Қайратсыздығы ма? 
Өсектен қорыққаны ма? Жақсыны жақсы деп сүйіп, жаманды 
жаман деп жиренбеген кісі — ешнәрсені талғамайтын, тұтынған 
жолы жоқ адам болу керек қой. Менің әспеттеп жүрген періштем 
осындай болды ма? Қайғы... бұдан үлкен қайғы жоқ. Өзі не дәлел 
айтар екен? Көреміз». 
«Март — 22. 
Кешке сол үйде болдық. Қыздардың наурызы туралы сөйледік. 
Жеңгесі бізге қосылып, олардың барғанын теріс қылды. Күлән өз 
ісінің қате екенін мойнына алды. Жеңгесі әдейі Қапаймен 
сөйлескен боп отырды. Біз пештің қасында түрегеп тұрып, азырақ 
сөйлестік. Мен біздің пәтерге келуін сұрадым. Ол өсектен қорқа 
береді, осы қаладан кеткен соң... дей береді». 
«Март — 24. 
Сағат алты жарымда школға жиналысқа бардым. Жиылған жоқ 
екен. Есік алдында біраз тұрдым. Қасында бір кішірек бала бар, 
бұрыштан Жәкім шықты, қолында шиыршықтап ұстаған қағазы 
бар. Жасы он тоғыз, жиырмаға келіп қалған қыз ғой. Ол туралы 
өсек аттың қара қапталынан. Бозбаламен жүрем деп сабаққа ере 
алмай, бір орыс үшітелінен даярланып жүр деп естігем. 
Мені көріп, қасындағы баласын бір жаққа жұмсады. Баласы 
кетіп бара жатқанда, дауыстап: Күлән да, Мәдише де келді деп 
айт!— деді. Ол — маған естірткені. 


Орыс қыздары қасынан бозбала өтіп бара жатса, өлгенше қызық 
сөз айтып келе жатқандай, бозбала қарасын деп, саңқылдап 
сөйлесіп, қаңқылдап күлетін еді. Жәкімнің мына саңқылдауы 
аумаған солардың мінезі. Бұзылған қыздардың барлық сыртқы 
мінезін жаттаған да қойған. Саудагер әйелдер еркекке жұғысқысы 
келсе, не тамағын кенейді, не көзін қысады, немесе сондай бір 
айқын белгі береді. Мына қыздардың өтірік күлуі, саңқылдауы да 
соның ағайыны ғой. Япырау! Оқыған қыздардың бәрі осы боп 
кеткені ме? Сызылған қыз қылығы бола ма?». 
— Онысы рас-ау! Оқыған қыздар тіпті еркекті өзі шақырып 
тұрады ғой. 
— Бұл енді орыс қыздарының мінезі. Біздің қыздар да солардан 
тәлім алады ғой. Сынық екеш сынық та жұғады дейді. 
— Сүйткенмен кішкене иба керек қой. 
— Әрине. 
«Март — 26. 
Кешке сағат алтыда Күлән біздікіне келді. Есікті жауып алып 
көп сөйлестік. Өткен өмірді, өсекті, мінезді, махаббатты, келешек 
планды, — бәрін айтыстық. Аяғында сүйісіп айырылдық. Ол 
сөзінің аяғын ағасына сілтей берді: Мені оқытқан сол еді. Оның 
еңбегін зая қылғандай болам ғой,— деді. Және оқи түсемін деді. 
Мен екеуін де себеп емес дедім. Шын жүрегіңнен шыққан бір ауыз 
сөзің керек дедім. Оған келесі жолы жауап бермек болды. Өзі 
ұялып, қысылған іспетті, қызарды, терледі. Мен де құшақтап, 
қысып, терлеттім білем: көңілде тәтті әсер қалдырды. 
«Еңбекшіл қазақ» келді. Бернияз бір қызбен екеуі атылып 
өліпті. Қайғылы хабар. Жігерлі жас ақын еді: аяныш!.. Қандай 
себеп болды екен? Қазақта өзін өлтіру сирек болушы еді. Мынау 
бір таңданарлық іс. Әлде мастық, әлде махаббат, әлде алдану, әлде 


жауыз тұрмыс... Әйтеуір бір ауыр күйік биледі ғой. Өмір шіркін 
қалай шолақ (?)». 
«Март — 28. 
Белинский айтқан екен: «Қиялдан шыққан махаббат таза 
жүректен шыққан махаббаттан ауыр, жаман болады. Қиял 
махаббаты жүрекке түссе, ауыр тас түскен секілді, қозғалтпайды, 
жанышады, улайды деп. Сол рас па деймін. Сарғаю, күйіну, — 
жүрек қатты ауырады». 
«Март — 29. 
Кешке Қадиша жеңгейде болдық. Ай жарық, күн жылы еді. 
Көшеде қыдырдық. Күләнмен сөйлестім. Өз пікірі жоқ: «Мария 
Алексей қызы не айтар екен?» деген секілді, аға-жеңгем не айтар 
екен, қалай қарар екен дей береді. Жарымадым. Оқыған қыздың 
оқымаған қыздан айырмасы болмағанына кейідім. Бір қыс ораза 
ұстап, босқа әуре болған екем деп, қынжылдым». 
«Апрель — 4. 
Қапай хат жазып, ғашық боп жүретін Марияш деген қыз 
Күләнға: Ақбала маған хат жазды,— деп мақтаныпты. Мен 
жазбағанымды, жазбайтынымды дәлелдедім. Қапай менің сырлас 
жолдасым. Ол Марияшты алам деп жүретін. Қапаймен оның 
жүргенін Күлән өзі де көрген. Мен: ол өсек болар; сенімен 
арамызға жік салмақ ойы бар шығар; әйел күншіл келеді ғой. Маған 
нанбасаң, менің оған жазған хатымды көр, сұрап ал...— дедім. 
Әйтседе нанбағандай болды. Күлән өтірікке, өсекке нанғыш көп 
қыздың бірі екен деген күдік пайда болды». 
«Апрель — 6. 
Ыбырай мұғалімде қонақта болдық. Әйелдерді де шақырыпты. 
Әйелдер бөлек бөлмеде отырды. Ойын бастамақ болды. Орыстың 


белбеу соқ (жгут) деген ойынын ойнадық. Әйелдердің белгілегенін 
тауып қоя бердік. Олардың кімі кім болғанын уақ балалар бізге 
жеткізіп тұрып еді. Таба алмағанды ескен белбеумен ұратын ойын 
еді. Қыздар белбеу жеген соң, ашуланып, ойнамады. Ойынды 
бұзған Күлән болды. 
Әбікен маған сыбырлап сыр айтты. Әнеугі ойында Күлән 
Сарбаламен оңаша жерде сөйлесіп тұрғанын Мақан деген бала 
көріпті. (Мақан өтірік айтпайтын таза бала). Сарбала жай 
сөйлеспепті, қолы бір жұмсақ жерде тұрыпты. Жәкімнің түнде ағаш 
ішіне бозбаламен қыдырып кететінін айтты. Жәкім мен Күлән 
қосақтаулы тайыншадай бірінен-бірі айырылмайды. Күләнға 
«Онымен неге жүресің» дегенде: «Сабақтас, жолдас болғасын...» 
дейтін. «Сарбаламен неге жүресің?» дегенде де үндей алмай қап 
еді; безерленіп еді, ұялмап еді. 
Марттың жиырма жетісінде Күлән Сарбаламен екеумізге кезек 
қарап, қызараңдап отырғанын ішім жек көріп еді. Екеумізді 
салыстырғандай немесе екеумізді алдағандай көрініп еді. 
Енді соның бәрін қорытқанда, Күләннің таза қыз еместігі анық 
боп шықты. 
Мақанға Сарбала мақтаныпты: 21-жылы Күлән Жәкімдікінде 
тұрғанда оған бозбала көз салмаушы еді. Сол кезде мен жақын 
болып едім. Содан бері жақынбыз... Ерлі-байлы кісі дейміз. Оқуын 
бітірген соң, екеуміз қашпақпыз. Басқа қалаға кетпекпіз. Мен 
қатынымды тастамақпын...— депті. 
Оған да нанбас едім: менің Күләнға жазған хаттарымды Мақан 
Сарбаланың қолынан көріпті. 
О да аз болғандай, саяси бөлімінің бір агенті Күлән мен 
Сарбаланы базардың қасындағы әйнегі жоқ ескі үйден түнде ұстап 
алғанын Қапайға айтыпты. Қапай — исполком бастығы. Анау агент 
оған сырын айтып жүретін. 


Сорлы басым! Мұнша алданармын ба? Арып-шаршап, шөлдеп 
жүргенде, табылған бір жұтым суыңа ит сарып кетсе, қандай болар 
едің? Мен де сондай күйге түстім. Сүйген адамның мінін көрмейді 
деген рас екен. Япырым-ай! Мұнша адасқаным қалай?!. Енді 
оқыған әйелден үмітім кесілді. Есіл таза жүрек, есіл жігер, есіл 
уақыт қор болған!..» 
«Апрель — 8. 
Күләнға хат жаздым: «Құрметті Күлән! Кететін болғандықтан 
хаттарымды тағы сұраймын. Бұл тілегімді берерсіз деп үміт етем. 
Қош болыңыз». 
Ол жауап қайырыпты: 
«Сіздің барлық хаттарыңызды жыртып тастағам. Наныңыз. 
Күлән». 
— Міне, Камила, сен айтшы, кінә кімде? Ақбалада ма, Күләнда 
ма? 
— Күләнда ғой деп ойлаймын. 
— Мен де сонда ғой деп ойладым. Балташ бұл әңгімені менің 
көңілімді Ақбаладан шығарғалы оқып отыр ғой деп: «Мұның несі 
бар? Ақбалада жазық жоқ. Ондай жұмыс кімнің басынан өтпейді? 
— дедім. Балташ оған да болмады. Ақбаланың тағы бір жаман 
істерін айта бастады. Мен күйіп кеттім. Не болғанымды білмеймін. 
Балташты өзімнен біржола түңілтейін деп, ертеде басымнан өткен 
оқиғаны айтып салдым... 
— Несі бар? Мен де қыз емеспін. Мені орыс алып қашқан. О 
түгілі мен бала да тапқам,— дедім. Балташ таңданып, ежіктеп 
сұрады. Тыңдап болды да: «Мұны айтқаныңыз жақсы болды!» деп 
қош айтысып кетіп қалды. 
— Әй, бекер айтқан екенсің: еркекке сенім бар ма? 


— Артынан өзім де ойландым... 
— Ал, сонымен? 
— Сонымен, арада бір күн өтті ме, білмеймін. Ақбала мені 
шақыртып хат жазыпты. Марс бауына тағы бардым. 
Бұрынғыдай емес, Ақбаланың қабағы келмейді. Көп бөгелмей-
ақ: «Бұрын сен басыңнан еш нәрсе кештің бе?»— деп сұрады. 
Сасып қалдым: «Жоқ»— дедім. Кешегі сөзді Балташ жеткізгенін 
сезе қойдым. 
— Танба, Балташқа айтыпсың ғой. Ондай іс әркімнің басынан 
өтеді. Маған сенің шын айтқаның керек. Бүгін жасырғанмен 
түбінде ашылмай тұра ма? Сонда маған не бетіңмен қарайсың?— 
деп, түсіндіріп бірталай сөз айтты. Ойланып отырдым да: 
— Рас еді,— дедім. 
— Олай болса, сізді маған тағдыр жазбаған екен. Мен сізді қыз 
екен деп жүр едім,— деп Ақбала тұрып кетіп қалды. Өз 
бармағымды өзім шайнап қала бердім. 
Аң-таң боп, сіресіп отырып қалыппын. 
Мен аңырып, жын соғып кеткен кісіше мелшиіп отырғанда, 
қайдан андып тұрғанын білмеймін, Балташ жетіп келді. Мен теріс 
қарап кеттім. Отырып, маған көп сөз айтты. Сөзін тыңдағым 
келмейді. Ит етінен жек көріп отырмын. Аяғында өзінің мені тәуір 
көретінін сөйлеп келіп: 
— Сенің өткен күндегің маған керек емес, адамшылығың керек. 
Өткенге сен жазалы емессің. Сен тисең, мен сені аламын,— деді. 
Көзімнен жасым қалай шығып кеткенін білмеймін, жылап, 
Балташты мойнынан құшақтай алыппын. 


Сүйтсем — Балташым шын ақылды жігіт екен. 
Ертеңіне барып ЗАГС-ке жазылдық. 
— Апырмай! Жақсы болған екен! 
— Несін айтасың!.. Айтпақшы «ЗАГС» дегеннен шығады-ау. 
Жазылуға барсақ, баяғы менің бетімді ашатын қара мұрт орыс 
сонда қызмет қылады екен. 
— Ой, жасаған-ай! 
— Менің атымды естігенде, бетіме қарай қалды. Балташ көріп 
қоя ма деп, қырындай бердім. Көзі ішіп-жеп барады. 
Шыққан соң, артыма қарасам — қара мұртым аузы аңқиып, 
мойны қисайып, артымнан қарап тұр. 
— Не ғып мұндай боп қалды деп ойлады ма екен? 
— Кім білсін... Көзіме жылы ұшырап кетті. Мен «Кештім» 
дегендей, әнтек басымды изедім. Ол шашын уыстай алды. Өкінді 
ме, кім білсін... 
— Адам көре береді екен-ау!— деп Камила тамсанды. 
— Тірі кісі не көрмейді дейсің?— деп Ақбілек те күрсінді. 
— Күйеуің қайда?— дегенде: 
— Күйеуім осында. Бірге келдік. Демалысқа елге бара 
жатырмыз,— деді. 
Содан кейін екеуі тамсанысып, қайыққа қарай тартты. 
«Нұр Зайсан» екі өкірді. Сәнді киімді әйелдер барақоттан 
жүгірісіп шыға бастады. 


Басында жіңішке жиек ақ пике панамы, аяғында еркек өкшелеу 
ақ брезент башмақ, үстінде ақ кенеп пәлте, бойына киімі құйып 
қойғандай, ақ құба, қара көз әйел палубаның шарбағына сүйеніп, 
пірістандағы жыбырлаған жұртқа көз салып тұр еді. 
Барақот өкіргенде, бірінші кластың әйнегіне барып, бірдеңе 
деді. Кідірмей үш жігіт тысқа шықты. Үшеудің ортадағысы Балташ 
еді. Қасындағы екеуі: бұрын бірге оқып, бірге қызмет етіскен, бұл 
күнде әр жерде қызметте жүрген Сәулебек, Қанаш деген жігіттер 
еді. Анау ақ киімді әйел Ақбілек еді. Жолдастары үш-төрт күннен 
бері Балташты қонақ қылып, бауға, аралға бірге қыдырып жүрсе де, 
әлі де қамтамасы қалғандай, барақот үстінде әңгімелерін аяқтатып 
жүр еді. Балташ жолаушылық кәдесін қылып, оларға сыра ішкізіп 
шыққан соң, үшеуі тағы да сөйлесіп, бараходтың тұмсық жағына 
қарай айналды. 
Олардың Балташты құрметтейтін де жөні бар: Балташ астанада 
бір тәуір кемесер. Астанадан келген адамнан губернедегілердің көп 
нәрсе күтіп, әкесі базардан келгендей, қолына қарап тұратын әдеті 
ғой. Олардың қандай сұрауына болсын жауап берердей. Балташтың 
да білім тәжірибесі молайып, қызметке ысылып, ісіне табанды, 
біртоға көменес болып еді. Балташ мына жолдастарының қасында 
көпті көрген көне болып қалып еді. Өйткені ол Ақмола, Семей, 
Орал, Бөкей губернелерінің бәрінде қызмет етіп, жалпы қазақ 
жайымен, әр алуан жағдайымен, оқығандарымен әбден танысып, 
ақыл ауданы, дүние тануы кеңейген еді. Ол өзінше әркімге сын 
беруге жарайтын, біреудің атағына, беделіне, сөзіне сатылмайтын, 
өзінше жол тұтынған жігіт еді. 
Жолдастары: 
— Ақбала қалай боп жүр?— дегенде: 


— Ақбала жүр. Ол өзі қиялшыл жігіт қой: болмайтын істі 
болдырам деп, кейде ұрынға шабатыны бар. Сөзді тәуір көреді, — 
деп жымиып қойған. 
— Жорғабек қандай адам боп шықты? — дегенде: 
— Уай, оны қойшы. Ол өзі жұрттың бәрін алдап қу боп жүрмін 
деп ойлайды. Осы күні кісі алдауға көне ме? Қу боп кетті ғой. 
Біздің Қапай екеш Қапай да пәле боп кетіпті. Қызмет, не дегенмен, 
адамды үйретеді ғой... Жорғабекте тұтынған жол жоқ. Одан да мен 
Төрегелдіні құрмет етем: бізге қарсы болса да, өз жолында қалды. 
Ешкімге жағынбайды. Қызметін жақсы істейді. Ол өзі ісшіл жігіт 
қой; азырақ мақтаншақтығы болмаса, — деген. 
Міне, Балташтың әркімдер туралы осымдай көзқарасы бар жігіт 
еді. Саясат дүниесінде Балташ басшы болмағанмен, басшыға 
таяныш болатын, табанды жігіт еді. Жолдасқа опашыл, уәдешіл 
болғандықтан кейде шен құмарлардың соңына да еріп кететін еді. 
Бірақ олардың қатесіне өз көзі жеткен соң, мына жерің дұрыс емес 
деп, айтар еді де, айырылып кетер еді. 
«Нұр Зайсан» үш өкірді. 
Балташтар манағы шарбаққа сүйеніп тұрған Ақбілектің қасына 
келді. 
— Қош, енді, жолдастар!.. Солай қылыңдар!— деп Балташ екі 
жолдасымен қоштасып, қолдарын нығыздай қысты. 
— Қош, қош, қош — деп олар Ақбілектің қолын ұстап, асығып 
жерге түсті. 
Барақоттың дауысы да «қош, қош, қош!» — деп дарылдап, 
қимай тұрған бауырлардың жүрегін лүп-лүп еткізді. Жердегілер 
барақоттағыларды көздерімен ішіп-жеп, күлкісі мен жылауы 


араласып, ауыздары ашылып, танаулары делдиіп, кейбіреудің 
көзіне мөлт-мөлт етіп жас та келіп тұр еді. 
Барақот сорпа жалаған кәрі төбетше, суды сылп-сылп ұрып 
қозғала бастады. Бастар шыбындап, қалпақтар қарға болып, 
орамалдар көбелекше жалпылдады. «Біз де сендерді қимаймыз» 
дегендей, жұрт барақоттың артына қарай толқыды. Көптің жүзінде 
күлкі, жылау, қуаныш, аяныш аралас. 
Барақот үстіндегі күйші салдаттардың сыбызғысы сыңғырлап, 
дабылдары дүмпілдеп, түтіктері күрсілдеп екпінді маршқа 
екілендіре басқаны Ақбілектің көңілін де босатқандай, тамырларын 
желпіндіре: солқылдатқандай болады. Ақбілек те ақ орамалын 
желпілдетіп қоштасады; әлде бір қымбат нәрсесі қалып бара 
жатқандай, әлдекімді аяп, жүрегі жылағандай болады. Ол қимасы 
— Камила еді. 
Тым болмаса Камила байғұс бізді шығарып салуға да келе 
алмады-ау! «Күйеуінен, қайын аға, абысындарынан айбынады ғой, 
қорынады ғой. Оқымаған әйел қор ғой! Қапастағы құстай ғой!» 
деген ойлар келді. 
— Бұ байғұстардың көзі қашан ашылар екен? Қалай жәрдем 
етсем екен? — деп тұрғанда, Балташ иығынан тартып: 
— Өй, сен неге жылап тұрсың?— дейді. 
— Жәй... әншейін... Камила байғұсты аяп... оқымаған әйелдің 
күні қараң ғой! — деп Ақбілек күрсінді 
— Бір түрлі көңілшексің-ау! Бір күнде бола қоя ма? Бірте-бірте 
оқиды, көзі ашылады, теңеледі. Осы күнде-ақ теңеле бастаған жоқ 
па?.. Әуелде өзің қандай едің?..— деп Балташ үмітті сөздер айтады. 
— Сонда да қиын ғой...— деп Ақбілек бауырының қамын 
жегендей, жалғыз өзінің жетілгенін азсынғандай болады. Бірақ 


Балташтың дәлелдеріне тоқтайды. Өйткені Балташты білмейді деп 
ойламайды... 
Шілденің шаңқан, шағыл күні. Жасыл жағалау Ертіс. Ертіс 
жүзінде су сызып ақ барақот келеді. Ақ барақот үстінде Ақбілегін 
қолтықтап, уыз қымыздай кәусар ауаны кеудесін кере сіміріп 
Балташ сайран етеді. Сайранға тойса, жан-жағының бәрі айна, 
жарқыраған салонға кіреді. Қос бұрымы арқасына салбыраған 
аспан көз, жаңа өспірім ақсары қыз, қазықша қаздиып, пианиноға 
күңгірлетіп күй шалады. Оң бұрышта кішкене үстелді ортаға алып, 
ақ жаталы, қошқар тұмсық, біз тұмсық төрт саудагер. «Пас», 
«Бис»... деп, препаранс (карта) соғады. 
Балташ пен Ақбілек жас қыздың күйін тыңдап, шытырдай ақ 
дастарқанды үстел басына отырып, ақ киімді матүшкеге тамақ 
алдырып ішеді. 
Балташ үстелде жатқан жіңішке қағазды алып, тамақтың тізімін 
оқиды: 
— Скеблдің бтикесі, гректің тептелі, полыданың зыразы, тағы 
бірдеменің антрикоты, толып жатқан беп-алестрогон, бефштекс, 
лангет дей ме, пилет дей ме, қой еті, бұзау еті, қаз еті, кауап, 
қырғауыл, бұлдырық, түйе тауық, ростбип, шабылған шошқа, 
«тұздағы тіл, төс ет — дершт шорт тебе дерий... Мұның қайсысын 
жейміз? 
— «Шор тебе дерий» дегені де бар ма екен?— деп Ақбілек мырс 
етеді. 
— «Шорт тебесі» жоқ, әйтеуір дериі бар. 
— Өзің қайсысын жейсің? 
— Мен осы антрикот, сантрикотының жайын білмеуші ем, қой 
етін жейін,— деді. 


Ақбілекке Балташтың ол сөзі де қызық көрінді, ішек-сілесі 
қатып күлді. Ақбілек күлгенде, қошқар тұмсық саудагер 
қылмыңдап, қарай қалады. Ол Ақбілекке манадан жаман көзді 
жіберіп, қиялға батып отырған ғой. 
Ақбілек күліп отырып: 
— Мен бұлдырықты-ақ жейін,— дейді. 
Ет артынан «Жигули» сырасынан екі бөтелке ішіп, Ақбілек 
екеуі екі кісілік тап-таза каютасына (бөлме) келіп, солқылдақ 
кереуетте біріне-бірі қарап, қисайып жатып, «Бузатер», «Ісмеқаш» 
журналдарын оқып, мәз болысып күліседі. 


Балташ: 
— Тамақ сіңіруге күлген жақсы,— деп қояды. 
Өмір сәнді, өмір қызық! Бәрі күлкі. Жаңада ғана қосылған екі 
жас. Қабақ қағысынан ойларын танысады. Бірін-бірі ренжітерлік 
түрі жоқ. 
— Әлгі жепеңнің саған көзді қадап отырғанын байқадың ба?— 
дегенде, Ақбілек: 
— Сен де андып отырады екенсің! — деп күлімдеп, мақтанып 
қояды. Балташ: 
— Сен, шырағым, байқа! Жепекеңдер бәлекет келеді,— дейді. 
Ақбілек онда: 
— Өзің байқадың ба? Бүгін командир де менің орамалымды 
әперді ғой,— дейді. 
Балташ оған көтеріліп қалады. Көтерілмей қайтсін? Мұндай 
келіншекті Балташтан басқа кім алды? 
Ақбілек көрген-білгенін Балташқа айтып келеді. Балташ 
қызметтен келгенде, кімнің не сөйлегенін айтып отырады. 
Сөйлескен сайын, бірінің білгені біріне ауысады. Кейде Балташ 
баяндама, отчет жазғанда, Ақбілек көшіреді. Ақбілек бірдеңеге 
алданып жатса, Балташ барып, тамақ әкеледі. Екеуі бірге күйінеді, 
бірге сүйсінеді. Өйткені дененің басқалығы болмаса, екеуі бір 
кісіміз деп ойлайды. 
Екі күн өтіп, үшінші дегенде екі жас Зайсанға жетті. «Шықтық» 
деп телеграм берген ғой. Төлеген мен жеңгесі де кішкене «қызын 
көтеріп, пірістанға келіп тұр екен. Анадайдан бірін-бірі көргенде, 
Ақбілек пен жеңешесі: 
— Аһ, жеңеше! 


— Аһ, Ақбілек! — десіп, аяқтары жер басқанын сезбей, біріне-
бірі ұмтылды. 
— Е, жеңеше-тайым! 
— Е, бауырым-ай!— десіп қуанғаннан көздерінен жас ыршып, 
құшақтасып, қайта-қайта сүйісіп жатыр. 
— Денің сау ма, қарағым!— деп Төлеген қарындасының бетінен 
сүйді. 
Ақбілек кішкене сіңілісін шопылдатып, бауырына басып: 
— Жігіт боп кетіпті ғой!— деп жатыр. 
Балташ Төлегенмен бұрын да таныс: бірге қызмет қылысқан 
жолдасы ғой. Бұрын «Балташ жолдас!» деуші еді; енді «жолдас» 
деуді кеңсе тілі көріп: 
— Қарағым, саумысың,— деп аузынан сүйді. 
Жеңгесі де Балташпен таныс. Балташтың тәуір жігіт екенін — 
олар да біледі. 
Бұрын Төлеген Балташты: «Икемге көнбейтін, бір беткей, қазақ 
жайын білмейді»...— деп ішінен ұнатпаушы еді. Енді ол ойы да 
жоғалып кетті. Өйткені ол — енді туған күйеуі, ол — кіндіктен 
келген үлкен кемесер. Енді Балташ туралы не деп жаман ой 
ойласын? Күйеуіне буланбаса. 
Екі бержебай даяр екен. Төлеген Балташты, жеңгесі Ақбілекті 
қолтықтап, екі-екіден отырып, көшені сықыртып өтіп, бұрқыратып, 
пәтеріне алып келді. 
Күйеу келе жатыр дегеннен, аға, жеңгесі пәтерін тұянадай 
қылып безеп, бір бөлмені екеуіне арнап, керауат құрып, кілем төсеп 
қойған еді. Қызара бөрткен неше түрлі тәтті бауырсақ, парамыш.. 


самса, кәмпит, мәмпәсилер, шекілдеуік, пісте, жаңғақтар, 
пешениялар тарелкелерде саусылдап, ұлыстың ұлы күні 
болатындай үлкен үстел лық толып, ақ дастарханмен беті жабылып, 
құрметті қонақтарды күтіп тұр еді. Кек бас, қызыл бас, алтын бас 
бөтелкелер де бупет-шкапта көл жағасындағы қаздай мойындарын 
созып шытынап, быжынап, «Бізді қашан ішесіңдер?» деп 
қылқылдап қарап қоюшы еді. Төлеген кемесер күйеуіне өзге арақты 
олқы көріп жиырма бес сомға бір бөтелке «ІПампански» алған еді. 
Қонақтардың түскенін естіген соң, уездің сорпаға шығарымыз 
деп жүрген, шалбарларының тізесі қалталанған, пенжегінің артқы 
етегі жымырылған шолақ кемесерлер де Төлегендікіне Мекеден 
қажы келгендей ағылды. Төлеген хабар қылған ғой. Түтін андып 
жүретін, өлеңінде бес тиындық құн қалмаған салдаман әншілер де, 
тарысы піскеннің тауығы бола кететін «Бөстекі» даяшылар да 
келді. 
«Құтты болсын!», «Жоғары шық!», соғысқан орындық, 
сапырылысқан кісі, салдырлаған ыдыс, сылдырлаған шанышқы, 
пышақ, үремке бәрі араласып, Төлеген үйі құдды жәрмеңке болды. 
Үремкелер шіңгірледі, шампанский мұрынға шапшып быжылдады, 
арақ ішілді, ән соғылды. Жұрт дуылдады. Ақбілек Балташқа 
тигенде, екеуі астанадан келгенде, соқпайтын не бар? Бұдан артық 
қуаныш бола ма?! Құй арақты! Көтер үремкені! Соқ өлеңді! Е, 
кулет шіркінді! Сүмірейт! Пәле! 
Қызумен отырып, жұрт көп ішіп жіберген екен. Бастар бос 
мойын, аяқтар резеңке, қабырғалар төбеге шығып, үстелдер 
әткеншек ойнаған кезде, қонақтар да біріне-бірі сүйеніп үйден 
шықты. Балташты сүйемелеп апарып, Ақбілек төсекке жатқызып, 
жеңгесі мен екеуі ыдыс-аяқтарын жинауға кірісті. Төлеген де 
«Құдайдың бергеніне шүкіршілік» етіп, демін бір алды. 
Екі-үш күндей Ақбілек, Балташ аға, жеңгелерімен әр үйде 
қонақта болып, кешкісінде жалаң бас лампыша жырпылдаған 


жаман суретін, «Аулақ үйдің әрі-берісін» қып жатқан спектаклін 
көріп, қаланың сый-сияпатына қанған соң, елге шығуға қамданды. 
Төлегеннің өз елі ғой. Және Балташқа деген соң, жұрт ат аяй ма, 
төрт-бес ат табылып қалды. Таулы жерге арба жүрмейді, салт атпен 
жүру керек қой. 
Көк ала жорғаны көрпе салып, жеңгейге ерттеді. Жарау боз атты 
Ақбілек мінді. Жирен қасқа атты Төлеген, қара атты Балташ мініп, 
қастарына бір жолдас алып, сәске кезде қаладан шықты. Төлеген 
былай шыққан соң Күлікенің өз алдына алды. Жеңгей атқа мініп, 
артық үйренбеген кісі ғой: бір қолымен ердің қасынан ұстап, аяғын 
үзеңгінің сағасына салып орнатқан омақаша қопиып буынын билей 
алмай, қолп-қолп еткені Ақбілекке айт пен тойдан да қызық болды. 
Шілденің жылдай күні. Түске таман жолаушылар тау 
бөктеріндегі бір ауылдан бағлан жеп, қымыз ішіп, күн қайта тағы 
атқа отырды. 
Манағыдай емес, жеңгейдің өне-бойы ауырып қалыпты. Қатты 
жүріске жарамай, көк аланың аяң жорғасымен тайпалтып келеді. 
Ақбілек қажыр емес, сипай қамшылап, сау аяңдатып келеді. 
Жалғыз-ақ Күлікен қалғып-шұлғый береді. Оны кезекпе-кезек 
алдарына алысады. 
Кіші бесін кезінде әйелдер шөлдедік деген соң, өзен бойындағы 
бір ауылға бұрылды. Желісінде он шақты құлыны бар бір үлкен үй 
орталықта: оның оң жағында бір ақ отау тұр. Жолаушылар сол 
отаудың сыртына келіп тұра қалды. Есік алдында көрінген бір 
балалау жігітті шақырып, сөйлес қылды. Ақ отау Бекболаттікі 
дегенде Ақбілектің жүрегі болар-болмас бүлк ете түсті. Әйтсе де 
осында түскісі келді. 
Бала жігіт жүгіріп үйге барған соң, тымағын қисайта киіп, 
шапанының бір иығын жамылып, бір иығын жүре сұғынып, 
қолбаңдап Бекболат шығып, қонақтарға абдырап қарсы жүрді. 


Анадайдан сәлем беріп, келе Балташтың атын ұстады. Баяғысындай 
алақанын қалақ қып, Төлегеннің, жеңгейдің, Ақбілектің алақанына 
жапсырып, амандасты. Ақбілектің көзіне көзі түсіп кеткенде, 
қызарыңқырап қалды. Құрақ ұшып жүгіріп, есік ашып кіргізіп жүр. 
Төсегінің алдында бұйығылау, келте мұрын, қара торы келіншек 
іс тігіп отыр екен. Ақбілектің көзі алдымен соған түсті. Келіншек те 
тымырайып, әйелдерге көз астымен қарады. Еркектермен тізелесіп 
төрге шығып кеткенін сөкет көрді, немесе Ақбілек өзінен артық 
болғанға күндеді ме, кім білсін, әйтеуір «адырам қал» деген қарас 
еді. 
Бекболат жігіт жіберіп, дереу үлкен үйінен қымыз алдырып, өз 
алдына дастарқан салып сапыра бастады. Ақбілек тура қарай 
алмайды; күнәлі кісіше, күйбіжеңдеп, сасқалақтай береді. 
Бекболаттың құрақ ұшып отырғанын келіншегі жаратпаған тәрізді, 
келте мұрнын жоғары көтеріп, шығып кетті. «Жаман шіркін! Сыр 
білдіріп қояды-ау!» деген кісіше, қатыны шығып бара жатқанда 
Бекболат ала көзімен бір қарады. 
Қонақ аз отырса да, көп сынайды ғой. Ақбілек Бекболатты 
ішінен аяды: келіншегін менсінбейді екен деп ойлады. Бекболатпен 
жолыққан күндер замат көз алдына елестеп өтті. Әйтсе де өткен 
күнге өкінген жоқ. Бұрынғы арман қылатын тұрмыс енді аяқ 
астында қалғандай, өзі басқа бір жаңа, жарық дүниеге көшкендей. 
Бір жоғары көңіл пайда болды. Бекболат бұрынғыдай емес, сақал, 
мұрты да көбейіп, бет-аузы да ажымданып, бойы да аласарып, 
қораш боп қалғандай көрінді. 
— Е, елге бара жатыр екенсіздер ғой... Қалада бөтен хабар жоқ 
па?.. Қой алдырайық, қонақ боп кетіңіздер! — дегеннен басқа, 
Бекболаттан пәлендей татымды сөз де шықпады. Ол сөздері де 
Бекболаттың далада қалғандығын, Балташпен арасы жер мен 
көктей екенін көрсетті. Ақбілек азырақ ойланыңқырап отырғанын 
өзі де сезе қойып, Балташтың көңіліне бірдеңе келіп қала ма деп, 


орысшылап «жүрейік» деді. Бекболат: «Қонақ боп кетіңіздер! 
Шақырып келтіре алмайтын адамсыздар!»— деп жік-жапар боп 
жабысса да, қонақтар атқа қонғанын тәуір көре берді. 
Түсуін түссе де, өздеріне де қолайсыз болды білем, бірталайға 
дейін Төлеген сөзін қиюластыра алмай, ойы бөліне берді. Бірақ 
Ақбілек те, Төлеген де Балташқа өз ойларын сездірмеуге тырысып, 
басқа сөзге жұбатып әкетті... 
Сеңгір-сеңгір таулардан, үңгір-үңгір құздардан, түйе өркешті 
шыңдардан, қыз емшекті тастардан өтіп, бұраң-бұраң сүрлеумен 
бес атты кісі бес құмырсқа боп өрмелеп, Алтайдың басына шықты. 
Алтай бойды да, ойды да көтерді; Алтайдың кешкі самалы бетті 
сүйді. Ақбілек Алтайға шыққанда, баяғы апасын өлтіретін, өзінің 
абұйырын алатын, өгей шешенің қорлығын шегетін, Көркембай 
кемпірдің көр үйшігінде жаны көзіне көрінетін, алай-түлей, 
қараңғы күндер барса келмеске біржола кеткендей, анау алыста, 
етекте бір жола қарасы өшкендей боп көрінді. Ақбілек бейнеттен, 
қорлықтан, күнәдан құтылып, сонау жеті қат көктегі ғарышқа 
апарып, жүрегін алтын ілегенге салып жуғандай, анадан жаңа 
туғандай тәрізді. Оның жүрегін жуып, тазартқан леген — аяулы 
жаны, Қаратаудай қайратты, ай мен күндей ғылым еді. 
Марқакөлдің шыныдай тұнық суы да, көл жиегіндегі үйірім-
үйірім ауыл да, барылдап, кісінеп, оқыранып, өріске тартып бара 
жатқан жылқы да жылқышының қызыл ала тысты тымағы да, анау 
қозы алып жүрген қайқы төс келіншектің жасыл көйлегі де, аттың 
жалы да, жеңгесінің басындағы күлді-бадан орамалы да — батар 
күннің сарғылтым сәулесіне шомылып, жер дүние cap көзілдірікпен 
қарағандай жымыңдап, саңғырап тұрғанда Ақбілек туып-өскен 
ауылына жетті. Ауылда иттер шулайды: қотанда қой маңырайды. 
Аспанда торғай шырылдайды. Қырындап ұшқан құс Сасы ала 
керенаулап мыңқылдайды. Енесін іздеп, ауылда лақ безілдейді. 
Суға бара жатқан үш жас қыз: 


«Сылдыр-сылдыр қамысқа сырғам түсті; 
Сырласпаған жат елге апам түсті. 
Апам үшін қабырғам қайысады, 
Қолымдағы қос жүзік майысады», 
— деп шырқап ән салады. 
Ақбілектердің алдынан шауып шыққан бала жолыға сала, 
тайының құйрығын шошайтып, ауылға қарай ызғытты. 
Төлеген кейде жылына, кейде жыл ара еліне бір келіп кететін. 
Келінді ала келіп, жатып кет деп ақсақал отау көтеріп берген. 
Төлегеннің келетінін естіген соң, ақсақал отауын оң жағына тіктіріп 
күтіп отыр еді. 
Тайлы бала ауылға шауып келіп: 
— Ағатайымдар келе жатыр! Ақбілек те бар!— дегенде, ақсақал 
үйде отырып, қалғып кеткен кісіше: 
— Әһ! Не дейді?— деп басын жұлып алды. 
Ақбілек баяғы кеткеннен үйіне қайтып келген жоқ еді. Ақбілек 
оқып жүр деп ақсақал естуші еді. Бірақ «Қыз оқып не болады?» деп 
ішінен ұнатпаушы еді. Баяғыда баласы екені болмаса, Ақбілектен 
біржола күдер үзген еді. Оны көремін деген ойында жоқ еді. 
Ақсақал енді қайтерін білмеді. Үйде отыра ма? Алдынан шыға ма? 
Қалай амандасады. Дым көрмегендей тымпиып отыра ма? Кешірім 
сұрай ма? Бұл бір шұғыл оқиға болды. 
Сүйткенше болмады, қатын-қалаш шулап: 
— Әне шықты! Төрт кісі!.. Жоқ, бесеу... Екеуі әйел... Біреуі 
келін ғой!..— дескен дауысқа ақсақалдың бүйірі қызып, отыра 
алмады. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал барып 


сәлем берсін» деген мәтелді есіне алып, үйде отырсам, қуанбаған 
боп көрінермін деп тысқа шықты. 
Шықса сауылдап келіп қалған екен. Ақ боз атқа мінген ақ киімді 
біреу көрінді; алдына Сараны мінгізіп алыпты. Бұл орысың кім деп 
тұрғанда, Ұрқиялар барып, түсіріп бетінен сүйе бастады. Сүйтсе 
Ақбілек екен. Боз аты, ақ киімі аруақтанып көрінді ме, ұлық 
келгендей, ақсақал әнтек қорынайын деді. Ауылдың еркектері де 
ақсақалдың қасына жиналып қап еді. 
Төлеген мен Балташ келіп ақсақалға сәлем беріп, қолынан 
ұстады. 
— Мынау күйеу балаңыз — Балташ деген жігіт,— деп Төлеген 
таныстырды. Ақсақал: 
— Е, аманбысың, шырағым! — деп сасыңқырап қалды. 
«Қайырлы болсын!» тәрізді бірдеңе айтқалы оқтанса да, аузына 
лайықты сөз түспеді. 
Оның артынан Сараны ертіп, Ақбілек келіп, әкесіне қол берді. 
— Қарағым, Ақбілекпісің?— дегенде дауысы қалтырап, көзіне 
жас кеп қалды. Әйтсе де күйеуінен именіп, жасын әрең тоқтатты. 
Ақбілек мұңайып төмен қарады. Ақсақал баласына қарап: 
— Дені-қарның сау ма, қарағым!— деді. 
Қатындар келінді келіншілетіп, үйдің артынан айналдырып, 
отауға кіргізді. 
Ауыл кісілері қол ұстасып, амандасып болған кезде, ақсақал: 
— Әй, жол беріңдер, үйге кірсін!— деді. Қонақтар үйге кірді. 
Олармен бірге ақсақал да кірді. Қатындар келінге шымылдық іздеп 
еді. 


— Қой, әуре қылмаңдар! Жасырынбай-ақ қой, шырағым! 
Лұқсат! Салтында жоқ жұмыстың не керегі бар?— деп келінін 
жасырындырған жоқ. 
Қатындар шуласып: 
— Е, ақсақал, үлкен кісі! Балаларың кеп, көзайым болды ма?.. 
Мына жігіт күйеу бала екен ғой?.. Өмір жастарың ұзақ болсын!.. 
Балаңыз құтты болсын!— десіп жатыр. 
Ақсақалдың көңілі тасып отыр... 
Әй-жәй болған соң, ақсақал айдың жарығымен үйінің жанында 
қой сойғызып отырып: 
— Күйеу бала қай ел екен? Білдіңдер ме?— деп Әмірден 
сұрады. 
Әмір манадан бері Төлегеннің жолдасынан мәні-жайын сұрап, 
біліп қойған ғой; өзі де айтқалы қыбыржып отырған кісі ғой: 
— Семейлік, тобықты болса керек. Үлкен орындағы төре екен! 
Орынборда қызмет қылады екен!— деп көптірді. 
Ақсақалдың көңілі манағыдан да бетер қарыс көтерілді. 
Таңертең Ақбілек пен келіні далаға барып келе жатқанда, 
ақсақалдың көзі түсіп: «Келін бір бәйбіше болғандай денелі, жүрісі 
сабырлы адам екен» деп ойлады. Келін ноғай емес, естек қызы 
дегеннен бері, ақсақал естектің бір атасын қазаққа жақын қып алып 
еді. Сара Төлегеннің кішкене Күлікенін көтеріп, тысқа шығып еді, 
ақсақал: 
— Бері әкелші, қарағым!— деп алдырып немересін иіскеді. 
Көңілі тағы бір қарыс көтерілгендей: 
— Ей, құдая шүкір тоба!— деп тәубе келтірді. Пәлтелерін 
жамылып, қалпақтарын шекесіне салып, сымдай болып Төлеген 


мен Балташ шыққанда; «Заманына қарай бұ да жарастықты екен!» 
деп ойлады. Мынау екі төре баласы тұрғанда, өле-өлгенше кемқор 
болмастай көрді. 
Балалар шайын ішіп жатқанда, ақсақал жеті биесінің сабасын 
пістіріп, ыдыс-аяқты жуғызып, өз үйін сыпыртып, төрге көрпе 
салдырып: 
— Ақбілектерге әне жерге сал! — деп қатынына оң жақты 
нұсқап жатыр еді. 
Шәй ішіп жайланған соң, Әмірді жіберіп, балаларын өз үйіне 
шақыртты. 
— Жоғары шығыңдар! — деп Төлеген мен Балташты төрге 
шақырды. 
— Е, со жаққа отырыңдар! — деп келіні мен Ақбілекті өзіне 
қарсы оң жаққа отырғызды. 
Қымызды бәйбішесіне сапыртып, балаларына қызыл кесемен 
қайта-қайта бергізіп, ауыл кісілеріне де, бала-шағаға дейін құр 
тастатпай, өзі қадағалап отыр. 
— Келіннің аяғын
11 
ұста, келіннің,— деп қояды. Келіннің дөп-
дөңгелек қара көзі, маңқиып отырғаны, атасынан әнтек именгені 
қолайына жағып отыр. Өрік Ақбілекке қарауға беті шыдамай: 
— Ақбілектің аяғы,— дегенде аяқшыға бұғып қана 
сыбырлайды. 
— Неге ішпедіңдер? Қымыз жақсы ғой!— деп ақсақал Балташ 
жаққа қарап қояды. 
— Болғанымыз со ғой!— деп Балташ кесесін қайырғанда: 


— Қалалы жер адамның ішін қуырып тастайды ғой!— дейді. 
Ақсақалдың көңілі тасқын. Тамағын кенесе бүкіл ауыл естиді. 
Түкіріп жіберсе, есіктен өтіп сары иттің тұмсығына жалп етеді. 
Кешке таман Төлегенді оңаша шақырып, ақсақал құрмалдық 
беру жайын ақылдасты. Ақсақалдың көңілі: ірі жылқы сойып, 
үлкен той қылуда еді. Төлеген тай да жетер деген соң, бала да 
бірдеңе білетін шығар деп мақұл көрді. 
Ақсақал тай сойды. Көңілі жетер ағайын он шақты қой сойды. 
Недәуір үлкен той болды. Жұрт сабалап қымыз әкелді. Тай, құнан 
жарыстырып, күрес қылып, көкпар тартып, ерігіп жатқан ел бір 
кенеліп қалды. 
Көл басындағы төрт-бес ауыл жас төрелерді кезекпе-кезек 
қонаққа шақырысты. Дырду басылған соң, аз күн болса да, қарап 
жүрмейік деп, Ақбілек пен жеңгесі бес ауылдың ортасына қызыл 
отау орнаттырып, жас әйелдерді бір мезгіл оқытып, хат танытпақ 
болды. 
Кейде еркектерді де шақырып, Балташ пен Төлеген газет-
журнал оқиды. Тазалық, денсаулық, мал дертін емдеу, каперәтіп 
жайынан әңгіме құрып қояды. Қызмет адамдарына жол жоба 
көрсетеді. Елге керекті уақ кітаптардан ала барған еді. Оның 
пайдасы тиді. 
Ақбілек баяғы емес, өзгерген: өнер тапқан, жетілген, ысылған, 
әйелдерге көсем болған. Бұрынғы бұйығы, ұялшақ, сызылған, 
мұңайған Ақбілектің ізі де жоқ. Ақбілектің қызығын, ісін көргенде 
ақсақал таңданады: «Бұл қалай боп кеткен? Қаланың не қасиеті 
бар? Жұп-жуас, ұялшақ бала емес пе еді!» деп ойлайды. Қалайда 
Ақбілек жат. Ақбілек өнерлі. Ол енді ақсақалдың ғана баласы емес, 
көптің баласы. Енді ақсақал одан именеді. Мынауың теріс деуге 
бата алмайды. Баяғы өзінің қаталдығын ойлағанда, өзінен-өзі 
ұялады. Кешірім сұрасам қайтер еді деп бір ауық ойланады. Бірақ 


әке басымен балаға кішіреюді лайық көрмейді. Сондықтан 
Ақбілекке кездескенде: 
— Қарағым, немене?.. Шөлдеген жоқсың ба? Қымыз іштің 
бе?— деген сияқты қалбалақтап қалды. 
Әкесінің онысын Ақбілек те сезеді. Әкесін аяйды. 
— Жоқ, әке! Шөлдегем жоқ...— деп еркелеген секілді, қасына 
келіп отырып, бала оқытқанын, жеңгесінің тілі келмегенін, 
әйелдердің күлгенін әңгіме қылады. 
— Қарағым-ау! Елге келіп тынығады десе, жүдеп қаласың ғой... 
О қатындардан не шығады деп жүрсіңдер?— деп маңдайынан 
иіскейді. 
— Әке-ау, заман оқығандікі ғой! — дейді. 
— Оқығанмен келін екеуіңдей болар деймісің!— деп баласын 
көтеріп қояды. 
Ақбілек әкесімен айтыспады. Әкесін жаңа тауып алғандай 
қуанады. 
Сара он екіге шығып, ұзын көйлек киіп, бұрымын артына 
селтитіп өріп қоятын болған екен. Ақбілек оған: 
— Сен қыз болмай-ақ қой. Басыңды биттетпе,— деп шашын 
алдыртып тастады. Сараны қайтарында өзі ала кетіп, оқуға бермек 
боп қойды. 
Қажікен азамат боп қалыпты. Бірақ өгей шешенің қолында 
өтірікші, тұнжыр, ұрысқақ, кекшіл боп өсіпті. Оны Төлеген қолына 
алып оқытпақшы болды. 
Ұрқияны қастарына ертіп, Ақбілек пен жеңгесі далаға барады, 
көл басына барады. Өткен балалық күндерді есіне түсіреді. 


Бір күні Ақбілек сөзден-сөз шығып отырып, Ұрқиядан: 
— Жеңеше-ау, осы баяғы Мұқаш не болды?— деп сұрады. 
— Естімеп пе едің? Сол жылы қысты күні шығар деймін, жоқ 
боп кетті ғой,— деді. 
— О қайда кетті? 
— Кім біледі, біреу өлтіріп тастаған шығар,— деді. Ақбілек: 
— Өзі де елдің қарғысын көп алып еді,— деді. 
— Қарғыс қоя ма? — деп, Ұрқия да қостады. 
Матайдың Әбені екі ұрысын жіберіп, жайғастырғанын бұлар 
қайдан білсін. 
Күлікен Сараға ермек болды. Мойнына мінгізіп жүргені. 
Ұрқияның Іскендірі де беске шығып қалыпты. Ұрқия жанынан 
екі елі тастамайды. 
Іскендір тым-ақ сүйкімді, түрі де көркем: мінезі де өжет. 
Шешесі өте зерек деп мақтайды: балалармен қосылып ән салады: 
қой күзетеді; бұзау үйретеді; ойынға бір жалықпайды; ауылдың 
малын түстеп таниды. Бірақ тез қатыр, ашуланшақ; бір баладан 
жығылып қалса да, жарысқанда қалып қойса да, жатып төбелес 
салады; өз ырқы болмаса, айтқанға көнбейді дейді. 
Бір күні Ақбілек пен Ұрқия көл жиегіне барып жуынып отыр 
еді. Сара бар, Күлікен, Іскендір бар, ауылдың өңшең ұсақ балалары 
суға шомылып, жиекте жүгіріп, жарысып ойнап жүр еді. Бала бірін-
бірі жылатпай жүре ме, кішкене Күлікенді бір бала жүгіріп келе 
жатып, қағып кетіп, жылатып қойды. Іскендір оны көре сала 
жүгіріп барып, жыққан баланы кішкене жұдырығымен іштен 
қойып-қойып жіберді. Ана бала үлкенірек болса да сасып қалды. 


Ұрқиядан қорқып түк қыла алмады. Іскендірдің мына қылығына 
Ақбілек сүйсініп: 
— Іскендір, бері келші, қалқам! Ой, бауыр болғаныңнан 
айналайын!— деп шақырып алып бетінен сүйді. 
— Жеңеше-ау! Осының атын Іскендір деп қайдан қойып 
жүрсің? Орыстар Александр дейді ғой, — деп сұрады. 
Ұрқия баяғыда түсінде Іскендір дуана балапан ұстап бергенін 
есіне салып: 
— Сонда Іскендір дуананы ырым қып, атын Іскендір қойып 
едім, — деді. 
Соны айтқанда Ақбілек көзі дөңгеленіп, аз ойлана қалды да: 
— Жеңеше-ау! Осы Іскендір мен сияқты емес пе?— деді. Ұрқия 
күліп жіберді. 
— Сен сияқты болса, сенен туған шығар!— деді. 
— Рас айтасың ба, жеңеше? — деген соң, Ұрқия шынын айтты. 
Ішіне үрген қарын тығып, өтірік буаз болғанын, Ақбілектің 
баласын бауырына салғанын, бәрін сыр қылды. 
Ақбілек қуанып кетті: 
— Іскендір, бер келші!— деп шақырып алып: — Құлыным-
ау!— деп, бауырына қысып, құшырланып тағы сүйді. — Өлтіретін 
бала емес екен ғой! Жақсы қыпсың ғой, жеңеше!— деп, Ұрқияны 
сүйді. Аналық сезім Ақбілектің жүрегін қорғасындай балқытты. 
— Мен кісі қанын жүктедім деп жүруші ем. Жеңешетай-ай! 
Мен шын бақытты екем ғой! Оқуға жараған соң, өзіме бересің 
ғой!— деді. 
— Берейін,— деді Ұрқия. 


Марқакөлдің суы балдай. Марқакөлдің суын ішіп, отын жеген 
сары қарын, тұтам емшек жануардың бауырынан сүт сорғалап сүт 
емес-ау құт сорғалап көнек-көнек лақылдайды. 
Марқакөлдің жиегінде Мамырбайдың Ақбілегі, жас Балташтың 
сүйген жары Іскендірін құшып, сүйіп, бала болып, ана болып, көп 
әйелден дана болып кеудесіне бағы сыймай, кемерінен аса 
шыпылдайды. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет