білегін әбден тазалап жуды. Абдыраны ашып, мәре көйлегін алып,
балаларға көрсетпей, апасының ескі жаулығына орай, көрпенің
арасына қойды.
Ет піскенше Сара ұйықтап қалды. Қажікен қойшының қасында
отырып «Жалмауыз кемпір» деген ертегісін айтқызды. Ет
түсірілді. Ақбілектің ет жегісі келмейді. Малшыларға: «Жеңдер»,
— дей берді. Етті жеп болып келе жатқанда, Ұрқия келді.
— Жеңеше, ет же!
Ұрқия:
— Ауыз тиейін, — деп бір жапырақ салды.
Ет жеп болған соң, Қажікенді жатқызып, Ұрқия мен екеуі тысқа
шықты. Әйнек алдында тұрып, екеуінің күбірлескендегі әңгімесі:
қалай жолығу, қай жерде жолығу еді. Ұрқияның ойы: Ақбілекті өз
үйіне апарып, екеуіне бір табақтан дәм жегізу еді. Ақбілек Әмір
ағасынан ұялып, әрі балаларды жалғыз тастап кетудің есебін
таба алмай, бармауды қалап еді. Қаласа да, Ұрқияның ойы дұрыс:
шамның жарығында оны көріп отырып, бір табақтан ас жеген,
қандай жарастықты! Бұл тұңғыш жолығуы ғой. Әрі сөйлесіп, бері
сөйлесіп, Ақбілек балаларды ұйықтатып баруға бел байлады.
Балалар ұйықтаған кезде, Ақбілек мәре көйлегін, таза камзолын
киіп, жұпар исін аңқытып, биқасап шапанын жамылып, аяғын
ептеп басып, есікті ептеп жауып, буыны дірілдеп,
табалдырықтан аттады. Ай жарық. Қар күмістей жылт-жылт
етеді. Жұлдыздар сайрап тұр. Екі үйдің арасындағы жалғыз аяқ
жол қарауытып жатыр. Бұ жол ұжмаққа апаратын жол секілді.
Осы жолмен барып, қызықты, тәтті, сұлу өмірдің есігін ашатын
секілді. Басқан сайын бақ есігі жақындайды. Жүрегі дүрсіл қағады.
Ұрқия алдынан шықты.
— Әмір ағам қайда?
— Ауыз үйде... Сендер оңаша боласың.
Ой алла-ай! Ақбілек шын сонымен бірге отырғаны ма?!
Ұрқия есік ашты. Қатты ұйықтап оянғанда, қараңғы үй кенет
жарқырап кетсе, көзің қандай ұялады. Бақ есігі ашылғанда,
Ақбілектің беті де ұялып, кіруге жүрексініп, әнтек кідіріп қалды.
— Кір, қарағым, кір!
Олар көрінбейді. Бірақ осы үй толған олар. Көйлегін судыр еткізіп,
Ақбілек кіріп келді. Бекболатқа отырған үйі нұрға толып
кеткендей болды. Ақбілек жеңешесінің артынан еріп, сызылып
келіп төменірек отырды. Тура қарауға дәті шыдамай, төмен
қарады.
— Есен бе, қарағым! — деп, әуелі Ақберген амандасты. Бекболат
қалай амандасудың есебін таба алмай?
— Есен бе, қарағым!— деп, жолдасының сөзін айта салды.
Ақбілек:
— Үш-шүкір,— деп, ернінің үшін қыбырлатты.
Тым-тырыс.
— Апаңның артқы жақсылығын берсін!.. Құдай әмірі мақұл... тек
өз маңдайларың ашылсын!— деп, үнсіздікті Ақберген сейілтті.
Бекболат үндеген жоқ.
Ақбілек уысындағы торғын орамалымен көзін сүртті. Бекболат
төмен қарады.
Ол екі арада Ұрқия етін түсірді. Қонақтарының қолына су құйып,
дастарқан жайды. Төсін салып, семіз тоқтының жарты етін
түгел асқан екен. Он шақты тоқтының маңдайы ғой.
Ақбілек күйеуіне онша таянбай, арасында бір кісі сыйғандай ғып,
табаққа таман отырды. Ақберген пышағын алып: «Тураймыз,
ба?» дегендей Бекболатқа қарады. Бекболат ым қақты.
— Құдағи, мұнда келіңіз! — деп, Ақберген астың алдын ана
жақтағы қайын ағасына жіберу керектігін білдірді.
— Ойбай, жей беріңдер, қарақтарым! Күйеу кәдесін соң
Достарыңызбен бөлісу: |