Тақырыбы: Қ. Яссауи, А.Құнанбаев т б. еңбектеріндегі кемел адам мәселесі



Дата07.02.2022
өлшемі0,63 Mb.
#91666
Байланысты:
ұлт рух


Тақырыбы: Қ.Яссауи, А.Құнанбаев т.б. еңбектеріндегі кемел адам мәселесі
Топ: Визуалды өнер 101-топ
Дайындаған: Тайұстарова Әсем, Сахи Гүлжанат, Махамбетова Наргиза
Тексерген: Сағадатов Райбек
Жоспары:
1 Қ.Яссауи еңбектеріндегі кемел адам, толық адам мәселесі
2 Қ.Яссауи еңбектеріндегі кемел адам мәселесіне қатысты айтқан ойлары, өсиеттер, еңбектері
3 Қ.Абай еңбектеріндегі кемел адам, толық адам мәселесі
4 Қ.Абай еңбектеріндегі кемел адам мәселесіне қатысты айтқан ойлары, өсиеттер, өлеңдері, қара сөздері
Қ.Яссауидің діни философиясы
Қожахмет Яссауидің діни философиясының түп мәні – тұлға қалыптастыру. Жетілген адам болмысының таза рухани-моралдік жағынан толыққандығының өзіндік бір үлгісін жасап шығарған оның ілімінде, мистикалық бейнелер мен қоғамдық өмірдің шынайы бейнелері қатыстырылып, өзіндік бір талғау мен шыңдалу, салыстыру мен ұмтылдыру сияқты стимулдарға айналған деуге де болады. Бірақ тұлға аскеттік өмір стилінде болған жағдайда ғана өзіндік бір жаңа руханияттық өрлеу сатысына көтеріледі, ол психологиялық, философиялық, педагогикалық арналар арқылы өзінің бағдарын айқындап алатындығы туралы айтылады.
Яссауидің ішкі жан дүние жайлы ойы
Яссауи ілімі адамның ішкі тыныштыққа жетуі арқылы қоғамда бірлік пен тыныштық орнатуды, адамды іштей бөліну мен ыдырау психологиясынан арылтуды мақсат етеді. Яссауи адамның ішкі әлеміндегі ыдырауды реттеуге ықпал ететін күшті уағыздайды, ол - Тәңірге деген махаббат. Яссауиде адамға жөн сілтер, жол көрсетуші серігі - ақыл. Адам ақылы арқасында періштеден де үстем тұрады. Ақыл -адамның өзін-өзі тануына ықпал ететін Тәңір тарапынан берілген қуат. Адам өзін-өзі тану арқылы менмендік, кекшілдік, ашу, өтірік, жамандық, құмарлық сияқты адамның ішкі әлемін балталайтын пессимистік психологиядан арылады. Яссауи адамды имандылық, тобашылдық, қанағат, махаббат, сабыр, игілік, жомарттық, шыншылдық, әділет, қарапайымдылық, өзара сүйіспеншілік және құрмет сияқты сезімдерді байытуға үндейді.
Яссауидің дүниетаным жайлы ойы
Яссауи ілімінде адамның кемелдікке жетуі теориялық және практикалық таныммен қаруланып қана қоймай, оны өзінің хәлі арқылы рухында сезініп, жүзеге асыруы шарт. Яғни, таным “суық теория” мен “құрғақ практика” шеңберінде қалып қоймауы керек. Яссауи ілімінде теория-“қал ”, практика да “хәл ” өзара тұтастықта болғанда ғана толық мәнге ие болады. Сондықтан да Тәңірге махаббат арқылы ұмтылу шарт. Яссауи иманды әл-Фараби сияқты рационализациялау арқылы емес, хәл ілімінің табиғатына сай “өз рухында сомдау” арқылы күшейтуге болатындығын айтады . Яссауиде қоғамдағы моральдық-этикалық нормалардың бұзылуы иманның әлсіздігі мен нәпсінің үстемдігінің көрінісі болса, ал, оны қалпына келтірудің негізгі жолы-махаббат. “Ғашықсыздың иманы да, жаны да жоқ, ол-хайуан”, - деген Яссауи, әл-Фараби сияқты иманды философиялық жолмен түсіндіру арқылы емес, тікелей сопылық құндылықтармен рухты тәрбиелеу арқылы иман нұрымен ақиқатқа жетелеу керектігін уағыздайды. Яссауидің дүниетанымдық концепциясының теориялық негізін шариғат пен мағрифат құраса, ал практикалық негізін тариқат белгілейді.
Ойшыл өмір сүру жайлы
Қожахмет Яссауи - осы ақиқатты түсінген ұлы ойшыл. Оның пікірі бойынша әлем мен әлемдегі бүкiл жаратылыстар ұлы Жаратушының құдіреті шексiз екендiгiн көрсетедi. Ұлы бабамыздың көзқарасы бойынша дүниедегі барлық жаратылыстар Алланың ұлы, жомарт, мейірімді де рақымды екенiн дәлелдейдi. Жаратылысқа өмір берген де, бейне берген де тек олғана. Ол - шексіздік қайнары. Яссауи ілімінде нәпсі жамандықтың, ал рух болса жақсылықтың қайнар көзі болып табылады. Жақсылық пен жамандықтың бірге болуы мүмкін болмағаны сияқты, нәпсі мен рухтың қатар өмір сүруі де мүмкін емес. Екеуінің бірі ғана өмір сүруі керек. Ал рухтың өмір сүруі үшін, нәпсінің өлуі шарт. Өйткені өмірдің мәні рухтың тазалығында, яғни көңіл айнасының ашылуында жатыр. Рух тазалығынан мақсат, ғашық мәртебесіне ұласып, Хақдидарын көру болып табылады.
Діни философия
Түркі халқының тарихындағы дін туралы толғаныстар мен ондағы адам мәселесінің негізгі даму бағыттарын былайша жүйелеп көрсетуімізге болады. Бірінші, діннен адам болмысын туындатып, оның этикалық жақтарына баса назар аудару. Екіншісі, дәстүрлі исламдық діни философияны жаңғырта отырып, адам туралы ортодоксальді діни антропологияны негіздеу беталысы болды. Үшіншісі, еркін-ой мен ислам дінінің жаңа арналарын іздеуге талпыныс және діни сенімнің өзіндік бір «қазақы» үлгісін жасауға деген ұмтылыс . Шын мәнінде де, табиғи-биологиялық түрде сабақтасқан ұлттық болмыс бірлігі арқылы, ділдік-архетиптік түрде жалғасқан қоғамдық сананың тарихи жадысының тұтастығы арқылы, мәдени-әлеуметтік түрде ізденістер арқылы табылған руханияттар бойынша ата-бабамыздың діни философиясындағы адам мәселесі туралы толғаныстары қазіргі таңдағы осы мәселеге қатысты қазақ руханиятынан ерікті-еріксіз түрде көрініс тауып, жаңғырып отырады. Сондықтан да, біздің осы тарихи шолуларымыз, бір қырынан алғанда, қазіргі кездегі еліміздегі діни-психологиялық климат келбетін барынша толықтай саралауымызға мүмкіндіктер ашу үшін жасалды.
Толық адам ілімін жасасған Абай
Халқының мінез-құлқының бұзылып бара жатқанын көріп, «Толық адам» ілімін жасаған Абайды әрбір қазақ білуі керек. Абайды білсе, пенделік жолдан қайтады. Қазір көп адамның көкейінде тек қарын тойдыру, киім киіну. Одан басқа мақсат жоқ сияқты. Аш қарын тойынар, бірақ оның рухани қазынасы болмаса, қуыс кеуде пенде болып қалады. Біздің қаупіміз сонда. Жастарымыз қуыс кеуде болып қалмауы қажет. Дүниені өмір бойы жинап, ана дүниеге алып кеткен кімді көрдіңіздер?! Оның барлығы қалады. Сондықтан рухани қазынаға басымдық беру керек. Абайда 176 өлең, 3 поэма, 45 қарасөз бар. Ал оқысаң таусылмайды. Хакім бұл шығармаларын ақша үшін жазған жоқ, ол өз жан-дүниесін жазды. Ол өзі өмір сүріп отырған заманның шындығын, зарын жазды. Оның ішкі әлемі қайырлы. Сондықтан да оның мұралары өте терең, мәнді. Қазақтар үшін одан өтер дүние жоқ, – деп атап өтті Мекемтас Мырзахметұлы.
Абай шығармашылығының өзегі – адам
Ғалым М.Мырзахметовтің зерттеуінше, «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын» деп, адам атына терең мән беріп, жоғары талап қойған Абай өз шығармаларында адамның жаратылысы мен өсіп-жетілуін, адам болу жолы мен адамдықтан шығатын жаман істерді атап көрсетеді. Сөйтіп, өз халқының бала тәрбиесіндегі қателіктерін аша отырып, баланы шын мәнінде Адам болу үшін қалай тәрбиелеу керектігін өлеңдері мен қара сөздерінде жан-жақты ашып көрсетіп отырған. Одан әрі данышпан ақын адамның «толық адам» болу мәселесін алдыға тартып, шығармаларында оған бұл өзекті ойын гуманистік тұрғыдан күллі адамзаттық деңгейге көтереді Ғалымның бұл ойымен ғалым Мақсат Әліпханов толықтай
келіскендей. Оның ойы да осы пікірмен сабақтасып жатыр. Мақсат Әліпханов өзінің "Абай - адамгершілікті жүйелі жырлаған ақын" атты мақаласында Абайдың
шығармашылығы мен дүниетанымын жан – жақты зерттеген. Ғалымның пайымдауынша, Абайдың өзге ақын - жазушыдан бөлек болатын жағдайы да осы адам болу мен адамгершіліктің жүйелі жолын, өзіндік танымын жасай білуімен байланысты. Ол адамгершілікті көркемдік тұрғыда суреттеумен шектелмей, оны ілім, таным,ойшылдық деңгейіне көтере жырлайды
Толық адам танымының шығуы
Абай негізін Аристотель қаласа да, шығысты әл-Фараби бекіте түскен ғылымдар жүйесіндегі "практикалық философия" тұрғысында толғанады. Абай - этикалық мәселені, мораль философиясын тереңдеп сөз еткен ғалым, ойшыл, ақын. М.Әуезовтің: "Ол адамгершілікті, моральдық философияны барлық жайдан жоғары қойды"деген ойы ақын танымын, көзқарасын терең танудан туған.
Абай үшін ақындық мұрат емес - оның ақындығы - адамгершілік танымының құралы ғана. Ол белгілі бір адамгершілік қасиеттерді іш тартып қана қоймай, сонымен бірге адамгершіліктің, адам болудың, кісіліктің өзі тапқан қалыбын, жүйесі мен жолын жасайды. Адам тану мен адамгершіліктің мәніне, сырына үңіле түседі. Қайтсем адам атын асқақ, асыл етем деп шарқ ұрады. "адам" ұғымын белгілі бір жүйеге түсіріп, тиянақты түсіндіруге көш басы болған философ - Сократ. Абайдың толық адам туралы танымы сол Сократтан басталатын Платон, Плотиндердегі сүюді тірек ететін адам, қытайлардың дао іліміндегі әбден жетілген адам , шығыс ойшылдары мен суфизмдегі камили инсани мен бенделіктің кәмалаттығына ұмтылған адам және Ирандағы жәуанмәртілікпен сабақтасып, туыстасып жатады.
Толық адам бойындағы қасиеттер
Абайдағы толық адам – тәнімен де, жанымен де жетілудің шыңына жетіп,
кемеліне келген адам. Ақынның өмір бойғы ізденісінен туған адамгершілік таным, кісілік қалыптың сипаты осындай.«Абайда толық адамның мәні мен негізіне үңілген белгілі бір жүйе бар», - дей келіп ғалым Мақсат Әліпханов төмендегідей жүйе үлгісін береді:
а) толық адам: ақыл, қайрат, жүрек;
ә) ақыл, жүрек;
б) жәуанмәртлік: ақыл, рақым, әділет;
в) жүрек: әділет, рақым,т.б
г) әділет;
ғ) сүю;
д) ізгілік.
Бұл – жаһандану кезінде адам баласын құтқаратын, оны дұрыс жолға салып, оның бойында адамгершілік қасиеттерді орнатуда басты рөл атқаратын «толық адам» бойындағы қасиеттер. Осы «толық адам» ілімін қалыптастыру, адамзаттың санасына жеткізу, адамзаттың бойында «жақсылық», «адамгершілік», «жүректілік» деген
қасиеттерді ұялату мақсатында Абай көптеген шығармаларын жазған еді
Әдебиет:
1. Мырзахметұлы М. Абайтанудың бүгінгі міндеттері.// «Абай», №4, 2005
2. Абай және қазіргі заман: зерттеулер жинағы. – Алматы: Ғылым, 1994.
3. М. Мырзахметов «Абай және Шығыс», Алматы, «Қазақстан», 1994.
4. Абай. «Қалың елім қазағым: шығармалары», Алматы, «Жалын» баспасы, 1995.
5. Абай. Энциклопедия. Р.Н. Нұрғалиев, З. Ахметов, Л.М. Әуезова, Б.Г. Ерзакович, Алматы:
«Қазақ энциклопедиясының» бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, 1995.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет