Тақырыбы: Ақын жүрегінің алауы...
Мақсаты: Абдолла Жұмағалиевтің жастың шағындағы естеліктермен таныстыру; Достарының пікірлері арқылы автордың ақындық қырын насихаттау, Жас ұрпақты өнерге, сөз өнерін қадірлеуге, жауапкершілікті сезіне білуге бағыттау.
Түрі: «Дара жол» бағдарламасы
Көрнекілігі: Ақын туралы слайд, кітаптар көрмесі.
Жүргізуші: Сәлеметсіздерме қымбатты көрермендер! Бүгінгі біздің «Дара жол» бағдарламасына қош келдіңіздер! Бағдарламаның кезекті отырысын -қазақтың маңдайына ғана біткен біртуар тұлғасы, жас та болса өзінің дара жолын салып үлгерген, жалынды жас ақындарының бірі, жерлесіміз А.Жұмағалиевке арнағанды жөн санадық. Ендеше, «Дара жол» бағдарламасының қадірменді қонақтарымен таныстырып өтсек. Әбу Сәрсенбаев, Халижан Бекхожин, Қажым Жұмағалиев, Мариям Хакімжанова бүгінгі бағдарламамызға қош келдініздер!
Әбу аға, Абдолла ақын жайында не айтар едіңіз!
Әбу Сәрсенбаев:
Абдолланы әдебиетке баулып, ақындық қанатына алғашқы серпін берген алтын ұя –Орал институты. Анығырақ айтсақ, қадірмен академигіміз Қажым Жұмалыұлы еді. Көреген тәрбиешінің жіті көзі шәкірт бойындағы дарынды сол сәтте-ақ аңғарып, оны ерекшелікке жебеп, ескіліктен тежеп отырды. Өнегелі ұстаздың кеңесін тыңдаған жас ақын алғашқы адымынан бастап-ақ өлең-жырды « қиыннан қиыстырар» қасиетті өнер санады да, жан дүниесімен тебірене жазып, оқырман жүрегіне өнер сезім кілтін қарастыруға, ешкімнің дайын сүрлеуін таптамай, өзіндік стиль табуға талпынды. Абдолла өлеңдерінен өз тұстастарына ұқсамайтын өзгеше бір нәзіктікті, сезімталдықты, сыршылдықты байқаймыз. Оның бәрі мазасыз ізденудің жемісі екені даусыз.
Жүргізуші: Бүгінгі бағдарламаның басты кейіпкері, жалынды жас ақын А.Жұмағалиевты қошеметпен қарсы алсақ.
А.Жұмағалиев өзі жайында қысқаша баяндап береді.
Жүргізуші: - Сіз, Абдолланың өзіне ғана тән қандай ерекшелігін айтар едіңіз.
Халижан Бекхожин:
Жас Абдолланың ақындығы осы институтта жүргенде –ақ сезіле бастайды.Ол жылдары Орал институтында әдебиет кружогі болатын. Ол кружокті көтеріп жүрген жас ақындар да өлеңге жанымен берілген қызулы жастар еді. Кейін солардың ара-арасынан жақсы-жақсы ақындар шықты, олардың ішіндегі көрнектілері Хажым Жұмалиев, Қасым Аманжолов тағы сол сияқтылар. Осылардың ішінде сол күннің өзінде-ақ Абдолланың ерекше ақын екендігі байқалады.Жас ақындар әдепкі қарқынды көбінесе еліктегіш келеді және даурықпа, қызба болатын мінездері кездеседі. Абдолланың ерекшелігі- оның сол кезде жазған әлі жас, піспеген өлеңдерінің өзінде-ақ біреуге еліктегіш, даурықпалық, қызбалық көп кездеспейтін. Қайта оның орнына іздену, лиризмге талпыну барлығы айқын сезіліп тұрады.
Ол 1936 жылы Алматыдағы Қазақ Педагогика институтына келіп оқуға түсті. ҚазПИ-дің әдебиет факультетінде оқып, жүріп, әрі Алматының белгілі ақындармен танысып, әдебиет дүниесімен мықтап араласты, сол жылдары Абдолла өзін біржола өлең жолына бағыштады. Оған Батыстың және орыстың атақты ақындары зор әсер етті. Жас ақын соларды пір тұтуға айналды.
Сол жылдары қазақ әдебиетінде жас ақындардың қаулап бір көбейген кезі болды. Ондағы бәріміздің негізі тақырыбымыз- бақыт туралы, Отанымыздағы күнделікті жаңа табыстар туралы болатын. Түлегімізбен саяси өлеңдер жазатынбыз. Бәріміздің саяси бағытымыз дұрыс болғанмен, өлеңдеріміздің көркемдік жақтары көбінесе нашар болатын және біріміздің өлеңіміз біріміздің өлеңімізге айнымай ұқсап тұратын.
Ал,Абдолла біздің арамыздан өзгеше түрмен шықты. Оған өзімен қанаттас жас ақындардың көркемдігі аз, жалаң сөз өлеңдерінің көбісі ұнамады.Ол жаңа өмірді, шаттықты, социализм жеңістерін өзінше жырлады.Өлең дегенді ол- әулие, керемет өнер деп білді де, нені жырласа да терең толғануды ойлады, сөзбен емес, жүрекпен жырламақ болды.
Бізбен сырласқанда ол- поэзия музыка сияқты нәзік үнді болса екен, поэзияда шаблон болмай, жаңалық болса екен, өлең- жүректің қылын шертсе екен, өлеңде өмір суреті романтикалық бейнелермен жырласа екен дейді.
Сол жолға өзі әбден берілді. Ол жылары да өлеңді көп жазған жоқ. Алайда Абдолланың ақын есебінде газеті мен журналында, «Лениншіл жас», «Соц Қазақстан» газеттерінде Абдолланың бірқатар өлеңдері басылды. Бұл өлеңдерінің негізгі сарыны социализм жеңістері, бақытты өмір, Сталин жолдас туралы болатын. Ал осы саяси тақырыптағы өлеңдерін ол- нағыз лирика түрінде жырлады. Сол кезде жазған өлеңдерінің өзі- әрі сұлу, әрі әсерлі болатын. Өлеңінің теңеу, бейнелері де өзгеше, әсірелі, романтикалы болатын.
1939 жылы Абдолла Қызылордада мұғалім болып істеді. Қызылордадағы әдебиет кружогін басқарысып, өзіне әдеби серіктер жинады, сондағы облыстық газетке бірнеше өлеңдерін жариялады. Осы жылы Абдолла төселген ақындарша терең толғануға, өзінің ақындық бетін ашуға кірісті. Ойлана, толғана келіп, ол романтикаға түсті. Оның бұл бетіне әсер еткен-әсіресе ағылшынның ұлы ақыны Байрон болды. Байрон шығармасын ол егіле оқушы еді.Ұлы ақынның оған романтикасымен қоса, адам тағдыры туралы толғануы, жауыздыққа қарсы тұруы, әділеттік үшін қайғыруы ұнаушы еді. Кейін Байронның шығармаларының бірсыпырасын ол қазақшаға аударды. Ол аударған « Шильон тұтқыны» Абдолланың сөзге шебер күшті ақын екендігін және Байронға жанымен берілген ақын екендігін көрсетеді.
Жүргізуші: - Сіздің Абдолламен таныстығыңыз қалай басталған еді?
Қажым Жұмағалиев:
Өмір ұрысы-сағат, күн, ай, жыл. Кеше туып, бүгін есейгеніңді де, бүгін ер жетіп, ертең егде тартып, тісіне ақау, шашыңа қылау түскенін де аңғармай қаласыз. Өмір оза береді. Адам қартая береді.Бірақ, оның қалай, қай жақтан келгенін білмейсің. Өмір жолының тігісі мен қыры, асуы мен белі, сүрлеуі мен соқпағы көп. Ол жолда жақсы да, жаман да, ер де, ез де, талант та топас та кездесуі мүмкін Сен бірін көріп күйінесің, екіншісін көріп сүйінесің . Соңғыларды көріп тіршілігіңе шүкір, келешекке пікір түйгендей боласың.
30 жылдық оқытушылық-ұстаздық өмірімде мен талай таланттың жастық шағына айғақ болдым. Олардың көбі- қазір үлкен адамдар. Бірақ ол уақытта олар жай, жұпыны оқушылар болатын. Менің жастау кезімде, бұрын 30 жыл бұрын, менімен алғашқы танысқан және сүйсіндірген жас таланттың бірі - Абдолла Жұмағалиев болды.
Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын бітірісімен Қазақстан Халық ағарту минстрлігі мені Оралда жаңа ашылайн деп жатқан педогогикалық институтқа оқытушы етіп жіберді.Бұл 1932 жыл еді. Сол жылы Абдолла да Жымпиты ауданынан келіп, осы институтқа түсті.
Әдебиет факультетінің қазақ бөліміне түскен 30 шақты баланың бірі – Абдолла Жұмағалиев оқу басталып,біраз күн өткеннен кейін –ақ маған өзі келіп танысты.
Арықша, талдырмаш келген, қабағы түйіліп,тез ашылатын, қимыл, жүріс-тұрысы тез, өзінің шапшандығымен абайыңды аударатын үлкен көз қара бала, бірінші кездескенде маған пәлендей әсер еткен жоқ. Өзімнің де онша салмақты, сабырлы адам еместігіме қарамастан, педагогикадан оқытушылыққа керек қағида, әзір формулаларды жаттап алып, оны іс жүзіне асырудың сәтті сағаттары осы болар деген оймен, айтқан сөздерін байсалдылықпен тыңдап, оның сұрауларына өзімше ұстамды түрде жауап берсем де, жақындасқым келіп онша емпеңдегенім жоқ. Ішімде жарамсақ оқушы ма, қалай деген күдік те жоқ емес еді.
Бірақ, о менімен арбаспады. Өзінің сұрауларына жауап алысымен-ақ ( сұраулары қазақ ақындары, олардың өлең, поэмалары туралы) ақындардың қайсысын жарататынын, қайысын жаратпайтынын айтып, ішкі сырын бірден-ақ ашты. Онысы маған ұнап кетті де, мен бүккенімді жазып, бүкегенімді ашып, онымен шешіле сөйлесіп, ол айтқан пікірлердің дұрысы-бұрысын ежелеп түсіндіріп, мұғалімдік кеңес бердім де: « Өзің өлең шығаратын ба едің?» -дедім. Сұрағыма күліңкіреп: « Аздап шығаратыным бар»,- деп, жұпыны ғана кішіпейілдікпен жауап берді. Онысы маған, оқытушысына көрсеткен ізеті екені тез аңғарылды. Өйткені, жанында тұрған жолдасының: «Ол ақын, өлеңді жақсы шығарады»,-деген шыны аралас қалжыңына Абдолла тез ашуланып, оны сөзбен қарпып тастады. Бұл кезде көзінің қарасынан аласы көбейіңкіреп, қалындау қасы сәл түк-сиіп, жүзі де көкшіл тартып өжеттеніңкіреп кетті. Менің алдымда екі достың ыңғайсыздау жағдайда қалғанын аңғардым да мен жаңа жазып жүрген, әлі өлеңі жарық көрмеген жас ақындарға «ақын» деген сөздің найзадай қадалатыны жайлы, өз өмірім және басқа жолдастардың өмірінен қызықты әңгімелер айттым. Жаңа ғана бұрқана ашуланған Абдолла сақылдап күліп, әлгі қалпын тез өзгертті де жолдасына достық қалжың айтып, өзінің бұрынғы елгезектігіне басты. Бұл мінезі мені ойландырып тастады. Әр оқытушының психолог болуы- негізгі қасиетінің бірі,- деп үйреткен профессорлардың қанатты сөздерін Абдоллаға қолданғанда, «Жаны жақсы бала-ау, ашуы бар да кегі жоқ» деген ой келді. «Жақында әдебиет үйірмесі құрылады, соған бірінші өлең оқушы- сен боласың, бала әзірлене бер. Бірақ ең жақсы өлеңіңді оқы!»-дедім. Абдолла қарсылық білдірген жоқ. «Бұрын жұрт алдына шығып өлең оқығаным жоқ еді, бірден қиын емес пе, ағай?»- деді. Біз кеукелеп оқуы керектігін айттық. « Оқимын»- деген уәдесін берді.
Оралға Алматыдан ала барған мендегі және бір үлкен міндет-обылыстағы қалам ұстай білетіндердің басын біріктіріп, әдебиетшілер құрамын ұйымдастыру жұмысына басшылық, көмек ету еді. Бұл жұмысты маған Қазақстан жазушылар одағы тапсырған. Мен онда жазушылар ұйымының мүшесі болатынмын. Сондықтан біздің Жазушылар одағы маған мырзалық жасап, әлі жазушылары жоқ, бар болса аттары белгісіз, Орал облысына жазушылар ұйымының өкілі етіп белгіледі. Қоғамдық тапсырманы қуана қабылдап, іске кірістім.Сол облыста бұрынан аздап жазып жүрген жігіттердің басын біріктіріп, әдеби мұраның сұлбасы жасалынды.Олар: Тастайбеков Қуан, Аманжолов Қасым, Тілеков Жәрдем, Қыдырниязов Батыр, Хафизов Ғинаят, тағы да басқалар. Солардың арасынан үздік шығып, әдебиет тарихына енгендер Қасым, Қуан, Жәрдем болды. Басқалары шылбыр бере алған жоқ. Олардың алғашқы өлеңдері Оралдың облыстық газеті «Екпінді құрылыста» басылды. Ақындық аренасына шығуда олардың әрқайсысының тарихы да жоқ емес. Ол өз алдына мәселе.
Әдебиет үйірмесі енді институт, педтехникум, рабфактарда ұйымдастырыла бастады. Ең алғашқы рет институтта ұйымдасқан әдебиет үйірмесінің бірінші жиылысы болды.Сол жиылыста Абдолланың өлеңімен бірінші рет танысуға тура келді. Үйірме мәжілісіне көптеген жастар қатысты. Баяндама бойынша сөйлесушілердің сөздеріне қарағанда, олардың іштерінде көркем әдебиет мәселелерімен жақсы таныстары, орыстың ұлы сыншысы В.Г.Белинский, марксист сыншылар Плеханов, Луначарский т.б еңбектерін оқығандары барлығы аңғарылды. Бұрын көп жылдар мұғалім болған, газеттерде істегендері де табылып қалды.Мәсілістің екініш бөлімінде бірнеше жас ақындар өздерінің өлеңдерін оқыды. Бірінші болып оқыған да және тыңдаушылардың көңілін аударған да Абдолла. Ол түйіліп, екілене, қызу түрде оқыды.Өлеңінің олпылы-солпылы жерлері болса да, қырағы көзге өлеңнің ақындық қаламнан шыққандығы көрініп-ақ тұр.
«Сыншының» сөздері қытығына тиіп, шыдай алмай отырған Абдолла: «Сенің күндегенің осы өлең болса»,-деп өлең жазылған қағазын жыртып-жыртып,Б.-ға,қарай лақтырып жіберді. Осыдан кейін сөйлеушілер болған жоқ.Педагогтік төзімділігім әбден таусылып, шақ шыдап отырған мен,әуелі сыншылардың, әсіресе, әділетсіз «сынның» ұшығын көрсеткен Б.-ның адресіне қаттырақ кетіп, сәлден кейін оның да сынаушылық тәжірибесі аз, студент екені есіме түсіп, тізгінімді жия бастадым.Абдолланың жыртып тастаған өлеңін сол жерде жинатып,столдың үстіне қойдым да, оның төзімсіздігін, осы арада тәртіпсіздік жасағанын айта келіп, «сыншының» айтқанына қарама-қарсы: «Абдолла-ақын және келешегі үлкен. Өйткені, шабыты келген жерде өлеңі шын жүректен шығады. Сөздері табиғи түрде қиюласады.Сезімнің арқауын үзіп алмай, шабытының әуенімен отырып жазған шумақтары әрі әдемі, әрі әуезді. Шын ақынның қаламынан ғана туатын сөздер!» -деп кемшілігін қапи шаншып, жақсылық жағын баса айттым да, жазушы болу үшін не керек деп, белгілі қағидаларға тоқтап, жас ақынның мінез жағындағы кемшіліктерді көрсеттім.
Менің сөздеріме жаны рақаттанып,өзінің ақындығына көзі еркін жеткендей недәуір көтеріліп, шын дарынды ақындарға тән нанғыш, ақкөңіл бала мінезділікке салынып, жанағы бұлан-талан болған сезімдерді зым-зия жойылып, Абдолла өзінің жайшылықтағы ақжелеңдік қалпына түсті.
Өзі әрдайым таза киініп, шалбарының қырын сындырмай, жағасын крахмалдап, галстугын қыртыстандырмай және сабақта, жиналыстарда қисайып кетпес үшін галстугын қолымен түзеп қойып отыратын әдеті бар еді. Жаңағы мақтау сөзден кейін ол шашын шалқасынан бір серпіп тастады да, галстугын қолымен түзеп қойды.
-Абдолла өлеңінді неге жырттың. Оның-ұят. Өлең жазғанша, біткенше ғана ақындікі. Жұр аллдына оқығаннан кейін-ақ ол халықтікі. Оның сыншысы да, тұтынушысы да мына біздер, халық жұршылық,- дедім.
-Ғафу етіңіз ағай, қайтейін, жалған сынға күйіп кеттім, кешіріңіз!Бұл әдет екініш рет қайталанбайды,- деді.
-Мына өлеңіңді көшіріп, ертең маған бер, қабырға газетіне басылады,-дедім.Жас ақын бұл сөзге де қатты риза болып, столдың үстіндегі быт-шыт болып жатқан өлеңді, қысылған пішінмен уыстап алып қалтасына салды.Бұған басқа студенттер қарқылдап бір күлісіп алды.Мінезінің оғаштығына өзі де қолайсызданған пішінде орнына отырды.Сәлден кейін мәжіліс жабылды. Ішінде Абдолла бар бірнеше студент мені үйіне шейін шығарып салды.Жолда келе жатып, оның жиналыстағы мінезін зілсіз қалжыңға айналдырдық.Өзі де оны шенеп ,қызу қандылығын,әділетсіздікке шыдай алмайтындығымен дәлелдеп, әйтседе, ондай мінездің керексіздігін мойындады.
Бірер күн өткеннен кейін, мен Абдолла қабырға газетінде басылған өлеңін оқып тұрған қалпында көрдім.Аз да болса тарихы бар, қолжазба болса да, көпшілік қажетіне жараған бірінші өлеңі оған үлкен әсер етіп, шабыт туғызса керек, ерекше бір құбылыс, айрықша бір сезімде тұр екен. Мен оның ой-сезімін бұзбай өтіп кеттім. Ол мені көрген жоқ.
Екі жылдың ішінде жоғары айтылған институт, рабфак,техникум жандарындағы үйірмелерден шыққан жастардан Абдолла Жұмағалиев, Х.Ерғалиев, С.Сейітовтер енді облыстық әдеби құраманың сапына еніп, облыс көлемінде аттары мәлім жас ақындарға айналды. Облыстық әдеби құраманың жасаған елеулі жұмысының бірі- «Біздің еңбек» атты альхманах шығарып,оған жаңа жаза бастаған жастарды қатыстыру болды (Альманах Орал баспасында,1934 жылы шықты.Бұл Қазақстан совет жазушылардың I съезіне арнаған Орал жазушыларының тартуы болатын).Жас қаламдардың ішінен озат шығып, альманахқа басылғандардың бірі-Абдолла Жұмағалиев.Қызыл әскердің 16 жылдығына арнап, «16-дан асқан» дейтін жыр ағымымен жазылған өлеңі басылды.Ұмытпасам,ақынның баспа жүзін көрген тырнақалды осы өлең.
Қай ақын, қай жазушы болмасын, мейлі оның әдебиет майданына шығуында шешуші роль атқаратын туындысы бірінші шығармасы.Жақсы болса құба-құп.Тіпті орташа, не нашар болғанның өзінде де ақын-жазушының өзіне үлкен әсер етеді.
«16- дан асқанда» өлеңі басылып шыққанда жоғары ақын –жазушыларға тән сезімдердің ең күшті түрі Абдоллада болды. «16- дан асқанда» сахнада айтуға лайықтап жазылған өлең еді.Мәнерлеп оқу әдісінен хабардар, даусы зор, поэзияның буына бөленіп, шабытты шырқап тұрған албырт жас Абдолла өз өлеңін оқығанда бұрқанып, құтырына оқитын.Өзін-өзі ұмытып, өлеңінің ырғағына беріліп, билеп кетуші еді.Алғашқы кезде тым шамадан тыс кетіп жүрді де, кейінірек сабасына түсті. Өлеңді жақсы, мәнерлеп оқушының бірі болды.
Орал институтында жүргенде ол әдебиет теориясы, қазақ, орыс, шетел әдебиетімен танысып, әсіресе, поэзияға көп көңіл бөліп, қазақ ақындарымен қатар, орыс, Европа ақындарының өлеңдерін үздіксіз оқитын.Оған романтикалық поэзия қатты ұнаушы еді.Бірнеше өлеңдерінен кейін оның өз өлеңдерінде де романтизм элементтері байқала бастады.Сол жылдары да,Алматы пединститутында оқып жүргенде де мен оның талай өлеңдерін тыңдадым.Қай өлеңін болсын, жанын салып жазатын да және беріле оқитын да.Кейбір өлеңдерін көзінен жасын тамыза оқып, «Қаже-ау,енді қайт дейсің осы поэзия емес пе?» деп жылап та жіберетіні болатын.Оқытушылықтың арқасында көптеген ақындар, олардың ішінде қазіргі көрнекті, мықты ақындарымыз да бар, менің алдымнан өтті. Бірақ, тап Абдолладай өз өлеңінің күшін сезінетін, оны соншама беріле оқитын бір де ақынды кездестіргенім жоқ.Бұл жағынан ол басқалардан анағұрлым оқшау тұратын еді.
Ол шын мәнінде зор талантты, үлкен ақындыққа құлаш ұрып, көп үміт күткізіп едім.Бірақ ол бойындағы бар қабілет, дарынын сыртына шығара алмай, ерте кетті.Қаныпезер жаудың қолынан ерлікпен қаза тапты. Оның әлем таңқалғандай ерлікпен өлуіне оны жақсы білетіндер сөзсіз сенеді.Өйткені, ол жаратылысында романтик адам болатын.Романтиктерге тән қасиет-өзінің сенгеніне құлай шын берілу. Ол үшін романтик жандар өмірге де, өлімге де әзір. Негізгі идея, ар-намысы үшін ол қазіргісін де, келешегін де, керек болса, өмірін де қияды.Сондықтан азаматтық ар, ел намысы, ер намысы түйіскен жерде романтик, жалынды ақынның, әлем ашуы үстіне төнеуін тілеп, асқан ерлікпен өлгеніне ешкімнің шек келтіруі мүмкін емес.
Абдолла сонау жас кезінен-ақ өмірді терең сүйетін.Өзінше ол, поэзияның негізгі- өмір деп ұғушы еді.Өмір, өмірді терең сүю оның барлық өлеңіне өзек.Кейде өмірді өз атымен атаса, кейде оны «қыз мінезді дүние» деп те келетін-ді.Өмір –поэзиясының лирикалық қаһарманы болса, өмірге қарсы, оның ежелгі жауы өлімді қоятын.
Жүргізуші: Сіздің басты кейіпкер жайында көзқарасыңыз қандай?
Мариям Хакімжанова:
1938 жылдың күзі. Жазушылар одағына бара қалған едім. Оң қанаттағы бөлмелердің бірінен күмбірлей шыққан қою дауыс естілді:
«Жастық шақ бір жалын ғой,
Ойнама, қайтып оралар....»
Аз тұрдым да есік аштым. Кіл бір балауса дарындар жинала қалған екен. Дүр көтеріліп маған орын берді де, қайтадан тынышталды.Төрдегі стол басында отырған талдырмаштау жас жігіт, үзіліп қалған өлеңін жаңадан жалғады. Оның оқу шеберлігі сонша, өлең ырғағына өзі де әбден балқып, тыңдаушыларды да түгел ұйытып барады. Әдемі қоңыр дауыс кейде сәл бәсеңдете түседі де, енді бір сәт маңдайына төгілген қара кекілін сілке тастап, қайтадан биік екпінге көшеді. Мұндай кездерде қолжазбаға да көз тікпей аурақтана, бойын тік ұстап, шабыттана шалқиды. Әсерлі өлең жолдары өз көкірегінен күмбірлей құйылып жатқандай .
Бейтаныс ақын сыршыл өлеңдерін оқып болды да, өткір көздерін толқындай төңкеріп, әркімге бір қарап қойды: « Қане, төрешілерім, кеңестеріңе бас ұрдым» дегендей. Енді манағыдай емес, мүлде жуасып қалған.
Сөзді Қасым бастады:
-Абдолла досым, өлеңдерің жақсы екен.Ал, оқымаздық өнерің өлеңіңнен де жақсы !... Байронға көп еліктеп барасың. Әрине, Байрон еліктеуге тұратын ақын. Бірақ өз бетіңді жоғалтпа, інім.
Абдолла өлеңдерін мақтай отырып, өзгелер де әлгі кеңесті құптады. Ақын күреңіте басын изеді. Абдолламен алғашқы дидарласумен осындай бір достық кеңес үстінде болған еді. Сол кіршіксіз кеңес ақынға ой салғандай, кейін ол азаматтық лирикалардан бой көрсете бастады.
Бұдан былай біз Абдолламен оқырмандар бас қосқан жиындарда жиі кездесетін болып алдық. Оның оқушылық өнері тыңдаушыларды үнемі сүйсіндіріп отыратын. Әдетте, кездесу кештерін Тайыр бастаса, шымылдығын Абдолла жабатын. Тыңдаушылар жалығып кеткен сәтте ол кездесу кешін жаңадан думанға айналдырып, жұртты тағы да сүйсіндіріп тастайтын.
Абай мерекесіне арналған бір жиында Абдолланың тыңдауш жұршылықты соншама сүйсіндіргені әліге дейін есімде.
...Міне, ҚазПИ-дің кең иін тіресе толған жан.Бұл жолы да кесдесу кешінің салтанат шымылдығын Тайыр ашты. Ақындар мен артистер мінбеге кезек көтерілуде. Бірі Абайға арналған өлеңдерін оқыса, екіншісі Абай өлеңдерін орындайды. Жиналыс созылып барады, жұрттың шаршар мезгілі де жеткендей. Осындай сәтте үлкен көздер жалт еткізіп мінбеге Абдолла көтерілді. Тыңдаушылар алғашқы ретте шағын денелі жігітті пәлендей елей де қойған жоқ еді. Ал бірақ алғашқы өлеңді оқып болғаннан кейін дуылдата қол соғып, Абдолланы мінбеден түсірмей қойды. Ақын жұрт талабы бойынша Абай өлеңдерінің бірнешеуін орындады. Тыңдаушылар құрметіне бөленген Абдолла күреңіте күліп мінбеден түскенде де, қошеметті қол соғулар көпке дейін тынбады. Жас ақынның оқу шеберлігі Мұхтар Омарханұлын да терең тебірентсе керек, ол жол бойы Абдолланың қолын қысып, өз жанына отырғызды.
Міне ,Абдолла тек ақындық дарын ғана емес, орындаушылық қабілет те мол болатын.
Осындай құрметке бөлене жүрсе де Абдолла ешбір асқақтауды білген емес.Ол өзін әрқашанда шәкірттік дәрежесінде ғана ұстайтын. Әрбір жазған өлеңдеріне пікір тыңдауға асығатын. Тіпті Қасым мен Қалижан сияқты достарына түнде жазған еңбегін телефон арқылы оқып, кеңестерін тыңдағаннан кейін дереу түзетуге кірісетін. Абдолла өзінің ғана емес, өзгелердің еңбектерін де үлкен құрмет тұтатын. Халық өлеңдерінің бай қазынасын игеруге ынтығатын. Олардың аса әсерлі жерлерін қойын дәптеріне жаза жүретін. Менен Алтынсарин өлеңдерін алып жаттап, Қуат ақыннан талай бір халық қиссаларын жазып алғаны есімде. Солардың бірі «Бозжігіт» қиссасы маған қалдырған қолжазбаларының ішінде сақталыпты.
Абдолла жалпы адамға, ата-анаға деген мейірім де мол еді. Ол еңбекақы алған сайын ата-анасына не ақша, не сәлемдеме жолдап отыратын.
1941 жыл. Жазғы бір демалыс күні Абдолла байырғы жарқын мінезімен көңілдене күліп біздің үйге кірді:
-Жоғары шық, қарағым, бір жақсы өлеңнің қуанышына ортақтастыра келдің-ау?- дедім. Абдолла масатанна күлді:
- Бұл жолы өлеңнен де қымбат қуанышыма ортақтастыра келдім. Қолыма ақша түсіп қалды. Анама сәлемдеме жібермек едім. Соны алысып беріңіз апатай?..Мен қуана мақұлдадым. Базарға барып, кемпір-шалға киім-кешек алыстым. Содан кейін почтаға бардық. Абдолла қырғыз Тоқтағұл ақыннан өзі аударған « Апеке» деген өлеңінен:
«Айналайын, апекем,
Балапандай баққансың.
Ақ сүтіңді емізіп,
Баурыңа қысып жатқансың»,- деген шумақтарын әндете жүріп, жәшік сыртына адресін жазды. Анда-санда маған қарап қояды: «Тамаша емес пе, апатай? Міне, сөйткен ана ғой... Биыл үйге қолым жетсе, дереу көшіріп аламын... Шіркін ана!»
Жүргізуші: Құрметті бағдарлама кейіпкері, қатысушы қонақтар және көрермендер! Бүгінгі біздің дайындаған бағдарламамыз өз мәресіне келіп жетті. Уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге ұйымдастырушылар атынан үлкен алғысымызды білдіреміз. Келесі кездескенше қош сау болыңыздар!
Достарыңызбен бөлісу: |