Тақырыбы: Алашқа атым шыққан Әсет едім



Дата13.02.2017
өлшемі97,2 Kb.
#9122
түріСабақ
Тақырыбы: Алашқа атым шыққан Әсет едім ...

Мақсаты: 1.Білімділігі: Әсет Найманбайұлының өмірі мен

шығармашылығы туралы мағлұмат бере отырып,ақын өнерін

дәріптеу.

2.Тәрбиелік: Ақынның өлеңдері арқылы оқушыларды адам-

гершілік пен парасаттылыққа,Отансүйгіштікке тәрбиелеу.

3 Дамытушылық: Майталман ақынның шығармаларын үлгі

тұтуға,танымдық пен ізденімпаздыққа баулу,мәнерлеп оқу

шеберлігін арттыру.



Сабақ түрі: ізденіс-зерттеу сабағы

Сабақ әдісі: дәлелдеу, сұрақ-жауап, мәнерлеп оқу т.б.

Көрнекіліктері: портреті, сызбалар, газет материалдары т.б.

Пәнаралық байланыс: тарих,музыка

Сабақ барысы:

1.Ұйымдастыру

2.Үй тапсырмасын сұрау

Кіріспе. Мұғалім сөзі:

Балалар, біздің бүгінгі сабағымыздың тақырыбы - «Алашқа атым шыққан Әсет едім» деп аталады. Қазақтың өнер аспанында жарқыраған шоқ жұлдыздарының бірі - Әсет Найманбайұлы. Қазақтың қанындағы ұрпақтан ұрпаққа ұласқан үш бірдей ұлы қасиеті Әсетке дарыған. Ол - дүлдүл ақын, бұлбұл әнші, белгілі сазгер.Тәңір берген талантының шырқау шыңына, түпсіз терең сырына көз жетпейтін осынау ғажап адам, халқымыздың маңдайына біткен рухани шоқ жұлдыздарының бірі - Әсетті мәңгі есте қалдыру ақынның асыл елі, сүйікті жұрты мақаншылықтардың мойнына жүктеліп отыр.

Осы қасиетті борыш, биік мұрат-мәртебенің мәресінен көріну - Әсет атындағы білім ордасы болғандықтан біз үшін де аса абыройлы оқиға, әрі ауыр сын.

Әсет бір ғана атаға, бір ғана аймаққа тән ақын емес, ол - бүкіл қазақ халқына тән ұлттық ұлы ақын. Әсеттің бір ерекшелігі өзінің бойындағы ақындық,сазгерлік,орындаушылық қасиеттерді жіпке тізіп, өзіне-өзі баға бере алуында.

Алашқа атым шыққан Әсет ақын ,

Өлеңім жан жолдасым болған жақын .

Ақтарып ағытқанда түйдегімен,

Мейірін тыңдаушының қандыратын .

Жігіттер, өкінсеңдер әнімді аңсап,

Армандай еске түсер менің даңқым.

Сөздерді інжу – маржан ақтарғанда,

Нөсердей сорғалатып жаудыратын,- деуі бұған дәлел.

Балалар, өздерің білесіңдер, біз Әсеттану пәнінен Әсеттің өмірі, шығармашылығы, оның ұрпақтары туралы көп оқыдық, білдік, іздендік. Енді бүгінгі сабағымызда Әсетті сан қырынан байқау үшін өздерің жинақтаған еңбектермен таныссақ.

1- оқушы: Асқақ ақын , әйгілі әнші, дарынды сазгер Әсет Найманбайұлының тұрған жері, өмір сүрген ортасы, өнер шашқан ордасы сөз болғанда , біздерді, мақаншылықтарды мақтаныш

сезімі биледі. Өйткені , біздің өлке – есімі алты алашқа белгілі, аққуға үнін қосқан Әсеттің ғажайып сұлу өнерін туғызған қасиетті өлке. Бүгінгі күнде Әсеттің сүйегі арғы бетте Қытай

жерінде жатса да , оның ұрпақтары біздің елімізде. Оның Ләйлә, Ләззәт,Бақыт, Ардақ, Біржан есімді немерелері бар. Ләззат есімді немересі біздің ауылымызда тұрса, оның балалары біздің мектебіміздің оқушысы. Әсеттің әйелі Тәтежан, қызы Сәмөгей , ұлы Қожеке Бақты ауылында қайтыс болып, сонда жерленген. Әсет Найманбайұлының туған жері туралы деректер әр түрлі. Бұл туралы мен көптеген мәліметтерді оқи отырып, Әсет мұра- жайының директоры Әбен Тұйғынұлына жолыққан едім. «Әсет қай жерде дүниеге келді?» деген сұраққа ол кісі өзі жауап берсе.

( Сөз “Әсет” мұражайының директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Әбен Тұйғынұлы Разуевқа беріледі .)

2-оқушы: Ұғымтал, зерек Әсет 13-14 жасқа келгенде қиссаларды жатқа айтады. Ол ауылға келген әншінің әнін, жыршының сөзін, тіпті бақсының зікірін де екі айтқызбай жаттап алып, елге таратады екен. Сөйтіп, ол әнші, ақын Әсет атанды. Бірақ Әсеттің басына ауыртпалық орнап, әкесі қайтыс болған соң, Көктал болысына қарасты Байжігіт еліндегі нағашысына барады. Сонда жүріп өз өнерін шыңдай береді, өнерпаздығы дүйім елге тарайды.

Айналаға әбден атағы жайылып, белгілі, белді өнер иесі болады. Арқаның әсем әндерін, Біржан, Ақан, Құлтуманың әндерін жалпақ елге таратушы болады. Ол әнді домбырамен де, сырнаймен де айтқан. Оның даусы айрықша зор болса керек.



3-оқушы: Әсет Абай ауылында болып, одан көп тағылым алған. Ән мен күйді жоғары бағалайтын Абай Әсетке әншілік өнер туралы көп өсиет айтқан екен. Сапарғали Бегалиннің айтуы бойынша Жақсылық Төленов деген кісі кезінде Әсеттің сырласы болған.

Біраз уақыт қасында жүрген. 1945 жылы ол кісі Сапарғали Бегалин мен Мұхтар Әуезовке қалай жолыққанын әңгімелеп берген. «Әншілік өнерімнің аспандауына Абайдың көп сөзі сабақ болды», - дейді Әсет. Абай сияқты ол да ақындықты халқын оқу-білімге шақыруға, жастарды жақсы мінез-құлыққа тәрбиелеуге пайдаланған. Ол қазақ халқының білімді, мәдениетті, тәуелсіз ел болуын аңсаған.



4-оқушы: Әншілік өнерін әбден меңгерген соң ғана Әсет жанынан ән шығара бастаған екен.Әсеттің халық арасына танымал болған әндері « Хисмет» , « Ырғақты», «Үлкен Ардақ», «Кіші Ардақ», «Інжу-Маржан», «Қарагөз», « Әпитөк», «Алакөлім» т.б. Ол -

30-жуық классикалық әндердің авторы.Оның ақындық өнері мен сазгерлік дарыны тепе-тең түсті десек , жаңылыспаған болар едік. Әсет ән салғанда тыңдаушының құлақ құрышын қандыра, асқақтатып, шалықтатып, неше алуан етіп, құбылтып отыратын. Ол - сол кездегі халықтың сахарадағы бұлбұлы болып « Әсеттей сал ән салсаң, асқақтатып» деп аңызы шыққан адам.



Әсет әндері туралы ойымызды музыка пәнінің мұғалімі

Э.Рүстемқызы толықтырып өтеді.
Э.Рүстемқызы : Әсет әндері айтуға ауыр.Оған зор дауыс қажет. Сондықтан екінің бірі Әсет әндерін айта бермейді. М.Ержанов, Б.Төлегенова, Д.Рақышев сияқты белгілі әншілер Әсет әндерін шебер орындап бізге жеткізген. Елімізде жыл сайын “ Ән салсаң Әсеттей сал” атты әншілер сайысы өтіп тұрады. Жерлесіміз Сайлау Уәлиев те Әсет әндерін шебер орындаушылардың бірі.

Темірханов Серік «Әпитөк», Сейітханов Олжас «Өсиет» әндерін орындайды.



5-оқушы: Ақынның өзі көзі тірісінде бірде-бір өлеңі баспа бетінде жарық көрмеген.

-Менен сорлы ақын да өтті ме екен?

Бір сөзі баспа орнына берілмеген, - деп ол «Ақырғы сөзінде» өкініш етеді. 1914 жылы күзде Әсет Шәуешек қаласындағы танысы, ұйғыр саудагері Сейітқашым деген кісіге өзінің біраз қолжазбаларын әкеп беріпті. «Осы өлеңдерімді « Қазан» баспасына жібер» - деген екен. Бірақ бір себептермен ол өлеңдер баспаға жеткізілмеген.

6-оқушы: Ақын шығармалары өзі өлгеннен кейін 40 жылдан соң, өзін көр- гендердің қатары кеми бастағанда зерттеліп, жинақтала бастады. Қазіргі таңда ақынның 300-дей өлеңі, 30-ға жуық дастаны, 20-дай айтыстары, 30-ға таяу әндері бар.

(схеманы көрсетеді)



7-оқушы: Әсет өлеңдері сан алуан тақырыпта. Мен Әсеттің өлеңдерін оқи келе, тақырыптарын былай топтастырдым:

адамгершілік оқу-білім

достық

махаббат Тақырып әлеуметтік теңсіздік


өнер


туған жер

еңбек туған ел

Әсет тілге бай, сөзге еркін, ешбір бөгелмей, түйдектеп тастап отыратын шын жүйрік, суырыпсалма ақын еді. Ол өзі сауатты, мәдениетті адам болғандықтан, кейде айтқан өлеңдерінің қайсыбірін жазып тастап, не жазып бер деген адамдарға жазып та беретін болған. Әсет өлеңінің қай-қайсын алып қарасаңыз да, қазақтың жатық, көркем тілімен жазылған. Ол араб, парсыша көп оқыса да, өлеңінде ешбір шұбарланған сөз жоқ.
Өлеңдері мәнерлеп оқылады:

Атым-Әсет, ұраным –арғын шордан.

Жас жігіт надандықпен алданады.

Қалам тарт, қалма қапыл , талаптанып.

Жамағат, сен тыңдасаң айтайын сөз.

Жігіттің жігіт болар бейнесінде.

Ақырғы сөз.

8-оқушы: Жалпы алғанда, Әсет – суырып салма ақын. Бірақ ол өзінің шығармаларын жазып та шығарған. Бұл ретте оның шығармашылығы ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің ортасындағы көпір іспеттес. Әсеттің басқа ешбір ақынға ұқсамайтын ерекшілігі оның төкпе ақын екендігінде. Яғни, оның қай өлеңі қанша шумақ болсын бастан-аяқ бір ұйқаспен төгіліп отырғандығы.

9-оқушы: Ақынның мол мұраларының бірі - қисса-дастандары. Оның дастан- дарының саны 30-ға жуық. «Евгений Онегин», «Сәлиха-Сәмен», «Ағаш ат», «Үш жетім қыз», «Шеризат», «Жәмсап», «Француз», «Нұғыман-Нағым», «Барат қыз» т.б. дастандары әдебиетте өз орнын тапты.

10-оқушы: Әсет шығармашылығының айрықша бір саласы – айтыстары. Оның ішіндегі ең көркемі - Ырысжанмен айтысы. М.Әуезов: «Көркемдік және мазмұн жағынан көп айтыстан оқшауырақ тұратын Әсет пен Ырысжан айтысы» деп бекерге айтпаған. Бұл айтысқа көптеген атақты ғалымдар мен зерттеушілер аса жоғары баға берген. Басқа шығармалары әлі белгісіз кезде Әсеттің аса талантты ақын екендігін жұртшылық осы шығармасы арқылы-ақ таныған. Әсет одан басқа Бақтыбаймен, Кәрібаймен, Сәметпен, Қалимен, Мәликемен, Кемпірбаймен де айтысқан .

11-оқушы: Әсет - өзінің талаптылығы арқасында ел ішінде қадірі де мол, беделі күшті, алғыр, шешен, сері болған адам. Бірақ ол әншілік, ақындық, домбыра, гармоншылдығымен халыққа беделі күшті болды. Оны сол үшін халық сүйді, жақсы көрді. Ол жүрген жерін той-думан етіп отыратын.

12-оқушы: Әсет Абайға еліктеп, Абайдан кейінгі екінші болып, А.С.Пушкиннің «Евгений Онегинін» аударма жасап, қазақ халқына жеткізуі орыс пен қазақ халқының достығына қосқан үлкен үлес деп танимыз. Демек, ақынның орыс тілін де білгендігі аңғарылады. «Ағаш ат» атты дастанында «Аударған арабшадан атым Әсет» дегеніне қарағанында, ол араб-парсы тілдерін де емін-еркін меңгерген, мұсылманша оқыған жан-жақты, білімдар адам болғандығын көрсетеді.

13-оқушы: Әсеттің сан қырлы талант иесі екендігін жұрттың бәрі мойындайды. Мәселен, А.Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдары» атты еңбегінде «Әсеттің әншілігі ақындығынан кем емес. Өлеңдері қорытқан металдай таза келеді. Әр әншінің өзіне тән музыкалық ерекшелігі ба-

рындай Әсеттің өз почеркі бар.Орындауы келіссе Әсет әні сахнаның сәнінің бірі» - деген пікірлер айтқан. Мұны ақынға берілген әділ баға, бұлтартпас шындық деуіміз ләзім. Кенен Әзірбаев: «Өзім көрген әншілердің ішінде Әміре болмаса Әсетке пар келер ешқайсысы жоқ-ау деген».



14-оқушы: 1916 жылы Қытай жеріне кетуге мәжбүр болған Әсет өзінің, туған жерін, елін сағынады. Ақын Шығыс Түркістанда жүргенде де қарапайым халықпен бірге болған, өзінің ақындық-әншілік өнерімен көпшілікке қызмет еткен. Елде азамат соғысы аяқталып, Қазақстанда Совет өкіметі орнағаннан кейін елге қайтқалы жүргенде ақын қастан- дыққа ұшырап, кенеттен 1923 жылы қайтыс болады. Сөйтіп, шет елде өлген ақынның есімін бір кезде ел атауға, ауызға алуға қаймықты. Тек соңғы жылдары ғана ол туралы ашық жазыла бастады.

15-оқушы: Әсет өлеңдерінің бұдан басқа әлі толық жиналмай, ел аузында жүргендері қаншама? Баспа бетінде жарық көрмеген бірқатар өлеңдерін біледі деген соң, өз аузынан есту үшін арнайы Қаратұма ауылына Шынғазы Қанағатовты іздеп барған едік. Бірақ ол кісі көп өлеңдерін білуші едім, ұмытыңқырап қалыппын, кейін есіме түскенде қағаз бетіне түсіртіп, жинақтап берейін деді. Әсеттің терең ойға, философиялық тұжырымдарға құрылған бірнеше өлеңдерін болашақта сол кісіден жазып аламыз деген ойдамыз.

16-оқушы: Сонымен қатар Әсеттің көзін көрген Қанағатов Байділда ақсақалмен дәмдес, тұздас болған ауылдасы Жұмағалым Шөшековпен тілдесіп, ол кісінің қорынан Әсет туралы жазылған көптеген деректерді алдық. «Әсет кезінде арғы ауылдан келгендіктен оның өлеңдерін ауызға алуға көпке дейін тыйым салынып келген. Сондықтан Байділда ақсақал да көп өлеңдерін жатқа білсе де, кезінде айтуға қорықты. Көрші тұрғандықтан анда- санда көңілді болған сәттерін пайдаланып, жазып алғандарым еді», - деп Жұмағалым ақсақал мына жұмбақ өлеңдерін берді.

Осы жұмбақтың шешуін бәріміз шешіп көрелік.

Бір үйдің екі тесік бір мешінде, Бір хайуан күрең қызыл, дөп-дөңгелек,

Қаланған кірпіші жоқ іргесінде Тамаққа тоып алса, болады көк.

Төбесі толған тоғай, қалың ағаш Үш күн жатса, байланса бордақ болып,

Мағынасын, шешушілер, білесің бе? Жуандығы кетеді үш есе боп.



(Адамның басы) (Кене)
17-оқушы: Менің қолымдағы мына газетте “Асыл ағаларды суретке кім түсірді?” деген мақала бар. Бұл фотосуретті түсірген Мұхаметжан Юсупов деген кісі. Әсет өмірінде бір-ақ рет суретке түскен екен. Қазіргі біздің қолданып жүргеніміз осы суреттен алынған жеке бейнесі. Енді суреттің тарихына келетін болсақ, 1973 жылғы сәуір айында Шәуешекке келіп жатқан қазақ жазушылары Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтардың құрметіне мәжіліс жасалған. Бұл мәжілісте Әсет те болып, өзінің өнерін көрсеткен. Әсетті естушілер мақтап , оған жоғары баға берді. Сол мәжілістің соңында бір шетте отырып түсіп қалған екен.

18-оқушы: 1973 жылы жарық көрген “Ленин туы” газетінде зерттеуші Абылқасымов “Әсетке ескерткіш керек” деген мақаласында: “Өкінішке орай осы уақытқа дейін Әсетті есте қалдырарлықтай бірде бір шара қолданылмаған. Біздіңше, ақын есімі – ауданымыздағы бір мектепке қойылуға әбден лайық. Сондай-ақ аудан орталығы Мақаншыда Әсет атымен бір көшені неге атамасқа? Тіпті, ескерткіш белгі орнатса да артық емес”,-дейді.

Осы айтылған талап-тілектер қазіргі уақытта ескеріліп, қазір міне , біздің ауылымыздың қақ ортасында қарқарадай болып, “Әсет” мұражайы тұрса, үлкен бір көше Әсет атымен аталады.

Бүгінгі күні біз оқып жатқан мектеп те Әсет Найманбайұлы атында. Сонымен қатар, біздің мектебімізде Өлкетану мұражайы, ондағы Әсет ақынға арналған арнайы бұрыш бар. Мен осы мектепте оқып, білім алып жатқанымды өзіме бақыт санаймын.

Мұғалім сөзі: Тереңнен тебіреніп тыңнан бүгін,

Төгейін нөсерлетіп думан жырын.

Шашпасын ақын неге жыр шашуын,

Әсеттің тойлағанда думан жырын.

Жырымды ескерткіш қып тарту еттім,

Қабыл ал , өзің қолда ,ақын баба! , - деп біздің ортамызда бүгін жас ақындар жыр шашуын шашқалы келіп отыр. Жыл сайын мектебімізде “Мен Әсетті жырлаймын” деген тақырыпта оқушылар байқауы өтіп тұрады. Оған көптеген оқушы- лар қатысады. Солардың ішінен оза шыққан жүйріктері Әсетке арналған өлеңдерін оқиды.



Қорытынды сөз: Балалар, сонымен біз бүгінгі сабақта Әсеттің кім екенін таныдық.

Шын дарын білем өшпес туған анық,

Биіктер жылдар өтсе тұлғаланып.

Қалдым деп бір қиырда қамықпа, ақын!

Біз жүрміз арманыңды нұрға малып.

Тірісің мәңгілікке асыл ағам,



Өлмейді халқы барда асыл адам, - дей келе бүгінгі сабағымызды

аяқтаймыз.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет