Реферат
Тақырыбы: Лирикалық проза
Тексерген: Құрмамбаева Қ.С
Орындаған:Бауберікова Н.
Қ-213 топ
Семей,2015 ж
Лирикалық проза — автордың нәзік көңіл-күйімен, сезім әсерімен жазылған прозалық шығармалар.
Лирикалық проза өз алдына жанр болып саналмайды, тек прозаның стильдік бір түрі ретінде қарастырылады. Мұндай шығарманың композициялық құрылысы лирикалық кейіпкердің тебіреніс-толғаныстарына сәйкес қалыптасады. Лирикалық прозада бастан-аяқ үзілмей дамып отыратын сюжет кездеспейді. Алайда кейіпкерлердің бүкіл бастан кешкен көңіл-күй әсерлерінен белгілі бір желі пайда болып отырады. Оны шартты түрде лирикалық желі деп атауға болады.
Кейіпкердің ой-сезімі, басқа адамдармен әр түрлі қарым-қатысы, қайшылығы жағдай, оқиғаға айналып, бір-бірімен қалайда жалғасып, астасып жатады. Лирикалық прозаның қаһармандары ойламаған жерден күтпеген жағдайларды, өзгерістерді бастан өткеріп отырады.
ХХ ғасыр әлем әдебиеті адамның ішкі субъективтік әлеміне терең үңіле отырып, өмірді жаңа қырынан таныды. Әлем әдебиетінде туындап жатқан жаңаша көзқарастардың әсері қазақ прозасына да өз ықпалын тигізіп, қазақ көркем сөз өнері өсіп, дами түсті. «Әдебиет – өмір айнасы ғана емес, өз тарапынан жаңа әлемнің жасаушысы да» .Әдебиеттегі осындай ерекшеліктердің бірі лирикалық прозаның дамуына қатысты болды. Кез келген нәрсенің жоқтан пайда болмайтындығы сияқты бұл құбылыс та әдебиетімізгі өзіне дейінгі дәстүрді жалғастыра отырып келді.
Белгілі жазушы Ғ.Мүсіреповтің: «Шеберлік біздің алдымызда тұрған бірінші мәселе. Классикалық әдебиеттен, ең алдымен классиктердің сөздерінен үйренуіміз керек. Олардың еңбектеріндегі үлкен шеберлікті меңгермейінше, үлкен әдебиет жасалмайды, тілек орындалмайды. Біз қазақ жазушылары, Толстойдың, Тургеневтің, Гогольдің, Чеховтың, Горькийдің мұрагерлеріміз, ең алдымен осы аталарымыздың шеберлігін меңгере білейік», - деуі де әдебиеттер арасындағы байланысты, дәстүр алмасуын жоққа шығармасы анық .
Жалпы қазақ әдебиетіндегі лиризм үлгілері қай кезеңнен басталады деген сұраққа жауапты ертерек кезден бастаған дұрыс деп ойлаймыз. Кейбір орыс зерттеушілері орыс лирикалық прозасының бастау арналары сонау ауыз әдебиетінде жатқандығын да сөз қылып кетеді. Біз де лиризм үлгілері әлдеқайда ертерек кезеңнен бастау алған деген ойды айтқымыз келеді. Себебі лиризм элементтері кездеспейтін шығарма болмайды десек те болады. Өйткені кез келген шығармада белгілі бір дәрежеде баяндаушының, әңгімелеушінің өзіндік «мені», яғни көзқарасы, тебіренісі, толғанысы қандай дәрежеде болса да көрініс беріп отырады. Сондықтан біздің әдебиетіміздегі лиризмнің алғашқы көріністері сонау ауыз әдебиетінен бастау алады десек, қателеспейміз. Ауыз әдебиеті үлгілерінде, әсіресе ертегілерде, соның ішінде қиял-ғажайып ертегілерінде лиризм өрнектерінің молынан кездесіп отыратынын жоққа шығара алмаймыз. Сол сияқты, М.Әуезов өзінің «Әдебиет тарихы еңбегінде» Асан қайғы туралы аңыздарда лиризмнің үлгілері кездесетінін айтқан болатын. Ал С.Мақпыров лирикалық прозадан басқа лиро-эпикалық жырларды (немесе лиро-эпос), лиро-эпикалық поэмаларды, поэмаларды, дастандарды, балладаны, өлеңмен жазылған романды, роман-диалогты, публицистикалық романды, роман-очеркті, роман-эссені, сондай-ақ тарихи-көркем жанр үлгісіндегі өмірбаяндық (мемуар) шығармаларды, эпистолярлық (хат) үлгідегі туындыларды аралас жанрларға жатқызуға болатындығын айта отырып, олардың неліктен осы жанрға жатқызуға болады деген сұраққа жауап береді. Оның айтуы бойынша лиро-эпикалық жырлардың аралас жанрға жату себебі: «Жанр атауының (лиро-эпос) өзі-ақ аңғартып тұрғандай мұндай туындыларды кейіпкердің сезімі, толғаныстарымен (бұл лирикаға тән сипаттар) қатар олардың іс-әрекеттері де, халық тұрмысының көріністері (салт-дәстүр, көші-қон, кәсіп т.б.) де (бұл енді эпосқа тән ерекшеліктер) кеңінен суреттеледі. Біз аталған және басқа жырларды оқып отырып, Қозы мен Баянның, Жібек пен Төлегеннің бір-біріне деген шынайы сезім толқыныстарын, шын ғашықтық жайларының суреттелуіне (өйткені лиро-эпоста ғашықтық-сүйіспеншілік басты мәселе) де, сондай-ақ, олар өмір сүрген қоғам, ортаның, көшпенді ел тіршілігінің, тұрмыс-салтының да молынан бейнеленіп, жан-жақты көрініс тапқанына куә боламыз. Бұл, әрине эпикалық суреттеулер» [5, 159], - деп атап көрсетеді.
Демек, бұл пікірлерге сүйенсек, кейіпкердің ғашықтық, сүйіспеншілік сезімдерін, толғаныстары мен тебіреністерін беру сияқты лиризм үлгілері сонау ерте кезеңдегі әдебиетімізде қалыптасқан лиро-эпикалық жырлардан бастау алатындығына көз жеткізгендей боламыз.
Әдебиеттің табалдырығын аттауға мүмкіндік берген «Оң қол» әңгімесі Төлен Әбдікұлының өнердегі ұстанымының беташарын жасап берген алғашқы туындысы болды. Ал, көркем туындыдан гөрі жазушының жан азабына көбірек ұқсайтын «Парасат майданы» повестінен өнердегі ұлы мақсатын зұлымдықпен күресуге арнаған шығарма авторының, сол «Парасат майданын» қорытындылаған ойының түйінін танығандай боламыз. Дегенмен «Тозақ оттары жымыңдайды», «Әке», «Ақиқат», «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт», «Қайырсыз жұма», «Өліара» секілді, осы екі шығарманың өмірге келуінің аралығында туған талай тамаша туындылардың көркемдік табиғатын таразыламайынша, Төкеңнің тамыры тереңге жайылған суреткерлік шеберлігін де толық тани алмайтынымыз басы ашық әңгіме.
Төлен шығармашылығынан жалған идеологияның тіршілігіне құндақталып, уақытша ғана қажеттіліктің қазанын қайнатып, пенделік мұратқа ғана қызмет етіп жатқан бірде-бір туындыны таба алмайсың. Оның қаламынан туған әңгіме, повесть, романдарының ішкі табиғатында, қоғамның зұлымдығы туғызған әділетсіздікке қарсы шығып, ар-ұяттың сөзін биіктен сөйлеген азаматтық үн мен өмірдің жабайы шындығына бағынғысы келмей бүлік бастайтын, ой мұңын емген адамдық парасат жатады. Жазушы Әбдікұлы заман сұранысы туғызған сайқал шындықты емес, зұлымдық салтанат құрған замандағы, өмір топырағының астында көміліп қалған Құдайлық шындықты іздейтін суреткер. Суреткердің жанын шүберекке түйіп, сондай ұлы шындықты іздеген шығармаларының бірі – «Тозақ оттары жымыңдайды» повесті.
Егер «Оң қол» әңгімесінде Алманың санасына батпандап кірген зұлымдық, байғұс қызды қылқындырып өлтірген болса, «Тозақ оттары жымыңдайды» повестінде енді сол тажалдың тұтас бір халыққа қалай ауыз салып, аяусыз жаныштап, қанға тұншықтырғанының куәгері боламыз.
Шығарманың басты кейіпкері Эдуард Бейкер мырза өркениет әлемінде төңкеріс жасаған - ұлы ғалым. Ол жасаған операциялардың сәтсіз аяқталғаны жоқ. Топырақтан адам жаратпағаны болмаса, қалғанының бәрі оның қолынан келеді. Бейкер мырза – моргта жатқан адамның өзін тірілтіп алған, медицинадағы феномен. Өмір сүруге еш үміті қалмаған науқастарды да аяғынан тік тұрғызып жіберген – нағыз сиқыршы.
Бір жағынан шыққан тегі мен бауырына басып әлдилеген топырағын ұмытып, даңқтың дәл осындай биік тұғырына көтерілген профессорды кінәлауға да болмайтын шығар. Өркениет әлеміне ол өз еркімен келген жоқ қой, мүлде бейтаныс өмірге оны жаңқа құрлы көрмеген зұлым тағдырдың дауылы ұшырып әкелді. Әйтпесе, өркениетке қызмет етпек түгіл, ол өзінің ішкі арманында, оның быт-шытын шығарып қиратып, күлін көкке ұшырғысы келіп жүрген адам емес пе? Оралмайтын күндер үшін! Даңқты жылдар үшін!
О, Тәңірім-ау! Егер қарғыс атқыр өркениет болмағанда, Кияку-Бейкердің тағдырының бораны мүлде басқа жаққа қарай соғып, өмір-жайлауы мүлде басқаша жайқалушы еді-ау! Ол ата-бабаларынан қалған батырлықтың сарқытын ішіп, қанды жорықтарға аттанып, жұртты тамсандырып, қалаған қалыңдығын таңдап, үйленіп, бақуатты, барақат тірлік кешер еді. Ол берген сертіне адал болып, әкесі Чородан үйренген киелі шөптен жасайтын дәрісін, араку жұртын емдеу үшін ғана қолданар еді. Араку тайпасының сегіз бақсысының бірі болып мойындалған ол, керек болса тіпті, өзінің сертінде тұрып, бауырлары үшін жанын пида етіп, нағыз оғыландай ерлікпен қаза табар еді. Ол...
Бірақ бәрі де оның армандағанынан басқаша болды. Қайғы жамылып, қасірет жастанып, тағдырдың жартасына соғылған Кияку-Бейкердің балалық арманының күлі көкке ұшты. Басына аспан құлағандай қайғыны көтере алмаған ол, кіндігін кескен халқының тағдырынан ажырап, жылдар өте асқақ армандарының қайда қалғанын ұмытып, өркениеттің адамына айналды. Ғылымға құлай беріліп, тынымсыз ізденіс пен адал еңбегінің арқасында адам баласының ақылы сенбейтін игілікке жетті. Бойындағы ерекше дарыны оны әлемдегі ең танымал адамға айналдырды. Оқиға күтпеген жерден күрт өзгермегенде, Бейкер мырза ештеңені де есіне алмай, өмірі қалыпты арнасымен аға беруі әбден ықтимал-тұғын.
Қазіргі қазақ прозасындағы жаңа туындылардың бірі – Әлібек Асқардың «Өр Алтай мен қайтейін биігіңді» повестегі әлеуметтік талдау барысында бірден көзге түсетіні жазушының стильдік ерекшелігі. Өр Алтай төріндегі бір кезде айдарынан жел ескен, төрт құбыласы сай болған ауылдың бүгінгі мүшкіл халін суреткер сатылап көрсетеді. Кеңсе, ауылдың мектебі, дүкен, дәрігерлік пункт жабылады, яғни әлеуметтік құлдырау жолымен тұрмыс тауқыметі үдемелі жолмен беріледі. Жазушы әр алуан кейіпкерлерін болып жатқан өзгерістерге қатыстырып, көзқарас пен дүниетанымық ерекшеліктеріне тереңдеп бойлау арқылы өтпелі кезеңнің шындығын аша білген. Тіл, образ, сюжет, композиция тұтас бір өрілімде берілген. Бір кездері азан-қазан боп жататын базарлы ауылдан небәрі жеті үй қалғанымен, осы азғана шоғырдан тұратын сегіз отбасының басынан өткерген қилы, мұңлы да мұңсыз тағдыры бір повеске толық жүк болған. Жұртта қалған жеті үйдің жыры да жеті түрлі. Жазушы бір кездегі базары тарқамаған ауылдың қалай жетімсірегеніне тоқталып, сюжет желісін жетім қыз Сәлиманың тағдырымен ұштастыра суреттеумен жалғайды. Қоғам назарынан тыс қалса да, Алланың кең пейілінен кенде қалмаған алақандай ауылдың өгей тірлігі пошташы Сәлима қыздың пайымы арқылы берілген.
Шығарманың негізгі арқауы – қазақ қоғамының тұтастығын құраған отбасылық ұғымнан ірілеу бірлестік, татулықтың құт мекені саналған ауыл мәселесі. Повесть ауыл жастарының жағдайын жақсартудың әлеуметтік өзекті мәселелерін көтереді. Қазақтың құт-берекесінің бесігі болған ауыл өмірінің кері кетуі, ауыл баласының атажұрттан безініп, өзіне жайлы қоныс іздеуі үлкен символикалық жүк арқалап тұр. Өркениеттің дәстүрлі өмірімен арақатынасын үйлестірмесе, ауыл мәдениетінің тоқырауға ұшырайтындығын қарапайым еңбек адамдарының психологиясына терең бойлау арқылы ашады. Жалпы зерттеу барысында шығарма өзегіндегі бүгінгі қазақ ұлты үшін ең өзекті мәселе болып отырған атажұртқа, туған топыраққа сүйіспеншілік, ауыл мен қала өмірінің алшақтық мәселелері жан-жақты талданады.
Бүгінгі әлеуметтік өмір шындығы Б.Қанатбаевтың «Ескі жұрт» әңгімесінде де шеберлікпен беріледі. Дүние өзгеріп, ұрпақ ауысқан кездегі ұлттық құндылықтардың жұтаңдауына назар аударады автор. «Тәуелсіздік кезеңі тіршілігіміздің алуан саласындағы жаңа да жарқын бетбұрыстарға, жаңғыруларға бастап отыр. Сондықтан өмір шындығын, өмірлік материалдарды авторлық концепция мен өткір проблемалдарға сабақтастыра таңдау мен толғаудың мән-маңызы айырықша.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТІРЛІГІ СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІ
Достарыңызбен бөлісу: |