Тақырыбы: «Еңбек бәрін де жеңбек» (Отбасындағы еңбек тәрбиесі туралы)
Мақсаты: Еңбек - адамгершілік құндылығы туралы түсініктерін кеңейту, еңбектің адам өміріндегі мәні туралы түсінік беру, еңбек етуге деген қызығушылықтарын ояту, дамыту, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Күтілетін нәтиже:
Еңбек ету, еңбектің мәні туралы түсініктері кеңейеді;
Еңбек етуге деген қызығушылығы оянады;
Еңбексүйгіштікке тәрбиеленеді;
Еңбекті құрметтеуге үйренеді;
Ұқыптылық, еңбекқорлық, еңбек ету дағдысы қалыптасады.
Қазақ халқының дәстүрлі тәлім-тәрбие беру жүйесінде жас кезінен бастап баланы еңбекке, белгілі бір кәсіпке баулыған. Жалқау, еріншек, жатып ішер арамтамақ болма, еңбек ет, ата-анаңа қолқанат бол дегенді баланың санасына құйып отырған. Әрбір жас бала “Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей” деген мақал рухында тәрбиеленген. Ал, сіздер қалай ойлайсыздар, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақалдың мағынасы қалай, қалай түсіндірер едіңдер? «Бақыттың кілті еңбекте» дегенді қалай түсінесіңдер? (Оқушылар мақалдың мағынасын ашады)
Олай болса біздің бүгінгі тәрбие сағатымыз еңбек туралы болмақ.
Оқушылар 2 топқа бөлінеді. «Еңбек» және «Туған жер» Оқушыларға екі түрлі тақырыпта мақал-мәтелдер жазылған парақшалар үлестіріледі, әр оқушы соған сәйкес өз тобын анықтап орындарына отырады. Топтарға тапсырмалар беріледі. «Кім көп біледі?» еңбек туралы мақал-мәтелдер жазып, оның мағынасын түсіндіреді. Оқушылар мақал-мәтел жазып жатқанда ата-аналар отбасындағы бала еңбегі туралы айтып береді.
Балаңызды үй шаруасына жұмсағанда оның жас ерекшелігін, әлінің жетіп-жетпейтінін ескересіз бе?
Жалпы баланы неше жастан бастап еңбекке араластыруға болады?
Қандай шаруалар істейді?
Балаңызды еңбекке қалай жұмсайсыз, қалай араластырасыз?
Баланы сіз жұмсағанда өз еркімен құлшына кірісіп кете ме, әлде зорлап жұмсайсыз ба?
Балаңызға жұмыс тапсырарда «егер де осы жұмысты бітірсең бір нәрсе алып беремін» деп оның еңбегін сатып аласыз ба? т.б.
Оқушыларға берілген тапсырма бойынша олардың қаншалықты мақал-мәтелдер білетіні және мағынасын ашып айтуы тыңдалады.
Енді мектептегі еңбек тәрбиесіне тоқталайық. Мектептегі еңбек сабағы, сенбілік жұмыстары туралы айтылады.
Келесі тапсырма «Ситуациялық сұрақтар» Бұл кезде балаларға тапсырмалар беріледі. Алдарына берілген түрлі-түсті қағаздан өз ойлары бойынша шеберліктерін салып әр түрлі нәрселер жасайды.
Ситуациялық сұрақтар. (ата-аналарға)
. Сынып жетекшісі балаңызға «бүгін сағат 3.00-де мектеп ауласында сенбілік жұмыстар жүргізіледі, жұмыс киімдеріңіз бен қолғап киіп келіңдер және өздеріңізбен бірге күрек пен тырнауыш ала келіңдер» деп айтып жібереді. Сіз бұған қалай қарайсыз? Сіздің әрекетіңіз.
. Балаңыз сабақтан келген бойда сізге мынаны айтады: мен қазір тамағымды ішіп болған соң, Жалғастың үйіне барып шөп түсірісуге көмектесіп келемін, үйдегі шаруаны келген соң да тындырамын» дейді. Сіздің әрекетіңіз, оны жібересіз бе?
Балаңыз қандай үйірмелерге қатысады? Онда немен айналысады? (Оқушылардың шығармашылығынан туындаған туындылармен таныстыру, суреттер көрсету, марапаттарын атап өту – еңбектенудің жемісі)
Сергіту сәті. Ойын: «Кім жылдам?»
Ата-аналар мен оқушыларға қиықша қағаздар үлестіріледі, «ойын» деген жазуы бар қиықша түскен ата-аналар мен оқушылар ортаға ойынға шығады. Ойынның шарты: үстел үстінде тұрған ыдыстың ішіндегі жемістерді келесі үстелдегі ыдысқа апарып салу керек. Бұл ойын ұқыптылықты, шапшаңдықты талап етеді.
Қ.Бердіғалиевтің орындауындағы Ғ.Құрманғалиев пен Н.Байғаниннің «Еңбек туралы термесін» үнтаспадан тыңдату.