Тапсырма:
2-ПРАКТИКАЛЫҚ САБАҚ
Тақырыбы: Мінсіз мұғалім және оқушылардың жеке ерекшеліктері.Мұғалім құзіреттілігі.
Еліміздің әлемдік білім кеңістігіне енуге талпынысы, білім беру парадигмасының өзгеріп, жаңа ұлттық модельдің қалыптасуы болашақтың жаңаша ойлайтын, дүниеге көзқарас мәдениеті мен санасы дамыған ұрпағын оқытып, тәрбиелейтін педагогикалық кадрларды дайындаудың сапасын арттыруды талап етіп отыр. Нәтижеге бағдарланған білім беру сапасын арттыруда жаңаша жолдар мен әдістер табуға дағдыланған «Жаңа формация маманы болу – білім беру саласының өзекті мәселелерінің бірі. Білім беруді түрлендіруде, білім процесін реформалауда зерттеуші мұғалім мен көшбасшы мұғалім жаңа формация мұғалімі ретінде орталық тұлға болып табылады. Нәтижеге бағытталған білім беру жүйесіндегі педагогтің кәсіби құзыреттілігінің теориялық негізін айқындап алу үшін, терминнің дербес анықтамасына тоқталсақ. Психологиялық-педагогикалық әдебиеттердегі ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда кәсіби шеберліктің қалыптасуы мен даму үдерісінде екі ұғым: құзыреттілік және құзырет ұғымдары пайдаланылып келеді. Біріншісі, С.Ожегов сөздігі бойынша, белгілі бір кәсіби қызметке байланысты, «қандай да болсын мәселеден хабардарлық, беделділік», ал екіншісі, » қандай да бір істі жүргізетін жеке адамның, мекеменің мәселелерді шешуге, іс – әрекет етуге, бір нәрсені істеуге құқықтылық шеңбері». Методикалық терминдер сөздігінде» «Құзыреттілік – қандай да бір оқу пәнін оқыту үдерісінде қалыптасатын білім, білік, дағдылар жиынтығы, сонымен қатар, қандай да бір қызметті орындай алу қабілеттілігі», – делінген. Дұрыс ұйымдастырылған әдістемелік пен оның кәсіби дамуға бағытталған жұмыстары ғана жаңашылдық кепілі болады. Сол себепті, мұғалімдерді кәсіби біліктілігін арттыруда педагогтардың өздеріне бағытталған іс – әрекеттерін жаңаша ұйымдастыру өте маңызды.
Кәсіби құзыреттілік мәселесін зерттеген ғалымдардың ой тұжырымдарын терең талдай отырып, нәтижеге бағытталған білім беру жағдайындағы бастауыш сынып мұғалімінің құзыреттілігін үш аспектімен сипаттауға болады.
Мәндік аспект, яғни ахуалды жете түсіну, оны ұғыну және оған деген қарым – қатынас, бұл жағдайда нәтижеге бағытталған білім беру маңызы, теориялық негізі жатады;
Проблемалық – практикалық аспект, бұл – бастауыш сынып мұғалімінің алдына мақсат, міндет нормаларын қойып және оны орындау жолдарын сын сипаттайды;
Коммуникативтік аспект, бұл – педагогтің осы үрдіске, ахуал қатынасын және өзара ықпал жасауын қамтамасыз етеді.
Құзыреттілік – оқу нәтижесінде меңгерген білім, дағдыны тәжірибеде қолдана алу, проблеманы шеше білу, оқушылар дайындығы сапасының құрылымдық сипатын анықтайтын жаңа сапа. Нәтижеге бағытталған сапалы білім беруде бастауыш сынып мұғалімінің құзыреттілігі:
Арнайы құзыреттілік – өзінің кәсіби қызметпен жоғары деңгейде айналысатын және өзінің кәсіби дамуын одан әрі жобалай білетін қабілет. Мұғалім үнемі ізденісте бола отырып, жаңаша оқытуды іске асыруда түрлі инновациялық технологиялардың әдіс–тәсілдерін өз ізденісі арқылы оқушы қабілетіне, қабылдау деңгейіне қарай іріктеп қолданады. Сонымен қатар психологиялық–педагогикалық білімін жетілдіріп үйренумен қатар, сол білімін өз ісінде шебер сұрағына жауап беруге даяр болуға тиіс.
Әлеуметтік құзыреттілік – бірлескен кәсіптік қызметпен айналысу қабілеті, ұжыммен, топпен қызмет ету, кәсіби қарым – қатынас тәсілдерін қолдана білу. Яғни, мұғалім оқушылармен қарым – қатынаста тактикасын баланың жасы, рухани өсуіне байланысты өзгертіп отыруы керек. Оқушыларды топтық, ұжымдық жұмыстар жасай алуға, соның ішінде жеке тұлғаның дамуына мән беруі керек.
Пәндік құзыреттілік – білім беру қызметінде белгілі бір пәндер шеңберіне қатынасты білім, біліктілігі және дағдысы мен іс – әрекетінің сапалар жиынтығы. Педагогикалық және әлеуметтік психологияның негіздерін қолдана білу іскерлігі.
Ақпараттық құзыреттілік – айрықша назар аударуды қажет етеді. Себебі, ақпараттық қарым – қатынас технологиясын игеру әр маманнан талап етіледі.
Ақпараттық ресурс – ақпарат көзін алу мультимедиялық, электрондық, жалпы ақпараттық технологияларды меңгеруі тиіс.
Педагог өзін жоғары деңгейде қалыптастырудың осындай құзыреттіліктерін игеру арқылы оқыту процесін ұйымдастырудағы негізгі мақсаттары:
Білім алу кеңістігін кеңейту және тілін дамыту арқылы шығармашылыққа баулу;
Оқу процесінің нақты міндеттерін айқындап, ұжымдық қарым – қатынас мәдениетін дамыту;
Оқушыға қолдау көрсетіп, жағымды психологиялық орта құру және оқушының зерттеу белсенділігін арттыру;
Ақпараттық ортаны анықтау, бағыт беру және танымдық конференциялар арқылы ақыл – ойын дамыту.
Аталған мақсаттарды жүзеге асыруда бүгінгі таңда білім беру үрдісіндегі негізгі міндеттеріміз оқушының бойындағы адами құндылықтарды, қайырымдылықты, сүйіспеншілікті дамыту, рухани адамгершілігін қалыптастыру, жеке тұлғалық қасиеттерінің ашылуы жаңа оқыту технологияларының білім беру жүйесіне озық үлгілерін еркін енгізілуіне тікелей байланысты. Бүгінгі күні көкейтесті болып отырған білімнің құзыреттілік ұстанымын жүзеге асыру құралы ретінде педагогикалық технологиялар мен белсенді оқыту әдістерінің алар орны ерекше. Қазіргі заман талабына сай білім беру жүйесінің басты көрсеткіші – оқушының өздігінен білім алуға деген ұмтылысын қалыптастыру. Ал мұғалімнің негізгі міндеті – оқушыны білімге өз бетінше ізденіске және шығармашылық іс – әрекеттерге баулу болып табылады. «Сабақ беру – үйреншікті жәй ғана шеберлік емес, ол – жаңадан жаңаны табатын өнер» деп Ж.Аймауытов айтқанындай, әрбір өткізілген сабақ оқушының жүрегінен орын алатындай, жақсы істерге жетелейтіндей, рухани байлығын дамыту деңгейінде ұйымдастырылуы керек. МШ балаларының қабылдау мүмкіндіктері түрліше. Сондықтан, олардың жас ерекшеліктері мен әр оқушының жеке дара ерекшеліктеріне сай материалдарын игертуде мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі нәтижесінде оқыту сапасы артады. Ана тілі сабақтарында берілген мәтіндермен жұмыс жүргізе отырып, оқушылардың білім алу кеңістігін кеңейту үшін қосымша материалдар, қызығушылықтарын арттырарлықтай, ізденіске итермелейтіндей сұрақ – тапсырмалар арқылы шығармашылыққа баулимын. Әр тараудағы шағын мәтіндердің негізгі түйіндерін, автордың айтайын деген ойын салыстыра отырып, оқушылардың тілін дамыту арқылы кейіпкерлерге мінездеме бере білуге машықтандырамын. Оның тиімділігі оқыту процесі сапалы және оқушыны дамыту сипатында болады. Ана тілі сабақтарындағы шығармамен жұмыс жасағанда оқушы жылдам және дұрыс оқуы үшін ғана емес, сонымен бірге оқығанын терең түсініп, сезініп, қорытынды жасап, өзіндік көзқарастарын өздері табуына мүмкіндік жасаймын. Оқыту екі жақты процесс. Осы процесте оқушының да бойында ақыл – ойы, танымы, білігі мен дағдысы, демек пәндік және ақпараттық құзыреттіліктері қалыптасады. Өз сыныбымдағы оқушыларды тәрбиелеу барысында әр баланың жеке басына құрметпен қараймын. Үлгерімі нашар оқушыларға сынып белсенділері тарапынан көмек ұйымдастыру үшін, топтар құрып, оқушылардың бір – бірімен тіл табысуына ықпал етемін. Сонымен қатар дарынды оқушылармен ұжымдық зерттеулер жүргізу арқылы оқушыларымның шығармашылықтарын дамытып, интеллектуалды деңгейін көтеру арқылы, арнайы және әлеуметтік құзыреттіліктерін қалыптастырудамын. Оқушыларымның әрқайсысын жан – жақты зерттей отырып, сынып гистограммасын құрдым. Гистограмманың қорытындысы негізінде әр оқушының айқындалған қабілеттерін дамытуға қажетті, тиімді жағдай туғызу арқылы, оқушылардың шығармашылығын дамытатын, өздігінен білім алатын, өздігінен орындай алатын шығармашылық тапсырмалар жүйесін құрып, жүйелі жұмыс жүргізудемін. Сыныптың білім сапасын арттыру мақсатында әр пәнге арналған жоспар бойынша жүргізілетін қосымша жұмыстар, оқушылардың ізденуіне, шығармашылықпен айналысуына ықпал етті. Мүмкіндігі шектеулі балаларда өздігінен жетілуіне, дамуына мүмкіндік жасау үшін жүргізілген жұмыстар арқылы оқушылардағы қалыптасатын құзыреттіліктерін төмендегіше сипаттауға болады:
Өзінің даралығын сезініп, өзін – өзі дамыта білуі;
Өзінің қызметін бағалап, қорытынды жасай білуі;
Түйткіл мәселені шешудің ең тиімді жолдарын таба білуі;
Өз алдына мақсат қоя білуі және оны жүзеге асыра білуі;
Өз әрекетінің нәтижесін шығара білуі;
Педагогтың іс – әрекетінің нәтижесін зерттеулер мен зерделеуге сүйене отырып қазіргі уақытта мұғалім мына төмендегі сипаттамаға лайық болуы тиіс екендігі атап көрсетіледі:
Ол теорияны жақсы меңгерген, ұдайы ізденіп, өзінің пәндік, психологиялық, педагогикалық және әдістемелік білімін, мәдениет дәрежесін жоғары көтеруші адам болуы;
Коммуникативті, қоғамдық ортада беделді адам болуы;
Өз мамандығын жақсы көретін, біліктілігі жоғары,кәсіптік шеберлігін ұдайы ғылымға негіздей отырып дамытатын адам болуы;
Белгілі педагогикалық технологияның толық әдістемесін меңгерген, ғылымның әр саласынан хабардар, жан – жақты білім болуы;
Өзінің әрбір оқушысының ерекшелігі мен зейінін жақсы білетін қамқор, психолог болуы керек.
Мұғалім өз ісінің маманы болуымен қатар, оның бойында баланы жақсы көру, баланың көзқарасын мен пікірін сыйлау, тек өз пәнінің төңірегінде ғана қалып қоймай, қоғамда болып жатқан өзгерістерге құлағы түрік, көзі ашық, жан – жақты талдау жасай білетін маман болуы шарт.Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының: «Бала оқытуды жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселелерін өзі жақсы білуі керек» деген тұжырымында «Шығармашыл ұстаз шығармашыл шәкірт дайындайды» деген ой айқын аңғарылады. Сөзімді қорыта келе айтарым, жоғарыда аталған құзыреттіліктерді меңгерген мұғалім – шығармашыл шәкірт дайындауға даяр.
Достарыңызбен бөлісу: |