Тақырыбы: «Проблемалық оқыту технологиясын психология сабағында қолдану».
КундуковаМ.Т Сервис колледжінің педагогика және психология пәнінің оқытушысы.
Мұғалімнің қызметі өсіп келе жатқан адамның жеке басын қалыптастыруға бағытталған. Бұл қызметтің нәтижелері тәрбиеленуші адамның бейнесінен, жеке басына тән белгілерінен, мінез-құлқы мен тәртібінен көрінеді. Тәрбие тәрбие мақсатын айқындайтын қоғам талаптарын неғұрлым толық бейнелегенде ғана жеке адамды жан-жақты дамыту ісі жүзеге асады. Тәрбиелеу қызметіндегі мақсаттың маңызды мәні баяғы кездің өзінен-ақ байқалған еді. Мұны, атап айтқанда, К.Д.Ушинский жақсы атап көрсеткен болатын, ол былай деген болатын: “Жаңа үйдің негізін жасап жатқан архитектордан сіз не жасап жатырсыз – сарай ма, жоқ болмаса тұруға қолайлы қарапайым жай ғана үй ме, сол үйіңіз әсем бе, жоқ болмаса жүруші жұрт жай ғана қарап өтетін, пайдасы жоқ салтанатты қақпа ма, пайымсыз жүретін саяхатшылардың ақшасын сыпырып алатын алтындалған қонақ үй ме? – деген сұрағыңызға жауап бере алмайтын архитектор жайында не айтар едіңіз. Өзінің тәрбиелеу қызметінің мақсатын айқын әрі нақ белгілеп бере алмайтын тәрбиеші туралы да сіз осыны айтуға тиістісіз.”
Тәрбие үрдісі қозғалмалы, үнемі өзгерісте болады. Тәрбие үрдісі – ұзақтылығымен сипатталады. Ол өз мәнінде өмір бойы болуы мүмкін. Тәрбие қоғамдық құбылыс, онсыз ешбір қоғамның алға дамуы, өркендеуі мүмкін емес.
Қазіргі білім технологиясында жеке тұлға ретінде мұғалімнің орны ерекше. “Жеке тұлға – бұл адамның психикалық, рухани мәні, ол әр түрлі жинақталған қасиеттер жүйесіне тән.
Ағартушы педагог Ы.Алтынсарин мұғалім мен оқушы арасындағы дұрыс қарым-қатынастың болуына еркеше көңіл бөледі. “Мұғалім балалармен істес болады: егер олар бір нәрсені түсінбесе, онда мұғалім шәкірттерді кіналамай, олардың санасына қондыра алмағаны үшін өзін-өзі кінәлауы тиіс. Мұғалім балалармен сөйлескенде ашуланбай, сабырлықпен сөйлесе білуі керек.”
Педагогика әлемінде “баланың кемшілігін өзіне білдірмей жөнге салу керек” – деген пікір кең тараған. Ұстаз шеберлігінің маңызды құралы – сөйлеу шеберлігі мен оның техникасы.
Біздің бақылауымызға қарағанда, оқушылар ең алдымен ұстаздың сыртқы көрінісін: киімін, жалпы тұлғасын, одан соң бет әлпеті мен пішінін, одан кейін дауысын – оның тембрі, саздылығы, тіл ерекшелігі оның тазалығы, мүкісінің жоқтығын байқай, ең соңында ғана, “ Бұл не айтып тұр?” немесе “Мұғалім не деп жатыр?” дейтін көрінді.
Мысалы: А.С.Макаренко “бері кел” деген сөзді бірнеше түрлі саздылықпен айта алғанда ғана өзінің нағыз педагог санаған екен. Мұғалім сөзді мынадай сезім түрлерімен айтуға жаттығады, сүйіспеншілік, сынақ, күлкі, әзіл, қалжың, ашу, ыза, қуаныш, кекесін, өкініш, зілді, мысқыл, салмақты, қорқыту, ілтипатпен, жайдары, қатал, жалыныш, зеку және басқалар. Сонымен, қорытып айтсақ, оқушылар өз ұстаздарын тек жасаған іс-әрекеті мен мінез-құлқы ғана емес, сөйлеген сөзі, оны қалай айтқандығына қарап бағалайды.
Қазіргі кезде проблемалық оқыту арқылы танымдық, интеллектуалдық, ізденушілік, т.б. қасиеттерді кең түрде дамытуға болады. Оқытушы проблемалық мәселені қою арқылы оқушыларды проблемалық жағдайға алып келеді. Бұл жерде бұрынғы меңгерілген білім мен жаңадан пайда болған мәселе арасында қарама-қайшылық пайда болады да, оқушы оқытушының көмегімен осы мәселеге байланысты пайда болатын құбылыс немесе процеске талдау жасау арқылы оны түсінуге, игеруге тырысады.
Проблемалық оқытудың ең негізгі мақсаты-қазіргі заманғы ғылым жетістіктеріне сүйене отырып, продуктивтік және творчестволық оқу процесінің логикалық жолдарын баяндау. Міндеттер: мұғалімнің проблемалық оқыту процесінің ұйымдастыруының негізгі тәсілдері мен формаларын көрсету, оқытудың ғылымилық дәрежесін жоғарылатып, оқушылардың неғұрлым тиімді жалпы дамуына жағдай тудыру.
Проблемалық оқытудың мақсаты-ғылыми таным нәтижелерін, білімдер жүйесін ғана меңгеріп қоймай, сонымен бірге бұл нәтижелерге жету жолының өзі де, процесінде меңгеру, оқушының танымдық дербестігін қалыптастырып, оның творчестволық қабілеттерін дамыту.
Проблемалық оқыту процесін ұйымдастырудың негізінде оқушының оқу-танымдық ізденіс әрекетінің (білімдерді проблемалық меңгерумен байланысты) принципі, яғни олардың ғылым қорытындыларын, әрекет тәсілдерін ашу, жаңа нәрселерді немесе білімдерді практикада қолданудың тәсілдерін ойлап табу принципі жатыр.
Проблемалық оқытуда мұғалімнің түсіндіруі мен оқушылардың репродуктивтік қызметті талап ететін міндеттер мен тапсырмаларды орындауы жоққа шығарылмайды.
Проблемалық оқыту жағдайындағы мұғалімнің қызметі мынадан тұрады: ол қажетті жағдайда неғұрлым күрделі ұғымдардың мазмұнын түсіндіре отырып, ұдайы проблемалық ситуациялар жасайды, оқушыларға фактілерді хабарлап, олардың оқу-танымдық қызметін фактілерді талдау негізінде оқушылар өздіктерінен қорытындылар мен жинақтауларды жасайтындай, ұғымдарды, ережелерді, теоремаларды, заңдарды тұжырымдайтындай немесе белгілі жаңа ситуацияға өздігінен қолданатындай (ойлап табады, жоспарлайды, әдемілеп жасайды), ал немесе, ақырында, шындық болмысты көркем бейнелейтіндей (өлеңдер, шығармалар жазады, сурт салады,ойнайды) етіп ұйымдастырады.
Соның нәтижесінде оқушыларда ақыл-ой операциялары мен әрекет дағдылары, білімдерді тасымалдау дағдылары қалыптасады, зейін, ерік, творчестволық қиял, ойлап тапқыштық дамиды, жаңа білімдер мен гипотезалар ұсыну және оларды негіздеп дәлелдеу жолымен әрекеттің жаңа тәсілдерін табу қабілеті қалыптасады.
Проблемалық оқыту оқытудың біртұтас типі ретінде озат педагогикалық тәжірибені жинақтау мен оны теориялық дәлелдеудің негізінде пайда болды. Ол өз бойына алгортмдерді, программаланған тапсырмаларды, ақыл-ой қызметінің тәсілдерін кезеңге бөліп қалыптастыруды және т.б. қолдану мүмкіндігін қамтиды.
Қазіргі ғылым мен техниканың шарықтап алға басқан кезеңінде проблемалы оқытуды игеріп, оқу-тәрбие жұмыстарында қолданбаса болмайды. Проблемалық оқытуды игеруге бағытталған біз ұйымдастырған ізденіс жұмыстары проблемалық оқыту сабағының дәстүрлі аралас сабаққа қарағанда біршама артықшылықтары барлығына көз жеткіздік. Сіздерге психология пәнінен сабақ жоспарын ұсынамын.
Сабақ жоспары № 12
Пән: Психология
Сабақтың тақырыбы: Қабылдау.
Сабақтың мақсаттары:
Білімділік мақсаты: Оқушыларға білім бере отырып, қабылдау туралы түсінік қалыптастыру, қабылдаудың кейбір ерекшеліктерін ажырата білуге үйрету.
Тәрбиелік мақсаты: Кеңістікті және уақытты қабылдауға тәрбиелеу.
Дамытушылық мақсаты: Баланың қабылдауын ойға шабуыл жасау арқылы дамыту, оқушылардың білімдерін пайдалана отырып қабылдау ұғымын қалыптастыру. Айырмашылық, ұқсастықтарын өзара ажырату.
Сабақтың түрі: Дәріс
Сабақтың әдістері: Топтық жұмыс
Оқыту технологиясы: Проблемалық оқыту технологиясы, ойға шабуыл жасау технологиясы.
Сабақтың жабдықтары: Слайдтар, тест тапсырмалары, үлестірмелі тапсырмалар, флипчарттар, сөзжұмбақ.
Оқытудың техникалық құралдары: Дербес компьютер, интерактивті тақта.
Пәнаралық байланыс: Философия, педагогика, анатомия.
Негізгі әдебиеттер:
1.Қ.С.Жұмасова «Психология», Астана, 2006
2.Сәбет Бап-Баба. «Психология»
Қосымша әдебиеттер:
1. Р.С.Немов «Психология» Книга 1, Москва Владос 2003
2. Б.Ц.Бадмаев «Методика преподавания психологии, Москва Владос 2004
3. Под редакцией А.А.Крылова, С.А.Маничева. Практикум по общей, экспериментальной и прикладной психологии. 2-е издание. Москва 2006
Сабақтың жоспары:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
ІІ. Үй жұмысын тексеру.
ІІІ. Жаңа тақырыпты түсіндіру.
ІV. Жаңа тақырыпты бекіту.
V. Қорытындылау, бағалау.
VІ. Рефлексия.
VІІ. Үйге тапсырма
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
Оқушылармен амандасу, оларды түгендеу, сабаққа дайындығына, киім киістеріне көңіл аудару.
ІІ. Үй жұмысын тексеру.
1-тапсырма
Мына мысалдардан түйсінудің қандай заңдылықтарын аңғаруға болады?
а) ұзақ уақыт бойы әсер еткен жағымсыз иісті сезу тоқталады:
ә) қолды суық суға батырып тітіркендірген соң, 30 градус С температураға көтерсек, ол қалыпты жағдайдағы адам температурасынан төмен болса да, жылы сезіледі;
б) тәтті дәмнің әсерінен адамның қызғылт-сары түсті ажырату түйсігі төмендейді.
2-тапсырма
Келтірілген мысалдардан түйсіктің пайда болғанын сипаттайтын белгілерді іріктеп алып, өз жауабыңызды дәлелдеңіз.
а) Төрт жасар Зәуре күнтізбедегі «3» санын көрсетіп: «Мұнда «Зәуре» деп жазылған дейді.
ә) Тәрбиеші Маратқа түрлі-түсті заттарды, бояу ерітінділерін көрсетіп, соңынан көк түсті көрсетіп, сол түсті табуын талап етеді.
б) Балалар ойын барысында алдындағы лотоның ішінен тәрбиеші көрсеткен заттың суретін тауып көрсетуі керек.
в) Бақшадағы сабақ кезінде балаларға түрлі-түсті, көлемі бірдей 5 сылдырмақ ойыншық беріледі, бірақ сылдыры әр түрлі. Балаға біреуін сылдырлатып естіртіп, дауысы тура сондай ойыншықтарды тапқызу керек.
г) Бақшада сурет сабағы өтіп жатқан сәтте, кенет терезеден жеңіл машинаның шұғыл бұрылған дыбысы естілді. Балалар салып отырған суретін тоқтатып, терезеге қарады.
3-тапсырма
Мына келтірілген мысалдарда сезгіштік қабілеті қандай себептерге байланысты болатынын анықтаңыз.
а) Арнайы мамандық иесі 2-3 түсті ғана ажыратса, қара мата өндіріп маманданған тоқымашы қара түстің 40-тан аса түрін ажырата алады.
ә) Музыкамен үнемі шұғылданатын адамдардың сан-алуан дыбысты ажыратқыш, аса сезгіш келетіндігінің себебі неліктен?
б) Дегустаторлардың дәм түйсінуі ерекше жетілген.
1. Тест тапсырмаларын орындау. №1 (Компьютерде орындау).
ІІІ. Жаңа тақырыпты түсіндіру.
Жаңа сабақтың тақырыбы мен мақсатын таныстыру.
Жаңа тақырыпқа уәждеме: ...Түйсік пен қабылдау неғұрлым нәзік болған сайын, адамның рухани мәдениетін сипаттайтын эмоциялық диапазоны кеңейе түспек.
В.А.Сухомлинский
Осы сөздің мағынасын қалай түсінеміз?
Қабылдау
1. Қабылдау туралы жалпы ұғым
2. Қабылдаудың кейбір ерекшеліктері
3. Бақылау және қабылдауға тәрбиелеу.
«Оза тапсырмамен жұмыс»
1 оқушы алдын-ала берілген тапсырма бойынша материал жинап, хабарлама жасайды. Тақырыбы:
Бақылау және бақылампаздық.
Тірек конспект. (Оқушыларға жаңа тақырып бойынша терминдерді, ғылыми сөздердің мағынасын жаздыру.)
Жаңа тақырыпты бекіту. ( тапсырмалар мен тест)
Тест №2 (Компьютерде орындау).
Сергіту сәті. Әдістеме: Адамның бақылағыштығын анықтау.
Құралдар: Зерттелушіге сұрақтары бар парақ беріледі.
Зерттелушіге ереже: Мұқият сұрақтарды оқып шығып, сізге сәйкес келетінін домалақтаңыз.
Жұлдыздар мен бұлттарды бақылағанды ұнатамын.
Жиі өз бетімен ақырындап өлең айтып жүремін.
Жайлы емес моданы жақтырмаймын.
Үйге біреудің кіргенін жүрісінен танимын.
Сырт келбетіме көп көңіл бөлемін.
Массаж алғанды ұнатамын.
Бос уақытым болғанда, адамдарды бақылағанды ұнатамын.
Ескі әуенді естігенде есіме бұрыңғы яғни өткен түседі.
Тамақ ішіп отырып оқығанды ұнатамын.
Телефон арқылы сөйлескенді ұнатамын.
Тез толып кетемін.
Өзім оқығаннан гөрі, біреу оқып, соны тыңдағанды ұнатамын.
Фотаға көп түсіремін.
Кешке ыстық ванна қабылдағанды ұнатамын.
Жиі өзімен-өзім сөйлесемін.
Нәтиженің өңделуі:
-
Визуалды
|
Аудиалды
|
1,2,4,5,8,10,12,15.
|
3,6,7,9,11,13,14.
|
V. Қорытындылау, бағалау.
Оқушылар білімін бағалау. Алған бағаларын хабарлау.
Релаксациялық жаттығу.
«Менің жан-дүниемнің гүл бағы»
Мақсаты: Ғажайып баққа саяхат жасау арқылы дүниенің бірлігін, біртұтастығын, әр адамның қайталанбас тұлға екендігін сезінуін қамтамасыз ету, өзін бағалай білуге жетелеу, өзара түсіністік сезімін қалыптастыру.
VІ. Рефлексия.
- Сабақтан алған әсерлері
- Бүгінгі сабақ ұнады ма?
- Сабақтан түйген ойлары
- Қиындық келтірілген тапсырма
VІІ. Үйге тапсырма. Қ.С.Жұмасова «Психология» 161-178 бет.
Достарыңызбен бөлісу: |