Тақырыбы: Тарихты білу – парызым! Мақсаты



Дата27.02.2020
өлшемі29,05 Kb.
#58708
Тақырыбы: Тарихты білу – парызым!

Мақсаты:

Оқушылардың тарих пәнінен алған білімдерін толықтыру, өмірде қолдана білуі. Оқушылардың ой-өрісін кеңейту, ойлау, сөйлеу қабілетін дамыту. Оқушылардың тарих пәніне деген қызығушылығын арттыру.


Көрнекілігі: интерактивтік тақта, слайд.
Сайыстың барысы: Ұйымдастыру: Сәлемдесу.

Тарих түпкірінен сыр іздейміз,

Ғажайып, сырлы әлемге кіргендейміз.

Бабалардың жүріп өткен сансыз жолын,

Тарихтың әр бетінен көргендейміз.
Қымбатты ұстаздар,оқушылар,бүгінгі өткелі отырған «Тарихты білу-парызым!» атты топаралық сайысқа қош келдіңіздер!


Ойынның өтілу тәртібі:
1. Ойынға үш топ қатысады, әр топ жетекшісі сайланады.
2. Топ атауы, ұраны болады.
3. Әр топқа сайыс барысында тапсырмалар беріледі.
I айналым: «Таныстыру»
II айналым: «Бәйге»

ІІІ айналым:Ұяшық тандау «Ғажайып әлем»

ІҮ айналым: «Тұлғаны таны»
Ү айналым: «Сандар жырлайды»
ҮІ айналым: «Маңызды 9 сұрақ»
ҮІІ айналым: «Ақтық мәре»

Сайысымызды бастамас бұрын әділ қазылар алқасын сайлап алайық. Таныс болыңыздар:

  Аманбекова Аязкүл «Парасат» бірлестігінің жетекшісі

Утегенова Зина Математика пәнінің мұғалімі

Қазақстан Республикасы өркениетті ел болу үшін ең бастысы білім. Білімді болу жүйелі түрде үйренудің, оқығанды зердеге, миға тоқудың нәтижесі.
Ғылымның сырын ұғына,
Шығыңдар білім шыңына.
Ұқыптылық пен зеректік,
Жеткізер сіздей өренді
Білімнің нәрлі сырына.

Сайысқа келді әрбір топ,

Білімімен санасып.

Топ атымен таныстырсын,

Ұрандары жарасып-дегендей сайыстың 1-бөлім бойынша топ атымен таныстыру және топ аты мен ұранын қорғау.
I айналым: Таныстыру.
Шарты: Әр топ өзін таныстырып, ұрандарын айтады.

II айналым: Бәйге

Шарты:

Бәйгеге түсіп жарыспай,
Жүйріктің бағы жана ма?
Білім мен өнер жұптаспай,
Тәлім, тәрбие алар ма?
Бұл бәйге ойдың бәйгесі.
Кім жүйрік болса сол алда

Бұл кезеңде әрбір командаға 7 сұрақ оқылады. Дұрыс жауапқа 5-ұпай беріледі.
1 топ:

1. Абылай хан жерленген қала.(Түркістан)


2. Адамның шығу тегін жануарлармен байланыстыру. (тотемизм)

3. Ғалымдардың ең ежелгі адамды атауы. (епті адам)

4. Ғұндар бұйымының бетіне түрлі-түсті заттарды жапсыру стилі (полихромдық стиль)

5. Ақ Орданың әлсіреуіне қандай жағдай әсер етті? (Әмір Темір шапқыншылығы)

6. Жошы ұлысының жерінде құрылған алғашқы мемлекет? (Алтын Орда)

7. Шыңғысханның әкесі кім? (Бай ноян Есугей баһадүр)


2 топ:

1. Ежелгі Сібір тайпалары тілдерінде «қазақ» сөзінің мағынасы (мықты, берік, алып)


2. Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі болған жылдар. (1773-1775 ж.)

3. Жеке меншік қалыптасқан дәуір (қола)

4. Қазақ газетінде басылған «Тағы соғыс» мақаласының авторы: (Ә.Бөкейханов)

5. Исатай қаза тапқан шайқас? (Ақбұлақ)

6. Иран жазбаларындағы «сақ» сөзінің мағынасы (жүйрік атты турлар)

7. Ноғай Ордасының негізін қалаған кім? (Едіге)


3 топ:

1. «Алтын адам» табылған жер? (Есік қорғаны)


2. Моғолстанның орталығы? (Алмалық)

3. Дінбасылар мен әскербасыларына берілген жер иелігі қалай аталды? Вакфтық жерлер

4. Керей мен Жәнібек бастаған қазақтарды қолдаған Моғолстан ханы (Есенбұға)

5. Кіші жүзді Ресейдің қол астына алу ұсынысын қабылдаған патша (Анна Иоанновна)

6. Жібек жолының басы басталатын аймақ (Қытай, Хуанхэ)

7. 751 жылы Атлах қаласының маңындағы шайқас кімдердің арасында болды? (Арабтар мен қытайлар)


ІІІ айналым: «Ғажайып әлем»

Шарты: бұл кезеңде 3 тақырып берілген. Әр тақырыпта 10 нан 40 қа дейінгі сандар жазылған. Әр ұяшықтың астында тақырыптарға сәйкес сұрақтар жапсырылған. Таңдаған ұяшықтар бойынша ұпай алады.

1. Есімдер сыр шертеді


2. Ұлы тұлғалар
3. Тарихи терминдер

1. Есімдер сыр шертеді.
10 ұпай. Монғол империясының негізін салушы Шыңғыс хан туылған кезде берілген есімі: Темучин
20 ұпай. Шоқан Уәлихановтың шын есімі: Мұхаммед — Қанафия
30 ұпай. Қабанбай батырдың шын есімі: Ерасыл
40 ұпай. Әйтеке бидің шын есімі: Айтық

2. Ұлы тұлғалар.
10 ұпай. Парсы патшасы Кирдің сақ жауынгерлеріне қарсы жорықтарына қарсы күресінде қол бастаған сақ патшасының ұлы. (Спаргапис Томиристің ұлы)

20 ұпай. Бұл тарихи тұлға ұлтымыздың ағарту саласында көп еңбек еткен. Қазақ даласында бірінші болып қыздарға арнап мектеп ашқан ағартушы педагог, балалар әдебиетінің атасы. Ыбырай Алтынсарин.
30ұпай. 1103ж Сайрам қаласында туған. Әкесі Ибраһим атақты ғұлама болған. Алғаш әкесінен оқып, сауат ашып, кейінірек ислам дінінің шариғат-қағидаларын үйренген. Бұқара қаласында Юсуф Хамаданиннен діни білім алған, сопылық білімді насихаттаушы. (Қ. А. Яссауи)
40 ұпай. Туған-өлген жылы белгісіз. Туған қаласының да орны белгісіз. Халық көзінің тірі кезінде-ақ «ақындардың ақыны, даналардың көшбасшысы» деп баға берген ғұлама. (Ахмет Иүгнеки)
3. Тарихи терминдер
10 ұпай. Бабалар құрметіне қабір басына қойылатын мүсін тас (Балбал)

20 ұпай. Шыңғысханның заң ережелері мен қаулы-қарарларының жиынтығы. (Жасақ)

30 ұпай. Монғол тектес қидандардың атауы. (қарақытайлар)

40 ұпай. ҚР-ның жаңа Конституциясы қай жылы қабылданды. (1995 ж. 30 тамыз)
ІҮ айналым: Тұлғаны таны


Шарты: көрсетілген фотосуреттегі тұлғаның өмірбаянына тоқталу. Топпен ақылдаса отырып, сұраққа жауап беру.Ұяшықта тарихи тұлғалардың бейнесі жасырылған: Әр топ өздеріне ұнаған ұяшықты таңдайды . Дұрыс жауапқа 10-ұпай беріледі


Ұяшықтағы суреттер.
1 ұяшықта. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев

Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев (6 шілде 1940 жыл, Шамалған ауылы,Алматы облысы) — Қазақстанның мемлекет қайраткері, ғалым, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев 1940 жылы 6 шілдеде Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылында Әбіш пен Әлжанның отбасысында дүниеге келген. Оған әке-шешесі Нұрсұлтан деп ат қойды.Сәбиге ат таңдаудың өзі жатқан бір хикаяға айналды. Тойға жиналған ағайын-туыс түрлі есімдерді тұс-тұстан айтып жатты. Ең ақырында жаңа туған ұлдың әжесі Мырзабала мынадай ұсыныс білдірді: «Менің сүйікті немерем екі бірдей есімді алып жүрсін. Оның аты Нұрсұлтан болсын».Әлемдегі барлық әжелер секілді Мырзабала да немересінің азамат болып қалыптасуына ерекше еңбек сіңірді.

2 ұяшықта.Әл Фараби 870 ж. Арыс өзенінің Сырдарияға келіп құятын жағасына орналасқан Фараб қаласында дүниеге келген. Толық аты-жөні әл Фараби Әбу Насыр Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан, яғни әкесінің аты — Ұзлағ, ал арғы атасының аты — Тархан.

Әл Фарабиді неміс шығыстанушылары ұлы, бірегей тұлға деп атап көрсетеді. Ғалым-энциклопедист, ғұламаның көзі тірі кезінде-ақ Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған. Білімін Бағдатта, Халебте (Алеппода) алған. Оны жаратылыстану ғылымы, астрономия, логика, музыка теориясы, математика, этика, медицина, психология, құқық қызықтырды. Білімнің әр түрлі салаларын қамтитын 160 трактат жазған. Ол 950жылы 80 жасында Шам шаһарында қайтыс болады. Ол жалпы теориялық ойлар әлемін жасап, өзіндік философиялық тұжырымдама ұсынды. Оның бұл көзқарастары қоғамдық пікірлерімен белгілі бір қақтығыстарға да ұшырады. Фараби өз шығармаларында араб, парсы, грек, үнді, түрік мәдениетінің жетістіктерін талдап, жақындастыра білді.



3 ұяшықта. Геродот

Геродот – ежелгі дәуірдегі грек тарихшысы, «тарихтың атасы» деп танылған жиһанкез. Ол шамамен біздің заманымыздан бұрынғы 484 – 425 жылдары өмір сүрген. Батыстың Геродот Кіші Азиядағы Каликарнас қаласында дүниеге келіп, жас кезінде әміршілерге қарсы топта болғаны үшін елінен қуылған. Біраз уақыт Самос аралында тұрып, көп жерлерді аралаған, Қара теңізге дейін жеткен деген мәлімет бар.

Геродот көрген, естіген, оқыған материалдарын жинақтап, артына «Тарих» атты үлкен еңбек қалдырды. Кейіннен александриялық ғалымдар оның еңбегін тоғыз музаға сәйкестендіріп, тоғыз кітапқа бөлген. Геродот алғашқы төрт кітабында Лидия, Мидия мемлекеттері, Ахемен әулеті жөнінде жазып, олардың Мысырға, Вавилонға, сақтарға қарсы жорықтарына тоқталады. Қалған бес кітабы грек-парсы соғысына (біздің заманымыздан бұрынғы 500 – 449) арналған. Онда халықтардың тарихымен қатар этнографиясы, діні, әдебиеті, мемлекеттердің ішкі-сыртқы саясаты, экономикасы берілген. Шығарманың төртінші кітабында парсы патшасы Дарийдің сақтарға қарсы жорығы баяндалған. Онда сақтар елі жөнінде аса құнды мәліметтер ұшырасады. Қолжазбаларының ішінде бізге жеткен Флоренция нұсқасы ағылшын, орыс, т.б. тілдерге аударылған.

4 ұяшықта. Әйтеке би

Әйтеке Байбекұлы (1644 -1700 жж.) — қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері.Әлім тайпасының төртқара руынан шыққан. Әмір-Темірдің бас кеңесшісі Ораз қажының бесінші ұрпағы. Бүкіл парсы, өзбек, қырғыз, қазақ жұрты «Синесоф буа»(жаны пәк жан) атаған Сейітқұл әулиенің үшінші ұрпағы. Әбілқайыр ханға дейін Кіші жүздің сөзін ұстаған қазақтың биі. Есім хан тұсында Самарқанды билеген Жалаңтөс батырдың жақын туысы. Әйтеке бес жасында молдадан оқып сауатын ашқан.


Ү айналым: Сандар жырлайды.


Ойынның шарты: Дорбаның ішінде сандар тұрады, бір санды дорбадан суырып алады, берілген сұраққа дұрыс жауап берілсе 10 ұпай беріледі.



1. Қазақ даласынан Египет мемлекетіне құлдыққа сатылған Мәмлүк елінің төртінші сұлтаны кім? (Бейбарыс)
2. С.Датұлы бастаған көтеріліс неше жылға созылды? (14)
3. Шыңғысханнан кейін орнына кім отырды? (үшінші ұлы Үгедей)
4. Тың және тыңайған жерлерді игеру туралы шешім қай жылы қабылданды? (1954ж)
5. ХІІІ ғасырда қыпшақтардың сүттен қалай май алатынын, құртты, қымызды қалай жасайтынын таңдана жазғандар? (Еуропа саяхатшылары)
6. Ұйғырлар мен дүнгендер қоныс аударған аймақ? (Жетісу)
7. Алтын Орданы құрушы монғол ханы (Батый)
8. 17 жасында хан болған кім? (Әбілхайыр)
9. Ақ Орданың орталығы қай қала? (Сығанақ)
10. Ф.И.Голощекин ұсынған идея («Кіші Қазан»)
11. Моғолстан мемлекеті қай ұлыстың орнына құрылды? (Шағатай)
12. Тасқа түсірілген суретті хат (Пиктография)
ҮІ айналым: Маңызды «9 сұрақ»
Шарты: Бұл сайыста әр сайыскер сан таңдайды, артында пән аттары, және сол пәнге байланысты сұрақтар жасырылған. Дұрыс жауапқа 10 ұпай беріледі.
1. Математика: Әл — Фараби 870ж. туылып, 950 ж. қайтыс болды. Ол қазір неше жаста болар еді, неше жыл өмір сүрді. (1147 жаста болар еді, 80 жыл өмір сүрді.)
2. Қазақ тілі: Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қандай? Ол Конституцияның нешінші бабымен бекітілген? Конституцияның деген сөз қай септікте тұр? (Қазақ тілі; 7 бабымен; Ілік септігінде)
3. География: Қазақстан территориясының көлемі дүние жүзі бойынша нешінші орын алады? Онда неше облыс бар? (9 орын; 14 облыс)
4. Биология: Қазақстандағы қорықтар саны қанша? Оларды ата? (10 қорық жұмыс істейді, Ақсу Жабағалы, Наурызым, Алматы, Барсакелмес, Қорғалжың, Марқакөл, Үстірт, Батыс Алтай, Алакөл, Қартау қорықтары.)

5. Әдебиет: Абай Құнанбаев кім? Оның жазушылығы мен қатар қандай қырын білесіңдер? Еңбектерін ата? (Ұлы ақын; Аудармашы;)


6. Тарих: 552-554 жылдары билік құрған Түрік қағаны (Мұқан).

7. Музыка. Бөкей ордасының Жиделі деген жерінде дүниеге келген, сазгер, аспаптық музыканың классигі, аса көрнекті күйші кім? Еңбектерін ата: (Құрманғазы Сағырбайұлы, «Ақсақ киік», «Қайран шешем», «Адай» т. б)


8. Спорт әлемі: Афины олимпиадасында алтын медальға ие болған кім? Және спорттың қай түрінен? (Бақтияр Артаев, бокстан)
9. Құқық: Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қашан қабылданды және ол неше бап неше бөлімнен тұрады? (1995жылы 30 тамызда, 98 бап 9 бөлім)

ҮІІ айналым: «Ақтық мәре»

Сайысымыздың соңғы кезеңі ақтық мәреге келіп жеткен ойыншыларымыздың ұпай сандарын білсек. Сайысымыздың шарты: Бұл кезеңде әр топқа жеке тапсырма беріледі. Әр жауапқа 5 ұпайдан қойылады. Мұғалім қойған сұраққа қатысушы мақалмен жауап береді. Мысалы: жыланды інінен қалай шығарамыз. Жылы – жылы сөйлесең жылан інінен шығады.



1-ші топқа қойылатын сұрақтар:

  1. Қар жана ма? (қалауын тапсаң қар жанады)

  2. Тастың жеңілі бола ма? (керек тастың ауырлығы жоқ)

  3. Инемен құдық қазуға бола ма? (Білім инемен құдық қазғандай)

  4. Киіз қазық жерге кіре ме? (тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді)

  5. Аппақ қарға бола ма? (қарға баласын аппағым дер)

  6. Қой мен қасқыр ойлана ма? (қойдың ойлағаны – амандық, қасқырдың ойлағаны арамдық)

2-ші топқа қойылатын сұрақтар:

  1. Жігітті шал деген жөн бе? (жаман жігіт жасында шал болады)

  2. Ең тәтті не? (ананың сүті тәтті, баланың тілі тәтті)

  3. Адамның қай мүшесі қорқақ? (көз қорқақ, қол батыр)

  4. Етікті қонышынан басып киюге бола ма? (қолыңнан келсе қонышынан бас)

  5. Кімнен кім жаман? (Олақтан салақ жаман)

  6. Шашу мен жинаудың қайсысы оңай? (шашу оңай, жинау қиын)

3-ші топқа қойылатын сұрақтар:

  1. Тауық түс көре ме? (тауықтың түсіне тары кіреді)

  2. Үлкен көз, үлкен сөз бола ма? (қорқақтың көзі үлкен, ақымақтың сөзі үлкен)

  3. Ер неше рет, қорқақ неше рет өледі? (ер бір рет, қорқақ мың рет өледі)

  4. Көрдім, көрмедім деген неше сөз? (көрдім деген көп сөз, көрмедім деген бір сөз)

  5. Отан неден ыстық? (Отан оттан да ыстық)

  6. Отқа түсіп күймеуге бола ма? (отан үшін отқа түс, күймейсің)

Ойынның шешуші сәті, әділ — қазы алқалары сөз кезегі өздеріңізде.


Осымен бұл қызықты тамамдайық,
Бұл жайды айтамыз ба жаман болсақ.
Үйрендік білмегенді осы жолы,
Тағы да үйренеміз аман болсақ.


Құрметті ұстаздар, оқушылар бүгінгі көріп тамашалаған «Тарихты білу –парызым!» атты сайыс сабағымыз өз мәресіне жетті. Қош сау болыңыздар!

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет