1.1. «Құзырет», «Құзыреттілік» ұғымдарының психологиялық-педагогикалық тұрғыда зерттелуі.
«Құзыреттілік», «құзырет» ұғымдарына берілген анықтамаларға және теориялық негіздеріне жүгінетін болсақ, «Құзырет» тұлғаның таным мен тәжірибе аясындағы мәселелерге байланысты білімді меңгеру деңгейі немесе адамның белгілі бір іс-әрекет саласындағы білімі мен тәжірибесі деп айтамыз. Кейбір еңбектерде құзырет шындықты сүйгіш, әділеттілікті жақтағыш, турашыл» және «жеткілікті билігі бар тұлға» деп анықтама берілген. Кеңестік энциклопедиялық сөздікте «құзырет (лат. тіл сompete – қол жеткіземін, сәйкес келемін) – 1. заң, жарғы немесе нақты орган немесе лауазымдық тұлғаға берген өкілеттілік шеңбері. 2. Белгілі бір саладағы білім, тәжірибе деп анықталса, Ғ.Ғ.Мұсабаевтың орысша-қазақша сөздігінде «компетенция» ұғымын «хабардарлық» және «заң саласының термині ретінде «міндет, қызмет бабы» деп берілген . Демек, құзырет ұғымы өткен ғасырдың ортасынан бастап белгілі бір салада білімі бар, өзінің білімімен немесе өкілеттігімен бірдеңе істеуге, шешуге құқығы бар деген түсінікке ие болған. Құзыреттілік ұғымы тұлғаның сапалық көрсеткіші ретінде алдына қойған міндетін нәтижелі шешуге, сауатты түрде пікірін, ойын, бағасын бере білуге мүмкіндік беретін білім мен біліктілікті меңгеруі. Құзырет құзыреттіліктің одан әрі дамуы мен қалыптасуына негіз болатын сапа түрінде қарастырылады.
Энциклопедиялық сөздіктерге жасалған талдау көрсеткендей, құзыреттілік феноменінің мәндік ерекшелігін түсінуде индивидтің, субъектінің біліктілігі, қайсыбір тапсырманы орындауға деген қабілеттілік деп түсіндіріледі. Сонымен қатар «құзыреттілік» ұғымдары психологиялық, педагогикалық сөздіктерде түрліше түсіндіріледі. Онда өзіне деген сенімділік, дәрменсіздік сезімінің жоқтығы, алға қойған мақсаттарға жету жолындағы қиындықтарға назар аударуы, өздігімен оқуға дайындығы және қабілеттілігі, табандылығы, шешім қабылдай алу қабілеті, қиын мәселелерді шешуге дайындығы, жеке жауапкершілігі сияқты ұғымдар қамтылған. Жоғарыдағы сөздіктердегі түсініктемелерді негізге ала отырып, мынадай тұжырымға келеміз: құзыреттілік 1) белгілі бір деңгейдегі күрделі тапсырмалар мен мәселелердің шешімін табуда тұлғаның білім, білік және тәжірибесінің сәйкес келуі; 2) нақты міндеттерді орындауда өздігімен және жауапкершілікпен әрекет етуге мүмкіндік беретін қабілеттілік пен біліктілігі;
3) жинақталған білім, біліктерін өзекті ете білу қабілеті мен оны өзінің өмірлік жағдайында қолдана білуі. Сонда құзыреттілік – оқушының әрекет тәсілдерін жан-жақты игеруінен көрінетін білім нәтижесі. Құзыреттіліктің мәні зерттеу мәселесінде қолданылатын тұғырларға байланысты да өзгеріп отырады. Аксиологиялық тұғыр бойынша бірінші орында құзыреттілікті тұлғалық сапа, қабілеттілік т.б. деп түсіндіреді. Іс-әрекеттік тұғыр бойынша белгілі бір әрекет түрлерін жүзеге асыруда тұлғаның өздігімен орындай алу мүмкіндіктерін қамтамасыз етуде құзыреттіліктің біліктілік жиынтығы секілді қырларын бірінші орынға шығаруға мүмкіндік береді. Жүйелілік тұғыр бойынша кешенді меңгерілген білім, білік, дағдыларға негізделген білік және қабілеттіліктерді талдау, белгілі міндеттерді шешуге сәйкес келетін құзыреттіліктің лайықты жүйелі қырларын білдіреді.
«Құзыреттілік» ұғымы психология ғылымында қандай да бір салада топтың, тұлғаның жетістігі мен табыстылығы ретінде қарастырылады. Л.Хьелл, Д.Зиглердің анықтамасы бойынша, құзыреттілік – бұл психологиялық сапа ретінде тұлғаның адамға қоршаған ортамен өзара әрекеттестікке түсуде өзінің қабілетін мойындайтын, өзінің сезімінен бастап өзіндік табыстылығын және пайдалылығын, сенімділігі мен күш-жігерін білдіреді. Бұл ұғымның жалпы мағынасын істің мән-жайын түсініп әрекет етуі деп түсінуге болады. М.Кэрст бұдан да нақтырақ анықтама беріп, оның бес түрлі тәсілін бөліп көрсете келе, тұлғаның мәселені шешуге сәйкестігі, тұлғалық қасиеттердің және қабілетінің жиынтығы деп тұжырымдаған. Психология ғылымында «құзыреттілік» ұғымына қатысты нақты қалыптасқан іс-әрекетті жүзеге асыруда білім, білік, дағдының жиынтығын қамтиды (А.Н.Журавльев, Н.Ф.Талызина, Р.К.Шакурова және т.б.) деп түсіндіріледі. Олай болса, психология ғылымында «құзыреттілік» танымдық, пәндік-практикалық және жеке өзіндік тәжірибелер жиынтығы ретінде анықталған. Жас ерекшелігіне қарай балалардың құзыреттілігі өткен кезеңдегі психикалық деңгейіне, мәдени-тарихи, этникалық және әлеуметтік-экономикалық формалардың әсер ету дәрежесіне тікелей байланысты болады. Осылайша, бастауыш сынып оқушыларының психологиялық ерекшелігі коммуникативтік құзыреттілікті қалыптастыру мүмкіндігімен анықталады. Білім беруді жаңарту негіздерінің бірі ретінде құзыреттілік тұрғыдан келуді жақтаушылар күтілетін нәтижелер тұжырымдамасын ұсынуда. Бұл тұрғыдағы көзқарасты Б.Д.Эльконин «құзыреттілік» ұғымы тек танымдық (когнитивтік) және технологиялық құраушы ғана емес әрі мотивациялық, әлеуметтік және мінез-құлықтың, яғни оқыту нәтижелерін (білім, білік, дағды), құндылық бағдар жүйелерін қамтиды деген. Психологиялық көзқарастарды қорыта келе, әлеуметтік-мәдени ортада қалыптасқан құзыреттілік білім және мінез-құлық нормасы, оларға қатынасы, білімін тәжірибеде жүзеге асыра алу біліктілігі деп түйіндейміз.
ХХ ғасырдың 80-ші жылдары құзіреттілікті қалыптастыруға функционалды тәсіл теориясы құрылды. Бәрінен бұрын ол кәсіптік-техникалық білім беру саласына тоқталды. Функционалды тәсіл теориясы Дж.Хедж, Р.Курц, Д. Бертрам, К. Вудрафл, С.Уиддет және С. Холлифорд есімдерімен байланысты. «Құзыреттілік» ұғымы педагогика ғылымында, соңғы уақытта сан түрлі түсіндіріліп келеді. С.Е.Шишов, И.Агаповтың ғылыми зерттеулерінде «құзыреттілік» ұғымдары жеке тұлғаның білімі мен тәжірибесі, іс-әрекетке даярлығы және жалпы қабілеттілігі, тұлғаның оқу-танымдық үдеріске өздігімен қатысуы және оның еңбек әрекетінің нәтижеге бағытталуы ретінде анықталса, А.В.Хуторскойдің пікірінше, құзыреттілік жеке тұлғаның өзара байланысты сапаларының үйлесімін кұрайды. В.Н.Шамовтың айтуынша, құзыреттілік ақиқаттың аясындағы білім, білік, тәжірибе, саналы бағдар жиынтығы. Бірқатар еңбектерде оны кәсіби еңбек нәтижелігін анықтайтын білім мен біліктіліктің жиынтығы, кәсіби және жалпы мәдени көрсеткіштердің бірлігі тұрғысынан қарастырған. И.А.Зимняяның көрсетуінше, білім алу нәтижесінде тұрақталған, білім мен тәжірибеге негізделген жеке тұлғаның әрекет жасауға дайындығы және осыған орай, жалпы қабілеттері – оның құзыреттілігі. А.Ф.Присяжная педагогика ғылымында құзыреттілік - тұлғаның белгілі бір сферадағы функциялары мен уәкілеттігін анықтайтын, оның интегративті қасиеті ретінде қарастылатындығын айтады. Жалпы алғанда, «құзыреттілік» ұғымы жайлы ғалым К.Құдайбергенова «Құзыреттілік ұғымы - соңғы жылдары педагогика саласында тұлғаның субьектілік тәжірибесіне ерекше көңіл аудару нәтижесінде ендіріліп отырған ұғым. Құзыреттіліктің латын тілінен аудармасы «competens» белгілі сала бойынша жан – жақты хабардар, білгір деген мағынаны қамти отырып, қандай да бір сұрақтар төңірегінде беделді түрде шешім шығара алады дегенді білдіреді» деп көрсетеді.
Бұл жайлы Б.Тұрғынбаева «…өзінің практикалық әрекеті арқылы алған білімдерін өз өмірлік мәселелерін шешуде қолдана алуын – құзырлылықтар деп атаймыз» деп анықтаса, Ресей ғалымы Н. Кузьминаның көзқарасы бойынша, «Құзырлылық дегеніміз – педагогтің басқа бір адамның дамуына негіз бола алатын білімділігі мен абыройлылығы». Ш.Таубаева: «Құзыреттілік–ол тұлғаның оқыту мен әлеуметтену процестері барысында меңгерген білім мен тәжірибеге негізделген, оның жалпы қабілеті мен іс-әрекетке даярлығы ретінде айқындалатын, тұлғаның кіріктірілген қасиеті» -деп қарастырылады.
Сонымен, білім беруде кәсіби құзырлы маман иесіне жеткен деп мамандығы бойынша өз пәнін жетік білетін, оқушының шығармашылығы мен дарындылығына жағдай жасай алатын, тұлғалық-ізгілік бағыттылығы жоғары, педагогикалық шеберлік пен өзінің іс-қимылын жүйелілікпен атқаруға қабілетті, оқытудың жаңа технологияларын толық меңгерген, отандық, шетелдік тәжірибелерді шығармашылықпен қолдана білетін кәсіби маман педагогті атаймыз.
Елімізде М.А.Ғалымжанова болашақ мұғалімдердің ақпараттық құзыреттілігін дамытудың педагогикалық шарттарын жүйелей келе, құзыреттілік – бұл күнделікті өмірдің нақты жағдайларында пайда болатын проблемалар мен міндеттерді тиімді түрде шешуге мүмкіндік беретін қабілеттілік деп тұжырымдаған. Г.Қ.Айқынбаева өзінің зерттеу жұмысын 12 жылдық мектепке өту мәселесінің педагогикалық-психологиялық ерекшеліктерін анықтауға арнай отырып, оның нәтижесі ретінде құзыреттілікті оқыту нәтижесін өзгермелі жағдайда меңгерген білім, дағдыны тәжірибеде қолдана алу, мәселені шеше білу, оқушылар дайындығы сапасының құрылымдық сипатын анықтайтын жаңа сапа деп бағалады.
Достарыңызбен бөлісу: |