Жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерін жасау жолымен жәбірленушіге тәндік немесе психикалық азаптаулар жасауды қинау деп түсіну қажет және осының барысында ҚК 106 және 107 баптарында көзделген салдар орын алмауы тиіс. Жәбірленушінің жапа шегуі немесе оның қиналуы туралы сұрақтарды тергеу немесе сот өздері шешеді, яғни сот-дәрігерлік сараптаманың қарауына бермейді.
Адамның жеке басына тиіспеушілікті, азаматтардың денсаулығын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар қылмыстың объектісі болып табылады.
Жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзгедей күш қолдану әрекеттерін жасау жолдары арқылы жәбірленушіні тәндік немесе психикалық жапа шектірулер қылмыстың объективтік жағын құрайды. Осының барысында жәбірленушінің денсаулығына ҚК 108-бабында көзделген жеңіл зиян келуі мүмкін, бірақ ҚК 106, 107 баптарында көзделген салдар берілген қылмыс құрамымен қамтылмайды. Аталған қылмысты жасау барысында жәбірленушінің денесіне денсаулыққа жеңіл зиян келтіру белгілері болып табылмайтын қызарған, көгерген, тырналған дақтар салынуы мүмкін.
Ұрып-соғулардың жүйелі түрде, яғни үш немесе одан да көп рет жасалуы қинаудың міндетті белгісі болып табылады.
Тиісті Ережеге сай солардың нәтижесінде денсаулыққа зиян келуі мүмкін әрекеттер қинау немесе азаптау болып саналады. Жарақаттардың орын алуын, олардың сипаты мен оқшаулануын; олардың салынған мерзімін; оларды салудың құралын, механизмі мен тәсілдерін сарапшы анықтайды.
Қинау бұл – бірнеше рет немесе жүйелі түрде тән азабын тарттырумен сипатты болатын шымшылау, тілу, доғал және үшкір заттармен, күйдіру немесе өзге де осыған ұқсас әрекеттермен көптеген болмашы жарақаттар салумен байланысты әрекеттер.
Азап тарту – жәбірленушінің қинаудан ұзаққа созылған және бейнетті жапа шегуі. Тәндік әсер етулерді қолданбай, адами қасиеттерін жүйелі түрде кемсіту жолымен психикалық жапа шектірулер қинау ретінде қарастырылмайды.
Қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады, яғни кінәлі тұлға жәбірленушіні жүйелі түрде ұрып-соғатындығын немесе өзге де күш қолдану әрекеттерін жасайтындығын сезінеді.
Қылмыстың субъектісі 16-жасқа толған, есі дұрыс, жеке адам.
Егер қинау төменде көрсетілген белгілерге ие болатын болса, онда бұлар қылмыстың ауырлатылған құрамын құрайды:
1) көрінеу кәмелетке толмаған немесе кінәлі адамға дәрменсіз күйде екені көрнеу белгілі не кінәлі адамға материалдық немесе өзгедей тәуелді адамға, сол сияқты ұрланған не кепіл ретінде қолға түсірілген адамға қатысты;
2) екі немесе одан да көп адамға қатысты;
3) кінәлі адамға жүктілік жағдайда екені көрінеу белгілі әйелге қатысты;
4) азаптауды қолдану арқылы;
5) жалдау бойынша;
6) әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни өшпенділік немесе араздық уәжі бойынша жасалған.
Жоғарыда атап көрсетілген жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар қарастырылып отырған қылмыстың қоғамдық қауіптілігін арттырады және соған сәйкесті түрде қылмыстық жауаптылық пен жазаны да ауырлатады. Мәселен, ҚК 110 б. екінші бөлігі үшін үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, яғни қылмыс ауыр қылмыстар санатына жатқызылады.
Жәбірленушінің материалдық немесе өзгедей тәуелділігі оның кінәлі адамның толықтай немесе жарым-жартылай асырауында (көп жағдайларда кәмелетке толмағандар) не күтіп-бағуында болуы, яғни жәбірленушінің материалдық жағдайының кінәлі адамға тәуелділігі. Өзгедей тәуелділік әртүрлі жағдайларға байланысты орын алуы мүмкін: бастық – қарауындағы қызметкер, жаттықтырушы – спортшы, жұбайы, балалары – ата-анасы және т.с.с. Сонымен бірге, берілген баптың екінші бөлігінің «1» тармағына ұрланған немесе кепіл ретінде қолға түсірілген адамға қатысты қинау, яғни жәбірленушіге тәндік немесе психикалық азаптаулар көрсету жатқызылады. Егер қинау үшін кінәлі танылған тұлға адамды ұрлаудың немесе кепілге алудың орындаушысы болса, онда оның әрекеттерін қылмыстардың жиынтығы бойынша саралау қажет.
Азаптауларды қолдану арқылы қинаудың барысында, кінәлі адам жәбірленушіге тәндік немесе психикалық жапа шектірудің кезінде адам ағзасына әсер етудің шектен шыққан мейірімсіз тәсілдерін қолданады және осының нәтижесінде қатты ауырсыну және тәндік немесе өнегелік азап тартулар орын алады. Осының барысында жәбірленушінің азап шегуін тереңдете түсу үшін әртүрлі құралдар және қарулар (электр тоғы, қатты қыздырылған темір, сүйектерін сындыру, ине тығу т.б.) қолданылуы да мүмкін.
Ұзақ уақыттар бойына жәбірленушіні азықсыз, сусыз, жылусыз немесе оны денсаулығы мен өмірі үшін зиянды жағдайларда ұстау әрекеттерін де қинауға жатқызған дұрыс.
Жоғарыда көрсетілген белгілердің бірқатарына біз осыған дейін де арнайы тоқталған болатынбыз.