3 Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру (ҚР ҚК 107 б.)
Қылмыстың тікелей объектісі адамның денсаулығы болып табылады.
Қылмыстың объективтік жағы қоғамға қауіпті іс-әрекетпен (әрекет немесе әрекетсіздік); денсаулықтың ұзақ уақытқа бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілеттілігінің үштен бірінен кем шамада тұрақты жоғалтуға әкеп соққан, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіру түріндегі салдармен; қылмыстық іс-әрекет және айтылған қылмыстық салдардың арасындағы себепті байланыспен сипатталады.
Денсаулыққа келтірілген орташа ауырлықтағы зиянның түсінігі Денсаулыққа зиян келтіруді сот-дәрігерлік бағалау Ережелерінде анықталған. Аталған ережеге сәйкес денсаулыққа орташа зиян мынадай белгілер бойынша айқындалады: денсаулықтың 3-аптадан (21 күннен астам) артық мерзімге бұзылуы; жалпы еңбек қабілеттілігін 10-нан 33%-дейін айтарлықтай тұрақты түрде жоғалту. Денсаулыққа келтірілген зиянды орташа ауырлықтағы зиян деп тану үшін соңғы көрсетілген екі белгінің біреуі болса да міндетті түрде анықталуы тиіс: 21 күннен артық уақытқа денсаулыққа ұзақ бұзылуы немесе жалпы еңбек қабілеттілігінің 10-нан 30%-дейінгі шамада айтарлықтай тұрақты бұзылуы.
Ауырлығы орташа зияндарға әдетте мыналарды жатқызамыз: бір құлағының естімей қалуы; қолдың немесе аяқ саусақтарының, ұсақ сүйектерінің, бір-екі қабырғасының сынуы және т.б.
Қылмыстың субъективтік жағы - кінәнің қасақаналық нысаны. Кінәлі тұлға өзінің қоғамға қауіпті іс-әрекеттерінің нәтижесінде басқа адамның денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келетіндігін сезінеді, қоғамдық қауіпті салдардың орын алуының мүмкін екендігін көре біледі және олардың орын алуын тілейді (тікелей қасақаналық) немесе оларға саналы түрде жол береді не оларға немқұрайлы қарайды (жанама қасақаналық).
Қылмыстық іс-әрекеттің мотивтері мен мақсаттары әртүрлі болуы мүмкін. Олардың кейбірлеулері денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтірудің сараланған құрамына жатқызылады.
ҚК 107-бабының 2-бөлігі мынадай жағдайларда орын алған денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіру үшін жауаптылықты бекітеді:
1) екі немесе одан да көп адамға қатысты;
2) адамның қызметтік жұмысын жүзеге асыруына немесе кәсіптік нмесе қоғамдық борышын орындауына байланысты осы адамға немесе оның жақындарына;
3) аса қатыгездікпен, сол сияқты кінәлі адамға дәрменсіз күйде екені көрінеу белгілі адамға қатысты;
4) алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы, қылмыстық топ жасаған;
5) бұзақылық ниетпен;
6) әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни өшпенділік немесе араздық уәжі бойынша;
7) бірнеше рет;
8) көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған.
Осы аталған ауырлатушы белгілердің мазмұнын біз ҚК 99 және 106 баптарында көзделген қылмыстардың құрамын талдау барысында айтқан болатынбыз. Сондықтан ҚК 107 бабы 2-бөлігінің жекелеген тармақтарын талдаумен ғана шектелген дұрыс деп есептейміз.
Бұзақылық ниетпен денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіруді саралау үшін, кінәлі тұлғаның ҚК 293-бабында көзделген қылмысты жасуы міндетті емес. Бұл жерде ең бастысы – басқа адамның денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірудің бұзақылықпен ниетпен жасалғандығын анықтау қажет. Егер кінәлі адам 1) ҚК 107-бабында қаралған қылмысты екі немесе одан да көп рет жасаған жағдайда; 2) егер ол бұрын ҚК 106-бабында көзделген қылмысты жасаған болса; 3) егер ол осыған дейін ҚК 99-бабында қарастырылған қылмысты жасаған болса денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіру бірнеше рет жасалған деп танылуы тиіс.
Кінәлі адамның ойы денсаулыққа ауыр зиян келтіруге бағытталып, алайда қоғамға қауіпті салдар кінәлінің еркінен тыс орын алмай қалған жағдайларда денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіруді саралау кезінде құқық қорғау органдары қиындықтарға тап болады. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіруді денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруден ажырату осы қылмыстарға кінәлі адамның ниетінің бағытталуына сәйкес жүргізілуі тиіс.
ҚК 107-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстың субъектісі 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке адам, ал 2-бөлігі бойынша қылмыстық жауаптылық 14-жастан басталады.