1 Денсаулыққа қарсы қылмыстардың жалпы сипаттамасы (ҚР ҚК 106-114 бб.)
ҚР Конституциясы (29 б.) әрбір адамның денсаулығының қорғалуына кепілдік береді. Денсаулыққа қарсы қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылықтың бекітілуін осы аталған конституциялық ережені жүзеге асырудың бір нысаны ретінде атап көрсетуге болады. Денсаулыққа қарсы қылмыстардың қатарына денсаулыққа зиян келтірудің әрқилы түрлерін, сондай-ақ ұрып-соғу және қинауды жатқызуға болады. Денсаулыққа қарсы қылмыстар үшін жауаптылық ҚР ҚК 106-114 баптарында бекітілген.
Денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлық дәрежесін анықтауда және оларды бірегейлеуде «Денсаулыққа келтірілген зиянды сот-дәрігерлік бағалау Ережелері» айтарлықтай маңызға ие болады. Осы айтылған ережелерге сәйкес адамның денсаулығына келтірілген зиян ауыр, орташаауырлықтағы және жеңіл деп үш дәрежеге бөлінеді.
Келтірілген зиянның қауіпті салдары немесе өмір үшін қауіптілігінің болуы немесе болмауы денсаулыққа зиян келтірудің үш түрін ажырату үшін басты негіз болып табылады. Жалпы немесе кәсіби еңбек қабілеттілігін жоғалтудың дәрежесі айтарлықтай маңызға ие болады. Адамның бетінің қалпына келтірілместей болып бұзылуы барысындағы денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлығын анықтау кезінде эстетикалық негіздер де қолданылуы мүмкін.
Адамның өзінің денсаулығына өзінің қол сұғуы өздігінен қылмыстық жазалауға жатпайды. Кейбір жағдайларда кінәлі тұлға өзінің денсаулығына зиян келтіру арқылы өзге объектіге қол сұғуы да мүмкін, осындай іс-әрекеттер (ҚР ҚК 428 б.3-бөлігінде, 443 б. 1-бөлігі) өзге қылмыс құрамдарының белгісі болып табылады.
Жәбірленушінің өзінің денсаулығына зиян келтіруге келісім беруі, жалпы ереже бойынша, іс-әрекеттің қылмыстылығын жоққа шығаратын мән-жай ретінде қарастырылмайды. Алайда емдеу процедураларын жүргізу барысында денсаулық үшін тәуекел етуге ерікті түрде келісім беру, осындай келісімді берген тұлғаның денсаулығына зиян келтірудің құқыққа қайшылығын теріске шығарады.
Адам денсаулығының қауіпсіздігін, яғни өзге адамның ағзасының белгілі бір физиологиялық жәй-күйін және оның қалыпты қызмет атқаруын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар, денсаулыққа қарсы қылмыстардың объектісі болып табылады. Қылмыстық кодекс кез келген адамның денсаулығын оның дүниеге келген сәтінен бастап, жас шамасына немесе денсаулығының жағдайына тәуелсіз түрде, өмірінің табиғи түрде аяқталуына дейін қорғауға алады.
Аталған қылмыстардың объективтік жағы өзге адамның денсаулығына құқыққа қайшы зиян келтіруден, сондай-ақ ұрып-соғу және қинаудан тұрады. Кінәлі адамның әрекеттері мен орын алған қоғамдық қауіпті салдардың арасында себепті байланыстың болуы, ҚК аталған баптарында көзделген қылмыс құрамдарының басым көпшілігінің міндетті белгісі болып табылады.
Кінәлінің әрекеттері адамның денсаулығына әсер етудің әрқилы жолдары арқылы жасалуы мүмкін, олардың қандай тәсілдер болуы мүмкін екендігіне біз адам өлтірудің объективтік жағы туралы айтқан кезде әңгіме еткен болатынбыз. Басты айырмашылық, адам өлтірудің барысында жәбірленушіге қаза келтірілетін болса, денсаулыққа қарсы қылмыстардың барысында жәбірленушінің денсаулығына әртүрлі дәрежедегі зиян келтіріледі. Қарастырылып отырған қылмыс құрамдарының көпшілігі материалдық құрамдарға жатқызылады, яғни кінәлінің қылмыстық іс-әрекеттерінің нәтижесінде басқа адамның денсаулығына зиян келген жағдайларда қылмыс аяқталған деп танылады. Денсаулыққа зиян келтіру дегеніміз – бұл құқыққа қайшы, айыпты жасалған басқа адамның денсаулығына зиян келтіру, оның денесінің анатомиялық тұтастығын немесе әлдеқандай тінінің не тұтастай алғандағы ағзасының қалыпты қызмет атқаруын бұзу болып табылады.
Басқа адамның денсаулығына құқыққа сай қажетті қорғаныс, аса қажеттілік, қылмыс жасаған адамды ұстау кезінде зиян келтіру қылмыс деп танылмайды. Әлдеқандай спорттық жарыстардың кезінде оларды жүргізу ережелерін бұзбай денсаулыққа зиян келтіруді, кәсіптік тәуекелге теңестірілетін спорттық жарақаттарды денсаулыққа зиян келтірудің ерекше санатына жатқызамыз. Денсаулыққа қасақана зиян келтіру егер ол тіпті жарыс барысында жасалған болса да қылмыстық жауаптылыққа тартылудан босатпайды. Мысалы, Кубаның қылмыстық заңнамасында спорттық қылмыстарға жеке бап бөлінген
Спорттың рұқсат етілген түрлері бойынша жарыстардың кезінде ережені бұзып, денсаулыққа қасақана зиян келтірген жағдайларда қылмыстық жауаптылық жалпы негіздер бойынша туындайды; егер жарақат салу әдейі емес, бірақ спорттық ережелерді бұзу нәтижесінде салынған болса, онда қылмыстық жауаптылық абайсыздық бойынша пайда болады; егер зиян әдейі келтірілмесе және спорттық жарыстар ережесі бұзылмаған болса, онда қылмыстық жауаптылық қарастырылмаған. Спорттық жарыс ержелерінің бұзылуымен келіскен төреші кубаның заңнамасы бойынша бірігіп қатысушы деп танылады.
Денсаулыққа зиян келтірудің субъективтік жағы кінәнің қасақаналық (ҚР ҚК 106-113 бб.), сондай-ақ абайсыздық (114 б.) нысандарымен сипатталады. Кінәлі адам оның қоғамға қауіпті әрекеттерінің нәтижесінде басқа адамның денсаулығына зиян келетінін сезінеді, қоғамға қауіпті салдардың орын алуының мүмкіндігін немесе олардың орын алмай қоймайтындығын болжай біледі және оны тілейді (тікелей қасақаналық) немесе оларға саналы түрде жол береді немесе оларға немқұрайды қарайды (жанама қасақаналық).
Денсаулыққа қарсы қылмыстарда кінәнің абайсыздық нысаны қылмыстық менмендік немесе қылмыстық немқұрайлылық түрлерінде көрініс табады. Егер адам өз әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) қоғамға қауіпті зардаптар туғызу мүмкіндігін алдын ала болжап білген болса, бірақ бұған жеткілікті негіздерсіз жеңілтектікпен бұл зардаптары болдырмауға болады деп есептеген болса, қылмыстық құқық бұзушылық менмендікпен жасалған деп танылады.
Тұлға өз әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) қоғамға қауіпті зардаптар туғызу мүмкіндігін алдын ала болжап білмеген болса, дегенмен тиісті ұқыптылық пен сақтық танытқанда, осы зардаптарды алдын ала болжап білуге тиіс және біле алатын болғанда құқық бұзушылық немқұрайлылықпен жасалған деп танылады.