3. Информатика ғылымының негізгі мәселелері, зерттеу объектісі
Адамның өзінің іс-әрекетінде ақпарат жиымдарын пайдалануы жылдан жылға көбейіп
келеді. Мысалы, егер 1940 жылдан 1950 жылға дейін ақпарат көлемі, шамамен 10 жылда
екі есе көбейсе, қазіргі кезде осындай екі еселену 1-2 жылда болады. Ақпаратпен жұмыс
істегенде, оны сақтаудың, жіберудің, іздеудің, өңдеудің қолайлы және тиімді түрлерімен
байланысты көптеген мәселелерді шешуге тура келеді. Бұдан басқа, ақпараттың
құрылымын анықтаумен байланысты мәселелер де кездеседі. Сондай-ақ ақпараттың жалпы
қасиеттерін зерттеу керек. Мұның бәрімен информатика деп аталатын жаңа ғылым
шұғылданады.
Информатика - ақпарат алу, жіберу, өңдау, сақтау, ұсыну процестерін зерттеумен,
қоғам өмірінің барлық саласында ақпараттық техника мен технология жасау, ендіру және
тиімді пайдалану мәселелерін шешумен шұғылданатын ғылыми-техникалық іс-әрекет
саласы, ғылыми-техникалық прогрестің басты бағыттарының бірі.
Информатика – есептеу техникасы құралдарының көмегімен мәліметтерді қабылдау,
құру, сақтау, түрлендіру, өңдеу және жеткізу тәсілдерін жүйеге келтіретін жаңа техникалық
ғылыми пән.
Информатика:
- Ақпарат жинау, сақтау, жіберу, өңдеу және беру әдістері мен құралдарын
зерттеумен байланысты – техникалық;
- Ақпараттың мәнін сипаттау тәсілін анықтайтын, оның сипаттау тілдерін зертейтін –
семантикалық;
- Ақпаратты кодтау әдістерін сипаттайтын - прагматикалық;
- Ғылыми-ақпараттық іс-әрекеттің кейбір түрлерін, оның ішінде индекстеуді,
автоматты реферлеуді, машиналық аударманы формальдау және автоматтандыру
мәселелерін шешумен байланысты синтактикалық мәселелер топтарын зерттейді.
Информатиканың негізгі мәселесі – есептеу техникасының аппараттық және
программалық құралдармен жұмыс істеу тәсілдерін жүйелеу болып табылады. Бүгінгі таңда
информатиканың негізгі мәселелерінің құрамына келесі бағыттарды жатқызуға болады:
- Есептеу жүйелерінің архитектурасы (мәліметтерді автоматты түрде өңдеуге
арналған жүйелерді құрудың тәсілдері мен әдістері);
- Есептеу жүйелерінің интерфейсі (аппараттық және программалық жасақтаманы
басқару тәсілдері мен әдістері);
- Бағдарламалау (компьютерлік бағдарламаларды даярлау әдістері);
- Мәліметтерді түрлендіру;
- Ақпаратты қорғау;
- Автоматтандыру;
- Стандарттау (әр түрлі есептеу техникасы құралдарына сәйкес аппараттық және
программалық құралдар арасындағы, мәліметтердің берілу пішімі арасындағы
үйлесімділікті қамтамасыз ету).
Достарыңызбен бөлісу: |