Латын әліпбиіне ауысу – біздің ұлттық санамыздың отарсыздануының бір жолы. Бір ғана мысал, еліміздің латын әрпіндегі транскрипциясын Kazakhstan деп емес
Латын әліпбиіне ауысу – біздің ұлттық санамыздың отарсыздануының бір жолы. Бір ғана мысал, еліміздің латын әрпіндегі транскрипциясын Kazakhstan деп емес, Qazaqstan деп жазған болар едік. Латын жазуын қабылдағанда қол жетер нәтижеміз әрқайсымызға байланысты және бұл уақыт еншісінде.
Болашақта латын әліпбиіне көшкенде 26 әріппен көшсек қана біз тілімізді өзінің үндесімді заңы негізінде сақтап қала аламыз. Ал 42 әріпті ауыстыра салу, «бір адым алға, екі артқа жүру» дегенге алып барары сөзсіз. Зияткерлік ұлтты қалыптастыруда латын әліпбиіне тек осылай ғана көшу ғана өзінің игі нәтижесін берері сөзсіз. Басында латын әліпбиіне 26 әріп бойынша көшу мынадай қиындықтар туғызатыны анық:
1) өз қазағымыздың өзі бір күнде «сауатсыз» болып қалатындай жағдай туындайды;
2) басқа ұлттардың түсінбестігі туатыны анық;
3) орфографиялық нормалар тұтасымен өзгеретіні барлық халыққа қиындық туғызады;
4) қаражат жұмсалады;
5) жер-су атауларын қайта жазу мәселесі дау-дамай тудырады;
6) бұрынғы тарихымыз, мәдениетіміздің мол мұрасы, кітаптар болашақ ұрпаққа түсініксіз болып қалуы ықтимал.
Дегенмен де латын әліпбиіне 26 әріп бойынша көшсек қазақтың болашақ таза қазақтық ұлтын қалыптастыратынымыз айдан анық. Латын әліпбиіне осылай көшсек мынадай жақсылықтарға жетеміз:
1) қазақ тілінің басты үш дыбыстық заңы, атап айтқанда, буын үндестік заңы, дыбыс үндестік заңы, ерін үндестік заңы бұзылудан сақталады;
2) акцент пайда болып, дұрыс интонация нығая бастайды;
3) кірме лексика, терминдер сөздер үндестік заңдарына бағынады, мәселен: стартер – сартер. 4) бірінші кластан бастап балалардың басын ауыртып келе жатқан, емлетануда қиындық туғызып жүрген, қазақ сөздерінде ешқашан дыбысталмайтын және болмайтын басы артық 16 әріптен құтыламыз.
5) сөйлеу мәдениеті көтеріліп, орфоэпиялық нормалар орфографиялық нормаларды ығыстыра бастайды, соның негізінде зияткерлік ұлт негізі қалыптаса бастайды.
6) латын әліпбиін меңгеру ақпараттық кеңістікке шығуды жеңілдетеді, яғни ғаламтор жүйесін халқымызға ана тілінде меңгеруге жол ашады.
7) басқа елде тұратын қандастарымызға өз тілінде ақпарат алуды жеңілдетеді.
Латын әліпбиін меңгеру қиынға түспейтіні анық, себебі бүгінде ұялы байланыстағы хабарламалардың көпшілігі осы графикамен жазылуда.
Қазір еліміздің қазақ қоғамы таза қазақ, шала қазақ және қазақтықтан ада қазақ деген үш қабаттан тұратын белгілі. Егер, латынға 26 әріппен көшсек қана таза қазақ қабатын зияткерлік деңгейге көтере аламыз. Қазір бізде зияткерлік делініп жүргендер шала қазақ қабатындағы адамдардан тұратын жасырын емес.
Бұлар туралы Әлекең былай деп жазады: «Қазіргі орыс айтылымындағы «Ұлттық жобаның» негізінде жазып көрсетіп («федерацияны-ны п [p]-мен жазамыз ба?» деп жерден жеті қоян тапқандай күлкіге қарқ болып, мазақ қып жүрген орыстілді ағайындарымыз таға бар. Олар ұлттық әліпби ұлт сөздерін жазуға арналған деген зарымызға құлақ аспаса амал қанша». Өз ана тілінің дыбыстау заңын бұзып сөйлейтін адамнан, яғни өз тілін сыйламайтын, орыс не ағылшын тілінде емін-еркін сайрайтын адамнан өз ұлтын шынайы сүю шығады дегенге сене қою қиын. Зияткерлік ұлт сапына кіремін деген адам ең алдымен өз ана тілін сүю керек, себебі өз ана тілін сүйген адамнан ғана өз елі мен өз ұлтын сүю туса керек. Латын әліпбиіне көшу қазақ тілінде бұрын болмаған реформа болса да одан қорқуды қоятын уақыт жеткені айқын. Әзірбайжан, Өзбекстанда әліпби ауыстыру, оған түпкілікті көшу әлі жүріп жатқанын есепке алсақ, Қазақ елі латын қарпіне көшуді биылдан бастағаны абзал болар. Оның үстіне, бұл ірі реформа болғандықтан, Әлекең өте дұрыс көрсеткен «сауат ашу» кезеңі де біраз уақытымызды алып кетері хақ. Мақалада өте дұрыс көтерілген мәселе – латынға көшу тілдік реформаның бастапқы кезеңі болуы тиіс екендігі. Бұл реформа Әлекең айтқандай, үш мәселені – дыбыс, әліпби және еміле-ережені бірдей қамтуы керек.
Жалпы әлемдік елдермен бәсекеге түсуде елімізге керек басты қарудың бірі – латын әліпбиіне негізделген қазақ жазуы болса керек. Әлемдегі басқа ұлттармен бәсекеге түсуде қазақ ұлтына қажетті нәрсе жалпы зияткерлік мен әлемдік деңгейдегі білім. Ал бұларға бастар қадам жақын уақытта латын әліпбиіне көшу деп есептеймін.
«Тіл – тірі құбылыс. Ол да кәдімгі тірі ағза секілді жаратылады, дамиды, тарайды. Егер қамқорлық болмаса, ол өзінің иммунитетін жоғалтады», – дейді Жетісу мемлекеттік университеті қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, латын әліпбиіне өту жөніндегі сарапшы топтың төрайымы Айна Рахимова. Тілші-маманның айтуынша, латын әліпбиіне өту – тіліміздің фонологиялық, лексикологиялық және терминологиялық жағынан дамуына бірден-бір кепіл бола алады. Айна Рахимова, Жетісу мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі: – Тілдің өзі арқылы адамның дыбыстық ойды қолданудағы энергиясын үнемдеуі сияқты үдерістер бар. Сол жағынан біз ұтамыз. Және ең бастысы өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді айқындайтын төл дыбыстарымызды анық, айқын түрде айта аламыз. Маманның бұл ойын белгілі саясаттанушы Дос Көшім де қолдап отыр. Солтүстік Қазақстан облысына арнайы барған саясаткер жергілікті жұртшылықпен кездесіп, осы сұрақ төңірегінде сөз қозғады. Оның пайымдауынша, латын графикасы қазақ тілін халықаралық дәрежеге көтермек. Дос Көшім, қоғам қайраткері: – Біздің әліпбиімізге өзгеріс енгізетін уақыт келді. Бұл шындығында да таза тілдік тұрғыдағы келген қажеттіліктен туып отыр. Біреулер орыс әлемінен қашу дейді, біреуі түрік әлеміне жақындау дейді. Менің ойымша, негізгі орынға шығып отырған біздің өзіміздің тілдік қажеттілік. Қолдану жағынан келетін болсақ, тілші есебінде мен ежелеп оқи аламын. Өйткені филология факультетінде оқыған уақыттан білемін. Және адамдардың оқып, үйреніп кетуіне өз басым ешқандай қиындық келтірмейтініне сенемін.