4. Реттеу қызметі. Бұрынғы Кеңес Одағында шыққан кітаптарда “мәдениетті ғылыми жолмен басқару” атты сөз тіркесі кең етек алған – ды. Бірақ адамның дүниеде өмір сүру тәсілі ретінде түсіндірілетін мәдениетті басқару мүмкін емес, әйтпегенде адамды тетікке, қуыршаққа айналдырған тоталитарлық айла – шарғы үлгілерін көреміз. Айталық, Ертедегі Грекияда ешқандай шенеуніктер адам басына театрлар неше билет сатты деген ақпараттар жинаған жоқ. Солай болса да ол елдегі жоғары мәдениеттің және рухани ізденістің қандай деңгейде болғаны бәрімізге белгілі. Алайда солай екен-ау деп мәдениетке сыртқы ықпал жасау мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз. Мәдениет –«жабулы қазан» емес. Мәдениеттегі реттеушілік әрекеттерінің өзіндік ерекшелігі бар. Мәдениетте күнделіктіден гөрі жоғарыға, идеалдыға, үлгіге көбірек көңіл бөлінеді. Мәдени ұғымдарда нормативтік, ережелік талаптар басымырақ. Мысалы, «мәдениетті адам» дегенде оның адамдық жан-жақты белгілерді бойына толығырақ, тереңірек дарытқандығын көрсетеді. Ол- білімі ғылым деңгейіне, киімі сол кезде көп тараған сәнге, мінез-құлқы осы қоғамның адамгершілік талаптарына сай адам.