Ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтары мен міндеттері. Ерлі-зайыптылар некеде тұрған кезде жинаған мүлік олардың бірлескен ортақ меншігі болып табылады. Ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған мүлкіне ерлі-зайыптылардың әрқайсының еңбек қызметінен, кәсіпкерлік қызметтен және санаткерлік қызмет нәтижелерінен тапқан табыстары, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкінен және ерлі-зайыптылардың әрқайсының бөлек мүлкінен түскен кірістер, олар алған зейнетақылар, жәрдемақылар, сондай – ақ арнаулы нысаналы мақсаты жоқ өзге да арнайы ақшалай төлемдер жатады. Сондай-ақ ерлі-зайыптылардың ортақ кірістерінің есебінен сатып алынған жылжымалы және жылжымайтын мүліктер, салымдар, бағалы қағаздар, жарналар, несие мекемелеріне немесе өзге де коммерциялық ұйымға салынған капиталдағы үлестер және ерлі – зайыптылар некеде тұрған кезінде тапқан басқа да кез келген мүлік, ол ерлі-зайыптылардың қайсысының атына сатып алынғанына, не ақша қаражаттарын ерлі-зайыптылардың қайсы салғанына қарамастан, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі болып табылады.