Саяси билік пен мемлекеттік билік.
Биліктің легитимдігі
Билік саяси және мемлекеттік болып екіге бөлінеді. Бұл мәселенің үлкен астары бар. Себебі, бұрынғы кеңестік дәуірде бұл ұғымдарды теңестіріп, бірыңғайлау саяси жүйенің барлық құрылымын мемлекеттендіруінің тәсілдемелік негізі болды.
Саяси билік таптық, топтық жеке адамның саясатта тұжырымдалған өз еркін жүргізу мүмкіндігін білдіреді. Ал мемлекеттің билікке барлық адамдарға міндетті заңдарды шығаруға жеке – дара құқығы бар заңдар мен ұйымдарды сақтау үшін ерекше күштеу аппаратына сүйенетін саяси биліктің түрі жатады. Бұдан біз саяси биліктің мағынасының мемлекеттік биліктен кең екендігін байқаймыз. Себебі, біріншіден, саяси билік адамзат тарихының барлық кезеңдерінде болған. Мысалы, алғашқы адамдық қауым кезінде ақсақалдар кеңесінің, веченің (Ежелгі Русьтегі азаматтар жиналысының түрі),вече соттарының және т. б. билігі болды. Екіншіден, саяси билік тек мемлекеттік аппарат арқылы ғана емес, сонымен бірге партиялар, кәсіподақтар, халықаралық ұйымдар (БҰҰ, НАТО және т. б. ) сияқты саяси жүйенің басқа элементтері арқылы да билігін жүргізеді. Үшіншіден, мемлекеттік билік, жоғарыда көрсетілгендей, ерекше күштеу аппаратына сүйенеді және оның билігіне қоғамның барлық мүшелері тегіс бағынады. Мемлекеттік билік саяси биліктің ең жоғары, ең толық, ең дамыған түрі, оның өзегі болып табылады.
Мемлекеттік биліктің заңдылығы оның легитимділігінен білінеді. Легитимдік (латын тілінде заңдылық, шындық деген мағынаны білдіреді) дегеніміз халықтың үстемдік етіп отырған саяси билікті мойындауы, оның заңдылығы мен шешімдерін растауы.
Демократиялық жағдайда мемлекеттік билік легитимді болуы үшін мынандай екі шарт қажет: 1) ол халықтың қалауы бойынша қалыптасуы және көпшіліктің еркіне қарай орындалуы керек. Яғни, мемлекеттік биліктің иесін тура немесе жанама түрде белгілі бір мезгілде халық сайлауы керек және оның жұмысын бақылап отыруға мүмкіндік болуы тиіс; 2) мемлекеттік билік конституциялық қағидаларға сәйкес жүзеге асырылуы керек.
Мемлекеттік құқықтық тәртіптің легитимдігінің ең биік дәрежесіне конституция жатады. 1995 жылғы 30 тамызда Республикалық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы саяси билікке нақтылы легитимдік берді. Онда Қазақстан Республикасын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп жариялады. Оның ең қымбат қазынасы – адам мен адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Мемлекеттік биліктің бірден – бір бастауы – халық. Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе – теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс – қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асырылады. республика президенті мемлекет басшысы, оның ең жоғарғы лауазымды тұлғасы болып табылады. Ол – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам мен адамзат құқықтары мен бостандықтарының рәмізі әрі кепілі. Парламент – заң шығарушы функциясын жүзеге асыратын республиканың ең жоғарғы өкілді органы. Сот билігі азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды жүзеге асыруға арналған. Конституциялық Кеңес республиканың бүкіл аумағында Қазақстан Республикасының Конституциясы үстінен қарауды қаматамасыз ететін мемлекеттік орган болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |