Фразеологиялану ұғымын тіл білімінде еркін тіркестің я сөйлемнің, олардың құрамындағы сыңарлардың семантикалық жақтан дамып, туынды, астарлы мағынаға ие болуы деп түсінеді. Сыңарлардың өзара мағыналық тәуелділігі арқасында бүтін сөз тіркесі я сөйлем жаңа репрезентациялық мағынаға, ауыс мағынаға ие болады. Фразеологизмдердің құрамындағы «фразеологиялық байлаулы мағыналы сөздерді» семантикалық жақтан дамыған, туынды мағынаға ие болған сөздер деп есептесе болады. Мысалы, кейбір сөздер өз мағынасын бірнеше сөзбен: «тоқ» сөзі «мойын» жене «мінез» сөздерімен, ал «суық» сөзі «жүз», «хабар» «қол», «тер» сөздерімен тіркесіп дамытқан. Фразеологизмнің тууының себебі болып табылатын фразеологиялану құбылысы нәтижесінде олардың сыңарларында да, сөз тіркесі я сөйлемнің өзінде де семантикалық өзгеріс болады да, оралым келтірінді мағынаға өтеді, сол мағынаның негізінде олар жалпыға бірдей белгілі фразеологизмге айналады. Олар (сөз тіркесі құрылымды және сөйлем құрылымды фразеологизмдер) өз қызметтерімен қатар, эмоционалды-экспрессивтік қызмет те атқаратын тілдік бірліктер. Мысалы: мал қолда, жан ұяда; өзің білме, білгеннің тілін алма; үлде мен бүлдеге оранып т.б. ұйқасқа құрыла отырып, стильдік те қызмет атқарады. Сол сияқты, ашуы жауған қардай, шөккен нардай; ақылы балқаш, ашуы дүлей; ит өлген жер, ит арқасы қиян, көз көрмес, құлақ естімес жер; аяқты аяғымен, шанақты шанағымен жалмады; түйені түгімен жұтты т.б. сияқты фразеологизмдердің әрқайсысының өз бояуы, өз сыры бар, бұл жағдай - фразеологизмдердің фунционалдық репрезентациясы.
Фразеологизмдер туынды мағынаның дамуы нәтижесінде қалыптасқандықтан, олардың мағынасы астарлы, бейнелі мағына түрінде қалыптасқан. Астарлы мағына әртүрлі ауыспалы мағына жасау тәсілдері негізінде туған. Мысалы, метафоралық фразеологизмдер: қызыл өңеш-даукес; су жұқпас-барып тұрған ала аяқ қу; оймақ ауыз-сүйкімді; қас жүзі қара – бетпақ, ұрысқақ т.б. Бұл фразеологизмдерде сөз-сыңарлардың мағынасының өзгеруі немесе тұтас оралым мағынасының туынды мағынаға өтуі метафора тәсілі арқылы қалыптасқан. Метафоралық ауысу фразеологизмдердің ішкі мазмұнынан анық көрінеді, мысалы: “қан ішер” дегенде, метафоралық тәсілде ауыс мағына салыстыру негізінде орын алған. Метонимиялық фразеологизмдер: көген көз; ақ саусақ; ақ жаулық; ірі қара; жас иіс; тік бақай; жуан жұдырық т.б. «Тік бақай» фразеологизмнің құрамындағы «бақай» сөзі адам ұғымын алмастырып тұрған метонимия. «Ақ жаулық» фразеологизміндегі «ақ» деген бірінші сыңары «әйелдердің ақ орамал тартатынын» білдіретін мағына берсе, екінші сыңары «жаулық» орамал тартып жүру әйелге тән болғандықтан, әйел я жұбай деген мағынада қолданылады. Мұны астарсыз ауыс мағынаға өту деп есептеуге болады.
Фразеологизмдерде семантикалық жақтан өзгеріске түсудің басқа формалары да кездеседі. Мысалы, құрамында көнерген сөздері бар фразеологизмдер: жеті атасынан қара көк; қара табан; күйсіз күлік; қара шаруа; отқа құяр; сасық бай т.б. Эллипсистік құбылыс негізінде туған фразеологизмдер: бармақ басты, көз қысты фразеологизмнің «бармақ басты» немесе «көз қысты» деп жеке-жеке бөліп қолдана беруге болады. Мысалы, «бұралқы сөз» фразеологизмі «бұралқы сөз күлмекке жақсы» деген фразеологизмінің эллипсистік қолданысы. Фразеологизмдердің образды, ауыспалы мағынасының қалыптасуының негізіне метафоралық ауыспалы мағына: «екі жүзді» (адам) тіркесінің мағынасы- «кісінің көзінше бір түрлі, сыртынан екінші түрлі сөйлейтін, опасыз» (адам); «салқын ойлы» фразеологизмнің «салқын» сыңары метафоралық мағынада қолданылған да, өз ойын таразылып, кесіп-пішіп айтатын адамға байланысты айтылады ; су жаңа, қыпша бел, ата жау, тас қараңғы, мидай дала т.б. сияқты адъектив фразеологизмдер бейнелі емес мағына негізінде фразеологизацияланған; . көнерген сөздер негізінде фразеологизацияланған фразеологизмдер, мысалы: құйысқаны берік, қыдыр дарыған, негізі жарымаған, өз аяғынан келген (әйел), хас мұсылман, кем несібелі т.б. Элипсистік фразеологизмдер: «Ай десе аузы бар, күн десе көзі бар» орнына «Ай десе-аузы», «Күн десе-көзі бар»; Фразеологизмдердің халық этимологиясы негізінде туып, мағына жағынан өзгеруі: мысалы, «пешенеден белгілі»- «пешенеден белгілі», «бес енеден белгілі» деген формалар халық аузында да, әдеби тілде де бірінің орнына бірі ауысып қолданыла береді. «Кішілігі болмаса, құдды түйе сияқты» дегенде «кішілігі болмаса, құдды соның өзі» деп ауыстырылып, астар, бейнелі өң беріп, бір жақсы я жаман адаммен салыстыру сөйлеуде кездесе береді. Компаративтік фразеологизмдер түгелдей образды, бейнелі салыстыру неізінде пайда болған, мысалы: өгіздей өңкиген, құмырсқадай құжынаған, аюдай ақырған т.б.
Вербал фразеологизмдердің де семантикалық жақтан дамып өзгеру формалары әртүрлі. Вербал фразеологизмдердің астарлы мағыналы түрлерінің көпшілігі метафоралық ауыс мағына негізінде фразеолгизацияланған. Мысалы, айрандай ұйып отыр; ақ сайтаны ұстады т.б.
Қазақ тіліндегі фразеологизмдердің толық семантикалық жақтан өзгеріске түсіп қалыптасқандарын олардың өзімен бірдей тұлғаланған, тура мағынада қолданылатын, жарыспалы тұлғасымен салыстыру арқылы көз жеткізуге болады. Мысалы, Алақанына салды: а) тура мағынада-алақанына шын мәнінде бір нәрсені, затты салу; ә) ауыспалы мағынада-әлпештеп өсірді, мәпелеп бағып-қақты. Көзіне топырақ шашты: а) тура мағынасы - көзіне топырақ шашу; ә) астарлы мағынасы - жамандық істеу; Жерге қарады: а) тура мағынасы - жер жаққа қарау; ә) ауыспалы мағынасы - ұятқа қалды. Мойнына арқан салды: а) тура мағынада - мойнына арқан салу; ә) ауыс мағынада – күштеп көндіру.
Метонимия тәсілі арқылы ауыс мағынаға өткен фразеологизмдер де молынан кездеседі: ақ иіліп сынбайды; қарайғанын құрбан етті; қабырғасымен кеңесті; қанаты сынып, қабырғасы сөгілді; қара басты; қара таныды т.б.
Бейнелі емес туынды мағына негіз болған фразеологизмдер қазақ тілінде молынан кездеседі. Олардың көпшілігіндегі бейнелі емес туынды мағынаның дамуы семантикалық жақтан өзгерудің басқа формаларымен қабаттасып келе береді. Мысалы, «қолын жылы суға малды» фразеологизмі бейнелі бағытта емес, жалпы «қамқорлық көрсетті» деген туынды мағынаға өткен. Ал «көзіне көк шыбын үймелетті» тіркесіндегі «көк шыбын» келе жатқан үлкен қауіптің бейнесі.
Бейнелі, образды фразеологизмдерге қарағанда образға құрылмаған туынды мағыналы фразеологизмдердің құрылымы тиянақты болып келеді. Олардың грамматикалық құрылымына немесе лексикалық құрылымына жасалған кез келген өзгерту олардың фразеологиялық тұрақтылығын жояды, мысалы: «аузын айға біледі» деген тіркесті «аузын тасқа біледі» деп өзгертуге, «ит басына іркіт төгілу» дегенді «ит басына іркіт төгіліп» деп өзгертуге болады, одан фразеологизмнің семантикасына нұқсан келмейді. Ал «сүйек жаңғырту», «сөз саптау» т.б. сияқты образды емес, бірақ туынды мағынаға ие фразеологизмдерді өзгертіп қолдануға болмайды
Образды бағытта дамымаған фразеологизмдердің құрамында көне сөздердің болуы олардың туынды мағыналарының образды емес дамудың нәтижесінде қалыптасқан туынды мағына екендігін дәлелдейді. Мысалы: кежегесі кейін тарту; келеге келу; көңілге азар беру; отқа май құю; өлі–тірісін беру; төсек жаңғырту т.б. Қазіргі қазақ тілінде құрамында көнерген элементтері бар вербал фразеологизмдер мол. Етістік фразеологизмдердің құрамында лексикалық және грамматикалық архаизмдер кездесе береді. Мысалы: а) лексикалық архаизмдер: кежегесі кейін тартты; жер-жебіріне жетті; тұлан түртті т.б. г) грамматикалық архаизмдер: қазіргі қазақ тілінің нормасы тұрғысынан фразеологизмдердің құрамында бірқатар грамматикалық архаизмдер кездеседі, мысалы, «обыр олжа үшін өледі, күншіл күндеумен бүледі» фразеологизмі тіліміздің қазіргі күнгі нормасына әбден сай келе тұра, «бүл» деген өлі лексемаға ерекше тәсілмен тіркескен. Әдетте, «Бүл» сөзі етіс жұрнақтарының бірі арқылы өзгереді (бүл-дір-е-ді, бүл-ін-е-ді т.б.). «Бүледі» формасы – көне форма. Фразеологизмдер жүйесінде эллипсис негіз болғандары да молынан кездеседі. Көптеген эллипсистік фразеологизмдерде мағына қайта өзгеріске түсіп отырғаны байқалады. Мысалы: айдағаны бес ешкі (айдағаны бес ешкі-ысқырығы жер жарады); барымен базар (барымен базар, жоқты қайдан қазар); жайылып жастық болу (жайылып жастық, иіліп төсек болу); ит үреді (ит үреді, керуен көшеді); құлындағы даусы шықты (құлындағы даусы құраққа жетті); тұлпардың тұяғы (тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғы); түйені түгімен (түйені түгімен, биені жүгімен жұтқан) т.б. ; халық этимологиясы негізінде мағыналық өзгеріске түскен тіркестері де кездеседі, мысалы: емесесі (емешегі, емешесі, еметайы) езілді; залал (зиян) жасады ; көзі бұлаудай (білеудей)болды т.б.
Образды, бейнелі коммуникативтік фразеологизмдердің негізіне де, тіл заңдарына сәйкес, метафоралық ауыс мағына қаланған. Мысалы: Сақалды құл жарытпас; сапты аяқтан ас құйып, сабынан қарауыл қарайды; Сөз етінен өтіп, сүйегіне жетті; Суға кеткен тал қармайды; Сілкініп жабағы тай бесті ат болар; Арық айтып, семіз шық; Есектің миын жегенсің бе? т.б. Жоғарыда келтірілген фразеологизмдердің әрқайсысынан адам ойында қорытылған образды бейнені түсінеміз, әртүрлі құбылыстардың образды бейнесін елестетеміз.
Образға құрылмаған мақал-мәтел емес фразеологизмдерге мынандай сөйлемдерді жатқызуға болады. Мысалы: Ораздының баласы он үшінде баспын дер; Өзін бірдеме түртіп жүр; Соқыр көргенінен жазбас; Сүрінгенге жығылған күледі; Сынықтан басқаның бәрі жұғады т.б. Бұл образды емес жолмен қалыптасқан мақал-мәтел емес фразеологизмдердің фразеологиялық қасиетін оларды өзімен омонимдес еркін сөйлемнен салыстырып анықтауға болады. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» сөйлемінің тура мағынасын фразеологизм ретіндегі «еліктегіш, әуестенгіш мінез» немесе «жаман әдетке үйір болу» деген ауыс мағынасымен салыстырудан шығатын қорытынды - фразеологизмнің мағынасы бейнелі емес мәнде дамыған. Бұл фразеологизмнің өзіне ғана тән, меншікті мағынасы бар және ол мағына образдылыққа құрылмаған. Демек, образға құрылмаған мақал-мәтел емес коммуникативтік фразеологизмдер екі ұдай, екі жақты құбылыс еместігін, яғни жеке сөзге балама еместігін, сөйлеммен немесе сөз тіркесімен арақатысты екендігін делелдейді. Сонымен қатар фразеологизмдердің екі жақты құбылыс еместігін олардың бірде образды мәнде, енді бірде образды емес мәнде мағынасын дамытқандығы дәлел бола алады. Бір фразеологизм бірден тура және ауыспалы мағына, сондай-ақ бірден образды ауыспалы және образға құрылмаған ауыспалы мағына бере алмайды.
Мақал-мәтел емес фразеологизмдердің образды емес ауыс мағыналы тобының тағы бір ерекшелігі – образды мағына негізінде қалыптасқан фразеологизмдерге қарағанда олар өте-мөте тұрақты құрылымымен сипатталады. Бұл фразеологизмдердің грамматикалық құрылымына жасалған кез келген өзгеріс олардың құрылымдық үйлесімділігін ғана емес, сонымен қатар мағынасын да бұзады. Мысалы, «Балақтағы бит басқа шықты» дегенді ешқандай өзгеріске түсіре алмайсың, өзгерткен жағдайда тек соңғы сыңар (етістік) нормаға сай ғана өзгереді. Олардың құрамындағы жеке сөздерді бастапқы негізгі мағыналарында түсінетін болсақ, оралым қарапайым сөйлем түрінде ұғынылады. Бұл фразеологизмдердің образды емес мәнде ауыс мағынаға ие болғандығын дәлелдейді.
Образды я образды емес негізде мағыналары өзгеріске түсіп фразеологизацияланған сөйлемдер, түйдек я тізбек болсын, олардың құрамындағы сөз-сыңарлар бүтіндей немесе жартылай семантикалық өзгеріске түскен, семантикалық дамудан өткен. Фразеологиялық «түйдектердің құрамындағы сөздер өзінің жеке тұрғандағы негізгі мағыналарынан айрылып қалады» деген пікір дұрыс емес, ол сөз-сыңарлар семантикалық даму барысында өзгеріске түсіп, туынды мағынада қолданылып, өз сипатын өзгертеді. Мысалы, «қабырғаңмен кеңес» деген фразеологизм метонимиялық ауыс мағына негізінде фразеологиялық мағынаға ие болған. «Қылышын сүйреп қыс келер» сөйлемі метафоралық тәсіл негізінде қалыптасқан, яғни мағынаның семантикалық жақтан дамып өзгеруін сөздердің семантикалық қасиетін жоюы, жоғалтуы деп түсінбеу керек. Жалпы теория бойынша жаңа сөз, ұғым тілде бар сөздердің, ұғымдардың негізінде туып орнығатындықтан, фразеологизмдердің құрамындағы сөздердің мағыналары да, тұтас фразеологизмнің мағынасы да семантикалық жақтан даму сатысынан өтеді, соның нәтижесінде фразеологиялық мағынаға ие болады. Ал фразеологиялық тізбектердегі кей сөз-сыңарлар семантикалық жақтан өзгеріске түсіп, қалған сыңарлары мағынасын өзгерткен сөздермен мағыналық байланысқа түседі де, тұтас тіркестің я сөйлемнің мағынасы фразеологиялық сипатқа ие болады. «Қырғи қабақ болды» деген тізбекте «қабақ» және «қырғи» сөздері мағыналарын дамытқан, адамдардың қабағына қарап-ақ бір-бірімен араз я араз емес екенін білуге болады, «қырғи» сөзі күшті қорқыныштан майда құстардан дүрлігуін, бей-берекетке түсуін білдірсе, «қабақ» сөзімен мағыналық байланысқа метафоралық тәсіл арқылы түсіп, «араз болу, ала көз болу» мағынасын қалыптастырған.
Мақал-мәтел коммуникативтік фразеологизмдер бастапқы өздерін туғызған жағдайлармен байланысын бірте-бірте жоғалтқан, ауыспалы-жалпылауыш мағынаға өткен және семантикалық тұрғыдан екі жақты тілдік құрылым ретінде қалыптасқан сөз тіркестерінің, сөйлемдердің негізінде туған. Мақал-мәтелдердің мағынасы қалайда сөйлемнің бастапқы мағынасымен жарыса отырып дамиды да, келе-келе астарлы мәнге өтеді. Мысалы, «Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында», «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» деген мақалдар тура мағынасымен қатар, ауыс мағынаға ие, ол мағыналар бір-бірімен астарласып, байланысып жатыр. «Адам аласы», яғни адамның жаман пиғылын, жағымсыз жақтарын сырт бітімінен көре, сезе алмайсыз. Демек, сөйлемнің фразеологиялық мағынасы «ала» сөзінің метафоралық ауыс мағынасының негізінде қалыптасқан. «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» сөйлеміндегі туынды мағына «біреуге ор қазу» бөлігінің семантикалық өзгерісінің жемісі, яғни «басқаға жамандық жасау» ұғымын береді. Ал «өзің түсесің» сыңары «ор» сөзімен байланысты туынды мағынасын дамытып, тұтас сөйлем «басқаға жамандық жасасаң, өзің де жамандықтан аулақ қалмайсың» дегенді білдіреді.
Мақал-мәтелдердің тұлғалық жақтан тұрақты болып келуі, көбіне, олардың семантикасының тұрақтылығында, қайсыбір тура мағынасында түсінілетін мақалдардың жеке меншікті мағынасы мызғымастай берік және оны басқаша түсіну мүмкін емес. Жалпы әрбір мақалдың мағынасында емеуірін, тұспал, әйтеуір бір уәж ұғынылады. «Азынаған айғырды үйірінде көр, адамсынған жігітті үйінде көр» мақалы мен «Айғырды неден салсаң, атты сонан мінерсің» мақалының астарлары бар, оны түсіну қиын емес. Ал «Атының сыры иесіне мәлім» мақалы тура мағынасында «атқа» байланысты айтыла береді, керісінше «адамға» байланысты айтылған кезде «ерінің сыры әйеліне, әйелінің сыры еріне» таныс мағынасында, белгілі бір жағымды я жағымсыз астармен айтыла береді.
Сонымен қатар, әрбір мақалды айтқанда «адам», «кісі» категориясына байланыстырып айтамыз, соларды сипаттауда қолданамыз. Мақалдардың тура мағынада ұғынылатындарының өзінде әйтеуір бір салыстыру, телу, теңестіру, шендестіру, астарға айналдыру білініп тұрады. «Қамшыға бүлдіргі, балаға үлгі керек» дегенде, халқымыз балаға жаман әдет, әдеп үйретпе деген мәнді қоса ұғындырады.
Тура мағына беретін мақалдар өз тарапынан астарлы мәнде де қолданылуы мүмкін. Мысалы, «Кісінің кісілігі, киімінде емес, білімінде» деген «ақымақтың да сәнді киінетіндігін» меңзеп тұр, әжуалап, ақымаққа да осы мақал айтыла береді. Мақал–мәтелдердің айтылу мақсатының өзі әйтеуір астарға бағытталғандығы байқалып тұрады. Шын мәнінде осы мақалдардың бәрі де «адамның ерсі мінез-құлқын, адамға жат іс-әрекетке барудың адамның кім екенін білдіретінін» айтып тұр. Жаманды көрмей жақсыны танымайсың. Әдеттің не екенін, әдепсізді көргенде ұғарсың. Ащының дәмін татпай, тәттіні білмейсің т.б. мақал-мәтелдері «көрмей, сезбей жақсыны жаманнан ажырата алмайсың» дегенді жеткізеді. Мақал-мәтелдер алдымен бағалаушы, бағалап сипаттаушы элементтерге жатады. Олар көбіне мәнмәтінде автордың негізгі ойын және шындыққа қатысын білдіру үшін қолданылады. Стильдік тұрығдан мақал-мәтелдер белгілі бір лингвистикалық сипатқа ие бірліктер. Мақал-мәтелдердің ерекше бір қасиетіне олардың бейтарап стильде қолданылмауын жатқызуға болады. Мақал-мәтел фразеологизмдер күнделікті өмірдің әртүрлі жақтарын ерекше астармен сипаттайды, адамдардың мінез-құлқына, іс-әрекетіне, қылығына, қарым-қатынасына тән ерекшеліктерін (көбінесе жағымсыз жақтарын) білдіреді, олардың басым көпшілігінде философиялық және әлеуметтік сипат болады, ол өнегеге, өсиетке, ақыл-кеңеске т.б. ізгі ниеттерге, мақсаттарға, уағызға негізделеді.
Фразеологизмдердің тілдік табиғатына тән қасиеттердің бірі – олардың мәнмәтін құрамындағы сөздермен, еркін сөз тіркестерімен және сөйлемдермен байланысқа түсу. Бұл байланыс, қарым-қатынас олардың бір-бірімен лексика-семантикалық, морфологиялық, синтаксистік қарым-қатынасында мәнге ие болады, яғни актуальданады. Фразеологизмнің жеке тұрғандағы тұлғасы, семантикасы оның құрамындағы сөздердің, олардың арасындағы ішкі фразеологиялық байланыстың негізінде белгілі болса, мәнмәтінде фразеологизмдер жан-жақты актуальданады, яғни фразеологизмдердің мәнмәтінге енуінің бастапқы тұлғасы оның қалыптасқан сөздік құрамы болып табылады да, сол құрам мәнмәтінмен қатынасында әртүрлі нормативтік өзгерістермен қолданылады. Мәнмәтіндегі фразеологизмдердің қоршауы бір сөзден бірнеше сөзге, сөйлемге дейін бола береді. Фразеологизмді қоршап, оны актуальдандырып тұратын сөздердің я сөйлемдердің аумағын кейбір ғалымдар «фразеологиялық контекст» деп атайды. Мақал-мәтел емес фразеологизмдер мен мақал-мәтел фразеологизмдердің қолданылуында айырмашылықтар мен ұқсастықтар бар. Бұлардың мәнмәтінде қолданыс функциясында фразеологиялық мағыналарының актуальдануына әсер ететін қоршау ортақ. Олар мәнмәтінде бір сөзбен де, бірнеше сөйлеммен де байланысқа түсе береді. Тіпті, кейде, коммуникативтік фразеологизмнің фразеологиялық мағынасы жандана, жан-жақты ашыла түсу үшін бірнеше сөйлемнен тұратын мәнмәтін қажет. Мәнмәтіннің аумағы, шегі қолданылған фразеологизмнің фразеологиялық мәнінің ашылу дәрежесін қамтиды.
Мақал-мәтел фразеологизмдердің жалпы мәні образды мазмұн арқылы сипатталады (мысалы, ит жоқта шошқа үреді қорада фразеологизмінің мағынасынан « кім болса сол, қажетті нәрсенің жоқ кезінде, мәнсіз нәрсенің белсенділік көрсететіндігі» түсініледі). Фразеологизмдердің жалпы мағынасының әйтеуір бір уәжі, дәлелдемесі болады, сол арқылы фразеологиялық мәні көрінеді. Мақал-мәтел емес фразеологизмдердің өзі де мәнмәтінде лексика-семантикалық және синтаксистік тұрғыдан фразеологиялық мәнде ұғынылады, яғни астарлы мәнінің дәлелдемелілігі, уәжділігі туынды мағынаға құрылады. Фразеологизмдердегі туынды мағына әрқашан астарлы мәнде болады. Мұны тесік моншақ жерде қалмас фразеологизмін онымен омонимдес еркін сөйлеммен салыстырып аңғаруға болады, олардың арасындағы семантикалық алшақтық бірден көзге түседі. Демеймін жалпақ жұртқа бірдей жағар. Жазған соң жерде қалмас тесік моншақ, Біреуден біреу алып, елге тарар (Абай). Бұл жерде әңгіме асыл заттың, оң жақта отырған әйел баласының әйтеуір бір орнын табатындығы немесе елеусіз қалмайтындығы туралы айтылған.
Мақал-мәтел емес фразеологизмдердің басым көпшілігі астарлы мағыналы болса, мақал-мәтел фразеологизмдердің тура мағынада қолданылатындары да бар, бірақ олардың көпшілігінде ішкі астар, бейнелеуіш мән болады. Қайсыбір мақал-мәтелді қолданушы оның ішкі астарын негізге алады. Қойшы көп болса, қой арам өледі фразеологизмін қолданғанда «қойшының көптігі» сөз болып тұрған жоқ, басшының, мұғалімнің, іс тапсырылған адамдардың және т.б. көптігі, ал «қой» сөзі жалпы тапсырылған нәрсенің, істің я т.б. қараусыз қалатындығы туралы астарда қолданылады. Жалпы қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердің арасынан тіпті болмағанда бір сөзі астарлы мағынада қолданылмағандарын кездестіру қиын. Мысалы, төмендегі мақал-мәтел фразеологизмдердің құрамындағы: а) Тырнақ шеше алмаған шиені тіл шешеді фразеологизмінің барлық сыңарлары ауыс мағыналы; ә) Ақылдының сөзі – ақ дарияның өзі фразеологизмінің бір сыңарлары тура мағыналы да, екіншілері ауыс мағынада; б) Ысқырған жылан шақпайды, үрген ит қаппайды, Қатты жауын тез ашылады фразеологизмдері табиғат құбылыстарын сипаттаумен қатар кісінің мінез-құлқын, іс-әрекетін қатар сипаттайды, «жауынның», «жыланның», «иттің» образы пайдаланылып, адам қасиеттерін бейнелеуге жұмсалады.
Мақал-мәтел емес фразеологизмдер мәнмәтін құрамындағы өзін қоршаған сөздермен морфологиялық байланысқа түспей-ақ, өз алдына жеке сөйлем ретінде қолданылып, жалпы мәнмәтін мағынасымен семантикалық байланысқа түседі. Мәнмәтінде жеке сөйлем ретінде қолданылғанда фразеологизмдер хабарлау қызметімен қатар, бірдемені атау белгісін де бойында сақтайды : Құрымаудың жалғыз жолы тек майдандасу ма? Жылы-жылы сөйлесе жылын інінен шығады. Сойыл ала жүгіргенше, жылы сөйлеп, марқұм Аққозы – бикенің атасымен де, балаларымен де тіл табуға болмай ма? (І.Е). Мұндай қолданыстарда фразеологизмдер алдында айтылып кеткен жағдайға жауап ретінде қызмет атқарады. Көп сөзді аз сөзбен жеткізу, айтылмай қалған ойды түйіндеп жеткізу мақсаты да көзделеді.
Фразеологизмдер құрмалс сөйлемнің бөлшегі ретінде де қолданылады. Жағдайдың суреттелуіне байланысты олар құрмалас сөйлемнің басыңқы да, бағыныңқы да сыңары қызметінде қолданылады, эллипсистік қолданыс түрінде де кездеседі. Мысалы: Оның үстіне болашақ – жер астынан жік шығып, екі құлағы тік шыққан Қоқанда емес, ежелгі көне Бұқар әмірлігінде тәрізді (І.Е). Бақ құсы қонып, ақ түйенің қарны жарылды. Бірақ адамның бағы көтерілген сайын, жауы да көбейеді (І.Е). Мүйіз сүраймын деп, құлағынан айырылған тоқал ешкідей Самарқантты жаулап алайын деп жүріп, Бұқарынан айырылды (І.Е). Эллипсистік қолданыс: - Ие, әңгіме бұзау емізер … дегендей, енді бітім-келісімге кіріскен жөн болар… (І.Е). Әрқайсысы өзін- өзі дөй санайтын, өзім дегенде өгіз қара күші бар әр рудың би, батырларын бір ханға бағындыру оңай болып па? (І.Е). Мәнмәтіндегі айтылмақ ойдың жағдайына қарай коммуникативтік фразеологизмдер эллипсистік өзгеріспен қолданылған.
Фразеологизмдер әрт үрлі экспрессивтік мағынаны жандандырады. Мысалы: Бастан құлақ садаға! Ия, Рабиу-Сұлтан-Бегім осылай өлуге тиіс ! (І.Е.). Бұл мәнмәтінде экспрессивті семантиканы фразеологизм көтеріп тұр. – Жәй әншейін, семсерімді тасқа салып дүзін сынап жатыр едім. - Қас болатты жау жүрегіне салып сынамас па ? – Оның да жөн (І.Е.). Сұраулы сөйлем ретінде қолданылғанда да фразеологизм экспрессивті-эмоциональды қызметте жұмсалады. Мысалы : Қоқан ханына жылына төлейтін жиырма мың күміс теңгені, өз пайдасына қалдырса, мұртын балта кесе ме? (І.Е.). Мақал-мақал емес фразеологизмдердің құрамындағы сөздердің орнына басқа лексема қолдану, мәнмәтінмен байланысатын сөздің морфологиялық жақтан өзгертіп-түрлендіруден олардың семантикасының экспрессивтік мәні артпаса, кемімейді. Мысалы : Битке өкпелеп тоныңды отқа салармысың. Қолыңды кесермісің. Кеден кеден болды, кедергі неден болды? – Уа, Жомарт батыр ! Ұсынған басты қылыш кеспес. Мен жеңдім демеймін, сен жеңілдің деме (С.См.). Фразеологизмдер құрамындағы «салма», «кеспейді» сыңарларының «салармысың», «кеспе» формаларында қолданылуы мәнмәтін мағынасына үйлесумен қатар, айтылмақ ойдың нақты шешімін талап етуді мақсат еткен кейіпкердің сөз қаруын орынды түйгенін бейнелейді. Мысалы, «Бөлтірікті қанша асырасаң да тоғайын аңсайды» деген осы деп бір сәтте Алтыншашты жазаламақ та болды (І.Е.). Фразеологизмінің «тоғайға қарап ұлуын қоймайды» сыңарын «аңсау» лексемасымен ауыстыру мағынаны аса астарландыра түскен, кім де болса өз ел-жұртын қатты сағынатындығы, оған жетуді аңсайтындығы астардан байқалып тұр. Мансапқор, ақылға бай емес бала жігітті осындай жағдайға жеткізіп ап, зұлымдығына найза бойламас уәзір, хан тапсырмасын орындауға кіріскен (І.Е.). Мұнда фразеологизмінің «ізет» сыңарының «зұлымдық» сөзімен ауыстырылуы фразеологиялық мағынаны сақтап қана қоймай, оның фразеологиялық мәнін тым күшейтіп, экспрессивті-эмоциялық бояуын арттыра түскен. Сондай-ақ, Құбыжықтан машайық қашқан, қолбасшыларының өзі атын кейін бұрғасын, жауынгерлері де соңынан ерді (І.Е.). Фразеологизмінің «пәле» сыңары «құбыжық» лексемасымен ауысқан, қарсыластың тым күштілігі градацияланып синониммен (пәле-құбыжық) берілген. Көпшілік мақал-мәтел емес фразеологизмдер мәнмәтінмен «де» етістігімен қолданылатындығына байланысты көп өзгеріске түсе бермейді. Мысалы : «Ер шекіспей бекіспейді» деген, шекістім – сен жеңдің деймін, - дейді ішінен Қоңырқұлжа (І.Е.). Фразеологизм мәнмәтінде, немесе сөйлем құрамында қолданылғанда «де» етістігінің онымен тіркес құрау қажеттілігі байқалып тұрады. Фразеологизмдердің құрамындағы өзгерістердің жасалуы да қалыпты нормаға сай адам санасында қалыптасып, репрезентацияланады да тұрақты сипатқа ие болады.
Достарыңызбен бөлісу: |