ИНТЕРБЕЛСЕНДІ ӘДІСТЕР АРҚЫЛЫ БІЛІМГЕРДІ ӨЗ БЕТІНШЕ
ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ ҮЙРЕТУ
Алиханова Г.Е., Сарыбекова Қ.Н.
Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ.
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында «Жоғары білімді дамытудың негізгі үрдісі мамандар даярлау сапасын арттыру, қарқынды ғылыми зерттеу қызметімен ықпалдастырылған инновациялық білімді дамыту, жоғары оқу орындары зерттеулерінің әлеуметтік сала мен экономиканың қажеттіліктерімен тығыз байланысы, білім беру және ақпараттық технологияларды жетілдіру болып табылады» деп атап көрсетілген. /1/ Сондықтан, қазіргі білім беру саласындағы басты мәселе- білім мазмұнына жаңалық енгізуді және жаңа әдістерді іздеуді, және оларды іске асыра алатын болашақ мамандарды даярлау қазіргі таңда ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Сонымен қатар, бұл міндеттерді шешу үшін білім ошақтарының, әр оқытушының күнделікті ізденісі арқылы барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге батыл жол ашарлық тәжірибеге, жаңа қарым-қатынасқа өту қажеттігі туындайды. Білім алушылардың өз бетімен жұмыс жасауларын арттыру мен шығармашылық қабілеттерін дамытуда жаңа педагогикалық техноглогияларды пайдалану мен оның тиімді әдістемесі өзекті мәселеге айналып отыр.
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, қазіргі кездегі әрбір маман иесі шет тілін жетік меңгеруі тиіс. Өйткені әлемдегі ғылым мен техниканың жедел дамуы жастардың алдына шет тілдерін еркін меңгеру мәселесін қойып отыр./2/ Қоғамдағы өзгерістерге байланысты бүгінгі білім беру жүйесінде оқытудың жаңа әдістеріне көшу қажеттілігі туып отырғаны белгілі. Оқу процесінде жаңа оқу технологияларын, яғни интернетті, дөңгелек үстел басындағы жарыс сөздерді, электронды оқулықтарды, проектік сабақтарды т.б. пайдаланудың дәстүрлі сабақтардан гөрі берері мол. Бұндай оқыту түрлері білімгерді шығармашылық, ізденіске дағдылануды, ұжымда жұмыс істеуді үйретеді. Білімгерлер дәстүрлі өткізілетін сабақтардан гөрі, оқытудың жаңа технологиясын пайдаланған сабақтарға көбірек қызығып, белсене қатысады. /3/
Проектік сабақтардың дәстүрлі сабақтардан едәуір айырмасы бар. Проектік сабақты дайындау, өткізу оқытушылардан да, білімгерлерден де шығармашылық ізденісті, көп күш – жігер және уақыт талап етеді. Қазіргі біздің міндетіміз - жастарға тек сапалы білім беріп қана қоймай, өзінше ізденетін, лайықты жұмысты анықтай білетін, өмірден өз орнын таба алатын жастарды қалыптастыру. Қазіргі дайындалған мамандардың сапасымен болашақтағы қоғамның дамуы байланысты болғандықтан, дайындалып жатқан мамандарымыз нарықтық экономика қоғамындағы бәсекелестікке төзе білетін, жеке көзқарасы бар, өз бетінше ойлай білетін тұлғалар болуы қажет. Ал жастарға өз бетінше ойлауды қалай үйретуге болады? Ол үшін ең бірінші “не ойлау” керектігін үйретуден бас тартып, “қалай ойлау” кректігін үйрету қажет. Бұл үшін бізге проектік сабақтар көмектеседі. Себебі проектік сабақтарда білімгерлер белсенді болады, яғни оқытушы не айтады деп күтіп отырмай, өздері іздейді, зерттейді, тыңдайды, шешеді, жасайды, басқа білімгерлермен, мамандармен бірігіп жұмыс істейді. Оқытушы дәстүрлі сабақтардағыдай аудиторияда информация беретін жалғыз адам болмайды, осы жұмыстарды істеу кезінде білімгерлерге кеңес беріп көмектеседі, яғни алға қойған мақсатқа жету үшін оқытушы мен білімгер бірігіп жұмыс істейді.
Достарыңызбен бөлісу: |