сатрапиялар деп аталды. Әдетте, сатрапиялар өз көлемі бойынша ертеректегі империялардағы провинциялардан ауқымды болды, ал кей жағдайларда сатрапияның шектері Ахеменидтік державаның құрамына кірген елдердің мемлекеттік және этнографиялық шекараларымен сәйкес келді (мысалы, Египет).
Жаңа әкімшілік аймақтардың басында сатраптар тұрды. Сатрап қызметі Ахеменидтік державаның қалыптасқан уақытынан пайда болған болатын, бірақ Кир, Камбиз тұстарында және Дарийдің билігінің алғашқы жылдарында көптеген елдерде наместниктік қызметті жергілікті шенеуніктер атқарған еді. Дарий реформалары, басқару қызметтерін парсылардың қолына шоғырландыруға бағытталды, сондықтан да ендігі жерде сатрап қызметіне әдетте, парсылар тағайындалды.
Кир мен Камбиз тұсында азаматтық және әскери қызметтер бір адамның, атап айтқанда сатраптың қолында біріктірілген болатын. Дарий сатраптың билігін шектеп, сатрап пен әскери басшы функцияларын ажыратты. Енді сатраптар тек азаматтық наместниктер болып, өз ауданының әкімшілігін басқарды, елдің шаруашылық өмірін бақылады және салықтың түсуін қамтамасыз етті, сот билігін жүргізді, өз сатрапиясы аумағында қауіпсіздікті қадағалады, жергілікті шенеуніктерді бақылауында ұстады және күміс теңге шығаруға құқығы болды. Бейбіт уақытта сатраптың қарамағында кішігірім жеке қорғаушылары болды. Ал армия әскери қолбасшыларға бағынды, олар сатраптарға емес, тікелей патшаның өзіне бағынды. Алайда І Дарий қайтыс болғаннан кейін әскери және азаматтық қызметтердің бұл ажыратылуы әркез сақтала бермеді.
Реформаларды іске асыруға байланысты патша кеңсесі басқарған үлкен орталық аппарат қалыптасты. Орталық мемлекеттік басқарма Ахеменидтік державаның әкімшілік астанасы – Сузыда болды. Тек Сузыда ғана емес, басқа да қалаларда көптеген хатшыларымен ірі мемлекеттік кеңселер орын алды. Сатраптық кеңселер патша кеңсесінің тура көшірмесі болды.
ІІ Кир тұсында-ақ Ахеменидтік державаның батыс бөлігіндегі мемлекеттік кеңселер арамей тілін қолданды, ал кейінірек, Дарий өз реформаларын жүргізген кезде бұл тіл шығыс сатраптарда да ресми тілге айналып, бүкіл империяның мемлекеттік кеңселері арасындағы араласу тілі болды.
Державада парсы шонжарлары ерекше жағдайға ие болды. Олардың Египетте, Сирияда, Вавилонияда, Кіші Азияда және басқа да елдерде ірі жер иеліктері болды. Ірі имениелер иелерінің өз әскері және сот-әкімшілік аппараты болған тәрізді. Мұндай ірі жер иелері әдетте ірі қалаларда тұрды, ал жерлерінен түсетін табысқа бақылауды олардың басқармашылары жүргізіп отырды.
Жердің бір бөлігі патшаның іс жүзіндегі меншігінде болды. Мұның алдындағы кезеңмен салыстырғанда Ахеменидтер тұсында патша жерінің көлемі күрт өсіп кетті. Бұл жерлер әдетте, жалға берілді. Мысалы, 420 жылы Ниппур маңында жасалған келісім бойынша Мурашу үйінің өкілі патшаның егістік жерлерінің басқармашысына өзіне үш жылға бір алқапты жалға беру туралы өтініш жасайды. Жалға алушы жыл сайын төлем ретінде 220 кур сұлы (1 кур – 180 л), 20 кур бидай, 10 кур эммер, сондай-ақ бір бұқа мен 10 қой беріп тұруға міндеттенеді. Бұдан басқа патшаға көптеген ірі каналдар тиесілі болған. Патша басқармашылары бұл каналдарды да жалға беріп отырған. Парсы патшаларына Орта Азиядағы Акес каналы, Сирия ормандары, Египеттегі Мерид көлінен ауланатын балықтан түскен пайда, мемлекеттің әртүрлі бөліктеріндегі кен орындары т.б. тиесілі болған. Патша шаруашылығының қаншалықты ауқымды болғанын Персопольде күн сайын патша есебінен 15000 адам тамақтануы айқын көрсетеді.
Ахеменидтер тұсында жерді пайдаланудың мынадай жүйесі кең қолданылды: патша жерге өз әскерлерін отырғызады, олар өздеріне бөлінген үлесті ұжым болып, үлкен топтармен өңдейді, әскери міндеткерліктерін атқарады және белгілі бір мөлшерде ақшалай және натуралды салық төлейді. Бұл үлестер садақ, ат, арба және т.б. үлестері деп аталды, яғни оларды ұстаушылар садақшы, салт атты, немесе ат арбакеші ретінде әскери қызмет атқаруға тиіс болды. Парсы державасының ең бір дамығын елдерінде экономиканың негізгі салаларында құл еңбегі пайдаланылды. Сонымен бірге құлдардың үлкен бөлігі әртүрлі үй жұмыстарында пайдаланылды. Қожа құлын ауыл шаруашылығында пайдалана алмаған жағдайда, немесе құл еңбегін пайдалану тиімсіз деп тапқан жағдайда құлдарға пекулий беріп, еркіндікке жіберу орын алып отырған, бұл жер үлесінен олар белгілі бір мөлшерде оброк төлеп отыруға тиіс болған. Өз пекулиін құл өз еркімен пайдалана алған, кепілге беруге, жалға беруге құқығы болған. Қоғамдық өмірде құлдар толық құқылы адамдар тәрізді өзара немесе ерікті адамдармен соттасуға, куәгер болуға құқылы болды.
Ахеменидтік дәуірде қарыз құлдығы кең таралмады. Өзін-өзі құлдыққа сату тұрмақ, кепілдікке беру жағдайларының өзі өте сирек кездесті. Жалпы құлдың саны еріктілерге қарағанда барынша аз болды, және олардың еңбегі ерікті қауымдастардың еңбегін ығыстырып шығара алған жоқ.
Храмдар мен жеке шаруашылық иелері қолөнерде, ауыл шаруашылығында және әсіресе жұмыстың ауыр түрлерін атқаруда маманданған ерікті жұмыскерлердің еңбегін кеңінен пайдаланды. Әсіресе Вавилонияда жалдамалы жұмыскерлер көп қолданылды, олар каналдар қазуда немесе егіс алқаптарында топтоп болып еңбек етті.
Б.з.д. ҮІ ғасырдың аяғымен – Ү ғасырдың бірінші жартысында құрастырылған элам тіліндегі құжаттарда Ирандағы патша шаруашылығындағы жұмыскерлер туралы көптеген мәліметтер бар. Олар курташ деп аталған. Курташтардың арасында ерлер де, әйелдер де, жасөспірімдер де кездеседі, кейде олар отбасымен жұмыс істеген. Бірақ олар көбіне үлкен топтармен еңбек еткен сияқты. Курташ патша шаруашылығында жыл бойы жұмыс істейді. Олардың көпшілігі Персопольдағы құрылыс жұмыстарында еңбектенген. Құрылыс жұмыстарында бір мезгілде 4000-нан кем емес адам жұмыс істеді. Патша резиденциясының құрылысы 50 жыл бойы жүреді.
Курташтың заңдық жағдайына келер болсақ, олардың айтарлықтай бөлігі Иранға күштеп айдап әкелінген әскери тұтқындардан тұрды. Курташтардың арасында еңбек міндеткерліктерін жыл бойы атқаруға міндетті парсы патшасының азаматтары да кездесті. Курташты патша жеріне отырғызылған жартылай еріктілер деп санауға болатын сияқты.
Мемлекеттік табыстың негізгі көзі салықтар болды. Кир мен Камбиз тұсында Парсы державасына кіретін елдердің экономикалық мүмкіндіктері есепке алынып жасалған реттелген, тұрақты салық жүйесі әлі де болмаған еді. Бағындырылған халықтар сый-сияпаттар әкеліп тұрды немесе алым-салықтар төледі, олардың бір бөлігі натуралды түрде өтелді.
519 ж. шамасында І Дарий мемлекеттік салық жүйесін орнықтырды. Барлық сатраптар әр аймақ үшін өңделетін жерінің көлемін, оның шығымдылығын есепке алу негізінде бекітілген ақшалай салық мөлшерін қатаң түрде өтеуге міндетті болды. Ал парсылар, үстем халық ретінде ақшалай салықтан босатылды, бірақ натуралды төлемдер жіберіп тұруға міндеттелді. Басқа халықтар жылына жалпы есеппен 7740 вавилон таланты (1 талант 30 кг тең) көлемінде күміс ақшамен салық төлеп отырды.
Б.з.д. 517 ж. кейін І Дарий бүкіл империя үшін бірыңғай теңге бірлігін енгізді, бұл салмағы 8,4 г алтын дарик еді, ол ахеменидтік ақша жүйесінің негізін құрды. Айырбас құралы ретінде дариктің 1/20 құрайтын күміс сикль қолданылды. Күміс теңгелер негізінен Кішіазиялық сатрапияларда соғылды. Теңгеге парсы патшасының суреті салынды.
Алайда парсы теңгелері Кіші Азиядан тыс жерлерде аз қолданылды. Мемлекетке тиесілі болған құнды металдан теңге соғу тек патшаның рұхсатымен ғана іске асты, бұл жағдай тауарақша қатынастарының дамуына зиянын тигізді, натуралды шаруашылықтың сақталуына ықпал етті және тікелей тауар айырбасына жүгінуге итермеледі.
Ахеменидтік державаның өмір сүруі айтарлықтай дәрежеде армияға тәуелді болды. Армияның негізін парсылар мен мидиялықтар құрады. Ересек жастағы парсылардың көпшілігі жауынгерлер болды. Олар 20 жасынан бастап әскери қызметке алынды. Ахеменидтер жүргізген соғыстарда шығыс ирандықтар да үлкен рөл атқарды. Атап айтқанда, сақ тайпалары Ахеменидтер үшін атты садақшылардың айтарлықтай мөлшерін беріп отырған.
Армия атты және жаяу әскерден тұрды. Атты әскер шонжарлардан, ал жаяу әскер – егіншілерден жасақталды. Атты әскер мен садақшылардың біріккен қимылы парсыларды көптеген соғыстарда жеңіске жеткізген болатын. Садақшылар алдымен жау әскерінің қатарларын бұзып, ал осыдан кейін атты әскер оны біржолата жоятын. Парсы армиясының басты қаруы садақ болды. Б.з.д. Ү ғ бастап таптық жіктелістің негізінде егінші халықтың жағдайының нашарлауына байланысты парсы жаяу әскері әлсіреп кетеді, сондықтан оны бірте-бірте грек жалдамалары ауыстыра бастайды.
Ахеменидтер мемлекеттің шекараларына әскерлерді отырғызып, оларға жер үлестерін берді. Осындай типтегі әскери гарнизондардан бізге ең белгілісі Египет пен Нубияның шекарасында күзет және әскери қызмет атқару үшін жасалған Элефантин әскери колониясы. Бұл гарнизонда парсылар, мидиялықтар, хорезмдіктер және т.б. болды, алайда гарнизонның негізгі бөлігін бұл жерде Египет перғауындары тұсынан бері қызмет етіп келе жатқан иудейлік қонысшылар құрады.
Аса маңызды әскери жорықтар кезінде Ахеменид державасының барлық халықтары белгілі мөлшерде әскер шығаруға тиіс болды. І Дарий тұсында парсылар теңізде де үстем жағдайға жетеді. Теңіз соғыстарын Ахеменидтер финикиялықтардың, кипрліктердің, Эгей теңізі аралдарының халықтарының кемелерімен, сондай-ақ Египет флотының көмегімен жүргізді.
Пайдаланған әдебиет: Қартабаева Е.Т. Ежелгі дүние тарихы: Оқу құралы. - Алматы: Қазақ университетi, 2014. - 286 б.