Жалғамалы (агглютинативті) тип. Бұлардың қатарына түркі тілдері, монгол тілдері, угоро-фин, венгр тілдері жатады. Бұл тілдерге тән негізгі қасиеттер: 1) грамматикалық мағыналар түбірге қосымшалардың (аффикстердің) жалғануы арқылы беріледі; 2) қосымшалардың әрқайсысы көбінесе бір ғана грамматикалық мағынаны білдіреді; 3) ол қосымшалар бірінің үстіне бірі жалғана береді; 4) қанша қосымша қосылғанмен сөз түбірінің дыбыстық құрамы өзгермейді (сол күйінде қалады). Мыс: үй+ім+нің терезе+лер+і, біз+дің бала+лар+ы+мыз.
Даралаушы (аморфты) тип. Яғни сөздерге қосымша (жалғау, жұрнақ) жалғанбай, түбір күйінде қолданылатын тілдер. Бұларды кейде түбір тілдер деп те атай береді. Даралаушы типке қытай, въетнам, бирма, тай, тибет, малайя-полинезей тілдері жатады.
Бұл тілдерге тән қасиеттер:
1) жоғарыда аталғандай қосымшалар қосылмайды (яғни сөздер түрлене бермейді);
2) сондықтан ол тілдерде омоним сөздер көп (мол) болады;
3) олар бір- бірінен музыкалық екпін арқылы ажыратылады;
4) синтаксистік жағынан негізгі тәсіл - қабысу (қой қора, көк терек, мың қой, ана кісі) және жанасу (тез келді);
5) синтаксистік қатынастар сөздердің орын тәртібі, интонация және көмекші сөздер арқылы беріледі;
6) сөз тудырудың ең басты тәсілі — түбірлерді біріктіру.
Полисинтетикалық немесе инкорпоративті тип. Бұған палеоазиат (чукот, коряк, ительмен, эскимос, алеут, кет, нивх, юкагир) тілдері мен американдық үндістердің тілдері жатады.
Бұл типтің ерекшелігі: жоғарыда аталған үш түрлі типтегі тілдерде сөйлем арқылы белгілі болатын синтаксистік қатынастар бұл тілдерде бір сөзбен беріле алады. Мысалы "мен семіз бүғыларды ғана өлтіремін" деген сөйлемді чукот тілінде ты+ата+каа+нмы+ркын деген жалғыз сөзбен береді. Мұндағы ты — бірінші жақтың көрсеткіші, ркын — етістіктің жұрнағы, ал басқалары есім (семіз, бүғы) және етістік (өлтір) түбірлер.
Бұл құрылымдық тип бойынша, бір сөз (негіз) екінші бір сөздің негізі мен қосымшасының (немесе префикс пен негіздің) арасына сыналанып, қыстырылып кіреді де, синтаксистік топ құрайды. Мақсаты - әлгі бірліктердің арасындағы синтаксистік қатынастарды білдіру. Мұндайда аффикстік морфема өзінің негізінен бөлініп калса да, бұрынғы қызметін атқара береді.
Қысқартып айтсақ, тілдердің типтерін анықтау - оның құрылысын айқындау болып шығады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, қазақ тіліне синтетикалық тәсіл (аффиксация, сыртқы флексия), қытай тіліне аналитикалық тәсіл (екпін, сөздердің орын тәртібі, көмекші сөздер, интонация) тән екен. Ал орыс тілінде екеуі де (ішкі флексия мен сыртқы флексия, екпін, көмекші сөздер, т.б.) бар. Яғни онда синтетикалық кұбылыс та (аффиксация), аналитикалық құбылыс та (көмекші сөздер, сөздердің орын тәртібі) кездесе береді.
Олай болса, грамматикалық құрылысына қарай тілдер негізінен 1) синтетикалық тілдер, 2) аналитикалық тілдер болып екіге бөлінеді екен. Синтетикалық тілдерде грамматикалық мағыналар сөздердің түрленуі арқылы беріледі, яғни сөздер ішкі, сыртқы флексияға ұштасып барып, бір-бірімен байланысады. Мұндай қасиет әсіресе литва, неміс, түркі, славян тілдеріне тән. Ал аналитикалық тілдерде грамматикалық мағыналар (синтаксистік қатынастар) сөздердің формалары арқылы емес, олардың орын тәртібі, интонация жене көмекші сөздер арқылы беріледі. Бұл қасиет әсіресе ағылшын, француз, болгар, дат, грек тілдеріне тән.
.
Достарыңызбен бөлісу: |