ТЕРЕКТІ ӘУЛИЕ ПЕТРОГЛИФТЕРІ
Қарағанды қаласынан 445 шақырым жерде Теректі ескерткіші бар. Жезқазған қаласы жағынан барсаңыз, шамамен 90 шақырым жүру керек. Теректі әулие – тарихи-археологиялық кешен. Ол тасқа қашалған суреттер «петроглифтер» галереясынан тұрады. Бұл суреттер неолит дәуіріне жатады. Бірақ, бұл жердің тарихи-мәдени құндылығы тек суреттерде ғана емес. Бұл жерді ежелгі адамдар мекен еткенін дәлелдейтін жәдігерлер жеткілікті. Неолит дәуіріне жататын тұрақтардан бөлек, қола дәуіріне жатанын қорымдар да баршылық. Ерте темір дәуіріне жататын қорғандар, тік және көлденең шахталардың қалдықтары да бар. Яғни, бұл өңірде кен және түрлі минералдар өндірілгенін дәлелдейтін тарихи айғақтар шоғырланған.
Сол айғақтардың бірегейі – ол, әрине, тасқа қашалған суреттер, «петроглифтер». Тастарда екі өркешті түйелер, бұқалар, ешкілер, бұғы, жылан және жыртқыш аңдардың суреттері бейнеленген. Бірақ, көбінесе мұнда жылқы суреттелген. Демек, ерте заманда жылқы, қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін тағы бір айғақтаса керек. Сонымен қатар, екі ат жегілген арбалардың суреттері де бар.
Суреттердің ерекше санатына түрлі геометрикалық фигуралардың бейнесін жатқызуға болады. Кейбір оюлардың өзіндік мағынасы болғанға ұқсайды. Мәселен, тастарға кесе тәрізде ойықтар қашалған. Олар майшам жағуға пайдаланылуы ықтимал. Яғни, Теректі әулие құдайға құлшылық ету немесе құрбандық шалу орны болуы бек мүмкін. Негізі Теректі әулие туралы көптеген аңыздар бар. Мәселен, бірінде былай делінген: «Ерте заманда бір данагөй кісі, осы жерге келіп, тыным тапқан екен. Бір-біріне жапсарлас жатқан тастар оны сүйектен өтетін желден, ал, олардан түсетін көлеңке аптап ыстықтан қорғайды. Жақын маңдағы бұлақтың суы шөлін қандырады». Содан бері халық бұл жерді киелі жер деп санайтын болыпты. Ал, осындағы бұлақтың суы емдік қасиетке ие деген сенім пайда болады.
Теректі әулие – бұл аса үлкен археологиялық кешен. Көне суреттердің, ежелгі адамның сурет өнері жәдігерлерінің баға жетпес қазынасы. Бір қызығы, осы жердегі тастарға қашалған петроглифтер үш төбенің басында бір ізбен, бір сұлбамен салынғандай. Неолит және энеолит дәуіріне жататын тұрақтар Ұлы даладағы адамзат тарихынан көптеген мағлұмат береді. ХХ ғасырдың 40-шы жылдары жүргізілген Орталық-Қазақстан археологиялық экспедициясының жетекшісі, академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан Теректі әулиенің алғашқы ғылыми сипаттамасын жасаған болатын. Шамамен он жылдан кейін, елуінші жылдары академик аталған петроглифтерді зерттеуді қайта жалғастырады. Алайда, Теректі әулие жерінде әлі талай тарихи құпия сақталғаны хақ.
1990-шы жылдары З.С. Самашев жетекшілік еткен экспедиция атақты археологиялық ескерткіштерге кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ал, 2000-2004-ші жылдары Қазақстанның танымал археолог ғалымдары Канада және Италия мамандарымен бірлесіп, Теректі әулие петроглифтерінің кешенді зерттеуін қолға алды. Сонымен қатар Талдысай тұрағы мен Айбас-Дарасы мәдениетіне жататын қола дәуірінің бірнеше қорымдарына да зерттеу жұмыстары жүргізілді. Осы зертеулердің арқасында Теректі әулие жерінде орналасқан тарихи жәдігерлер әлемдік деңгейде танылып, адамзат тарихындағы тағы бір ақтаңдақ бетін ашуға мүмкіндік берді.
Достарыңызбен бөлісу: |