Тарихты оқыту үрдісінде оқушылардың іскерлігі мен дағдыларын қалыптастыру
Тарих пәнін оқыту барысында білімді, дағдысын қалыптастыру.
Жоспар:
1. Тарихты оқыту үрдісінде қалыптасатын оқушылардың іскерліктері мен дағдыларының сипаты.
2. Тарихты оқыту барысында оқу дағдыларын қалыптастырудың әдістемелік тәсілдері.
Тарихи білімді қалыптастыру аса маңызды. Тарихи білім мынадай құрамдас бөлімдерден тұрады: тарихи фактілер, тарихи даталар мен хронологиялар; тарихи фактілердің кеңістікпен, уақытпен байланыстылығы; тарихи түсініктер; тарихи ұғымдар; тарихи зандылықтар. Олар - тарихи білімдер төмендегідей үш категорияға бөлінеді: тарихи уақыт; тарихи кеңістік; тарихи қозғалыс.
Тарихты оқытудағы фактінің рөлі. Тарихи білімді меңгеру тарихи фактіні оқып үйренуден басталады. Факт - тарихта болып өткен оқиға. Демек тарихи фактілер өте көп. Тарихи фактілерді екі топқа бөлуге болады. 1) жеке оқиғаны білдіретін факт. Ондай оқиға - тарихта бірақ рет болған, демек бір жерде, белгілі бір уақытта, белгілі қатысқан адамдары бар. Мәселен, 1220 жылғы қыркүйекте басталған Отырар шайқасы, Алматы қаласында 1986 жылғы 16-17 желтоқсан оқиғалары, 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіз Қазақстан Республикасының жариялануы т.б. 2) екінші топқа жататын фактілерді - тарихи құбылыстар деп атауға болады, өйткені олар белгілі бір тарихи дәуірдің, кезеңнің сипатты белгісін білдіреді, бірнеше рет қайталанады. Мәселен, XІX ғасырда патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы Қазақстанда болған ұлт-азаттық қозғалыстары. Тарихи фактілер көлемі, күрделілігі, маңызы жөнінен түрліше болады. Мәселен, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс ірі тарихи фактілер қатарына жатады және бірнеше шағын фактілерден құралады.
Фактілерді - оқиғаларды оқытқанда алдымен олардың жоғарыдағыдай ерекшеліктерін ескеру керек. Ал, оқушылар фактілерді берік меңгермесе оларда тарихи білім жүйелі қалыптаспайды. Демек оларды оқытуға ерекше мән берілуі керек. Фактілерді оқыту, қалыптастыру олардың үлкен-кішілігіне байланысты. Олардың бәрі бірі мен бірі байланысты. Оқытқан кезде фактілердің себептері мен салдары міндетті түрде ашылып көрсетілуі тиіс, сонда ғана олардың өзара байланысы бірден байқалады. Мәселен, XX ғасырдың 70-80 жылдарында Қазақстанда ұлт саясатының барынша бұрмалануы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларының себептері мен сипатын түсінуге көмектеседі. Сондықтан да әрбір сабаққа дайындалғанда фактілерді таңдауға, іріктеуге ерекше мән беріледі.
Алдымен ол факті бүгінгі сабақтың негізгі мақсатын, білім мазмұнын ашуға көмектесуі тиіс. Сонымен қатар оның ғылымилығы, анық-дұрыстығы, нақтылығы, бейнелілігі, эмоциялылығы, біліктерді қалыптастыруы мен оқушылардың таным қызметін дамытуы т.б. мүмкіндігі ескерілуі керек. Оқушылардың дайындық дәрежесіне баса назар аударылады. 5-7 сыныптарда бейнелеп айтуға мүмкіндігі мол, ал 8-11 сыныптарда оқушылардың сенімін қалыптастыра түсетін, қорытып-жинақтауға көбірек көмек беретін фактілер алынады. Әрбір факті бойынша ғылыми кейде теориялық қорытынды жасалып, білім жинақталады. Әйтпесе фактологияға ұрынамыз.
Фактілердің даталарын, хронологиясын оқытып, үйретуге ерекше назар аудару қажет. Адамзат қоғамының дамуы уақыт бойынша анықталады. Сондықтан оқушыларға тарихи уақытты қолдана білуді үйрету ерекше маңызды. Алдымен олардың уақыт категориясын -жыл, ғасыр, мың жыл, дәуір, кезең, заманды жақсы білуі керек. Бұлардың алғашқы үшеуін 5 сыныпта, қалғандарын 6 сыныпта толық үйретуге болады. Солар арқылы шәкірттер оқиғалардың қашан болғанын, ұзақтығын, ретін т.б. түсіне алады. Тарихтағы уақытты хронологиялық даталар деп атайды.
Хронологиялық даталар үшке бөлінеді: Негізгі даталар: Ұлы Қазан социалистік революциясы, Ұлы Отан соғысы, КСРО-ның ыдырауы т.б. және тірек даталар - белгілі бір тарихи дәуірді оқығанда үнемі ескерілетін, қайталанатын дата -екінші дүние жүзілік соғыстың аяқталуы 1945 ж. Негізгі даталар білім ретінде өмір бойы керек (қазақ халықының қалыптасуы, олардың мемлекет болып құрылған уақыты т.б.), ал кейбір тірек даталар тарих курстарын бүкіл мектептік тарих панін оқып бітіргенше керек болады. Сондықтан да хронологиялық даталарды есте сақтаудың әдістемелік жолдары да көп (карта, дәптер, қашан, ұзақтығы, неше жыл өтті, неше жыл ілгері кейін, хронологиялық тағы басқа да таблицалар, карточкалар, картаға аппликациялар шаншу, - стрелка, жылы).
Достарыңызбен бөлісу: |