5 тапсырма
Моңғол дəуірінен кейінгі кезең Шығыс Дешті Қыпшақ, Жетісу жəне Оңтүстік Қазақстан халқының бірігуімен сипатталады. Осы иеліктерде моңғол дəуірінің ыдырау процесі жүріп, Ақ Орда, Моғолстан, Əбілқайыр хандығы, Ноғай Ордасы құрылды.
Ақ Орда. ХІІІ ғасыр мен ХV ғ. басы аралығында Шығыс Дешті Қыпшақ жерінде Ақ Орда мемлекеті өмір сүрді. Ол моңғол шапқыншылығынан кейін Қазақстан жерінде пайда болған бірінші ірі мемлекет. Ақ Орданың негізін қалаушы – Жошының үлкен баласы Орда Ежен (1226-1280 жж.).
ХІV ғ. екінші жартысында Алтын Орда билігі əлсіреп, Ақ Орда күшейіп, дамудың ең жоғары сатысына жетті. Территориясы батысында Жайық өзенінен шығыста Ертіс өзеніне дейінгі, оңтүстікте Сырдария алқабы, Арал теңізінің солтүстік-шығысынан солтүстікте Оңтүстік Сібір ормандарына дейінгі жерлер болды. Астанасы – Сығанақ (Сырдарияның орта ағысы). Халқы түркітілді тайпалардан құралды.
Ақ Орданың саяси тарихы бірінші кезеңде Шығыс Дешті Қыпшақ жерін Алтын Орданың билігінен азат ету жолындағы ұзақ күреспен өтеді, кейінірек Ақ Орда хандары Алтын Орда ісіне араласады, ал өз тарихының соңғы кезінде Мауренахр билеушісі Әмір Темір мен оның ұрпақтарының басқыншылығына қарсы күреседі. Мемлекетті Орда Ежен тегінен шыққан хандар басқарды.
ХІV ғ. екінші ширегінде Мүбəрак қожа (1320-1344 жж.) Алтын Ордаға бағынбай дербес саясат жүргізуге тырысты.
Орыс ханның кезінде (1361-1376 жж.) Ақ Орда Алтын Ордадан бөлініп, тəуелсіз хандық болып жарияланды. Ол Алтын Орданы өзіне бағындыруға əрекет етті. Бұл мақсатын жүзеге асыру үшін 1368 жылы Еділ бойына жорық жасайды. 1374-1375 жж. Сарай Беркені, Қажы Тарханды (Астрахан) алып, Кама бұлғарларын бағындырады. Бірақ Алтын Орданың уақытша билеушісі Мамайды жеңе алмайды. Алтын Орданы жаулау кезінде өзіне көмекке келмеген Жошы əулетінің бірі Маңғыстау аймағының билеушісі Түй Қожаны өлтіреді. Оның баласы Тоқтамыс Əмір Темірді барып паналайды. Темір бұл жағдайды пайдаланып, Тоқтамысты көп əскермен Ақ Ордаға жібереді. Тоқтамыстың алғашқы жорығы (1374-1375 жж.) сəтсіз аяқталды, Ақ Орда əскері оның əскерін талқандайды. Бұл соғыста Орыс ханның баласы Құтлық Бұқа қаза болды.
Əмір Темірден қайтадан əскер алған Тоқтамыстың екінші жорығы да сәтсіз болып, ол Орыс ханның ұлы Тоқтақия басқарған Ақ Орда əскерінен жеңілді, Тоқтамыс тек төртінші жорығынан кейін ғана Ақ Орда тағына отырады.
ХІV ғ. аяғы мен ХV ғ. басында Ақ Орданың əлсіреуіне Əмір Темірдің тонаушылық жорықтары жəне ішкі тартыстар себеп болды. Ақ Орда жеріндегі билік Шайбанның ұрпағы Əбілқайырдың қолына көшеді.
Кейін Ақ Орда мемлекеті Қазақ хандығының құрылуына негіз болды.
Моғолстан хандығы. Бұл мемлекет ХІV ғ. ортасында Орта Азияның солтүстік-шығыс бөлігі, Жетісу мен Шығыс Түркістан жерінде Шағатай ұлысы ыдырағаннан кейін құрылды.
Моғолстан мемлекетінің негізін салушы дулат тайпасының көсемі – Əмір Болатшы болды. Алғашқы ханы – Тоғылық Темір (1348-1362 жж.), ол Моғолстан билеушілері əулетінің негізін салды. Астанасы – Іле алқабындағы Алмалық қаласы. Аумағы Оңтүстік-шығыс Қазақстан, Қырғызстан, Шығыс Түркістанды алып жатты. Орталық аймағы – Жетісу. «Моғолстан» атауы «моңғол» сөзінен шыққан. Өйткені түркі жəне парсы деректерінде моңғолдарды осылай атаған. Халқы дулаттар, қаңлылар, керейттер, арғындар, үйсіндер, барластар т.б. түркі жəне түркіленген моңғол тайпаларынан құралды. Осылардың ішінде дулаттар ең қуатты тайпа болды.
Моғолстанда мемлекеттің саяси басшысы жəне жер-судың жоғарғы иесі хан болған. Дулат тайпасы əмірлерінен ханның көмекшілері – ұлысбектер тағайындалды. Хандық кеңес мемлекеттің ішкі жəне сыртқы істері, əскери жорық жəне жайылым жерлерді бөлумен айналысты. Ақсүйектер жерді шартты түрде иеленудің ихта, инджу, сойырғал сияқты түрлерін пайдаланған. Көшпелі аудандарда жер қауымның қарауында болған.
Моғолстанның алғашқы ханы болған Тоғылық Темір өз билігін нығайту үшін ислам дінін тірек етті. Тоғылық Темір 1361 жылы Мауренахрды түгел басып алып, баласы Ілияс Қожаны билеуші етіп қойды. Оның тұсында өзара қырқысу соғыстары басталып, Моғолстан бірнеше бөлікке бөлінді.
Осыны пайдаланған Əмір Темір ХІV ғасырдың 70-80 жылдары Моғолстанға оншақты рет шапқыншылық жасайды. Қызыр Қожа хан (1385-1399 жж.) өзін Темірдің вассалы деп мойындайды.
ХV ғ. бірінші жартысында Моғолстанға ойраттардың шапқыншылығы жиіледі. Уайс хан (1418-1428 жж.) ойраттарға батыл қарсылық көрсетті. Уайстың баласы Есен Бұға хан (1433-1462 жж.) ХV ғ. 30 жылдарының басында өкімет билігін иеленді. ХV ғ. 50 жылдарының аяғында Жəнібек пен Керей бастаған тайпаларға Есен Бұға Моғолстанның батыс бөлігінен жер бөліп берді. Мұндағы Есен Бұғаның мақсаты қазақтарды ойраттарға жəне Темір əулетіне қарсы əскери күш ретінде пайдалану, қарсыласы Əбілқайыр мен інісі Жүніске қарсы қою еді.
Осылайша ХVІ ғ. басында феодалдық өзара қырқыстар, халық наразылығының жиілеуі жəне Моғолстанды мекендеген тайпалардың Қазақ хандығына барып қосылуы салдарынан Моғолстан ыдырап, жеке мемлекет болып өмір сүруін тоқтатты.
Əбілқайыр хандығы. 1428 жылы Шайбан ұрпағы Əбілқайыр (1428-1468 жж.) осы аймақтардағы билікті қолына алды. Ол Сырдария бойындағы қалалар мен Хорезм үшін Темір ұрпақтарымен ұзақ соғысты. Шығыс Дешті Қыпшақтың бытыраңқы тайпаларының басын қосып «Көшпелі өзбектер мемлекетін» құрды.
Əбілқайыр хандығының аумағы батысында Жайықтан бастап, шығысында Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдарияның төменгі жағы мен Арал өңірінен солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске дейінгі ұлан-байтақ жерді алып жатты. Астанасы алғашқыда Тура, 1431 жылдан Орда Базар, 1446 жылдан Сығанақ болды. Халқы өзбектер деп аталған түркі тайпаларынан (қыпшақтар, қоңыраттар, наймандар, маңғыттар, қарлұқтар, қаңлылар, үйсіндер т.б.) құралды. Əбілқайыр хан елді 40 жыл билесе де мемлекетінің ішкі саяси жағдайын тұрақты ете алмады. Мемлекет бір орталықтан басқарылмай бірнеше иелікке бөлініп, оларды Шыңғыс əулетінің билеушілері басқарып, олардың арасында билік үшін соғыстар тоқтамады.
Əбілқайыр хан өз билігін нығайтып, жаңа жерлер қосып алу үшін көп соғысты. Бірақ 1457 жылы Өз Темір бастаған ойраттардан Сығанақ түбінде жеңіліп, онымен өзін қорлайтындай ауыр шарт жасасты. Бұл жағдай Əбілқайыр ханның саяси беделін төмендетті. Нəтижесінде ХV ғ. 50 жылдарының аяғында Көшпелі өзбектер мемлекетінен Жəнібек пен Керей сұлтандар бастаған халықтың бір тобы Моғолстанға көшіп кетті. Оларды жазалау үшін 1468 жылы Əбілқайыр хан Моғолстанға жорыққа аттанып, жолда кенеттен қайтыс болды. Осыдан кейін Əбілқайыр хандығы ыдырап кетті.
Бұл жерлердегі билік қазақ хандарына толық көшті.
ХVІ ғ. басында көшпелі өзбектердің бір бөлігі Шайбанилердің бастауымен Мауренахрға көшіп кетті. Ондағы Темір ұрпақтарының билігінің əлсірегенін пайдаланып, Шайбанилер Орта Азиядағы билікті тартып алды.
Ноғай Ордасы. Алтын Орданың ыдырауы кезінде пайда болған мемлекеттік бірлестіктің бірі Ноғай Ордасы болды. Ол ХІV-ХV ғасырларда Батыс Қазақстанның бір бөлігін алып жатты. Бұл мемлекеттің атауы Алтын Орданың беклербегі, əскер қолбасшысы, Ноғай (1260-1306 жж.) есімімен байланысты болды. Берке хан өлгеннен кейін Доннан Дунайға дейінгі жер Ноғайдың бақылауында болды. Оның құрамындағы рулар Каспий маңына қоныс аударып, Ноғай елі атанды.
Ноғай Ордасының негізін салушы Әмір Едіге (1395-1419 жж.) болды. Ол 15 жылдай Алтын Орданы билеп (1396-1411 жж.), «ұлы əмір» атанған. Ноғай Ордасы Алтын Ордадан Едігенің кезінде бөлектене бастады. Бұл процесс Едігенің ұлы Нұраддин (1426-1440 жж.) тұсында аяқталып, Ноғай Ордасы Алтын Ордадан ХV ғ. ортасында бөлініп, дербес мемлекет болды. Жері Еділ-Жайық арасы, астанасы Жайық өзені сағасындағы Сарайшық қаласы болды. Халқы – маңғыт, қыпшақ, қоңырат, арғын, қарлұқ, алшын, тама жəне т.б. сияқты түркі тайпалары.
Ноғай Ордасында ұлыстық басқару жүйесі қалыптасып, бір орталыққа бағынған өкімет болды. Орда билеушісі хан болды. Ұлыс басында мырзалар тұрған, олар өз иеліктерінде шексіз билік жүргізіп, ұлыстың ең шұрайлы жайылымдары мен өрістерін иемденген.
Кейін ноғайлар қазақ хандарымен соғысып, енді бірде татуласып, одақ құрып отырған. Ш. Уəлиханов ноғайлар мен қазақтарды «екі туысқан Орда» деп атаған. Ал Хақназар хан «қазақ пен ноғай ханы» атанған.
ХVІ ғ. екінші жартысында Ноғай Ордасы ыдырап, екіге – Үлкен Ноғайлы (Еділдің шығысы) жəне Кіші Ноғайлыға (Еділдің батысы) бөлінді. Осы тұста ноғайлардың көпшілігі Қазақ хандығына, соның ішінде Кіші жүз құрамына енеді. Осылайша Ноғай Ордасын мекендеген тайпалар қазақ халқының қалыптасуында үлкен рөл атқарды.
№
Достарыңызбен бөлісу: |