24
Отаршыл орыс әкімшілігі әубастан қазақ елін өз отарына айналдырып, өз
дегеніне көндіргісі келді. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін ол түрлі
реформалар мен заңдар қабылдады. 1822 жылы «Сібір қырғыздары туралы
жарғының» негізінде қазақ қоғамындағы хандық билікті біржолата жойды.
Осыдан кейін патша үкіметі XIX ғ. 60-жылдардың орта тұсынан бастап
Ресейдегі крепостниктік правоның жойылуына және елдегі қалыптасқан
аграрлық дағдарысқа байланысты шаруаларды шет аймақтарға қоныс аудару
ісіне шұғыл кірісті. Осылайша Ресейдегі аграрлық қайшылықтарды реттеу
мақсатында шаруаларды қарқынды түрде Қазақстанға қоныс аудара бастайды.
Бұл саясаттың негізгі мақсатын тарихшы М. Қойгелдиев: «Мұндай саясатты
бастай отырып, ол өзара тығыз байланысты мынадай екі мақсатты көздеді.
Біріншіден, 1861 жылғы 19 ақпанда жарияланған реформадан кейінгі уақытта
метрополияда қалыптасқан әлеуметтік шиеленісті жерге мұқтаж орыс
шаруаларын Қазақстан және басқа отарлық тәуелділіктегі аймақтарға қоныс
аударту арқылы бәсеңдету болса, екіншіден, қоныс аударушы орыс және басқа
еуропалық шаруаларды жаңа елдерде өзінің саяси-әлеуметтік тірегіне
айналдыра отырып, қазақ қоғамындағы отарлық билікке қарсы күштерді
біржола құрту, сөйтіп болашақта қазақ елін орыстандыру арқылы қазақ жерін
империяның географиялық құрамды бөлігіне айналдыру еді», - деп анық
көрсетеді.
Отарлық саясатын кең көлемде жүргізу үшін 1867 жылы 11 шілдеде
«Сырдария және Жетісу облыстарын басқарудың уақытша ережесі туралы»
жоба, 1868 жылы 21 қазанда «Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарын
басқару туралы уақытша ереже» бекітілді. Бұл әкімшілік реформалар бойынша
қазақтың кең байтақ даласы – Сырдария, Жетісу, Ақмола, Семей, Орал және
Торғай деп алты облысқа бөлінді. Бұл реформа Қазақстан жеріне Ресейден
келген келімсектерді қоныстандыруға жаңа заңдық негіз берді. 1868 жылғы
«Уақытша Ереженің» 210-бабында «Қырғыз көшпелілерінің қоныстанған
жерлері мемлекет жері есептеліп, қырғыздарға қоғамдық пайдалануға беріледі»,
- деп көрсетілді. Бұл бап қазақ халқының ғасырлар бойы мекендеген жерлерін
біржолата Ресей империясының мемлекеттік жеріне айналдырды.
Қазақ жерлерін отарлау 1891 жылы 25 наурызда қабылданған «Ақмола,
Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы ереже»
қабылданғаннан кейін жаңа кезеңге өтті. Мұндағы 119, 120-баптар бойынша
көшпелілердің қонысы орналасқан жерлер мен ондағы бар байлық, орман-тоғай
мемлекет меншігі саналып, олардың дәстүрі мен осы ереже баптары негізінде
көшпелілерге қоғамдық пайдалануға мерзімсіз қалдырылады. Осылайша
қазақтың өз жері Ресей меншігі саналып, өзіне пайдалануға беріледі. Ал 120-
баптың 1-қосымшасында «Көшпелілер үшін артық болуы мүмкін жерлер
мемлекеттік Мүлік министрлігі басқаруына өтеді», - делінген. Бұл Ереже ресми
күшіне енгеннен кейінгі уақытта қазақтың кең байтақ жері ешбір кедергісіз
пәрменді түрде отарланып, әрбір қазақтың шаруашылығына қажетті жер
мөлшері анықталып, одан «артылғанынан» қоныс аудару қорларын құрып,
Орталық Ресейден ағылған келімсектерге үлестіріліп отырды.
Достарыңызбен бөлісу: