Байланысты: ТАУАРЛАРДЫ КЕДЕН ОДАҒЫНЫҢ КЕДЕНДІК ШЕКАРАСЫ
Өз тауарларын сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізу тәртібі
1. Заңды тұлға өз тауарларын сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізілгеннен кейін өз тауарларын сақтау қоймасының иесі болып танылады.
2. Үй-жайларды немесе ашық алаңдарды өз тауарларын сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізу үшін тұлға кеден ісі саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша, қызмет аймағында өз тауарларын сақтау қоймасы құрылатын кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне өтініш ұсынады.
Заңды тұлға өз тауарларын сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізу туралы өтінішті электрондық құжат нысанында беруге құқылы.
4. Кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі өтінішті оның тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде қарайды.
Кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің лауазымды адамы осы Кодекстің 208-бабының 3-тармағына сәйкес өтініш берушінің үй-жайлары мен аумақтарының осы Кодекстің 260-бабының 2-тармағында айқындалған талаптарға сәйкестігін қарайды.
Өтініш беруші қарап-тексеру жүргізілген кезде кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің лауазымды адамына мынадай:
1) осы Кодекстің 260-бабының 2-тармағында айқындалған талаптардың орындалуын растайтын құжаттардың;
2) өз тауарларын сақтау қоймасын құруға арналған аумақтар жоспарларының, үй-жайдың немесе ашық алаңның жоспарлары мен сызбаларының көшірмелерін табыс етеді.
Осы тармақтың үшінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген құжаттар тұпнұсқалары көрсетіле отырып, көшірмелер түрінде ұсынылады.
Бұл ретте ұсынылған құжаттардың көшірмелері үй-жайларды және аумақтарды кедендік қарап-тексеру актісіне қоса беріледі, ол кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінде қалады.
5. Тізілімге енгізу туралы шешім кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі басшысының бұйрығымен ресімделеді және бұйрық қабылданған күннен бастап күшіне енеді.
6. Өз тауарларын сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізуден бас тарту туралы шешім осы баптың 4-тармағында көрсетілген барлық құжаттар ұсынылмаған немесе өтініш беруші осы Кодексте белгіленген талаптарға сай келмеген жағдайда қабылданады. Өтініш беруші осы бұзушылықтарды жойғаннан кейін өтініш осы Кодексте белгіленген тәртіппен қаралады.
7. Тұлға өз тауарларын сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізілген немесе енгізуден бас тартылған жағдайда, кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі өтініш берушіні жазбаша нысанда хабардар етеді.
8. Тұлғаны қайта тіркеген кезде өз тауарларын сақтау қоймасының иесі кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесін қайта тіркеу фактісі туралы хабардар етуге міндетті.