Мектепке дейінгі балалардың шығармашылық қабілетін театр түрлерін қолдану арқылы дамытуға болады, әрі ол оның көркемдік талғамын, еліктеуі мен қиялын дамытады. Әдетте адамның жеке басының қасиеттері бес жасқа дейін қалыптасады екен.
Сондықтан да да баланың жан-жақты қалыптасуы үшін мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің бойына жақсы, жағымды қасиеттерді сіңіре білу керек.
Көріністерді өзара сөйлесу дағдыларын дамыта отырып, бүлдіршіндердің тілді меңгеруіне деген сүйіспеншілікті арттырамыз.
Бала әр нәрсеге құмар, қызыққыш, ол өзінің айналасында болып жатқан өзгерісті, тамаша құбылыстарды сезінуге тырысады. Оның жан-жақты дамып, жеке тұлға болып тәрбиеленуіне, тілінің дамуын жетілдіруге театрландырылған ойындар көп септігін тигізеді.
Театрлық іс-әрекетте ертегілерді пайдалана отырып баланың ой-өрісін дамыту, сонымен бірге тыңдай білуге, есте сақтау, түсіну, рөлге бөліп, қазақша әдемі сөйлей білу мәнерін арттырамыз.
Балаларға театр, сахналау, қойылым, жалпы әртістік өнер туралы түсінік беріп қызығушылығын оятамыз.
Негізгі мақсаты:
- Мектепке дейінгі жастағы баланы театр түрлері арқылы шығармашылық және парасаттылық қабілеттерін жан-жақты дамыту;
- Сөз өнерін қастерлей білуге, өз білімін көтеруге, шешендікке баулу.
- Балалардың сөздік қорларын байытып, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге тәрбиелеу;
- Театрлық іс-әрекетті, ертегілерді пайдалана отырып ойын дамыту.
Міндеттері:
Балалардың тілін дамыту, сөйлеу мәдениеті мен ой-өрісін, дүниетанымын жетілдіру.
Балаларды адамгершілікке баулу, ойын нақты тапқыр сөйлеуге, ақылды, салмақты ой айтуға баулу.
Баланың қиялын, есте сақтауын, шығармашылық қабілетін дамыту, ойдан әңгіме, ертегі шығарып айтуға дағдыландыру.
Баланың әлеуметтік және эмоционалдық дамуына жағдай жасап, әр баланың жеке дара әртістік шығармашылық қасиеттерін ескере отырып, өзін қоршаған ортаға, адамдарға, құрбыларына, өзіне деген қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру.
Театрландырылған ойындар - қойылымдар болып саналады, бұл жерде балаларға арналған көркемдік шығармаларды сахналық қойылымдарға айналдырып, оларды кейіпкер ретінде қатыстырудың маңызы зор.
Театр мәдениеті: Балаларға театр өнерінің шынайы сезімдерін меңгерту.
Бөлімнің негізгі тақырыптары: театр өнерінің ерекшеліктері, театр өнерінің түрлері, қойылымның жасалуы, сыртқы және ішкі театр, көрермендер мәдениеттілігі. Қойылыммен жұмыс – жанама бөлім, авторлық сахналауға негізделген.
Оған кіретін тақырыптар: қойылыммен таныстыру, қойылымды мазмұндап, талдау, кейіпкерлендіру. Қойылымға қажетті құралдарды дайындау. Көріністі безендіру. Қойылымға дайындық, сахналау.
Драматизация түрлері:
• жануарлар, адамдар, ертегілер бейнесіндегі кейіпкерлер ойыны;
• мәтін бойынша негізделген диалог, монолог, рөлдік ойындар;
• шығармашылық көрсетілім;
• бір немесе бірнеше шығарма арқылы қойылым қою.
Балалар театрының түрлері:
1. Ойыншықтар театры
2. Саусақ театры, үстел үсті театры
3. Сурет театры
4. Стенд-кітапша театры
5. Фланелеграф театры
6. Трафарет театры
7. Көлеңке театры.
Ең көп тараған түрі – ойыншықтар театры.
Бұнда балалар қысқа тақпақтарды жаттап, оның өзіне тән орындау кезінен бастап-ақ кішкене көлемде спектакльдер ойнайды. Онда адамдар рөлін ойыншықтар ойнайды.
Саусақ театрында – саусақтардың көмегімен қандайда болмасын ертегіні немесе өлең-тақпақ шумағын сахналау болып табылады. Саусақ театры арқылы баланың сөйлеуге деген талпынысы, қабілеті дамып, ынтасы артады және шығармашылық әрекетіне жол ашылады.
Үстел үстіндегі театры – сәбилер тобынан бастап-ақ тақпақ пен қысқа өлеңдерді айтқызғанда көркем сөздер әсерлі етілу үшін стол үстіндегі театрды қолданған жөн. Мұнда үстелде құламай тұратын және қозғалтқанда еш кедергісіз жүретін ойыншықтар қолданылады.
Суреттер театры – декорация мен кейіпкердің суреттері. Олардың әрекеті шектелген. Ойнаушының дауыс ырғағы арқылы кейіпкердің мінез-құлқы беріледі. Кейіпкер әрекет барысында пайда болады, балалардың қызығушылығын арттырады.
Стенд-кітапша театры – бірін-бірі ауыстыратын иллюстрациялық оқиғалар көрсетіледі. Стенд-кітапшасының беттерін ашу арқылы жүргізуші әр түрлі сюжеттерді көрсетеді.
Фланелеграф театры – суреттер мен кейіпкерлер экранда көрсетіледі. Оларды фланельдер ұстап тұрады. Мұндағы суреттерді балалар мен бірге ескі кітаптардан, журналдардан қиып алуға болады.
Трафарет театры – трафарет театры арқылы сөз құрамының байлығын, диалог, монологты дамытуға болады. Балалар дайын трафареттердің көмегімен болашақ кейіпкерлердің суреттерін жасайды. Оларды түрлі-түсті бояулармен бояйды, дайын бейнелерді қайшымен қияды. Бұл жерде балалардың шығармашылық ойлау қабілеттері дамиды. Ұжымдасып жұмыс істеу үрдісінде әрбір бала өзіне берілген бейненің түр-тұлғасын, қимыл-қозғалысын өзгерте алады.
Көлеңкелі театр – жарық өте жақсы түскен экранда адамдар, жануарлар және құстардың пішіндерінің қозғалысына қарауды балалар өте жақсы көреді. Ертегі, әңгіме, өлең, әңдері көлеңке театры арқылы айтуға болады. Көлеңке театрдың қойылымын көрсетуге үш тәрбиеші қатысады. Біреу мазмұнын оқиды, екеуі көріністі көрсетеді. Көлеңке театрдың сахнасы экран болады. Экранды ағаштан немесе калың кардоннан жасайды, ою-өрнекпен өрнектейді. Кейіпкерлерді көрсету үшін – оны экранның арт жағынан ұстайды. Кейіпкерлерді қара түспен жұқа кардоннан жасайды, жіп арқылы қозғалтады. Кейіпкерлерді көрсеткенде қол көрінбеу керек. Бұл көріністер балалардың шығармашылықтарын арттырады, ой өрістерін дамытады.
Сахналық қойылымның алдында педагог балалармен бірнеше кіріспе жұмыс жүргізеді.
1. Педагогтар балаларға ертегі, әңгімелер оқып, не әңгімелеген кезде ертегідегі кейіпкерлердің мінез-құлқына, дауысының ырғағына, қимылдарына назар аударылады.
2. Әр кейіпкердің киіміне көңіл бөлінеді. Қуыршақ театрында қуыршақтардың киімі өзгертіліп отырады.
3. Сұрақ – жауап арқылы кейіпкердің қимылын, іс-әрекетін байқап, бағалап отыру.
4. Қимыл мен сөз арасындағы байланысын қадағалау.
Біздің ЖШС «Жас Батыр Атырау» балабақшасында, қорыта келгенде, педагог балаларды ойын арқылы адамгершілікке тәрбиелей отырып, олардың бойына күнделікті өмірге қажетті әр түрлі машықтарды қалыптастырады. Олар мыналар: мәдениетті сөйлеу машықтары, сыпайы қарым-қатынас жасау, аты-жөнімен атау, байсалды сөйлеу, айтайын деген ойын толық жеткізу, сөйлесіп тұрған екінші адамды тыңдай білуге үйретеді. Ұжымдық өмірдің машықтары – жолдасына дер кезінде көмек беру, айтқанды тыңдап бағына білуге дағдыландырады.
Ерте жас тобының тәрбиешісі Губайдуллина Камшат Милятқызы қуыршақ театры, көлеңке театры, үстел үсті театрын пайдалана отырып, күннің ІІ-ші жартысында балаларға ертегілер айтып береді. Кейіпкерлердің мінез-құлықтарын, дауыс ырғақтарын дәл салып, диалог сөздерді мәнеріне келтіре айта біледі.
Достарыңызбен бөлісу: |