Тегі
|
Камишева
|
Аты
|
Гүлнұр
|
Ғылыми атағы
|
Педагогика ғылымдарының кандидаты
|
Университет
|
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
|
Бөлімі
|
Қорқыттану және өлке тарихы ғылыми зерттеу институты
|
Мекен жай
|
Әйтеке би 29/а 4 қабат 405 кабинет
|
Қала
|
Қызылорда
|
Елі
|
Қазақстан Республикасы
|
Телефон
|
8(7242)271632; 87017323042
|
Электрондық почта
|
kamisheva_gulnur@mail.ru
|
Секция атауы
|
Түркі халықтары әдебиетінің салыстырмалы тарихы және типологиялық мәселелері
|
Мақала тақырыбы
|
«Мың бір түн» - ортағасырлық араб энциклопедиясы
|
Кілт сөздер
|
араб әдебиеті, ертегі, аңыз, хезар эфсане
|
Аннотация
|
Араб мәдениеті ерте дамыған араб елдерінің бүкіл әлем мойындаған мызғымас екі тұғыры бар. Оның бірі – таза адамгершіліктің шырқау шыңына алып шығатын, жан-жақты дамытып әкелген Құран сөзі, яғни адамзатты имандылық тәубесіне әкелетін мұсылман діні жолындағы қағидалары болса, екіншісі – адамзат тірлігінің өмір деген тұңғиығына сүңгіп, соның ішкі құпиясын бүге-шігесіне дейін ақтарып, барша әлеми тірліктің айнасындай етіп, адамзат санасына селкеусіз сіңірген ұлы шығарма осы “Мың бір түн” еді. Бұл мақалада осы ортағасырлық араб энциклопедиясының тарихы туралы сөз болады.
|
«Мың бір түн» - ортағасырлық араб энциклопедиясы
Камишева Гүлнұр Аббасқызы1
Жарық көрген кітаптардың тағдыры әртүрлі қалыптасады. Алғашында табысты тараған кітаптар кейіннен ұмытылып қалып жатады. Ал, кейде, керісінше. Шыққан уақытында белгісіз болған кітаптар кейіннен, уақыт өте келе келер ұрпақ арасында кеңінен таралуы мүмкін. Көптеген еңбек пен ауыр ойдың нәтижесінде жазылған кей кітаптар балалар әдебиеті категориясында қалып қойса, автордың «бос уақытында» жаза салған еңбегі әлем әдебиеті тарихында құрметті орын алып жатады. Міне, осындай парадоксқа араб халық прозасының әртүрлі үлгілерінен жинақталған, әлемдік кітаптардың ішіндегі ең танымалы «Мың бір түн» жатады десек, қателеспейміз. Араб филологтары мен көркемсөз шеберлері тарапынан елеусіз еңбек саналған «Мың бір түн» туралы әлі күнге дейін сыни, ғылыми еңбек жазылмағаны өкінішті-ақ. Дегенмен де, Э.Т.Гоффманның айтуы бойынша, мәңгілік жас «Мың бір түннің» ертегілері мен әңгімелері әлемде өте танымал екені белгілі [1,47].
«Мың бір түннің» сюжеттері мен мотивтері қайта өрлеу дәуіріндегі итальян новеллистерінен бастап Еуропа әдебиетіне ене бастады. Бұл әсіресе, ХҮІІІ ғасырдың бас кезінде А. Галланның осы еңбекті аударуымен басталды. Жуковский, Пушкин, Белинский, Толстой, Гете, Диккенс, Гоффман, Теннисоннің шығармашылықтары «Мың бір түннің» материалдарымен толықты десек, артық айтқандық емес. Мысалы, Шахрезада, Харон ар-Рашид- жалқы есімдер ретінде енсе, күнделікті тұрмысқа «Жынды бөтелкеден шығару» деген сөз оралымы да еніп кетті. Ал, жалпы «Мың бір түн» деген сөз тіркесі керемет оқиғаларға толы уақытты білдіретін идиома болып енді.
Ирак, Сирия, Мысырдың көптеген қалаларының орталық базарларында қызғылықты оқиғаларға толы батырлық эпопеяларды бірнеше сағат бойы жырлап отыратын шайырлар мен мұхаддистер болған. Олар халықтың ортасында отырып, «Антардың өмірі мен ерліктері», «Зу Язан патшаның ұлы Сайфтың өмір жолы» деген сияқты сол кездегі танымал жырларды баяндаған.
Қазіргі кезде де кейбір араб қалаларында осы дәстүрдің сарқыншақтары кездеседі. Ал, орта ғасырларда шайырлар мен мұхаддистер бірігіп, бір ұйым құрып та жұмыс істеген. «Мың бір түннің» «Сейфүлмәлік» туралы ертегісінің кіріспесінде араб әңгімелеушілерінің қызметін көркем формада баяндаған.
Мұхаммед ибн Сабаик деген парсы патшасы ертегілер мен аңыздарды, батырлық жырларды шебер әңгімелейтін адамдарды жинап, тыңдағанды ұнататын болған. Бірде ол Хасан деген көпестің сондай қасиеті туралы естіп, егер ол патшаға бұрын-соңды естімеген қызықты оқиға баяндайтын болса, оны өзіне уәзір ететіндігін айтады. Патшаның бұл қалауына таң қалмаған Хасан одан бір жыл уақыт алып, бес құлды әлемнің әр аймағынан Сейфүлмәлік туралы ертегілер жинауға атттандырады. Олардың бірнеуші Димашықтағы бір шейх күнде кешкісін Сейфүлмәліктің басынан кешкен қызықты оқиғалар айтатынын естиді. Бірақ ол айтқан әңгімені тек әміршілер мен уәзірлер, білімді адамдар ғана тыңдау керек екен. Мұны естіп, қызығын тыңдаған баяғы парсы патшасы сол баяндарды алтын әріптермен жазғызып, өз қазынасына салып сақтапты.
Міне, осылайша «Мың бір түнде» баяндалғандай, көше әңгімешілерінің қызметі өте маңызды болған. Олардың репертуары өте бай, онда шағын күлкілі әңгімелерден бастап, үлкен көлемді батырлық эпопеялар да айтылған. «Мың бір түн» сияқты көлемді шығарманы жасауға халифат құрамына енетін мәдени байланыстағы көршілес елдер де атсалысқан. Халифат ҮІІ-ҮІІІ ғасырларда араб жорықтары нәтижесінде Үндістаннан шығысқа, батысында Испанияның солтүстігімен шектескен үлкен территорияны қамтиды. Бұл тарихи оқиғаның нәтижесі – Ислам дінінің таралуы болып табылады. Этникалық жағынан әртүрлі болып қалыптасқан халифаттың ресми тілі- араб тілі болды. Оның жаңа мәдениеті тек көшпелі арабтардың тұрмыс-салтынан ғана емес, сол жердің тұрғылықты халықтары- гректер, сириялықтар, еврейлер, ирандықтар мен коптардың дәстүрлері, олардың дүниетанымы мен көзқарастарын да қамтыды. Басқа да жергілікті дәстүрлермен қатар орта ғасырлардағы араб-мұсылман империясы халқының жалпы мәдени құндылықтарына үнді-ирандық ертегілер, дидактикалық шығармалар, Вавилон және Мысыр фольклоры, эллинизмнің жекелеген әдеби сюжеттері енді. Бұл материалдардың барлығы Ежелгі Аравия жаулап алушылары арқылы келген сюжеттер мен мотивтер болып табылады. Олардың әбден сіңіп кетуінен кейбір әдеби сюжеттердің қай этникалық ортадан шыққандығын анықтау қиынға соғады. Көптеген әңгімелер әртүрлі элементтердің қосындысынан да пайда болған. Мысалы, «Жалқау Абу Мұхаммед туралы» әңгіме үнді сюжетіне негізделіп, араб өңдеуінен өтсе, «Халиф балықшы туралы» ертегі мысырлық болып есептелгенімен, оның бағдадтық та нұсқасы бар[2,210].
«Мың бір түн» «жалғаспалы повесть» принципі бойынша құрылған яғни, мұнда бір әңгіме екіншісіне негіз болады. Мұндай негіз Шахрияр патша туралы әңгімеден басталады.
«Мың бір түнді» зерттей, зерделей келе, Үндістан, Месопатамия, Иран, Мысыр т.б. сияқты елдерден енген оқиғаларды анықтауға болады. Оның бірінші критерийі – кісі есімдері мен даталар және диалектизмдер. Онда үнді есімі- Синдбад, түркілер- Әли Баба, Хатун, ирандық- Шахрезада, Шахзаман, Бахрам, Рустам, Ардашир, Шапур т.б. Сонымен қатар грек және еуропалық атаулар да кездеседі. Мысырлық атаулар, жер-су аттары мен ай атаулары копттық нұсқада қолданылса, көне еврейлік Сүлеймен, Дәуіт, Асаф, Баракия да кездесіп қалады. Бірақ «Мың бір түндегі» атаулардың басым бөлігі арабтан шыққан және Исламға дейінгі Аравияда қолданыста болған сөздер екендігіне дау жоқ.
Зерттеушілердің пікірі бойынша, «Мың бір түнге» енген әңгімелер мен ертегілерді үш негізгі топқа бөліп қарауға болады. Олар: ежелгі үнді-ирандық, бағдаттық және мысырлық топтар. Бұл аталған топтардың өзіндік ерекшеліктері мен мәдени дәстүрлері болатыны белгілі[3,417].
«Мың бір түннің» ежелгі негізін парсыдан арабшаға аударылған үнді-ирандық ертегілер құрайды. Олар «Хезар эфсане» деп аталған ирандық жинаққа енген. Бұл туралы мәліметтерді Х ғасырдағы араб тарихшысы, әрі географы Аль- Масуди еңбектері мен 987 жылы араб библиографы Ибн ан-Надим құрастырған анықтамалығынан кездестіруге болады. Жинақтың арабша аудармасы ҮІІІ ғасырда, яғни араб-мұсылмандық мәдениет Иран дәстүрлерін кеңінен сіңірген тұста жасалған. «Хезар эфсаненің» исламданған, арабтанған нұсқасы «Мың бір түн» деп аталған, бірақ ол бізге жетпеген. Дегенмен де, Шахрезада баяндаған оқиғалар мен олардың ішіндегі үнді-ирандық ертегілер «Мың бір түнге» «Хезар эфсанеден» енген деп тұжырымдауға болады.
Ибн ан-Надимнің айтуынша, бағдадтық әдебиетші әл-Джахшияри (942) араб тіліне аударылған «Хезар эфсаненің» негізінде «Мың бір түн» деп аталатын өзінің жинағын жасаған. Ол оған Иран ертегілерін енгізіп, араб ертегілерін де қосқан. Әл-Джахшияри өз жинағына мың араб ертегісін қосқысы келеген, бірақ ол барлығы 480 ғана ертегі жинаған. Сөйтіп, ІХ-Х ғғ. жинақ болып құрастырылған «Мың бір түн» ертегілерінде үнді-ирандық материалдармен қатар мысырлық туындылр да бар деуіміз сондықтан. Араб ертегілері Ирактың Бағдад, Басра қалаларында құрастырылып, жерглікті фольклордың өңдеуінен өткен, сонымен қатар, әртүрлі әдеби, тарихи-географиялық шығармалармен қатар саяхатшылар жазбаларынан да алынған. Мысалы, «Өтірікші қариялар мен әйел туралы әңгіме» библиялық «Сусан мен қарттар», «Синдбад-теңізші» парсылық саяхатшы-капитан Бузарга ибн Шахриярдың «Үндістан кереметтерімен» мазмұндас.
ХІІ-ХІІІ ғасырларда жинақ көптеген жаңа оқиғалармен толыға түсті. Оның атауы «Мың түннен» «Мың бір түнге» ауысқанын неміс ғалымы әрі аудармашысы Литтманн «бин бир» деген белгісіз көп нәрсені білдіртін түріктің идиоиалық тіркесімен байланыстырады. Сөйтіп, атауына сай 1001 ертегі-әңгімеден тұратын жинақ ХҮІІ ғасырдың басында мәмлүктік Мысыр мен Сирияның Осман сұлтаны Селим І (1512-1520) тұсында толық редакцияланады. ХІІІ ғасырда монғолдар Бағдадты қиратқаннан кейін бүкіл араб әлемінің экономикалық, әрі мәдени орталығы Мысыр қалалары болған. Сондықтан да «Мың бір түннің» толық жинағы сол Мысырда редакциялануы тегін емес[3,386-388].
Жинақтың екінші бөлігі бағдадтық ертегілер тобынан тұрады. Үнді- ирандық фантастикалық элементтерден тұратын ертегілер орта ғасырлақ қалалық новеллаларға ұласады. Олардың дәстүрлі мотиві бойынша кездейсоқ жағдайда немесе қайырымды патшаның араласуымен кедей- бай әрі танымал адам болып шығады. Әңгімеші көне ертегілік мотивке кедей адамның арман-тілегін байланыстыра отырып баяндайды.
«Мың бір түн» ертегілеріндегі сиқырлы күш оның әр бөлігінде әртүрлі. Үнді-ирандық топтарда олар тәуелсіз, өзі қалаған кейіпкерге ерікті түрде көмектеседі. Бұл сиқырлы күштер үнді мифологиясынан бастау алып, «арабтанған». Олар жын, ифрит деп аталып, метафоралық мағынаға ие болады.
Жинаққа Бағдадтан енген әңгімелерге оқиға Ирак қалаларында, олардың сауда-өнеркәсіптік бөлігінде, немесе халиф сарайында өткізіп, олардың кейіпкерлері қайырымды әрі қайырымсыз уәзірлер, әділ немесе әділетсіз қазылар, күң-әншілер мен гарем күзетшілері сиқты қала тұрғындары болып табылады.
Орта ғасырлардағы Еуропада пайда болған фаблио сияқты бағдадтық оқиғаларда да төменгі сатыдағы адамдардың ұшқыр ойы мен уытты сөздері, езу тартқызар бірқақпайлары ерекше бағаланады. Бағдадтық новеллаларда қайырымды, жомарт адамдар және ғажайып махаббат туралы оқиғалар жиі кездеседі. Үнді-ирандық ертегілерден Бағдадтық ертегілер көлемі жағынан және оқиғаның шынайы өмірде өтуімен ерекшеленеді. Сондықтан жинақтың бұл бөлігінде сиқырлы күштер негізгі роль атқармайды.
Бағдадтық сюжеттердің қозғаушы күші халиф Харон ар-Рашид. Ол әділетті әрі қайырымды патша жергілікті әділетсіз басқарушылардан қарапайым халықты қорғайды деген орта ғасырлық қалалықтың арманынан туса керек. Харондық циклге елу шақты ертегілер кіреді. Олар Бағдадта құрастырылған, ал, кейбіреулері Мысырда редакцияланған. Тарихи тұлға ретіндегі Харон ар-Рашид Бағдадта 786-809 жылдары билік құрған. Тарихи деректер бойынша ол ертегі кейіпкеріне мүлдем қарама-қарсы тұлға болған. Бірақ сол халифтің тұсында Бағдад өз дамуының шарықтау шегіне жетіп, халқы тыныш, бейбіт өмір сүрген. Ал одан кейінгі билеушілер тұсында елде азамат соғысы басталып, саяси тұрақтылық ыдыраған. Мұндай ұрыс-керістен шаршаған халықтың бейбіт өмірді аңсап, сондай тіршілікке мұрындық болған халиф Харон ар-Рашидті жағымды кейіпкер етуі тегін емес.
ХІІ ғасырдан бастап жинаққа мысырлық оқиғалар да ене бастайды. Олар негізінен сауда, қолөнер ортасында туған. Бұл оқиғаларда әлеуметтік мәселелер сөз болады. Олардың кейіпкерлері көпес немесе кедей қолөнерші- өте сауатты емес, бірақ тапқырлықтың арқасында өз дегеніне жететін адам. Каирлық оқиғалар бағдадтық оқиғалардан көлемді, ұзақ. Онда бір адамның бүкіл өмірі жайлы баяндалады. Кейбір мысырлық новеллаларда фольклорлық мотивтер кездескенімен негізінен оқиғалар мәмлүк сұлтандары мен түрік билеушілерінің тұсында өрбиді. Бұл новеллалардың жалпы тоны- ақылсыздау патшаны әжуалау, оның уәзіріне қарсылық, еңбекшілерді мүсіркеу болып табылады.
Мысырлық әңгімелердің классикалық үлгілері «Ала ад-Дин мен оның сиқырлы шамы» және «Башмақшы Маруф». Бұл циклдағы сиқырлы күштер үнді-ирандық фольклордағыдай тәуелсіз күш емес, өз иелеріне қызмет ететіндер.
«Мың бір түнде» орта ғасырлардығы араб сөз өнерінің әртүрлі жанрлары көрініс тапқан. Бұл жанрлардың әрқайсысының пайда болған уақыты мен жеріне қарай өзіндік ерекшеліктері бар. Бірақ бұлардың бәріне тән нәрсе- олардық ортақ поэтикасы. Бұл - араб халық әдебиетінің жазылмаған заңы. «Мың бір түнде» проза поэтикалық үзінділермен , кей жерлерде өлеңдермен араласып отырады. Ол өлеңмен жазылған хаттар немесе екі кейіпкердің өлең түріндегі диалогы, не болмаса, «оның көркемдігін ақын былайша суреттейді» деген сияқты сипаттаулардан тұрады.
«Мың бір түннің» қызғылықты, әрі көркем баяндауынан бөлек оқырманды оның танымдық аспектісі де қызықтыратыны сөзсіз. Жалпы «Мың бір түннің» кітап, жинақ ретіндегі беретін мағынасы мен айтар ойы: адамды ажалдан құтқарған әдебиет. «Есіңізде ме: қара құл мен ойнас қатынының опасыздығына қаһарланған патша күнде бір қызбен түнеп шығып, таң ата басын шауып тастай бермеуші ме еді. Кезек Шахаризадаға келгенде, ол патшаға неше алуан ғажайып көркем әңгіме айтып беріп, ол әңгіме мың бір түнге созылып, ажалдан аман қалмаушы ма еді.
Бұл даналық нені меңзейді? Әдебиет, мәдениет жоқ жерге ажал үйір дегенді меңзейді. Рухани жүдеу- ажалмен тең»,- деген екен қазақтың белгілі жазушысы, көрнекті қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза [4,43-44 ].
Пайдаланылаған әдебиеттер:
Н.М.Фильштинский История арабской литературы Х-ХҮІІІ веков. М., 1991 г.
М.Герхард Искусство повествования М., «Наука» 1967 г.
Собрание сочинении А. Н. Веселовского М.-Л. – 1938 г.
Саңлақ. Қалтай Мұхамеджанов туралы естеліктер А., «Атамұра» 2004ж.
Достарыңызбен бөлісу: |