технология пәнінде практикалық сабақты ұйымдастыру
П.ғ.д., профессор Жолдасбекова С.А.
М.Әуезов атындағы ОҚМУ
Saulez.63@mail.ru
Жолдасова Б.Б. п.ғ.к., доцент м.а.
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ
bibigul_1010@mail.ru
Қазіргі кезде мемлекетіміздегі білім беру саласындағы саясат – шығармашыл, сындарлы ойлайтын, өз мүмкіндігіне сенімді, әр түрлі проблемаларды өз бетінше шешуге қабілетті тұлғаны дайындау мәселесі қойылып отыр. Осыған байланысты, Мемлекеттік стандарт талаптарына сай жалпы білім беретін мектептерде оқытудың сапасын жетілдіруге қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік аз. Мұның себебі: өз мамандығын жақсы игерген педагогикалық мамандармен сандық және сапалық тұрғыдан қамтамасыз етілмеуі, пәнді оқытудың жоғары деңгейін қамтамасыз етерліктей оқу-әдістемелік құралдардың болмауы, шеберханада болуға тиісті жабдықтардың аздығы т.б.
Білім беру стандартының басты функциясы – бұл білім беру үрдісінің барлық обьектілерінің мүддесін қорғау болып табылады. Стандарт қоғамның өз мүдделерін талап ететін және жеке тұлғаға өзінің бүкіл еңбек жолы бойында құбылмалы әлеуметтік – экономикалық жағдайларға кәсіптік бейімделуге кепілдік беретіндей білім деңгейін көрсетеді [1].
Соңғы кезде мектептерде оқыту процесін ұйымдастырудың, оқыту технологияларының жекелеген элементтерін сабақта қолдану бағытында ілгері қадамдар жасалынуда.
Біздің қарастырып отырған мәселеміз жалпы білім беретін мектептерде технология пәнінің «материалды өңдеу технологиясы» бөліміне қатысты болғандықтан, соған орай берілетін білім мен біліктілік, лабораториялық және практикалық сабақтардың мазмұны мен дидактикалық құралдарына байланысты болып отыр. Осылардың мазмұнын ашып, әдістемелік құралдарына талдау жасау арқылы оқытуды тиімді етуге болады. Шәкірт білімінің тиянақты қалыптасуына ұстазының білімі мен тәжірибесі тікелей әсер етеді.
Оқытудың жаңа технологиясының бір тармағы ретінде «Материалтану» пәнін оқыту барысында қолданылатын дидактикалық құралдар қатарына жататын негізгі ұғымдар мен терминдердің дидактикалық маңыздылығын талдағанды жөн деп санаймыз, өйткені бұл пәннің ерекшелігі алдымен ұғымдарды, терминдерді игермеген шәкірттің әрі қарай пәнді түсінуі мүмкін еместігі тәжірибе жүзінде анықталуда [2].
Оқушыларға теориялық білімдерін толықтырып оларды күнделікті өмірде қолдану үшін практикалық сабақтардың орны ерекше. Практикалық сабақтың мақсаты:
- оқушыларды күнделікті тұрмыста қолданылатын тұтыну бұйымдарын, киім топтарын дайындауда және оларды көркемдеп сәндеуде қолданылатын қол және машина тігістерінің түрлерін үйрету ;
- оқушының шығармашылық жұмыспен айналысуына ықпал ете отырып жүйелі білім беру;
- оқушылардың киім бөліктерін өңдеуде ынта-ықыласын нығайту;
- тігін машиналарының тетіктерін біліп, машинаны жұмысқа дайындау және жіптерін сабақтауды меңгерту;
- еңбек ете білуге машықтандыра отырып оқушылардың іске икемділігін, іскерлік пен шеберлік дағдыларын қалыптастыру;
- сәндеп - өңдеу материалдарын киімді көркем өңдеуде қолдану жайлы түсініктер беру;
- бұйымды дымқылды жылумен өңдеуді үйрету.
Оқыту үрдісінде мынадай екі түрлі қызмет жүзеге асады. Бірінші мәселе - оқытушының оқытуы, екінші мәселе-оқушының оқуы. Осы ара қатынас оқытушы мен оқушының жұмыс істеу әдісі, оның арасында білім іскерлік заңы қалыптасып, оқушылардың дүние танымдылығы мен қабілеттілігі артады, және де оқытушы мен оқушылардың өзара бірлесе жасайтын әрекетінің барысында білім алу жолдары, яғни оқытушы оқушыларға оқу материалымен білім беру тәсілдерінің жиынтығы ретінде оқу материалдарын жеткізу тұрғысында қарастырылады 3.
Технология сабағы бағдарламасының талаптарына сай жабдықталған оқу шеберханасы арнайы жабдықталған болуы тиіс. Арнайы жабдықталған технология сабағының кабинетінде өтілген сабақтар барлық уақытта сапалы әрі орындайтын тапсырмалары түсінікті болады. Сабақ басталмас бұрын оқушыларға өтілетін тақырыптың нақты мақсаты айтылады яғни, қандай бұйым жасалатыны, қолданылатын құрал-жабдықтар және олармен қалай жұмыс жасау керектігі, бұйымды жасағанда қалыптасатын білім мен шеберлік дағдылары.
Мұғалім оқушыларға киім бөлшектерін өңдеу, бөлшектерді біріктірудің әдіс-тәсілдерін теориялық тұрғыда түсіндіреді, практика жүзінде оқушылар жеке бөліктерді өңдеп, бұйым дайындайды. Яғни, өңдеу жұмыстарында олар ептілігін, бейімділігін, дербес жұмыс жасауда белсенділігін практикалық сабақ барысында қалыптастырады. Сабақ барысында проблемалық ойлар туғызуға оқушыларды бағыттап отыру қажет. Мысалы,
Матаны пішім бөліктерін орналастыру үшін қалай жоспарлаймыз?
Киім дайындау қандай кезеңдерден тұрады?
Бөліктерге қосымша қанша қосылады?
Киім бөліктерін біріктірудің тәсілдері
Қатырма не үшін және қайда қолданылады?
Қол және машина тігістерінің түрлері тақырыбында оқушылар тігістердің орындалу жолдарын және қайда қолданылатынын үйренсе, белдікті киімдерді өңдеуде оның бөлшектерінің пішілу жолдарын, өңделуін және өңделген бөлшектердің қалай біріктірілетінін үйренеді. Сабақ барысында мұғалім оқушылардың жұмысын бақылай жүріп, әрбір оқушының өзі берген түсініктері мен нұсқауға сәйкес жұмысты дәл орындауын, жұмыс орнында қауіпсіздік ережелерін сақтауын талап етеді. Сабақтың соңында оқушылар орындаған жұмысты бірлесе отырып қарап, жұмыстың сапасын талқылау ұйымдастырылады.
Пәнге байланысты таңдалған материалдардың көлемі мен жүйесіне қарай білім беруде мұғалім білім беру әдістерінің тиімді түрлерін пайдаланғаны абзал. Сондықтан, мұғалім өз мамандығын жетік біліп, оқытудың әдіс-тәсілдерін әр сабақтың мынадай дидактикалық талаптарына сәйкес жүргізуі керек:
-сабақтың негізгі мақсатын анықтау;
-материал мазмұнының тақырыппен сәйкестігі және психологиялық-дидактикалық негізде құрылуы;
-сабақты жоспар бойынша дұрыс ұйымдастыра білу, сабақ түрлерін және әдістерді дұрыс қолдана білуді анықтау;
-оқушылардың шеберлігін арттырып, еңбек мәдениетіне тәрбиелеуде шығармашылық білімді, іскерлік дағдыны қолдану;
-сабақта жеке ұжымдық оқыту жұмыстарын дидактикалық мақсатта өзгертіп отыру.
«Материалды өңдеу технологиясы» бөлімінде теориялық білім мен практикалық дағдыларды беруде мұғалім мынадай принциптер мен методикалық заңдылықтарға сүйенеді: ғылыми, жүйелі, көрнекілік, теорияны практикамен байланыстыру және оқушылардың психикалық ерекшеліктерін ескеру.
Ғылыми принцип - бұл білім беруде жиі іске асырылатын, үнемі қолданыста болатын принциптердің бірі.
Жүйелі принцип – бұл жаңа тақырыпты түсіндіруде, білім мен іскерлікті қалыптастыруда, үй тапсырмасын еске түсіріп, пысықтау мен қайталауда іске асырылады.
Көрнекілік принципі – бұл тақырыптың материалдарын түсінікті, анық болатындай етіп игеруде жүзеге асатын принциптердің бірі. Мұнда тақырыптарға байланысты түрлі плакаттар, құрал – жабдықтар, кестелер, нұсқау карталары, жасалынған бұйымдар т.б. көрсетіледі.
Теориядан алған білімін күнделікті қажетіне қолдану оның практикамен байланысы арқылы нәтиже береді.
Оқушылардың психикалық ерекшеліктерін ескеру принципіне теориялық білім мен практикалық дағдылар беруде психикалық қасиеттері, оқуға бейімділігі, икемділігі мен дайындық дәрежесі ескеріледі. Мұғалім оқушылардың өткен тақырып пен жаңа тақырыптың қаншалықты меңгергенін бақылап отырады. Нашар және орта орындаған оқушылармен сабақ үстінде, сабақтан тыс түрлі жұмыстар орындалады.
Оқу материалдарын бағдарламаларға сай пәндер бойынша біріктіріп беру оқушылардың жан – жақты тұтас, терең және берік білім алуына мүмкіншілік жасайды. Сондықтан, жыл сайын әрбір мұғалім пәндер бойынша оқу материалдарын біріктіру, яғни пәнаралық байланыс принципі мақсатымен интегралдық жоспар жасайды, ондағы материалдарды дер кезінде сабақта пайдаланып, тиімді етіп іске асырады .
Қазіргі таңда мұғалімдердің алдында тұрған жауапты міндеттердің бірі – оқушыларға тиянақты білім беру. Сондықтан білікті, білімді мамандардың шеберлігіне назар аударып, тәжірибе алмасу, оқушылардың материалдарды өңдеу барысында жасаған жұмыстарының нәтижелерін, орындалу барысын қадағалап шығармашылық жұмыспен айналысуына ықпал ету және оқушылардың киім бөліктерін өңдеуде ынта-ықыласын нығайту.
Қазіргі кезде мектептерде оқыту процесін ұйымдастырудың жаңа модельдерін жасау, оқыту технологияларының жекелеген элементтерін сабақта қолдану бағытында тың қадамдар жасалынуда. Мектеп мұғалімдерінің алдында тұрған жауапты міндет – ол оқушыға тиянақты білім беру, білікті ұрпақ тәрбиелеу. Жеке тұлғаны талантты, жаңалыққа жаны құмар етіп шығару үшін мұғалім оқытудың жаңаша әдістерін қолдану арқылы оқушының сабаққа деген белсенділігін, шығармашылық ізденісін, пәнге деген сүйіспеншілігін арттырады.
Кентау қаласында Ы.Алтынсарин атындағы №1 орта мектептің 8 сынып оқушыларына технология пәнінен бағдарлама бойынша «материалды өңдеу технологиясы» бөліміне практикалық сабақты өткізу барысында ең тиімді әдіс-тәсілдерді қолдануды мақсат етіп алдық. Бұл бағдарламадағы алдымызға қойған міндет бүгінгі ұрпақты өз халқының өнерімен тәрбиелеп, өз қолымен бұйым дайындай алатын, ата кәсіпті дамытып мәдени дамуымызға үлес қосатын тұлға дайындау. Сабақ барысында оқушылардың өзінің болашақ мамандығына құштарлығы, икемділігі, қызығушылығы қалыптасады, демек бұл пәннен практикалық сабақты өткізу мынадай нәтижелерге қол жеткізеді:
- оқушы өзінің болашақ мамандығын таңдауына бағыт алады;
- еңбек етуге машықтандыру арқылы икемділігін, іскерлік пен шеберлік дағдыларын қалыптастырады;
- білім мен тәжірибе негізінде еңбекті сапалы және өнімді етіп жасауға және кәсіби еңбек пен өнертануға машықтанады;
оқушылар технологиялық әдебиеттерді көбірек оқуға ұмтылыс жасайды;
өздерінің шығармашылық қабілеттерін қалыптастыруға жол ашады.
Қорыта айтқанда, оқытудың әдістерін сабақ барысында дұрыс қолдана білсек, оқушының материалдарды өңдеу барысында қазіргі өмір талабына сай бұйымдарды дайындауға арналған техника тетігін меңгеріп, экономикалық талаптарға сай мәліметтерді алуына және шығармашылық мүмкіндіктерінің дамуына септігін тигізеді.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Жолдасбекова С.А., Жолдасова Б.Б. Болашақ технология пәні мұғалімін кәсіби даярлаудың әдістемесі // Ұлт тағылымы. -2009. - № 3. - Б. 50-54.
2.Сыздықов О. Инженер мамандарын даярлауды жетілдірудің дидактикалық мәселелері. Монография. «Ғылым» ғылыми баспа орталығы. Алматы, 2001, 10 б
3.Өстеміров К., Васильев Н., Жоламанова К. Тігін өндірісін оқыту әдістемесі: орта және кәсіби мектептерге арналған оқу құралы. Алматы, ЖШС “КАЗПРОФТЕХ”. 2007, - 131б
Түйін
Бұл мақалада «Технология» пәнінде тігін бұйымдарын өңдеуді оқытуда практикалық сабақты өткізу ерекшеліктері қарастырылады. Кентау қаласында мектепте практикалық сабақты өту барысында сабақтың мақсаты, матаны пішу әдістері, киімді тігудегі түрлі өңдеу тәсілдері анықталды.
Кілт сөздері: ғылыми принцип, жүйелі принцип, көрнекілік принципі, технология, оқыту әдістері
Резюме:
В данной статье рассмотрены особенности проведения практических занятии по швейным изделиям учебной дисциплины «Технология». Определены цели, методы раскроя ткани, способы соединения отдельных заготовок для шитья одежды и результаты проведения практических занятии в школах г. Кентау.
Ключевые слова: научный принцип, принцип системы, принцип визуального, технология, методы обучения
Summary
In this article is considered the particularities of studying practical lessons on sewing wares of training discipline “Technology”. It is defined the aim, methods of cutting out of different preparation for sewing of clothes and results of studying practical lessons at schools in town Kentau.
Keywords: the scientific principle, the principle of the system, the principle of visual, technology, teaching methods
Достарыңызбен бөлісу: |