3. Жақан Қосабаев
Жақан Қосабаев - мемлекет және қоғам қайраткері. Ол 1941 жылы 12 қаңтарда Жанкелдин ауданы «Октябрь» ұжымшарында дүниеге келді. Әкесі Қосабай Ұлы Отан соғысының қан майданына аттанғанда Жақан енді ғана қаз тұрған бүлдіршін еді. Анасы Сәлима төрт жастағы қызы Қазипа мен бір жарым жастағы Жақанын бауырына басып, қала берген. Фермада сауыншы, түнде күзетші болып, бір тыным таппады. Әке соғыстан оралмады. Қара қағазды қолына алған ана тас түйін бекініп, қайрат танытты. Ана жүзіндегі мұңды көріп, балалар да ерте есейді. Қазипа бастауыш сыныптан кейін анасына көмектеспек болып, жұмысқа жегілді. Жақан оқыды. Анасы атадан қалған жалғыз тұяқ – ұлын «Октябрь» ұжымшарындағы бастауыш, көрші колхоздағы орталау, Торғайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте оқытты. 1959 жылы орта мектепті бітірген Жақан тракторшылық мамандық алып, бір жыл бойы елдің жұмысын еңсерді. Сол кездегі колхоз басқармасының төрағасы Міркемел Сейтқазиев көзінің оты бар жігерлі жасты бірден танып: – Сен институтқа түс, өзіңнен үлкен үміт күтемін және бір жылғы оқу шығыныңды өзім көтеремін, – деп қамқорлық танытты. Осындай жақсылық жасаған ел ағасы Міркемелге Жақанның анасы өле-өлгенше батасын беріп, ризашылық танытумен дүниеден өтті. Жақан Челябі ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру институтына оқуға түсіп, оны 1965 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Елге келіп қызметке кіріседі, алдымен кәсіптік-техникалық училищеде оқытушы, «Южный» кеңшарында автогараж меңгерушісі, алты айдан кейін бас инженер болады. 1967 жылы жігерлі жас аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып сайланады. Содан бастап Қосабаевтың тасы өрге домалап, әртүрлі лауазымды қызметтер атқарады. Партком хатшысы, кеңшар директоры болады.
Достарыңызбен бөлісу: |