Тотальдық панкреатикодуоденоэктомия операциясын ісіктік үрдіс ұйқы безінің тінін толықтай зақымдағанда немесе бездік тінде ісіктің бірнеше ошақтары болғанда жасалады. Бұл операция өте сирек қолданылады, себебі операциядан кейін ауыр қант диабеті және ұйқы безінің экзокриндік, эндрокриндік қызметтері күрт бұзылып, организмде зат алмасу, тағамның қорытылу үрдістері толықтай тоқтайды. Аталмыш ауыр жағдайды болдырмау үшін жасанды түрде организмді үнемі ұйқы безінің гормондары мен ферменттерімен қамтамасыз етіп тұру қажет. Оны күнбе- күн іске асыру, бір жағынан, өте күрделі, екінші жағынан, жоғары мөлшерде қаржы жұмсауды қажет етеді.
Панкреатодуоденалдық резекциядан кейін операцияның түбегейлігін анықтау үшін міндетті түрде бездің кесілген шетінен жағынды немесе қырынды, биопсиялық тін алып, оны цитологиялық зерттеп, R0, R1, R2 белгілерін операция протоколына тіркеу қажет.
R0 – толық резекция, резекция шетінде ісік жасушалары жоқ;
R1 – толық емес резекция, резекция шетінде ісіктің микроскопиялық жасушалары бар.
R2 – толық емес резекция, резекция шетінде ісіктің макроскопиялық жасушалары бар.
R1, R2 анықталған науқастарға операциядан кейін міндетті түрде сәулелік ем қолдану керек (классикалық бөлшектеу әдісімен жалпы ошақтық сәуле энергиялық мөлшері – 45-50 Гр.).
Криодеструкция қатерлі ісігі ұйқы безінің денесі мен құйрықтық аймағында жергілікті тараған, яғни басқа дене мүшелеріне метастаз бермеген, құрсақ қуысында шемені жоқ, бірақ ірі қан тамырларына жабысқан науқастарға қолданылады. Бұл тәсілді лапаротомия жасап, ісікке түбегейлі тұрғыда операция жасауға мүмкіншілік болмаған жағдайда қолданады.
Криодеструкция «криоэлектроника-4» аппараты арқылы 10-15 минут ішінде салқындығы-170-190 градус криоаппликаторды 2-3 нүктеден ісіктік ошаққа бетпе-бет тигізу арқылы іске асырылады. Ю.М.Патютконың (2004) мәліметі бойынша, емделгендердің 8%-да әртүрлі ауырлықтағы асқыну үрдістері байқалған.
Достарыңызбен бөлісу: |