Қазақстан Республикасы білім және ғылым министірлігі Шәкәрім атындағы университет
СРО
<<Психологиялық қызметті ұйымдастыру жағдайындағы инклюзивті білім беру>>
Пәні бойынша
Тақырып: Инклюзивті сыныптағы заттық-білім беру ортасын модельдеудің ерекшеліктері
Жасаған: Жабатаева А
Тобы: ПиП-101с
Тексерген: Серикбаева Н.Б.
Мұндай білім беру ортасын ұйымдастырудың негізгі мақсаты, В.А.Ясвин бойынша, «әрбір оқушының өзінің дамуы үшін қолайлы жағдайда болатын, барлық білім беру ортасының қолайлы әсерін сезінетін жағдайдағы оқыту үдерісін құру, модельдеу» болып саналады.
Білім беру ортасының кеңістіктік-заттық компонентін модельдеу және ұйымдастыруға, Я.А.Коменскийдің «Ұлы дидактика» еңбегінде зейін аударылған болатын. Онда оқу мекемесінің кеңістіктік-заттық ортасы ең алдымен, бала үшін тартымдылық тұрғысында қарастырылды: «Мектептің өзі сырттай және іштей керемет әсер қалдыратындай, жағымды орын болуы керек. Оның іші ашық, таза, суреттермен безендірілуі керек: ұлы адамдардың портреті, георафиялық карталар, тарихи оқиғалардың ескерткіштері, бірқатар эмблемалар. Ал сыртқы жағында серуендеуге және ойындарға арналған алаң болуы керек (мұндайдан балаларды оқшаулауға болмайды), сонымен бірге, оқушыларды анда-санда кіргізетін, оларға ағаштардың, гүлдер мен шөптердің кереметін қызықтауға мүмкіндік беретін саябақ болуы керек. Егер жұмыс осылай жасалатын болса, онда балалар мектепке керемет нәрсені көруге, тыңдауға барғысы келетіндей күйде болады».
Мария Монтессори тұлғалық дамудың тіректі факторы ретінде, білім берудің кеңістіктік-заттық ортасын модельдеуге ерекше назар аударды. Оның құрастырған дамытушы білім беру үдерісінің моделінде, тәрбиешіге балалардың кеңістіктік-заттық білім беру ортасын – Монтессори бойынша, «дайындық ортасын» ұйымдастыру арқылы жанама басқару жүктелген. Мектепке дейінгі және кіші мектеп жасына арналған Монтессори құрастырған білім беру ортасы, баланы өзіндік дамуының мүмкіндіктерін оның даралығына сәйкес келетін өзіндік іс-әрекетке ынталандырды. Балалардың өзін-өзі оқыту үдерісі дидактикалық материалдың құрылымының өзгешелігімен ерекшеленді: текше-астарлар, алуан түрлі ұяшықтары бар жиектер, ұяшықты толтыруға арналған астарлар, оқыту үшін қажетті заттармен толтырылған суырма жәшіктер. Бұл құрылғылар балаға өз бетімен тапсырмаларды орындаудағы қателіктерді табуға және оларды жоюға мүмкіндік берді. Мұндай сабақтардағы басты нәрсе ретінде, Монтессори баланың белсенділігін дамытуды атады, ал оның барысында белгілі бір білімді меңгеруді, жалғаспалы тапсырма ретінде қарастырды. Монтессоридің білім беру жүйесіндегі кеңістіктік-заттық ортаның рөлі бірінші кезекте болды, ең алдымен, аталған жастағы балаларды оқыту негізіне алуан түрлі сенсорлы тәжірибені меңгеру алынды, бұл қоршаған ортаның алуан түрлі элементтерімен өзара әрекетте жүзеге асырылды.
Дайындық ортасындағы баланың әрекетінің дербестігіне Монтессори ерекше мән берді. Оның ойынша, бұл балаға өзінің «ішкі күштерін» дамытуға мүмкіндік береді, бұл бірте-бірте ересектерге тәуелді болудан қалады. Монтессоридің балаға арналған дидактикалық материалдары - әлемге деген өзіндік кілт, оның көмегі арқылы ол өзінің әлем туралы әсерлерін реттейді, мәдениетке «енеді», табиғатты түсінуді үйренеді.
Монтессори бойынша дайындық білім беру ортасы, баланың дене және рухани дамуының мүмкіндіктер кешенін құрады, өзінің өмірлік жолын саналы ұғынуға және бір жүйеге келтіруге мүмкіндік береді: «баланың моторлы қажеттіліктерін ескеріп, дайындық ортасын құру маңызды. Көлемі және қолайлылығы бойынша жабдықтар, баланың күші мен өсуіне сәйкес іріктелуі керек.
Күнделікті практикалық өмірдегі жаттығуға арналған материалдар, түсі, формасы, көлемі, қолайлылығы және тартымдылығы бойынша балалардың қажеттіліктеріне жауап беруі керек.
Баланың болатын ортасын тәртіпке келтіру, олардың әлеуметтік мінез-құлық үлгілерін меңгеруіне және ішкі рухани құрылымды құруға жағымды ықпал етеді. Бала ересектердің көмегінен тәуелсіз болған сайын, оның қоғамдағы өзіндік мінез-құлық үлгілерін құруды дамытуға арналған шығармашылық күші көбірек болады.
Монтессори кеңістіктік-заттық білім беру ортасының архитектуралық элементтеріне көп зейін аударды, олар: сабаққа арналған бөлмелер таңғы ауланың айналасына орналасты, онда балалар үй жануарларымен өзара әрекет ету мүмкіндігіне ие болды, өсімдіктерді күтті.
Қазіргі кезде Монтессори әдісі дүние жүзінің алуан түрлі елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да кең танымал болып, тарала бастады.
Ғимараттың архитектуралық ерекшеліктеріне тікелей тәуелділіктің болуы, білім беру үдерісінің тиімділігін Я.Корчак атап көрсетеді: «Интернаттағы өмірді ұйымдастыру техникасы, оның орналасқан ғимаратына және ғимарат соғылған аймаққа байланысты болады».
3.Сынып бөлмесінің қолжетімділігі.
Сынып бөлмесінің қолжетімділігі – бұл инклюзивті білім беру ортасында оқытудың маңызды алдын ала шарты. Мүгедек балаларға арналған инклюзивті сыныптың кеңістігінің қолжетімділігі туралы сөз болғанда, бірінші бұл – баспалдақты жолдар бар аймақтарға пандустар орнату болып табылады. Пандустар арбада қозғалатын, қозғалыс үшін әртүрлі құралдарды пайдаланатын (балдақтар, таяқтар), сонымен бірге қозғалысында ауытқуы бар балаларға пайдалы. Баланың мүгедектер арбасында қозғалысы үшін есіктің жақтауларын кеңейту қажет. Есіктер өзінің құрылымы бойынша айқара ашылатын болуы керек, оны арбада отыратын бала оңай аша алуы керек.
Көруінде бұзылуы бар балалар үшін есіктердің толығынан ашылатын және толық жабылатын құрылымда болуы қажет. Көруінде бұзылуы бар балаларға арналған сыныпта, жиһаздың орнын жиі ауыстырмаған дұрыс.
Қимыл-қозғалысында бұзылуы бар баланың оқитын сынып бөлмесі жеткілікті кең болуы керек, онда бала еркін түрде қозғала алуы керек, сондықтан біздің дәстүрлі сынып бөлмелеріміз әрдайым осы талаптарға сай бола бермейді.
Мінез-құлқында бұзылуы бар балаларды зейінді аударатын заттардың аз орналасқан бөлігіне отырғызған дұрыс. Төмендегі орындарға отырғызуға болмайды:
- терезенің алдындағы орындар, себебі бұндай балалар белгілі бір оқу тапсырмасына зейіндерін шоғырландыра алмайды;
- ынталандырушы және дамытушы материалдар мен құралдар (плакаттар, жануарлар клеткасы, аквариум) жиналған орындар;
- есіктің жанындағы немесе сабақ кезінде жиі қолданылатын құралдары бар шкафтың жанындағы орындар, бұл балалардың зейіндерін шоғырландыруға ықпал етпейді.
Сыныптағы үстелдер мен орындықтардың биіктігіне назар аудару қажет, олар мүмкіндігі шектеулі балалар үшін қолайлы болуы керек. Мысалы, партаның биіктігін көтеру баланың арбасын оның жанына қолайлы орналастыруға мүмкіндік береді. Полкалар мен стеллаждар барлық балаларға жететіндей биіктікте орналасуы керек.
Көруінде бұзылуы бар балалар үшін, бірқатар қосымша факторларды ескеру қажет: егер баланың көруі өте әлсіз болса, заттар әрдайым болжанатын бірізділікте орналасуы керек, ал көруі нашар бала осы кеңістікте бағдарлана алуы керек. Егер сабақтар басқа орында өткізілетін болса, немесе материалдар мен заттардың орындары ауысып кетсе, онда мұғалім көруі нашар баланың зейінін осы өзгерістерге аударуы керек. Сынып бөлмесіндегі жарықтандыру және шолу мәселесі өте маңызды. Аталған патологиясы бар балалар сыныптың ең жарық бөлігінде отырулары керек, олар көрнекі құралдар мен оқу материалдарын сол бөлікте ғана жақсы көре алады.
Естуінде бұзылуы бар балалар ең жақсы естілетін жерде, мұғалімнің ернінен жақсы оқи алатын және сыныптың басқа оқушыларының жауаптарын жақсы көре алатын бөлікте отырулары керек.
Инклюзивті мектепте әдеттегі оқушыға қолжетімді барлық бөлмелер мен аймақтар, мүмкіндігі шектеулі балаларға да қолжетімді болуы керек. Мысалы, ауыз суы бар диспенсерлер барлық балалардың қолдана алатындай биіктікте орналасуы керек.
Инклюзивті білім беру ортасының моделін салыстырмалы талдау және дұрыс таңдау үшін, сыныптардың физикалық ортасының кеңістігінің әртүрлі модельдерін қарастыру қажет. Мысалы, сыныптағы парталардың қатары мұғалім үстелінің алдында тақтаға қарама-қарсы орналасқан, ал мұғалімнің сабақты алдында отырған оқушыларға қарап өтуін қамтитын, оқу орындарының орналасуы дәстүрлі болып саналады. Көптеген суреттерде сыныптағы осындай орналасуды көруге болады. Көптеген сыныптарда оқытудың негізгі сатысында, оқушыларды дәл осындай үлгіде отырғызуды бастайды, мұнда тек қысқа мерзімде оқушылармен сабақ өткізетін мұғалімдердің сабағында ғана біршама өзгеріс енгізеді.
Оқу орындарын бұлай орналастырудың басымдылығы ретінде, оқушылардың зейінінің алдында тұрған мұғалімге тікелей қаратылуы алынады. Мұғалім өзінің барлық оқушыларының бетін көре алады, бұл барлық балалардың өзін тыңдап отырғанына және сабақта нәтижелі іс-әрекетке енгізілгеніне сенімді болуына көмек береді. Сыныптағы оқу орындарының мұндай орналасуының оқыту үдерісіне әсер ететін маңызды кемшіліктері де болады. Ең алдымен, оқыту мұғалімге орталықтанған болып саналады, ал оқытудың қатарластармен пікірталас және диалог арқылы мүмкіндіктері күрт қысқарады. Мұндай жағдайдағы оқытудың өзі оқушылар үшін бірқатар оқу материалын енжар қабылдау болып саналады, ал оқушылардың оқыту үдерісіне белсендіру және ендіру жүзеге аспайды.
Сыныптың физикалық ортасының келесі моделі ретінде, біз оқушылардың аралас топтарын қалыптастыру арқылы оқу кеңістігін ұйымдастыруды аламыз: бұл әртүрлі қабілеттері бар оқушылар сабақтағы жұмыс үшін, бір аралас топқа бірігеді.
Соңғы кезде оқу кеңістігін ұйымдастырудың осы тәсілі, тиімді оқыту мақсатында балаларды топтастырудың керемет тәсілі ретінде қарастырылады, әсіресе, аралас топтарда жұмыс барысында кездесетін қиындықтардың алдын алуға ықпал етеді. Құрамы бойынша біртекті емес топтарда, әртүрлі шығу тегі, қабілеттері мен қызығушылықтары бар балалар, сабақта белсенді түрде өзара әрекет ете алады және бір-бірінен үйренеді.
Мұндай орналасуда балалар белсенді түрде өзара әрекет ете алады, мұнда балаға бағытталған, алуан түрлі оқытудың әдістері мен тұғырларын қолдануға болады. Қажеттілік болса, балалар мұндай жеке тапсырмаларды орындай алады.
Инклюзивті сыныптағы білім беру ортасын модельдеуде, жеке оқытуға арналған оқу кеңістігін ұйымдастыруға негізделген тұғырдың біршама мәні бар. Бірқатар мұғалімдер өзінің сыныбындағы кеңістікті топтастырудың белгілі бір принципі бойынша оқу орындарының орналасуы мүлдем болмайтындай ұйымдастырады. Мұндай әдістің басымдылығы ретінде, баланың өзіне аса қолайлы болатын сыныптың аймағын таңдауы алынады. Бұлай ұйымдастырылған кеңістік шағын топтарда жұмыс істеу үшін және жеке жұмыс үшін қолайлы болады. Қолайлы диванды немесе жұмсақ жиһазды қамтитын сыныптың аймағы, ресми емес оқу, әңгімелесу, пікірталас өткізу үшін өте пайдалы болады. Мұғалім сынып ішінде оңай қозғала алады және сынып кеңістігінің алуан түрлі бөліктерінде туындайтын балалардың жеке қажеттіліктерін қанағаттандыра алады.
Кеңістікті ұйымдастырудың осындай тәсілін қолданудағы кедергілер, көп жағдайда практикалық тұрғыда болуы мүмкін. Мұндай тұғырдың балалар үшін басымдылығы ретінде, олардың оқу іс-әрекетіне деген мотивациясының жоғары деңгейі және өзіндік тәртіптің жоғары деңгейінің қалыптасуы алынады, олар үнемі өздері жұмыс істегісі келетін кеңістікті таңдай алады.
Бірқатар балалар үшін сынып кеңістігінің жеткіліксіз құрылымды болмауы, белгілі қиындықтар тудыруы мүмкін. Мұндай кеңістікте балалар оқытудың өзіндік курсына сүйенулері керек және өз жұмысын дербес орындауға үйренулері керек.
Мұндай инклюзивті сыныптың үлгісі ретінде, «Step by step» халықаралық білім беру технологиясының аясындағы заттық-дамытушы ортаны құрудың инновациялық моделін көрсетуге болады, ол модель баланың тұлғасын ізгіліктендіруге, демократияландыруға және дараландыруға бағытталған. Бұл білім беру ортасының осы моделі баланың қызығушылықтары мен қажеттіліктеріне қызмет етеді, ал оның элементтері (жабдықтар, оқулықтар, дидактикалық материал) баланы дамытуға арналады.
Бұл жағдайларды ескере отырып, инклюзивті сыныптағы дамытушы ортаны құрудың психологиялық негіздері, әрекеттік-жас ерекшелік жүйелі тұғырға құрылады және келесі талаптарды қамтиды:
- орта қалыпты және мүмкіндігі шектеулі балалардың оқу және шығармашылық іс-әрекеті үшін қолайлы, эргономиканың негізгі қағидаларына жауап беретін, заманауи болуы қажет;
- орта балалардың іс-әрекетін дамытудағы жаңа, перспективті деңгейге жетуді қамтамасыз етуі қажет;
- орта мүмкіндігі шектеулі балалардың өзекті, жақын және перспективті даму аймағының қажеттіліктерін, оның шығармашылық қабілеттерін дамыту қажеттіліктерін қанағаттандыруы қажет;
- орта балалардың жас ерекшеліктерін және ерекше қажеттіліктерін есепке алуы керек.
Инклюзивті білім беру ортасын модельдеуде, біріншіден, ерекше қиындығы бар балалардың ерекшеліктеріне зейін аудару маңызды:
- алғашқы кемістіктің құрылымына;
- оның айқын көріну дәрежесіне;
- психофизикалық дамудың сипатына және ерекшеліктеріне (сенсомоторлы, көру, түйсіну, есту, қозғалыс-моторлы, көру-кеңістіктік);
Екіншіден, дамытушы орта тұжырымдамасында құрастырылған және көрсетілген талаптарды ескеру қажет, алайда біздің ойымызша келесі принциптер ерекше мәнге ие болады:
- О ртаның полифункционалдығы. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін оларды алуан түрлі әрекеттерге ынталандыратын жағдайлар құрылады.
- Жайлылық және тұрақтылық принципі. Сыныпта инклюзивті ортаны құра отырып, балаларды қоршаған ортаның жайлы және эстетикалық тұрғыда безендірілуі өте маңызды. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін, ортаның компоненттерінің тұрақтылығы ерекше мәнге ие болады, бұл балалардың сенімділігін және қорғаныста болуын қамтамасыз етеді.
- Әрбір баланың даму ерекшеліктерін есепке алу принципі. Инклюзивті кеңістікті жобалау үдерісінде, әрбір баланың психофизикалық даму деңгейін, балалардың қызығушылықтарын ескеру маңызды. Орта баланың өзекті, жақын даму аймағының және өзін-өзі дамытуының қажеттіліктерін қанағаттандыруы керек.
- Коммуникативті мүмкіндіктерді дамыту.Коммуникативті мүмкіндіктерді дамытудың, әрбір бала үшін ерекше мәні болады. Мысалы, ойын баланың қатарластармен және ересектермен ресми емес қарым-қатынасы үшін жағдай құрады, оған әрекет етуде толық еркіндік ұсынады.
- Ұ тымдылық және қолжетімділік принципі. Ортаның әрбір компонентінің болуы, қойылған мақсаттарға негізделуі және сәйкес болуы қажет. Әрбір бала үшін дамытушы заттық ортаның мазмұнына қолжетімділікті қамтамасыз ету – бұл материалдарды, кітаптарды, атрибуттарды көтерілген қолдан жоғары емес деңгейде орналастыру.
Нәтижесінде, жоғарыда айтылғандарды ескеріп, инклюзивті сыныптағы білім беру ортасын модификациялай отырып, шағын топтарда немесе орталықта балалармен жүргізілетін жұмыста қажет:
- бала түйсіне және сезе алатын белгілермен сыныптың мүмкін аймақтарын және оқу орталықтарын жабдықтау;
- баланы сынып бөлмесімен тұрақты сабақтар басталмас бұрын таныстыру;
- басқа балаларды ерекше мұқтаждықтары бар баланы қолдауға баулу;
- бала үшін қоршаған ортаның болжамды болуын бақылау;
- төтенше жағдайлар үшін әрекет етудің жоспарын құрастыру. Көшу кезінде көмек беруді қамтамасыз ету.
- қажет болған жағдайда мүгедектер арбасының жүруі үшін есіктің жақтауын кеңейту. Төменгі басқыштарды көлбеу пандустармен жабдықтау.
- мүгедектер арбасының барынша еркін қозғалысын қамтамасыз ететіндей жиһазды орналастыру.
- топтық сабақтар мен ұжымдық ойындар үшін жеткілікті орынмен қамтамасыз ету.
- егер мүгедектер арбасымен кіретіндей, ғимаратта әжетхана болмаса, бала үшін әжетхананы қолайлы пайдалану жоспарын құрастыру.
- баланың мұғаліммен немесе басқа баламен жұптасып жұмыс істеуі үшін бұрышты жабдықтау. Бұл бұрыш ширмамен жабылуы керек немесе мұғалімнің іште болып жатқан әрекетті бақылау мүмкіндігі болуы үшін, кедергілер болуы керек.
- іс-әрекет орталықтарын физикалық кедергілер ретінде сөрелермен бөліңіз.
- жиһаздың үшкір бұрыштарын жарақат болмас үшін жабыңыз.
- егер демалу қажет болса, балаға қозғалу мүмкіндігін беріңіз.
- болжанатын жағдаймен қамтамасыз етіңіз.
- жиһазды мүгедектер арбасымен кез келген жерде өтуі үшін орнын ауыстырып қойыңыз.
- төтенше жағдайлар болғанда көшуді өткізу жоспарын құрастырыңыз.
- мүгедектер арбасында қозғалуға болатын бөлмеде кеңістікті қарастырыңыз.
- барлық төменгі басқыштарды көлбеу пандустармен жабдықтаңыз.
Mohr (1995) өзінің жұмысында инклюзивті сыныпта мүгедек балалар үшін ортаны ұйымдастыруда келесі талаптарды ұсынды:
- осындай балаларға сыныпта отырғызу үшін аса қолайлы орындарды ұсыну;
- бұл балаларды белсенді және жақсы үлгерімі бар балалармен қатар отырғызу;
- оларды ұзақ рөлдік модельді таратушы болатын сынып оқушысымен қатар отырғызу;
- зейінді аударатын заттармен қатар отырғызудан қашу;
- жеке жұмысқа арналған орындарды немесе сыныптағы тыныш, қалыпты аймақтарды қолдану;
- сыныптың жұмыс аймағы осы сыныптың мұғалімін сипаттайтын оқу стиліне сәйкес болуы қажет;
- сынып тақтасын бөгде заттармен толтыруға болмайды.
- қауіпсіз, кедергілерден еркін қолжетімді орта болуы қажет;
- қозғалыс үшін сыныпта адекватты кеңістікті қамтамасыз ету;
- оқушылардың сабақта, икемді топтарда жұмыс істей алатын және өзара әрекет ететін оқу орындарын ұйымдастыру.
Сыныптың дұрыс құрылымданған кеңістігінен басқа, мұғалім біріншіден, әрдайым сыныпта барлық оқушыларға айқын және қолжетімді формада хабарланатын тәртіптің белгілі ережелерін құрады. Бұл ережелер сынып өмірінің күнделікті жақтарын және ерекше жағдайда туындайтын жақтарға қатысты болуы мүмкін. Балалар белгілі шеңбердегі ережелер мен нормалар айқын және түсінікті болған сыныпта өздерін жақсы сезінеді. Екіншіден, инклюзивті сынып әртүрлі оқушылардың болуын қамтитын себепті, мұғалімнің оқытудағы әртүрлі тұғырлары болуы керек. Сыныпта бір қарағанда онша күрделі емес және айқын байқалмайтын, керісінше, айқын байқалатын айырмашылықтары бар балалар болуы мүмкін. Сондықтан мұғалімге сынып қауымдастығын қалыптастыру үшін келесі ұсыныстар беріледі:
- Оқушылардың жұмысын көрсету. Мұғалім әрбір жұмыстың нормаларға сәйкес дұрыс орындалуын, осы нормаларды орындаудың талаптарын бұзуға жол бермеу туралы пікірлерге қарсы тұруы қажет. Себебі, инклюзивті сыныпта әртүрлі қабілеттері бар балалар оқиды, олардың жұмыстары соған сәйкес, орындалу деңгейі әртүрлі болады. Жұмысты «қажет етілгендей» етіп орындаған оқушылардың жұмыстарын көрсету керек.
- Әрбір күні таңертең, оқушыларға аталған күннің неге арналғанын еске салу үшін, немен шұғылданатыны туралы хабарлау қажет. Бұл есте сақтауы нашар оқушыларға көмек береді. Тағы бір рет ескертуді қажет ететін оқушыларға да осы күні немен шұғылданатыны туралы хабарлау артық болмайды.
- Оқушылармен бірлесіп бір сабақтан екінші сабаққа өту жүйесін қалыптастыру және үйлестіру. Мұнда сыныптас балалардың зейінін іс-әрекетке алмастыра алатын көшбасшыны таңдауға болады, оқушылар арасында «таңғы» және «кешкі» көшбасшының міндеттерін бөлу қажет.
- Оқушылардың арасында шағын топтарды құру, олардың әрқайсысының өздерінің күнделікті міндеттемелері болады. Мұндай міндеттемелер ретінде, сурет салу үшін қағаздар мен жабдықтарды, кітаптарды беру, ерекше мұқтаждықтары бар балаларға материал дайындау немесе бейнетаспа мен плеерді дайындау алынады. Мұндай іс-әрекетке барлық оқушыларды қамтыған дұрыс. Кіші сыныптарда мұндай тапсырмалар барысында, оқушылар белгілі бір ақпаратты мектеп кеңсесіне береді, мектептің тірі табиғат бұрышындағы жануарларға күтім жасайды, сыныптың бір бөлігінің тазалығын сақтайды. Ересек жастағы оқушылар көп жағдайда сыныптан сыныпқа, мұғалімнен мұғалімге көшіп жүреді, сол себепті олардың тапсырмалары белгілі бір сынып бөлмесімен аз байланысады, себебі мұғалімдермен байланыстар қысқа мерзімді және өтпелі сипатта болады. Әртүрлі білім алу мүмкіндіктері бар балаларды оқытудағы инклюзивті тұғыр бойынша, мұндай балалардың белгілі бір маңызды тапсырмалары болады.
- Тақтадағы орынды аптаны ашатын және жабатын жиналыстарда талқыланатын тақырыптар тізімінен босату. Тақырыпты әрбір оқушы өзі жаза алады. Барлық тізімді оқушылардың бәрі көретін болады. Әрбір оқушының талқылау мүмкіндігі болады немесе жолдастарының зейінін өзін қызықтыратын тақырыпқа аудара алады.
- Көпшілік сыныптарда көптеген алуан түрлі әдебиеттер бар. Кітаптар мен брошюралардың арасында дамуында ерекшелігі бар балалар мен олардың қоғамдағы өмірі жайлы ақпарат болатын материал болуы қажет.
Сонымен, біз сынып қауымдастығының мәдениетін қалыптастырудағы негізгі тұғырларды қарастырдық, олар мұғалімге оқушылардың айырмашылықтарына қарамастан, сыныпта қолайлы ахуалды құруға көмек береді.
Инклюзивті мектепте мүмкіндігі шектеулі балаларды дұрыс көшіру мәселесінің маңызды мәні болады. Бірінші кезекте, көшіру тұрғысында мүгедек балалардың жылдам және қауіпсіз мектеп ғимаратынан кетуін міндетті түрде ойластыру қажет:
- көруінде бұзылуы бар балалар көшіру жағдайында ғимараттан шығарылуы керек;
- арбамен қозғалатын немесе қозғалысында күрделі қиындығы бар балаларға, ғимаратты жылдам әрі қауіпсіз тастап кетуге көмек беретін арнайы іс-шаралар мен әрекеттер талап етілуі мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |