ІІ Өткен сабақты сұрау: Абайдың жиырма екінші қара сөзі.
Реферат жазу.
Сұрақ қою арқылы өткен сабақты сұраймын.
Абай бұл қара сөзінде не туралы айтады?
Байды қадірлемеуіне не себеп?
Мырзаларды қадірлемеуіне не себеп?
Болыс пен биді қадірлемеуіне не себеп?
Мықтыны қадірлемеуіне не себеп?
Естіні қадірлемеуіне не себеп?
Ғаріп-қасар бишараны қадірлемеуіне не себеп?
Кімді сүйіп, кімнің тілеуін тіледі?
ІІІ Жаңа сабақ: «Болыс болдым, мінеки» «Болыс болдым, мінеки» - Абайдың 1889 ж. жазған өлеңі. Көлемі 148 жол. Ақын бұл шығармасында малын шашып, болыс болған пенденің әлеуметтік-психологиялық кескінін жасайды. Өлеңнің мағыналық құрылымында бірнеше тұлға бар: а) болыс; ә) ояз; б) ел. Бұл үш тұлғаның бастысы – болыс. Шығарманың алғашқы бөлігінде жаңадан болыс болған адамның болыстық мансапқа жету жолы мен көңіл-күйі көрсетіледі. Малын шашып, шығынға батса да, оның бар тілегі болыс болу. Болыстыққа қолы жеткен соң да оның көңілі орнықпайды; өзінен күштілерге құлдық ұрып, әлсіздерге ыңғай бермей, қырын қарайды. Сыртқы жұртқа сыр бермей, сырбаз жүргенмен, сыяз бар деген хабарды құлағы шалса-ақ, жүрегі суылдап, мазасы қашады. Өйткені сыяз болса, елге ояз келеді. Елге ояз келсе, болыстан тыныштық кетеді: ылау дайындау, үй тігу, сый-сияпат жасау, бағып-күту – бәрі де болыстың не өзі жасайтын, не елге жасататын ісі; егер оязға не ісі, не өзі ұнамай қалса, онда болыстықтан түсіп қалуы да қиын емес. Өлеңнің екінші мағыналық бөлігінде болыстың сыяз үстіндегі іс-әрекеттері мен ой-толғаныстары баяндалады. Оязбен оңаша қалған болыс елін мақтарға сөз таппай, ықылас танытпай, елдің ел болып отырғаны өзінің, қала берді – ояздың арқасы екендігі туралы ойды шиырлай беретін болса, елімен, жұртымен бетпе-бет келгенде, оязға өзі сенімді, сөзі өтімді кісімсіп, ел мүддесін қорғай жүрген адамға ұқсап маңызданып, сыртқы жүнін қампитып шыға келеді. Алайда сыяз үстінде болыс та, ояз да ел ішіндегі дау-шардың бірқатарын халықтың, халық билерінің қатал талабы бойынша әділ шешуге мәжбүр болады. Соның нәтижесінде болыстың өз малым, өз мүлкім деп иеленіп қалған мал-мүлік иелеріне қайтарылып беріледі. Сөйтіп, болыстың арты шөмейіп, шыға келеді. Өлеңнің келесі мағыналық бөлігіңде болыстың сыяз бітіп, ояз кеткеннен кейінгі хәлі бейнеленеді. Әуелден артының қуыстығын білген болыс сыяз бітсе де, елінің ұрысы мен қарысын тиып, телі мен тентегін жөнге саларлық ірі іске бара алмайды. Ел алдында ояз барда жасаған қылығын ояз кеткеннен соң жасай алмай, кәкір-шүкір, көр-жерді пайда көріп қала береді, келесі сайлауда бұл күніне де зар болып қалардай қиналады. Ақын болыстың өз күйін өзіне баяндатып қана қоймайды, оның ел туралы ойларын да аша түседі. Болыс өзі билеп отырған еліне көңілі толмайтынын айтудан да тайынбайды. Табанынан тозып, жүгіріп жүруі, ел ішіндегі істерге ояздың разы болмай, шартылдап ашу білдіріп жатуы - бәрі де, оның ойынша, елінің бұзықтығынан. «Қайтіп көмек болады, Антұрған өңкей ұры-қары?» - деп күйіне отырып, болыс өзінің бұл елді ұстарлық кісі еместігін де айтып салады, өзін бұл азапты, рақатсыз істен құтқарушы іздейді. Сөйтіп ақын ел басқарған кісінің ісі мен ойының барша маңызы мен мәнін толық ашып береді. Іс, оқиға желісі мен ой жүйесін болыс болған кісінің өз атынан баяндау тәсілі ақын шығармасының көркемдік-эстетикалық бітімін әрлеп, көркейте түскен. Өлең 7-8 буынды жыр үлгісінде жазылған. Алғаш рет 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Басылымдарында бірқатар текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1909 жылғы жинақта 20-жол «Жүрек кетті дуылдап», 1945, 1954 жылғы басылымда «Жүрек кетті лүпілдеп» делінсе, 1933, 1957, 1977 жылғы жинақтарда бұл жол Мүрсейіт қолжазбаларының негізінде «Жүрек кетті дүпілдеп» ретінде алынған. 1933, 1939 жылғы басылымдарда 31-жол «Қамқор жансып айламен» болып берілсе, қалған жинақтарда Мүрсейіт қолжазбалары, 1909 жылғы басылым бойынша «Қайраттысың, қамқорсың» болып басылған. Бұрынғы жинақтарда 34-жол «Мақтаймын елімді» деп берілсе, 1945, 1954, 1957, 1977 жылғы басылымдарда Мүрсейіт қолжазбалары негізінде «Мақтамаймын елімді» болып түзетілген. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1909 жылғы жинақта 43-жол «Қазақты жеген қайратты ел» делінсе, қалған басылымдарда «Қазақты жеген қайратты «ер» деп басылған. 1957, 1977 жылғы басылымдарда Мүрсейіт қолжазбалары, 1909 жылғы жинақ бойынша 48-жол «Ноқтаға басы керілді» деп алынса, қалған жинақтарда «Ноқтаға басы кірілді» делінген. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1945, 1954 жылғы жинақтарда 75-жол «Күлкісі бөлек қарқылдап» болса, қалған басылымдарда 1909 жылғы жинаққа сәйкес «Күлкісі жақсы қарқылдап» түрінде алынған. 1909 жылғы басылымда 100-жол «Еш кісіні тыймаймын» болса, 104-жол «Жақсы ақыл» - деп құптаймын», қалған жинақтарда Мүрсейіт қолжазбалары бойынша «Еш кісіні теппеймін», «Жақсы ақыл» деп, «құп» деймін» делінген. Өлең араб, әзірбайжан, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, ұйғыр т. б. тілдерге аударылған.