Сабақтың түрі: дәстүрлі сабақ.
Сабақтың әдіс-тәсілдері: түсіндіру, суреттеу, салыстыру, сұрақ-жауап, сөздікпен жұмыс, бағалау, бекіту.
Сабақтың көрнекілігі: ақынның портреті, бейнелі суреттер, рефераттар, бүктемелер.
Пәнаралық байланыс: қазақ тілі, тарих.
Сабақтың барысы:
І Ұйымдастыру кезеңі:
1. Оқушылармен амандасу, түгелдеу;
2. Оқу құралдарын, сабаққа дайындығын тексеру;
3. Сыныптың тазалығына көңіл бөлу;
4. Оқушылардың зейінін сабаққа аудару;
5. Cабақтың мақсатымен таныстыру.
ІІ Үйге тапсырмасын сұрау:
«Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» өлеңін жатқа айту.
Құрылысына қарай талдау.
Сұрақтар:
Өлең қай жылы жазылған?
Ақын өлеңде не туралы айтады?
Алғаш рет қай жинақта жарияланды?
Қандай ұйқаста жазылған, неше буынды?
Қандай тілдерге аударылған?
ІІІ Жаңа сабақты түсіндіру:
«Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» өлеңі
«Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман...» – Абайдың 1886 жылы жазған өлеңі. Көлемі 50 жол. Ақын өз дәуіріндегі қазақ қоғамының әлеуметтік топтарын дәл ажыратып, айқын саралап, әрқайсысының мін-мерезін ащы тілмен күйдіре өртейді. Еңбексіздік, терін сатпай, телміріп көзін сатқан теп-тегіс алармандықты айыптайды. Абай таңбалайтын өкілдер мыналар: бай, би, болыс, елубасы, жау, жарлы, дос, сұм-сұрқия, аларман, орыс, паң. Бәрі де әрекетімен, өз қылығымен көрінген. Осылардың әрқайсысының адал еңбек етпей, арамдықпен дүние табар амалдарын зерек суреткер дәл басып, мінез, психология ерекшеліктерін, қулық-сұмдық табиғатын, айла-шарғы тәсілдерін улы сатира найзасына қалай тастайды, не деп бопсалайды, қалай қорқытады, қалай торға түсіреді – осы сауалдардың жауабы бар, әр кейіптің сыры жария болады. Жанды бейнелер жасалады. Табан ақы, маңдай теріне сүйенбей, айла-шарғыға аяқ артқан, біреуді-біреу жеген қоғамдық ортаның азуын ақын қайғысы суретке айналдырады. Айналып келгенде, бір шаңырақ астынан да береке-ырыс кеткен, Ата мен бала, аға мен іні арасына от түскен. Бәрі де арын сатып, өтірік ант ішіп, алдау-арбаумен мал табуға бет бұрған. Жұз құбылған, қысқа күнде қырық жерге қойма қойған, қулық ойлаған сойқандар түгел мансұқ етіледі. Аруақты ақынның алдамшылық, жәдігөйлік, айлакерлікке қарғыс айтқан қаһарлы байламы бар. Өлең 11 буынды қара өлең ұйқасы үлгісімен жазылған. Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны ИбраҺим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1954 жылғы жинақта 3-шумақтың 3-жолы «Жалаң қаққан жат мінез жау алады» болса, 1939, 1945, 1957 жылғы басылымдарда «Жалаңқая жат мінез жау алады» деп берілген. Мүрсейіт қолжазбаларында 6-шумақтың 2-жолы «Мал сойсам, сен мендік бол деп берем деп», 7-шумақтың 2-жолы «Ант бұзуды кім ойлар дерт көрем деп», 10-шумақтың 2-жолы «Ит қорлық немене екен көрген күні» делінсе, жинақтарда 1909 жылғы басылым негізінде «Ет берсем, сен мендік бол деп берем деп», «Ант ішуді кім ойлар дерт көрем деп», «Ит қорлық немесе екен сүйткен күні» болып алынған. Кейінгі басылымдарда Мүрсейіт қолжазбалары бойынша 6-шумақтың 3-жолы «Бар ма екен жай жүрген жан қанағатпен», 10-шумақтың 3-жолы «Арын сатқан мал ушін антұрғанның» деп берілсе, 1909 жылғы жинақта бұл жолдар «Қара қарға сықылды шуласын жұрт», «Бар ма екен жай журген жұрт қанағатпен», «Жанын сатқан мал үшін антұрғанның» болып алынған. 1933, 1939, 1945, 1954 жылғы жинақтарда 11-шумақтың 3-жолы «Мал мен бақтың кеселі ұя бұзар» делінсе, қалған басылымдарда Мұрсейіт қолжазбалары, 1909 жылғы жинақ негізінде «Мал мен бақтың кеселін ұя бұзар» деп алынған. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1939, 1945, 1954 жылғы басылымдарда соңғы шумақтың соңғы жолы «Өз үйінде шіренғен паңы құрсын» болса, 1957, 1977 жылғы жинақтарда 1909 жылғы басылым бойынша «Өз үйінде шартиген паңы құрсын» деп берілген. Туынды қарақалпақ, қырғыз, орыс, ұйғыр т.б. тілдерге аударылған.
Достарыңызбен бөлісу: |