Тәлімгер педагог
Бүгінгі таңда балаларды өзіндік қызығушылығы мен қоғамдық қажеттіліктен туындаған өзінің жеке шығармашылығы және көшбасшылық мүмкіндіктерін қазіргі өмір кеңестігінде іске асыру бойынша белсенді қызметке тарту маңызды болып отыр. Балалар қоғамдық ұйымдарының қызметі жас ұрпақтың қоғамдағы орнын белгілеу және мүмкіндіктерін іске асыру, жеке басын әлеуметтендіру жөніндегі маңызды институт болып табылады.
Аға тәлімгер – балалар мен жасөспірімдер ұйымының жетекшісі, көпшілік іс-шараларды ұйымдастырушы, лауазымдылық міндеттері бар педагог. «Тәлімгер» сөзі «жолбасшы» сөзінен шыққан. Таныс емес бағыттармен жүргенде жол сілтеп отырған адамды жолбасшы деп атаған. Осылайша жолбасшы өз қамқорлығындағыларды балалық өмірдің бейтаныс жолдарымен жетелейді. Сондықтан мектеп Тәлімгерлерін балалар бірлестіктерімен жұмыс жасайтын жолбасшы деуге болады.
Балалар ұйымы – бұл әлеуметтік мақсатты жүзеге асыру үшін құрылатын, өзіне тән ережелері мен қағидалары бар, мүшелік саны мен құрылымы Жарғыда немесе басқа құжатта бекітілген өзі әрекет ететін және өзін-өзі басқаратын қоғамдық бірлестік. Ол оқушылармен жүргізілетін барлық тәрбие жұмысының орталығы болып табылады. Бұл жерде олардың әрқайсысы балаларға жақын әрі түсінікті қызметтің ұйымдастырушысы, бастамашысы, белсенді қатысушысы бола алатын балалар мен ересектердің ерікті ынтымақтастығы ретінде қарастыруға болады.
Ұйымдастырылатын шаралардың негізгі мақсаты әлеуметтік жұмыс, мәдени, жауапкершілікті арттыруға негізделген. Ұйым құрамындағы әрбір оқушы өз бағытының үздігі. Жұмыс жасау барысында оқушылардың мүдделері қорғалып, ойлары ескеріледі. Мектептің көшбасшылары мектеп өміріне белсенді қатысады, сценарийлер жасайды, атаулы күндерге стендтер ресімдейді, түрлі тақырыптар бойынша дөңгелек үстелдер өткізіп, өз ойларын еркін жеткізеді.
Тәлімгер — баланың жеке тұлғасын қалыптастырушы, маңызды тәлім-тәрбие өнегесінің бастаушысы, жарқын үлгісі, бала қиялын самғатып, арманын көкке ұсындырушы басты тұлға. Бүгінгі жас өркеннің ертеңгі әлеуметтік –саяси қоғам мүшесі ретінде қалыптасуында тәлім-тәрбиенің маңызы зор екендігі белгілі. Ендеше қоғамдағы қол жеткен тәрбиелік жақсы дәстүр атаулыны пайдаланып, биік адамгершілік қасиеттерге баулу, тәрбиелеу-тәлімгердің басты міндеті.
Самалы бол Отанның салқындаған,
Сандуғаш бол, сайратсын алтын далаң.
Семсері бол Отанның қынабында,
Сертке ұстаса, селт етпей жалтылдаған — деп, Мұқағали Мақатаев айтқандай қорыта келгенде айтарым, қазіргі заман тәлімгері — заман талабына сай, жан-жақты, білім мен тәрбиені ұштастыра білген, жаңа технологиялармен қаруланған бала жанының бағбаны.