Желілік вирустар – компьютердегі желі арқылы таралады. Пошта жәшігіңіздегі хабарламаны ашқанда кірген файлдарға мән берген жөн!
Компьютер пайдаланушының бәрі мәліметтерді көшіріп алып-салып жүргенде, программаларға зиян келтіретін түрлі вирустарға тап болатыны анық. Білікті бағдарламашылар зиян келтіруші вирустарға қарсы түрлі бағдарламалар да ойлап тапты. Мұндай вирустар кейде ұялы телефондарға да шабуылдап қояды. Ал сіз ұялы телефоныңызды қаншалықты қорғап жүрсіз? Мобильді телефондарға арналған алғашқы вирус 2004 жылы шықты. «Ныспысы» — «Cabir». Әуелде ол ұялы телефондарға да вирус таратуға болады дегенді растау үшін ғана шығарылыпты. Телефонды қорғау бағдарламасын бүркемеленіп SIS форматты файл ретінде «Bluetooth» арқылы телефонға енетін «Cabir» вирусы телефон жүйесіне іштен зақым келтіреді екен. Сондай-ақ бұл вирусты «Vallez» деген бүркеншік есім жамылған белгісіз бір автор жасады деген жорамал айтылды. Одан соң автор вирусты мамандарға беріп, оған қарсы бағдарлама ойлап табуды тапсырады.
Содан бері қалтамыздың жан серігіне айналған таптырмас байланыс құралына қауіп төндіретін түрлі вирустар қаптап кетті.
Мобильді вирус Ұялы телефон вирусы компьютер вирусына ұқсас. Өзге құрылғыдан алынған және өзгеге жіберілген мәліметтер арқылы «жұғады». Компьютер вирусы электронды пошта және интернет арқылы, ал ұялы телефон вирусы интернет, ММS және Bluetooth арқылы таралады. Қазіргі таңда вирустар негізінен ұялы телефонға компьютерден немесе интернеттен файлдар көшіру кезінде тез тарайды. Әрі вирустар «Symbian» операциялық жүйесінде қызмет ететін телефондарға көп таралады екен.
Алайда мобильді телефондарға арналған көптеген операциялық жүйелердің әуелден вирустар шабуылына төтеп беретін қауқары болады екен. Сондықтан да құрастырушыларға мобильді вирустарды ойлап табу үшін көп бас қатыруға тура келеді. Осы себепті де вирустар кез келген ұялы телефонға зиян келтіре алмайтын көрінеді.
Ұялы телефондардағы вирустар көбіне ойындар, қауіпсіздік бағдарламалар, спамдар және порнографиялық файлдарға «жабысып» жүреді. Тіпті кейбірі танысыңнан немесе жақын досыңнан келген хабарламалардың кейпінде де «көрінеді». Әрине, оны сіз ойланбастан ашып, оқисыз. Бірақ хабарлама арқылы вирус жүйенің өзіне кіріп үлгереді.
Хабарлама арқылы белгі беретін бағдарлама орнату қажет, бірақ қазіргі уақытқа дейін келіп түскен файлдарды іріктеп, телефон вирусы өзінен-өзі анықталатыны туралы бағдарламаны ешкім ойлап тапқан жоқ.