Телефонды қалай қорғаймыз? Ұялы телефонды вирустан қорғаудың ең басты ережесі: ешуақытта өзіңізге таныс емес, күдік келтіретін файлдарды ашпаңыз! Алайда өте сақ адамдардың өзі де кейде қызығып, өзіне келіп тұрған файлдарды ашып, пәлеге тап болып жатады.
Мобильді телефоныңыз осылайша зиянкес вирусқа тап болмау үшін, яғни вирустың алдын алудың мынадай жолдары бар:
1. «Bluetooth» функциясын сөндіріңіз және ұялы телефоныңызды өзге пайдаланушыларға көрінбейтін күйге келтіріп қойыңыз.
2. Ұялы телефоныңның қауіпсіздігін қадағалаңыз. Күдік келтіретін атауы бар сізге беймәлім файлдар немесе папкаларды іздеп, үнемі тексеріп отырғаныңыз дұрыс.
Әрине, бұл көп жағдайда көмектеспейді. Мәселен, «Commwarrior» вирусы бүлінген файлдарға түрлі атау бере алады.
3. Мобильді телефоныңызға кез келген вирусқа қарсы бағдарлама қондырыңыз.
Көптеген компаниялар қазір мобильді телефондардағы мәліметтерді қорғау мақсатында бағдарламалар құрастырып жатыр. Олардың лицензиясы бар «антивирус» бағдарламаларын арнайы мекемелерден сатып алуға болады немесе кейбірін интернеттен тегін көшіріп алуға да болады.
Мұндай «антивирустар» мобильді телефонға орнатылғаннан кейін вирустарды анықтап, өшіреді. Әрі қарай да телефоныңызды түрлі вирустардан қорғайды.
«Symbian» компаниясы да өзінің операциялық жүйесін қорғау мақсатында «антивирус» бағдарламасының өз нұсқасын шығарды. Бұл бағдарлама ұялы телефонға сенімді файлдарды ғана қабылдауға көмектеседі.
Кейбір сарапшылар мобильді телефондардың вирустарының әлі де әлсіз екенін, кез келген бүлінген бағдарламаларды оңай «емдеуге» болатынын, әрі операциялық жүйелердің де әу бастан-ақ қорғанысы мықты екенін айтып отыр.
Бұған алданудың қажеті жоқ. Себебі күн өткен сайын мобильді телефондарға арналған жаңа вирустар шығып жатыр. Мәселен, мұндай вирустар арқылы қазір кейбір алаяқтар телефоннан маңызды мәлімет немесе ақша «ұрлайды», маңызды әңгімеңізді де тыңдауы мүмкін. Әрі мобильді телефондар да түрленіп, функциялары да көбейіп, вирус жұқтыруға ыңғайлы болып тұр.