Тәрбие әдістері және оларды топтастыру.
Педагогикалық процесті ұйымдастыру жұмысында және елімізде жүріп жатқан жаңарумен байланысты тәрбие әдістерін қолдануда жаңаша ойлануды меңгеріп, дамыту керек.
Тәрбие әдістері – тәрбие процесінің өте күрделі компоненті. Себебі, тәрбие әдістері қазіргі қоғамның түбегейлі өзгеру жағдайындағы сан – салалы өмір талаптарына байланысты болуы тиіс. Сонымен қатар тәрбие әдістері жан – жақты тәрбиенің мақсатына, принциптеріне, тәрбие жұмысының мазмұнына сай анықталады.
Соның ішінде тәрбие әдісінің мәні үнемі тәрбиенің мақсатынан туындап отырады.
Ғылыми педагогикалық әдебиеттерде тәрбие әдісінің мәні көп қырлы болғандықтан, оған әртүрлі анықтама берілген.
В.А.Сластенин, Ю.К.Бабанский т.б. мектепте тәрбиеші мен тәрбиеленушінің өзара байланысты іс - әрекетінің жолдарын тәрбие әдісі деп атайды. Бұл іс - әрекет тәрбиенің міндеттерін шешуге бағытталады.
Оқушыларға тәрбиелік ықпал ету әдістері немесе тәрбие әдістері дегеніміз – тәрбиешінің оқушылардың бойында қоғамдық көзқарасты және мінез – құлық әдеттері мен дағдыларын қалыптастыру мақсатында, олардың санасы мен ерік күшіне ықпал ету тәсілдерінің жиынтығы.
Екінші, сөзбен айтқанда, тәрбие әдістері тәрбиеші мен тәрбиеленушінің бірлесе отырып жүргізілетін іс - әрекетінің құралы болып табылады.
А.С.Макаренко тәрбие әдістерін психилогиялық тұрғыдан қарастыра келіп, бұл әдіс баланың жеке басына жанасудың, ықпал етудің құралы болатынын өте дәл сипаттайды. Қазіргі психологтер адамның жеке қасиеттерін зерттеу нәтижесінде адам бойындағы кез келген қасиеттің құрамы негізінен төрт бөліктен тұрады:
адамның сезімінен;
санасынан;
сенімінен;
мінез-құлық, әдет – дағдыларынан құралатынын көрсетеді.
Мектеп тәжірибесінде тәрбие әдісін қолданғанда тәрбиешілер психологтердің жоғарыда келтірілген дәлелді тұжырымдарын, атап айтқанда, адам бойындағы кез келген қасиеттің құрамы негізінен төрт бөліктен құралатынын әрдайым ескеруі керек.
Сонымен, қазіргі кезде оқыту – тәрбие беру ісі қайта құрудағы белгіленген даму идеясы баланың жеке адам болып қалыптасуында тәрбие әдісін психологиялық негізде қолдану шешуші роль атқаратындығына баса назар аудару қажет екенін көрсетіп отыр. Көрсетілген пікірлерден тәрбие әдістерінің әр салалы мәнін анықтауға болады:
тәрбие әдісінің ең басты міндеті тәрбие процесін гуманитарландыру тұрғыдан қаруландыру;
тәрбие әдісі ең алдымен тәрбиенің мақсатын мазмұнын жүзеге асыратын құрал;
тәрбие әдісі тәрбиенің мақсаты арқылы анықталады, тәрбиенің мақсаты қандай болса, оның міндеті және тәрбиенің мақсатын жүзеге асырудың әдістері соған сай болады;
тәрбие әдісінің тиімді болуы мұғалімнің сырттай тәрбиелік ықпал жасауымен қатар баланың тәрбиелік қатынасқа іштей өзіндік ниетін, ықыласын, ынтасын, сезімін туғызумен де байланысты.
Тәрбие әдісінің теориясында тәрбие әдісімен қатар тәрбиенің құралдары, тәрбиенің тәсілдері, ұғымдары айтылады.
Тәрбие құралдары – дегеніміз арнайы тәрбиелік міндеттерді шешуге арналған, мақсат көзделіп ұйымдастырылған әдістемелік жолдар.
Ал, тәрбие тәсілдері педагогикалық ситуацияға байланысты жеке әдісі, тәрбие тәсілі ретінде қолданылады.
Тәрбие тәсілі – тәрбие әдісінің жеке бір бөлігі. Ал нақтылы жағдайда тәрбие тәсілі, тәрбие әдісінің әрекетін, қажеттілігін, тәрбиелік мәнін айқындайды.
Педагогикалық процесс барысында тәрбие тәсілі тәрбие әдісіне тәуелді болады. Мәселен, бірінші сыныпе оқушысына мұғалім мінез – құлық ережесін, жолдастарымен қарым – қатынас жасау ережесін, үйде, мектепте, қоғамдық орындарда өзін тәрбиелі ұстау ережесін үйрету керек. Мұғалім бірінші күнен – ақ мектеп, сынып, парта, кітап, коридор, басқыш, спорт зал, т.б. таныстырып, пайдалану, жүру, шығу, отыру, т.б. ережелерді үйрете бастайды. Әр оқушы мұны әртүрлі орындайды. Нақтылы педагогикалық ситуация болған жағдайда тәрбие әдісі мен тәсілі бірін – бірі алмастыра алады.
Кейбір педагогикалық мәселені шешуде тәрбие тәсілін тәрбие әдісі ретінде қолдануға болады.
Мәселен, әңгіме – ол адамның көзқарасы мен сенімін қалыптастыру әдісінің негізгі бір құрамды бөлігі болып есептеледі. Сонымен бірге үйрету, жаттығу әдістерін жүзеге асырудың кейбір кезеңдерінде әңгіме методикалық тәсіл ретінде қолданылады.
Тәрбие әдісінің өз алдында жеке бір бөлігіне тәрбие құралдары жатады.
Тәрбие құралдарына әр салалы іс - әрекет түрлері (ойын, оқу, еңбек, өнер, спорт, т.б.) сонымен қатар педагогикалық жұмысқа қажетті материалдық және рухани шығармалар, заттар жиынтығы (көрнекті құралдар, саяси, көркем және көпшілікке арналған ғылыми әдебиеттер, бейнелеу өнері, музыкалық шығармалар, көпшілік ақпарат құралдары т.б.) жатады.
Тәрбие әдісінің тиімді болуы барлық әдістердің, тәсілдердің, құралдардың, тәрбие процесін ұйымдастыру формаларының өзара байланыстылығымен анықталады. Сонымен бірге мұғалім балалардың жеке – дара типологиялық ерекшеліктері мен тәрбиелік дәрежесін және баланың қандай нақтылы педагогикалық ситуацияда болғанын ескеріп, тәрбие әдісін қолдануына тәрбиенің нәтижелі болуы тікелей байланысты.
Барлық тәрбие әдістері бірін – бірі толықтырып, ықпал етудің толық мүмкіндігін туғызуы керек.
Тәрбие әдістерінің жіктелуі. Тәрбие әдістерін топтастыру, жүйелеу, жіктеу, бөлу өте күрделі мәселе. Әр әдістің өзіндік ерекшелігі болады. Осыған байланысты педагогикада тәрбие әдісінің заңдылығы мен мәнін ашатын көлемді ғылыми қор жинақталған. Тәрбие әдісін жинақтау не үшін қажет. Ол тәрбие әдісін:
жалпы және жеке;
негізгі және кездейсоқ;
теориялық және тәжірибелік ерекшеліктерін айқындауға, бөліп қарауға көмектеседі;
мақсатты түрде әрбір тәрбие әдісін тиімді пайдалануға мүмкіндік жасайды;
әрбір тәрбие әдісінің өзіне тән белгісін және оның ерекшелігін, міндетін оның бір – бірімен байланысын айқындай түседі.
Педагогика ғылыми зерттеушілердің еңбектерінде тәрбие әдісі түрліше топтастырылады. Ғалым педагогтер Н.И.Болдырев, Н.К.Гончаров, Ф.Ф.Королев т.б. тәрбие әдісін классификациялауда сендіру, жаттығу, мадақтау және жазалау әдістерін жеке бөліп қарастырады. Ал, Т.А.Ильина, И.Т.Огородников т.б. тәрбие әдісін топтастыруда сендіру әдісімен қатар оқушылардың іс - әрекетін ұйымдастыру әдісін және олардың мінез – құлықтарын ынталандыру әдістерін қоса қалыптастырады. Г.И.Шукина өзінің оқулығында тәрбие әдістерін қазіргі теориялық негіздерге сүйеніп талдау жасайды. Ю.К.Бабанский, В.А.Сластенин тәрбие әдістерін мынадай төрт топқа бөліп қарастырады.
Бірінші топ – жеке адамның қоғамдық санасын қалыптастыру әдістері (көзқарасы, сенімі, идеясы).
Екінші топ – іс-әрекеттерді ұйымдастыру, қарым – қатынас жасау және қоғамдық мінез – құлықты қалыптастыру әдістері.
Үшінші топ – іс-әрекет пен мінез – құлықты ынталандыру әдістері.
Төртінші топ – іс-әрекетке бақылау жасау, өзін - өзі бақылауды ұйымдастыру және баға беру әдістері.
Сонымен әр топтағы көрсетілген тәрбие әдістері екі жақты тәрбие әдістерін сипаттайды: бір жағынан бұл әдістер жеке адамның әлеуметтік адамгершілік ережелерді саналы меңгеруіне ықпал жасауды көздейді. Екінші жағынан, тәрбиеленушілердің әр түрлі іс - әрекетте, мінез – құлықта қарым – қатынас жасауда белсенді азаматтық позицияда болу қажеттігінен туындайды.
Педагогика теориясында тәрбие әдістерінің методологиялық және теориялық негізі ретінде адамның қоғамдық мәні мәселесі және жеке адамның қалыптасуында іс - әрекеттің ролі туралы ілімнің қағидалары алынған. Бала жеке адам тек іс - әрекет үстінде ғана қалыптасады. Бұл үшін баланың өмірі үнемі іс - әрекет арқылы ұйымдастырылуы керек. Ол іс - әрекет нақтылы мақсатты шешуге бағытталып, қажет болған жағдайда арнайы ситуациялық іс - әрекеттер де ұйымдастырылуы қажет.
Тәрбие әдісінің бірінші тобы – оқушылардың санасына, сезіміне, ерік – жігеріне жан – жақты ықпал жасауды қамтиды. Бұл әдістер оқушыларға сенімді қалыптастыруды және іс - әрекеттің бірлік принципін жүзеге асыруды көздейді. Бала жеке адам болып қалыптасу процесінде тек қана сыртқы әсер арқылы ғана емес, ішкі жан дүниесінің, жеке сананың әрекетінің ықпалы арқылы да дамып жетіледі.
Жеке адамның қоғамдық санасын қалыптастыру әдістеріне: түсіндіру, әңгімелер, лекциялар, пікірталастар, үлгі - өнеге жатады. Көптеген ғалымдар бұл топтағы әдістерді қалыптасқан дәстүр бойынша сендіру әдістері деп те атайды.
Мұндай көзқарасты, жалпы адамзаттық мораль талаптарына сай қасиеттерді қалыптастыру мақсатында тәрбиеленушінің сана – сезіміне, еркіне, мінез – құлқына ықпал жасау жолдары мен тәсілдерінің жиынтығы сендіру әдісі деп аталады.
Сендіру дегеніміз – оқушылардың ақыл – ойы мен сезімін жандандыру, адамгершілік жайлы түсініктер мен ұғымдарын қалыптастыру және жағымсыз қылықтарын жою мақсатында олардың санасына, сезімі мен ерік қайратына жан – жақты әсер етуді айтамыз.
Сенім – тек моральдық түсінік, ұғым ғана емес, ол адамның мінез – құлық, іс - әрекетінің тұрақты жетекшісі.
Сенім деген ұғымды анық дифференциялап алу керек. Мұнда сенім, біріншіден: жеке бастың психикалық сапасы – тәрбиенің жемісі, нәтижесі ретінде анықталады; екіншіден, сенім, сендіру жеке бастың санасына, еркіне сезіміне ықпал жасайтын әдіс, құрал ретінде анықталады.
Сендіру әдісінің негізгі қызметі, ерекшелігі – ол арқылы жеке бастың сенімі қалыптасады.
Сендіру – оқушының тек қана санасына, сезіміна ықпал жасау ғана емес, әрі оның мінез – құлқына, әрі әрекетіне де ықпал жасауды көздейді.
Сендіру әдісі жалпы адамзаттық моральдың нормаларын, ережелерін кеңінен түсіндіру, оны іс - әрекетпен байланыстыруды көздейді. Тәрбиеленушілердің белсенді позицияда болуын өз көзқарастарын қорғай білу, өзінің де, жолдастырының да мінез – құлқына, іс - әрекетін дұрыс баға беруді, талқылауды қамтитын әдіс. Сендіру әдісінің тиімділігі оқушының санасына әрі сезіміне, көңіл – күйіне ықпал етуді бірімен – бірі ұштастырылған жағдайда жоғарлай түседі. Сезімнің, эмоцияның көтеріңкі болуы ескерілмеген жерде мораль ережелеріне терең сенім тумайды.
Сонымен жеке адамның санасын қалыптастыратын әдістердің маңызы:
қоғамдық, моральдық, еңбек, эстетикалық т.б. күрделі ұғымдарды, түсініктерді, анықтамаларды, ереже нормаларымен нақтылай түседі;
әрбір іс, қимыл, әрекеттердің, тәжірибелердің оң дәрежеде, жағымды, көтеріңкі эмоциялық күйде болуына жағдай туғызады;
нақтылы міндеттердің анық мақсаты мен маңызы қоғамдық адамгершілік негізіарқылы айқындайды.
Тәрбие әдістерін қолдануда педагогикалық және психологиялық талаптар ескеріледі:
сөздің өте күшті сенім қаруы екенін түсіну;
оқушыға шын мәнінде белгілі ережені түсіндіру, жаңа мәліметтер беру немесе санасына әлдеқандай ерекше ықпал жасау қажет болған уақытта сендіру әдісін қолдану;
жеке бастың психологиялық табиғатын жақсы білу, сезімнің атқаратын ролін айқындау;
оқушының өмірлік тәжірибесіндегі алғашқы жинақталған ұғымдар, түсініктер қорына, мінез – құлық қасиеттеріне арқа сүйену, оның оң не теріс екенін айқындау, орын алған ситуацияларды баяндау, оған қорытынды жасау;
мұғалімнің, тәрбиешінің немесе ата – ананың әңгімесіне, түсініктемесіне баланың үнемі белсенділікпен, қызығушылықпен қатысуын ұйымдастыру;
әр баланың көңіл – күйін, ынтасын арттыратындай өз ісінің, мінезінің кемшілігіне қысылатындай, өзін - өзі тәрбиелеуге жігерлендіретіндей жағдай жасау;
сендіру әдісінің барлық салаларының бірлікте, жүйелі түрде, үздіксіз қолданғанда және балалардың сана – сезімі, тәжірибесі, білімі көзқарасы мен жас өзгешеліктеріне қарай біртіндеп жоғарылаған сайын әр әдістің мазмұнын күрделендіріп, түрлендіріп, дамытып отырғанда ғана тәрбие ісі нәтижелі болады;
үнемі бір әдісті қолдану оқушыларға әсер етпейді.
Тәжірибелі педагогтер тәрбие әдістерінің тұтас жүйесін пайдалануға ұмтылады, жеке бір әдісті қолданумен шектелмейді.
Түсіндіру. Оқушыға адамгершілік, эстетикалық, саяси, еңбек тәрбиесі ұғымдары туралы түсінік беріледі. Оқыту процесінде әр пәннің оқу материалына байланысты айтылумен қатар арнайы тәрбиешілік мақсат көзделіп, оқушыларға патриотизм, гуманизм, парыз, міндет, ар – намыс, парасаттылық, кішіпейілділік, қайырымдылық, жауапкершілік, тәртіптілік, ынта – ықылас, ерік – жігер т.б. туралы түсіндіріледі.
Түсіндіру формалары алуан түрлі: әңгіме, көрсету, оқушылар шығармалары.
Өткізу методикасы тұрғысынан алғанда түсіндіру формаларының ең күрделісі – этикалық әңгімелер.
Этикалық әңгімелер – мораль мәселелері туралы кең түрде, еркін пікірлесуді көздейтін, оқушылардың санасына, сезіміне сөз арқылы ықпал жасайтын, тәжірибеде кеңінен қолданылатын сендіру әдісінің ең тиімді түрінің бірі. Этикалық әңгіме әдісінің негізгі мақсаты оқушыларды қоғамдық өмірде болып жатқан оқиғаларға, іс - әрекеттерге, әртүрлі жағдайларға баға беруге, соның негізінде өзін қоршаған әлеуметтік ортаға адамгершілік міндеттерге жауапкершілігін тәрбиелеу.
Әңгіменің негізінде қоғамдық өмірдің әлеуметтік адамгершілік немесе эстетикалық, еңбек т.б. салаларының әр қырынан ашып көрсететін деректер алынуы керек.
Әңгімелесудің тақырыбы, мазмұны танымдық, саяси, эстетикалық мәселелерге арналады.
Бұл әдістің негізгі мәні – теориялық қағидаларды баланың санасына жеткізу, сол арқылы өмірде меңгере бастаған мінез – құлық, іс - әрекеттерінің барысын талдау, жинақтау, баға беру.
Әңгімелесу әдісіне қойылатын негізгі педагогикалық – психологиялық талаптар:
таңдалған, іріктелініп алынатын тақырыптың көкейкестілігі, оның тәрбие процесінің міндетіне, оқушылардың мүддесіне сай болуы; таңдаған тақырыптың нақтылы сыныпқа, оқушылар тобына қажеттілігін дәлелдеу;
оқушылардың өмір тәжірибесіне, біліміне сүйену;
оқушылардың жас мөлшеріне қарай әңгімелесу барысын дамытып отыру;
әңгіменің мазмұын өте мұқият іріктеу – оқушылардың сезіміне әсер ететін тың жаңа деректерді, түсінікті, анық әрі қонымды материалды алу;
әңгіме тақырыптары мен мазмұны жоғары сынып оқушыларының жас өзгешеліктеріне және сынып ұжымының, оқушылар тобының ерекшеліктеріне сай болуы керек. Мәселен, жас өспірімдерге арналған әңгімелер, олардың өздерінің көзқарастары мен мінез – құлықтарына лайықтап, салыстыра алатындай, оның себептерін ашатындай, өзіндік ой туғызатындай мазмұнда құрылуы тиіс;
қарастырылатын тақырыптың қызықты болуын, оны оқушылардың ойлауын, өздігінен толғану қабілетін туғызатындай проблемалық сипатта қоя білу, олардың белсенділігін дамыту;
әңгімелесу барысында оқушылардың көңіл күйі көтеріңкі болуына жағдай туғызу; тәрбиешілердің оқушыларға сеніммен қарай білуі, олардың жауаптарына зейін қоя білу; дұрыс, кемшіліктерін өте ептілікпен түзетіп, дұрыстығын айту, реті келген кезеңде орынды әзіл, күлкі, сықақ сөздерді де пайдалана білу т.б.
әңгіме және әңгімелесудің тақырыбына байланысты көрнекі құрал және техникалық құралдарды, әдеби көркем шығармалармен бейнелеу өнері, музыкалық құралдарды пайдалану;
әңгіменің қандай жерде, қай жағдайда өткізілуінің де мәні бар. Мәселен, жоғары идеялық – адамгершілік қасиеттер туралы әңгімені жауынгерлердің, қоғам қайраткерлерінің өмірі мен қызметі туралы айтылғанда, ескерткіштер мен тарихи орындарда өткізілгенде ғана оқушылардың сезіміне ықпалы зор болатыны белгілі;
әңгімеге, әсіресе әңгімелесу әдістеріне мұғалім жан – жақты әзірленуі қажет.
Пікірталас дегеніміз – пікір таластырамын, талқылаймын деген мағынаны білдіреді. Оның этикалық әңгімелерге біршама ұқсастау болғаныменөзіндік міндеті бар. Бұл өте күрделі, сонымен бірге оқушылар санасына тиімді ықпал ететін әдіс.
Пікірталас оқушылардың сенімдерін ой елегінен өткізуге, дербес пайымдауға үйретеді, оқушылардың ойын, сөйлеу логикасына негіздей білуге тәрбиелейді. Көкейкесті мәселелерді талқылау арқылы оқушылар өз көзқарастарының дұрыстығын не бұрыстығын түсінеді. Пікірталас әдісі көбіне жоғарғы сыныптарда кеңінен қолданылады.
Пікірталас арқылы жастардың саяси және адамгершілік, ізгілік, эстетикалық, құқықтық, әлеуметтік, экономикалық, экологиялық, әдебиет, көркем - өнер, жалпы қоғамдық проблемалар туралы түсініктер мен көзқарастарды қалыптастыруға болады.
Саяси қоғамдық, адамгершілік көзқарастарды жастар өздері батылдықпен дәлелдей алғанда ғана олар нағыз патриот болады және пікірталас әдісінің негізіне алынады.
Достарыңызбен бөлісу: |