2 Тәрбие мақсаты жайлы жалпы түсінік.
Адам дамуында тәрбиенің ықпалды күш екенін айта отырып, ол қоғамның өмір сүруінің басты бір құралы ретінде қажетті және өмірлік категория деп қарастырылады. Білім мен тәрбие таразының екі басындай тең нәрсе. Тәрбие оңалмай, білімнің сапалы болуы екіталай. Ұлы ғұлама Әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі» деген екен. Олай болса, тәрбие іс-әрекеті нәтижелі болу үшін ол мақсат қоюдан басталуы тиіс.
Тәрбие мақсаты – педагогика ғылымының өзекті категориясы. Оны нақтылау, жобалау, дайындау – педагогикалық тұжырымдар жасаудың арқауы.
Тәрбиенің мақсаты тәрбиенің неге ұмтылуы, қандай жетістікке жету жолы. Кез-келген тәрбие кішігірім құбылыстан басталып, мемлекеттік бағдарламаларға дейін үнемі мақсатты түрде жүреді. Тәрбиенің мақсатына: тәрбие мазмұны, ұйымдастырылуы, формасы мен әдістері бағынады. Сондай-ақ тәрбиенің мақсаты тәрбие міндеттерін шешу жүйесі. Тәрбие мақсаттары мен міндеттері біртұтас. Тәрбие мақсаты қайдан пайда болады? Оның негізгі айқындаушы факторлары не?
Әрине оған көптеген оъективті себептер бар. Олар адам ағзасының физиологиялық жетілуі, психикалық дамуы, ойлау әрекеті, қоғамдық мәдени деңгейі жалпы мақсатты айқындауға бағыт береді. Алайда, тәрбие мақсатын айқындаушы негізгі факторларға қоғамның үнемі өзгеріп отыратын қажеттіліктері мен философиялық және психологиялық-педагогикалық тұжырымдардың әсері болып табылады.
Тәрбиенің мақсаты тарихи сипат алады. Қандай да мемлекет болмасын оның саясат пен идеологиядан тыс мақсатының болуы мүмкін емес. Тәрбие мақсатын ойдан шығаруға болмайды. Ол қоғамның тарихи дамуымен біте қайнасып жатады. Тәрбие мақсаты адам өмірінің заңдары, еркі, құқығы, қажетсінуінен шығады. Адамның өзі мақсатқа жету құралы емес, оның өзі мақсат, яғни тәрбиенің мақсаты қоғам қажеттілігінен туады. Тәрбие мақсаты – кең әлеумет пен ғылымның араласуымен тек мемлекет белгілейтін педагогикалық саясаттың басты құрылым бірлігі. Сонымен өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеу мақсатының мазмұны қоғамның өркениеттілігіне, оның демократиялық сипатына, экономикалық мүмкіндігіне, педагогикалық жүйелер дамуын болжайтын және нақты жағдайларды үйлестіріп отыратын мекемелеріне байланысты.
Тәрбие мақсаты өзгермелі, қозғалмалы, ауыспалылығымен ерекшеленеді. Мақсатты, жақындаған сайын алыстай түсетін жұлдызға теңеуге болады. Мақсат өзін белгілейтін субьект – адаммен бірге дамып отырады, себебі ол сол субьектіде жасалады, сондықтан да субьектінің өрлеуімен мақсат та күрделене түседі.
Сонымен, мақсат өз қызметін атқару үшін жалпы сипатқа ие болуы тиіс. Сонда ғана тәрбие мақсатының жалпы тәрбие процесіне байланысты орны нақ көрінеді: мақсат – бастау көзі, педагогтың кәсіби іс-әрекетінің бастапқы элементі. Сызба түрінде оны былайша көрсетуге болады:
Т әрбие мақсаты Тәрбие процесі Тәрбие нәтижесі
Бұдан туындайтын ой – мақсат тәрбие процесінің мазмұнын айқындайды, мақсат - тәрбие нәтижесіне негіз болады, мақсат – педагогтың кәсіби іс-әрекетінің баға өлшемі, мақсат – педагог санасының үздіксіз айналымда жүретін ой обьектісі. Сонымен, тәрбие жүйесі толығымен мақсатқа байланысты, тәуелді болып табылады.
Бүгінгі күнгі педагогикалық тәжірибеде тәрбие мақсатының екі негізгі тұжырымдамасы жетекшілікке алынады:
- прагматикалық;
- гуманисттік.
Прагматикалық тұжырымдама, XX ғ. АҚШ-та бекітіліп, бүгінгі күнге дейін «өмір сүру үшін тәрбиелеу» деген атаумен сақталып келген. Бұл тұжырымдама бойынша мектеп ең алдымен жақсы қызметкер, жауапты азаматты және саналы тұтынушыны тәрбиелеуі тиіс.
Гуманисттік тұжырымдама бойынша тәрбие мақсаты жеке тұлғаға өзінде бар барлық қабілеттер мен дарындылығын жүзеге асыруға, оның өзіндік «Менін» іске асыруға көмектесу болып табылады.
Тәрбие мақсаты белгілі бір дәрежедегі жалпылығымен, шашыраңқылығымен сипатталғандықтан, ол тәрбие міндеттерінің кешенін құрастыру көмегімен нақтыланады. Қазақстандық білім беру жүйесіндегі бүгінгі күнгі тәрбие міндеттерінің қатарына төмендегілерді жатқызуға болады:
- әр бір тәрбиеленушінің нақты жеке әлеуметтік жағдайына және табиғи нышандарына сәйкес айқын өмірлік мәнді мақсатын қалыптастыру;
- жеке тұлғаның табиғи және әлеуметтік мүмкіндіктері мен қоғам талаптарының негізінде оның жан-жақты үйлесімді дамуын, адамгершіліктік, интеллектуалдық және еріктік дамуын қамтамасыз ету;
- жеке тұлғаның бар рухани әлемінің берік негізі болып табылатын жалпы адамзаттық адамгершіліктік құндылықтарды меңгерту;
- қоғамның демократиялық өзгерістеріне, жеке тұлғаның құқы, еркі және міндеттеріне сәйкес келетін белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру;
- тәжірибелік, еңбек міндеттерді шешу белсенділігін, өзінің міндеттерін орындаудағы шығармашылық қатынасын дамыту;
- қалыптасқан әлеуметтік маңызды ұжымдық нормалар негізінде оқу және еңбек ұжымындағы қарым-қатынас, өзара әрекеттесудің жоғары деңгейін қамтамасыз ету және т.б.
Тәрбие мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру оның барлық қатысушыларының бірлескен күшімен қамтамасыз етіледі, яғни:
1. Мұғалімдер, кеңес берушілер, жаттықтырушылар, барлық деңгей жетекшілері, міне осылар тәрбие процесінің субъектілері болып табылады және де оның ұйымдастырылуы мен тиімділігі үшін жауап береді.
2. Алайда бұл тәрбие процесінің оның объектісінсіз, яғни тәрбиеленушінің еш бір қатысуынсыз іске асады дегенді білдірмейді. Тәрбиеленуші тәрбиелік әсерлерді қабылдауы мүмкін, немесе қарсыласуы мүмкін, бұл әрине өз кезегінде тәрбиелік іс-әрекет тиімділігіне әсер етері сөзсіз.
3. Тәрбиелік процестің үшінші қатысушылары, осы процесс өтетін ұжым болып табылады. Ұжым өзінің әр бір мүшесіне үлкен әсер етеді, және де бұл әсер жағымды да жағымсыз да болуы мүмкін. Әрине ұжым, оқу және жұмыс тобы мұғалімнің, жетекшінің тарапынан тәрбие объектісі болуы мүмкін.
4. Соңғысы, тәрбие процесінің енді бір белсенді қатысушысы - бұл осы оқу және жұмыс ұжымдары өмір сүретін үлкен әлеуметтік микроорта болып табылады. Бізді қоршаған әлеуметтік орта тәрбие нәтижесіне үлкен әсерін тигізуші аса күшті фактор болып табылады.
Сонымен, тәрбие – бұл күрделі, көпфакторлы процесс. Оны сипаттай отырып, А.С.Макаренко былай деп жазған болатын: «Тәрбие бұл ең кең мағынадағы әлеуметтік процесс. Барлығы тәрбиелейді: адамдар, заттар, құбылыстар, алайда ең алдымен және де ең көп жағдайда тәрбиелейтін – адамдар. Олардың ішінде ең бірінші орында мұғалімдер болып табылады».
3Тәрбие мақсатының тарихи-қоғамдық, экономикалық формацияларға байланыстылығы.
Тәрбие мақсаты өзгеріп, жылжып отырып, нақты тарихи, қоғамдық сипат алады. Бұндай деректі, тәрбиенің мақсатын ойдан шығаруға болмайтындығына қоғамның даму тарихы дәлел бола алады. Тәрбие мақсатын айқындауда, қоя білуде табиғаттың, қоғамның, адамның оъективті даму заңдылықтарына сүйену қажет. Біз білетін жоғарыдағы келтірілген мемлекеттік саясат пен идеология факторларымен қатар қоғамдық қажеттіліктің маңызы да ерекше. Тәрбие мақсаты жас буындарды белгілі бір қоғамның функцияларын атқаруда тарихи пісіп жетілген қажеттіліктен туады. Осы орайда ұлы чех педагогы Я.А.Коменскийдің : «Қоғамды өзгерту керек, оны өзгерту үшін адамдарды өзгерту қажет, оның жолы тәрбиенің мақсатында» - деп білген.
Қашанда қоғамның қажеттілігі өндіріс тәсілдері, өндіріс күштері мен өндірістік қатынастар сипатының даму деңгейімен айқындалады, олай болса, тәрбиенің мақсаты қашанда қоғамның даму деңгейінің қол жеткен жетістігін көрсетеді. Жоғарыда келтірілген мәнді байланыстарды нақтылай түсу үшін тәрбиенің мақсатының өзгеріп отыруын қоғамдық-экономикалық қарым-қатынасқа байланысты екендігін тарих бетіндегі қоғамдық-экономикалық формацияларға қысқаша тоқталып өткен жөн.
Алғашқы қауымдық құрылыста тапқа бөлушілік болмағандықтан, баланы күнкөріс пен еңбекке баулу мақсаты көзделді. Арнайы тәрбиелік мекемелер болған жоқ.
Ал келесі құл иеленушілік, феодалдық, капиталистік құрылыстарда тәрбие мақсаты таптық сипатта болды. Кеңестік дәуірде тәрбие мақсаты коммунистік саналылық, коммунистік мақсаттылық бағытта болды.
Сонымен, тәрбие мақсаты қоғамның дамуының қажеттілігімен айқындалып, өндіріс тәсіліне байланысты әлеуметтік және ғылыми-техникалық прогрестің қарқынына, педагогикалық теория мен тәжірибенің қол жеткізген жетістіктерімен қоғамның мүмкіншілігіне, оқу мекемелеріне, мұғалімдер мен оқу-құрал жабдықтары, ақпараттар ағымымен айқындалатынын аңғардық.
Тәрбие мақсаты туралы әр түрлі ой-пікірлер, көзқарастар баршылық. Көне грек философ-ойшылдары тәрбие мақсаты қайырымды, рақымшыл жандарды тәрбиелеу деп түсіндіреді. Мысалы, Платон тәрбие мақсаты сезімді, ерікті, ақылды тәрбиелеу десе, Аристотель шыдамдылықты, әділеттілікті, ар-ожданы таза адамдарды тәрбиелеу дейді. Шығыс ғұламасы Әл-Фараби «Дүниетанымның кіндігі – адам, оның қолынан бәрі келеді. Тәрбиенің мақсаты рухани дағдыны, жақсы мінез-құлықты тәрбиелеу» деген.
Достарыңызбен бөлісу: |