Азаматтық тәрбие. Кең ұғым, патриоттық және құқықтық тәрбие оның басты құрамдас бөліктері. Оқушының мектептегі өмірі тұлғаның азаматтық қалыптасуының шешуші кезеңі болып табылады. Осы жылдары дүниетанымы, сенімдері, ұжымшылдығы, тәртіптілігі, өзіне және басқаға талап қоюы, адалдығы мен шыншылдығы, қайырымдылығы мен ұстамдылығы, жігерлілігі мен батылдығы қалыптасады. Бұлардың мазмұнына мемлекет заңдары мен қоғамда өмір сүру ерекшеліктерін құрметтеу, қоғам заңдылықтарын бұзуға төзімсіздік, қоғамдық тәртіпті сақтау енеді.
Сонымен, азаматтық тәрбие - баларды қоғамның саяси өмірінің негіздерімен таныстыру, өзінің азаматтық міндеттерін орындауға дайындығын қалыптастырды. Азаматтық тәрбие мақсаты: адам бойында Отанға деген сүйіспеншілік сезімін, қоғамның адамгершілік идиалдарын, бейбітшілікке деген ұмтылысын, қоғам мүддесі үшін еңбек ету қажеттілігін тәрбиелейді. Азаматтық тәрбие міндеттері:
1. Тұлғаның өз абыройын бағалап, құрметтеу сезімін, жеке тәуелсіздігін және тәртіптілігін қалыптастыру.
2. Адамға өзін заңды, саяси, әлеуметтік тұрғыдан әрекетшіл екенін сезіндіретін тұлғаның азаматтылығын қалыптастыру;
3. Басқа азаматтарға және мемлекетке деген сыйластық және сенімділік қатынастарын қалыптастыру.
Азаматтық тәрбиенің құрамдас бөлігінің бірі – құқықтық тәрбие. Құқықтық тәрбие мақсаты оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру. Құқықтық мәдениетке: құқықтық нормаларды білу, оны пайдалана білу, құқықтық білімін көтеру мен құқық бұзушылықпен күресу қажеттілігі жатады. Құқықтық тәрбие міндеттері.
1. Құқықтық санасын қалыптастыру.
2. Өмірге қажетті қарапайым заңгерлік сауаттылықты меңгерту.
3. Балаларды өз құқықтары мен міндеттері, құқықтық жауапкершілігі, құқықтық қатынастармен таныстыру.
Оқушылардың азаматтық, құқықтық тәрбиесі адамгершілігімен ажырамас байланыста болады.
Адамгершілік тәрбиесі. Бұл тәрбиеленушінің қоғамдық мораль талаптарына сай санасына, сезіміне, әдет-қылығына мақсат-бағытына жүйелі түрде ықпал ету. Нақты адамның адамгершілігі деп, оның дүниетанымдық сезіміне, ұят сезіміне сүйенетін, жеке тәртібін рнттейтін, іштей қабылдап, меңгерген қоғамдық моральды атайды.
Адамгершілік тәрбиесінің негізгі міндеттері:
- ізгілік сана қалыптастыру;
- адамгершілік сезімдерді тәрбиелеу және дамыту;
- адамгершілік әдет-қылықтың ептіліктері мен дағдыларын қалыптастыру;
- Өзін-өзі тәрбиелеуге, өзін-өзі жетілдіруге талпынушылықты қалыптастыру.
Адамгершілік тәрбиелілікке – жағымды әдеттер мен мінез-құлық нормаларының тұрақтылығы, қарым-қатынас мәдениеті, еркінің күштілігі, өзін-өзі бақылауы, мінез-құлқын тежей білуі жатады. Адамгершілік тәрбиесі нәтижесінде оқушылардың бойында өзін-өзі адамгершілікке тәрбиелеуі мен өзін-өзі адамгершілік тұрғыда жетілдіруі қалыптасса, онда тиімді дейміз.
Эстетикалық тәрбие.Оқушылардың эстетикалық көзқарасын тәрбиелеу – дамыған әсемдік сана мен талғамды, оны қабылдау және бағалау қабілетін қалыптастырудың мақсатқа бағыттала ұйымдастырылған процесі.
Адамның эстетикалық тәрбиелілігінің дамыған көркемдік талғамынсыз көз алдына елестету мүмкін емес. Эстетикалық тәрбиеліліктің маңызды белгісінің бірі – бұл әдемілікке, сұлулыққа, өмірдегі және өнердегі жетілген құбылыстарға сүйсіну болып табылады.
Эстетикалық тәрбие міндеттері:
1. Эстетикалық сезімді және эстетикалық қабылдауды тәрбиелеу.
2. Эстетикалық ұғымды, байымдауды, баға беруді қалыптастыру.
3. Эстетикалық танымды қалыптастырып, дамыту.
4.Эстетикалық белсенділікті тәрбиелеу.
5. Өнер және әдебиет саласындағы балалардың қабілетін, ынтасын және бейімділігін дамыту.
Эстетикалық тәрбиенің негізгі құралдары: әдебиет және өнер. Сондай-ақ, эстетикалық көзқарастарды қалыптастыруда табиғаттың ролі зор. Оқушылардың эстетикалық тәрбиесі оқу және сыныптан тыс тәрбие процесінде іске асырылады.