2 Экономикалық, экологиялық тәрбие мазмұны мен міндеттері
Экономикалық тәрбие. Оқушыларды экономикалық білімдер негіздерімен қаруландыру, қоғамның экономикалық саясатын ұғындыру, өндіріс, айырбас, бөлісу және тұтыну шеңберіндегі негізгі экономикалық қатынастарды меңгерту. Негізгі мақсат қоғам дамуының қазіргі кезеңіне сай оқушылардың экономикалық ойлауын қалыптастыру.
Мектептегі экономикалық тәрбие міндеттері төмендегідей:
1. Қоғамның нарықтық экономика заңдары мен заңдылықтары, меншіктің түріне қарай өндіріс дамуы мен өмір сүру заңдылықтары жөнінде білімдер игерту.
2. Мемлекеттің экономикалық теориясы мен саясатын, өндірісті жедел қарқынмен дамыту міндеттерін тәжірибеде шешудің жолдары мен әдістерін жақсы білетін, өзінің оқу-өндірістік іс-әрекетінде жоғары нәтижеге жетуге қабілетті, өз ісіне ие бола алатын, өзіне және қоғам игілігіне ұқыпты қатынас жасайтын тұлғаны қалыптастыру.
3. Өндірістегі экономикалық қатынастарға белсене қатынаса алатындай, еңбектің жаңа, алдыңғы қатарлы түрлері мен әдістерін тез игеруге мүмкіндік беретін біліктермен қаруландыру.
Оқушылардың ең алғашқы экономикалық білімі әр түрлі пәндер бойынша сабақтарда қалыптасады. Сондай-ақ сыныптан және мектептен тыс жұмыстарда оқушыларға меншік түрлері, тұтынымға сай игілікті жасау бағыттары, еңбек және өндірістік тәртіп, жалақы сияқты ұғымдар қалыптасады.
«ҚР Тәрбиенің кешенді бағдарламасында» оқушылармен жүргізілетін экономикалық тәрбиелік жұмыстардың тиімділігінің көрсеткіштеріне төмендегілер жатқызылады:
- оқушылардың негізгі экономикалық ұғымдарды, ҚР түбегейлі экономикалық реформаларын біліп, түсінуі;
- еңбекті экономикалық өлшемдер тұрғысынан ұйымдастыра білуі;
- жеке және қоғамдық байлыққа аялы қатынас жасауы;
- адамгершіліктік-еңбек борышын саналы сезінуі және халық шаруашылығы күйі мен дамуына қоғам алдындағы жауапкершілігін ұғуы т.б.
Экологиялық тәрбие. Қазіргі кезеңдегі жастар тәрбиесінің өзекті мәселелерінің бірі – бұл экологиялық білім мен тәрбие. Басты міндеттердің бірі – табиғатты қорғау мәселелерімен оқушыларды ғылым негізінде теориялық және практикалық біліммен қаруландыру. Мектептегі экологиялық тәрбиенің негізгі көздері – химия, физика, биология, география, астрономия пәндері. Сондай-ақ экологиялық тәрбие қоғамға пайдалы жұмыс және өндірістік еңбек арқылы іске асырылады. Бастауыш сыныптардың оқу бағдарламасы оқушыларды мынадай іскерлік, дағдыларын қалыптастыруға бағытталған: өсімдіктердің даму кезеңіне бақылау жүргізу, мектеп және қоғамдық мүлікті ұқыптылықпен күту, тұрмыста электроэнергияны, газды, суды үнемді пайдалану.
Экологиялық тәрбиенің негізгі мақсаттары:
1. Экологиялық нормалардың, ережелердің қажеттілігін жастардың мінез-құлқына тәрбиелеу.
2. Қоршаған ортаға жауапсыздықпен қараушыларға жол бермеу.
3. Жастардың бойында экологиялық мәдениетін қалыптастыру:
- тұлғаның мінез-құлқында;
- қоғамдық пайдалы еңбек пен еңбек тәрбиесі арқылы айналадағы табиғатты қорғауда, күтуде және жақсартуда;
- экологиялық білімді насихаттауда;
- ең алғашқы кәсіби еңбекте.
Экологиялық тәрбиенің негізгі міндеттері:
1. Өмірде және нақты еңбек іс-әрекетінде экологиялық білімді қолдана білу іскерлігіне төселту.
2. Табиғатты қорғау қызметін ұйымдастыру және табиғатқа деген ұқыпты көзқарасын қалыптастыру.
3. Табиғатты қорғау және өзгертуге байланысты оқушыларды жаппай қоғамдық пайдалы еңбекке қосу.
4. Әр мектепте экологиялық білім мен тәрбие қоғамын ұйымдастыру. Мақсаты: қоғам мүшелерін өздері тұрған аймақтың табиғатын қорғауға, күтуге тәрбиелеу, зерттеу жұмыстарына тарту, зерттеу жүргізудің әдістері мен тәсілдерін үйрету, мектепті экологиялық жұмыс орталығына айналдыру.
Сонымен, егер жасөспірім өзінің ертеңгі күні, достары мен жақындарының бақыты, ауаның, судың тазалығына байланысты екендігін түсінсе, жасыл желек пен ағын суды таза ұстауға көмектессе, ол табиғатты қорғаушылар қатарында болғаны.