1 Тәрбие әдістері, тәсілдері, құралдары туралы түсінік. Тәрбие әдістері туралы педагогикада түрлі көзқарастар қалыптасқан. Тәрбие әдістеріне авторлар түрлі анықтамалар береді. Мысалы, Т.Е.Конникованың анықтауы бойынша – бұл педагогикалық жұмыстың тәсілдері мен жолдары арқылы тәрбие мақсатына жету. В.А.Сластенин тәрбие әдістерін – тәрбиеші мен тәрбиеленушілер іс-әрекетінің өзара байланыс тәсілдері деп тұжырымдайды. Ж.Әбиев өз еңбегінде «Тәрбие әдістері – бұл мектеп тәжірибесінде қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін пайдаланылатын жол» деп анықтайды.
Сонымен, тәрбие әдісі – тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің өзара байланыс іс-әрекетінде оқушылардың тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына бағытталған педагогикалық жұмыс тәсілдері.
Тәрбие жұмыстарының әдістері тәрбиенің мақсатына, принциптеріне, мазмұнына, балалардың жас және дербес ерекшеліктеріне, олардың тәрбиелік дәрежесіне байланысты.
Барлық әдістер тәрбие мақсаттарын іске асыруға, оқушыларды мінез-құлықтың қоғамдық нормасына үйретуге, адамдармен қарым-қатынас жасауға және олардың іс-әрекеттеріндегі құнды тәжірибелерін пайдалануға бағытталуы қажет.
Әдістерді іске асыруда тәрбиеші оқушыларға педагогикалық ықпал жасайтын тәрбиенің тәсілдері мен құралдарын қолданады.
Тәрбие тәсілі – жалпы әдістің бөлігі, жеке-дара әрекет, нақты іс. Әр әдістің тәсілі болады. Мысалы, үйрету мен жаттықтыру әдістерінің тәсілі нұсқау, көрсету болып табылады. Әдістер мен тәсілдер арасында нақты шекара жоқ, ол құбылмалы, жылжымалы болады.
Тәрбие құралдарына іс-әрекеттің түрлері, көрнекі құралдар, педагогикалық ықпал жасау құралдары (мұғалім, ата-ана, ересектер сөзі, өнегесі т.б) жатады. Тәрбие мақсаты жемісті болу үшін, осы құралдарды тиімді пайдалану қажет.