Жаттықтыру – қажетті қасиеттерді қалыптастырудың біртұтас әдісі. Қоғамдық қылық тәжірибесін игеруде іс-әрекет шешуші роль атқарады. Тәрбиеленушілерді нақты, мақсатты бағытталған, белсенді іс-әрекетке кірістірмей, қажетті қылық типін қалыптастыру мүмкін емес. Жаттығу – автоматты түрде жеткізілетін тала, әрекетті көп қайталап орындаудан болатын тәжірибелік әдіс. Жаттығу нәтижесі – тұлғаның тұрақты қасиеттері: дағдылар мен әдеттердіңғ қалыптасуы. Жаттығудың ұтымды болуы мына жағдайларға байланысты:
- жаттығулар жүйесінің болуы;
- оның мазмұны;
- жаттығудың мүмкіндікке сай болуы;
- көлемі;
- қайталау жиілігі;
- бақылау мен түзетуге,
- тәрбиеленушінің өздік ерекшелігі;
- топтық, жеке және ұжымдық жаттығулардың үйлесімділігі;
- жаттығудың мотивтік негізіне және ынталандыру ісіне.
Талап – бұл тәрбиешінің белгілі бір іс-әрекетін тежеп немесе ынталандыратын, жекелей қарым-қатынаста жоғарылайтын, баланың белгілі қасиеттерінің көрінуіне себепші әсер ететін тәрбие әдістерінің бір түрі. Қойылу формасына қарай талаптар мынадай болып бөлінеді:
- тікелей талап;
- қосымша талап;
- талап-кеңес;
- ойын түріндегі талап;
- сенім арқылы талап;
- талап-өтініш;
- талап-ишара;
- талап-қуаттау;
- позитивті және негативті талаптар.
Үйрету – бұл пәрменді жасалатын дағдыландыру. Тез және жоғары деңгейде керекті сапаны қалыптастыру қажеттілігі туындағанда қолданылады. Үйрету әдісін дұрыс пайдалану шарттары төмендегідей:
- мақсаттың айқын болуы;
- түсініктілік,
- тапсырманы беру уақытымен санасу;
- орындау жолдарын және нәтижені көрсету;
- сапаның бірізді және қатар тәрбиесі;
- үнемі бақылау жасау.
Тапсырма беру – тәрбиелеуде кең қолданылатын әдістердің бірі. Тапсырма беру арқылы оқушыларды жауапкершілікке, өз міндетін тиянақты атқаруға, ұқыптылыққа т.б баулимыз. Мектепте мұғалім көмекшісі, үлгерімі төмен оқушыларға көмек көрсету сияқты тапсырмалар қолданылады. Тапсырманың орындалу сапасы жөнінде көпшілік пікірге сүйенген дұрыс.
3 . Іс-әрекетке және мінез-құлыққа ынталандыру әдістері. Оларға мақтау, жазалау және жарыс жатады.
Мақтау – тәрбиеленушінің іс-әрекетіне қойылған жақсы баға. Түрлері: қолдау, қуаттау, алғыс айту, мадақтау. Мақтау әдісі әдептілік пен нақты мөлшерді сақтауды талап етеді. Мақтау әдісі мына жағдайларды ескергенде нәтиже береді:
- балалардың мақтау алуға іштей сенімді талпынысының болуы;
- маақтау арқылы тәрбиеленушіні ұжымның қалған мүшелеріне қарсы қоймау;
- мақтаудың қылық-ісіне сай болуы;
- мақтау арқылы оқушыға жекелей шешім қабылдауды үйрету;
- мақтаудың шындыққа негізделуі.
Жазалау – қате қылықты ескертіп, тежеу, өз ар-ұяты алдында, басқа адамдар алдында кінәсін түсінуге әсерін тигізетін педагогикалық әдіс. Түрлері: қосымша тапсырма беру, белгілі бір құқынан айыру немесе уақытша рұхсат етпеу, моральдық кемшілігін таныту т.б.
Жазалау әдісінің нәтижелі болуына әсер ететін шарттар.
- жазаның ұжым тарапынан туындауы;
- жазаның нақты болуы;
- жазаның міндетті түрде орындалуы;
- оқушының не үшін жазаланғанын түсінуі;
- тәрбиеленушінің жеке тұлғасын масқаралаудан аулақ болу;
- жазалау мақсатының тек ұнамды қасиеттерді қалыптастыруға бағытталуы;
- жазалаудың өш алу құралы болмауы;
- жазаның жеке оқушыға бағытталуы;
- баланың дара психологиясын біліп барып жазалау.
Жарыс – адамға, қоғамға қажетті сапаларды тәрбиелеуде оқушының табиғи, бәсекелестік қасиеттерін бағыттайтын әдіс. Жарыс әсіресе үлгермеушілердің арасында маңызды болып, олардың дамуы ұшін қажет болатын мақсатты ынталандыруға жол ашады.
Барлық тәрбие әдістері бір-бірімен өзара байланысты, тәуелді, бір-бірін толықтырады. Әдістердің бірлігі тәрбие жұмысына игі әсер етеді, баланың білімін, іскерлігін және дағдысын тереңдетеді, қоғамдық өмірге, еңбекке баулиды, адамгершіліктік тәжірибесін байытады, жалпы мәдениетін, ой-өрісін кеңейтеді.