Тәрбие сағаты «Алтын жүректі анамыз»
Сабақтың мақсаты: Қазақстанның бірінщі ханымы, «Бөбек» балалар қайырымдылық қорының Президенті Сара Алпысқызы Назарбаеваның өмір жолы, ұлағатты ұстанымдары арқылы жас ұрпақтың жүрегіндегі өмірге, ата-анасына, ең жақын адамдарына, жалпы адам атаулыға деген бауырмалдық, сүйіспеншілік, махаббат, достық секілді ізгілік қасиеттерге тәрбиелеу.
Су асты патшалығына ойша саяхат. (Оқушылардан шеңбер құрып отыруды, қолдарын тізесіне немесе үстел үстіне қоюды, аяқтарын айқастырмауды өтініңіз. Арқаларын тік ұстауын қадағалаңыз. Жайлы, баяу музыка қойыңыз).
Мұғалім: Көзіңізді жұмыңыз және бірнеше рет терең тыныстаңыз; денеңізді босатыңыз. Бірнеше секундтан соң теңіз түбіне саяхат жасаймыз.
Теңіз жағасымен келе жатқаныңызды елестетіңіз. Толқындардың жеңіл шалпылына, шағалалардың шуылына құлақ түріңіз. Жалаң аяқтарыңызбен құмды сезініңіз. Шалғайдан қара нүкте көріп тұрсыз: ол жақындаған кезде дельфин екенін түсіндіңіз. Ол сізді теңіз түбіне алып кету үшін келді. Ол өте әдепті жәндік, сізді шыдамдылықпен күтіп тұр. Жайлап оның арқасына отырыңыз, мықтап ұстап, жолға шығыңыз. Дельфиннің арқасында жайланып отырып, өзіңді қауіпсіз сезіну, су астында жүзу қандай керемет. Жан-жағыңызға қараңыз: мұнда кемпірқосақ тәрізді арлы-берлі жарқырай қалқыған әсем балықтар қаншама. Теңіз түбіне бойлаған сайын айнала қалайша өзгереді, суда тербелген қаншама ғажайып балдырлар. Қараңызшы, қандай орасан зор балықтар, ал енді анау жаққа көз тастаңыз... бұл орасан зор сегізаяқ. Су асты неткен қызықты әрі ғажап әлем. Сіз бір нәрсені байқадыңыз ба? Мұнда неткен тұңғиық, толық тыныштық. Осы тыныштық күйде болыңыз.(Мұғалім бірнеше секунд үнсіз қалады).
Ал қазір жоғарыға, өз әлемімізге кері қайтуға дайындалыңыз. Айналаға жіті қараңыз. Ғажап түстерге тағы бір рет қараңыз және тыныштыққа құлақ түріңіз. Осындай тыныштық сізге самалдай әсер береді. Енді дельфин кері қарай жолға шықты. Сіз су бетіне шықтыңыз, жағаға жақындадыңыз. Дельфиннің арқасынан түсіңіз, оны сипалаңыз және осындай ғажап саяхатқа апарғаны үшін ризашылық білдіріңіз.
Сыныпқа оралыңыз және өз орныңызға келіңіз. Бірнеше секундтан соң көзіңізді ашыңыз, осы түйсінген тыныштықты өз бойыңызда сақтауға тырысыңыз.
Қандай әсер алдыңдар?
Көз алдында не елестеді?
Мұғалім: Балалар, «мейірімді адамдар», «қайырымдылық» дегенді қалай түсінесіңдер?( Ассоциация әдістемесі арқылы оқушылардың жаңа тақырып бойынша не білетіндерін анықтау).
Мұғалім: Құрметті оқушылар! Біз бүгін «Алтын жүректі анамыз » атты сабағымыз «Бөбек» балалар қайырымдылық қорының Президенті Сара Алпысқызы Назарбаеваның сан-салалы қайырымдылық қызметіне және туған күніне арналады.
Оқушы: Жетімдердің анасы, жесірлердің панасы,
Алпыс аға бөбегі, Нұрағаның Сарасы.
Жанын салып жүр бүгін қарлығашы бақыттың,
Жақындаса түссін деп адамдардың арасы.
«Жақындықпен күресіп, жақсылықты жетелеп,
Қиындықсыз өмір жоқ, қиындықпен өт ептеп».
Дейді бізге Сарамыз, дегеніне нанамыз,
Өзі бастап барардай бір сәулетті бекетке.
(Т. Молдағалиев)
Оқушы: Бөбек сөзі түспейді сенің сөздік қорыңнан,
Баспана боп оларға, келе жатырсың болып нан.
Сол балалар үшін бір бәйек болып күндіз-түн.
Аяп қөрген жоқсың сен келгеніңді қолыңнан.
(Т. Молдағалиев)
Оқушы:Алда талай қиналу, алда талай толғаныс,
Жетсем екен дейтұғын арман да асыл, жол да алыс.
Шешек жару, гүл ату- Жер ананың төл ісі.
Жылағанды жұбату- Ел-Анадан қалған іс.
(Т. Молдағалиев).
Оқушы: Сара Алпысқызы «Бөбек» қайырымдылық қорының негізін қалаушы. «Бөбек» қайырымдылық қорының Президенті С. Назарбаеваның жетім балалардың мүдделерін қорғау ісіне қосқан үлесі өте қомақты. Жетім балаларды тәрбиелеудің жаңа жүйесін қалыптастырып, елімізде тұңғыш «SOS Киндердорф» балалар ауылының өмірге келуіне мұрындық болды. Соның арқасында жетімдік тақсіретін тартқан бүлдіршіндер отбасылық ортада өсіп , тәрбиеленіп жатыр. Кәмелеттік жасқа толған соң мемлекет олардың жұмысқа орналасуына, оқуларын жалғастыруына жағдай жасайды. Жоғары оқу орындарына түскен жастарға «Бөбек» қоры шәкіртақы тағайындап, көмек көрсетеді.
Оқушы: «Бөбектің» анасы атанған Сара Алпысқызы көптеген игі істерге ұйтқы болды. Еліміз аумағында балалар емханаларының ашылуына, қайырымдылық шараларын ұйымдастыруға бір кісідей ат салысып келеді. Ерен еңбегіне әлемдік қауымдастық назарын аударып, 1999- жылы «SOS Киндердорф» халықаралық қорының Алтын медалімен, 2002- жылы ЮНИСЕФ-тің арнайы сыйлығымен марапатталған болатын.
Оқушы: С. Назарбаева Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының И. Дограмачи атындағы және «Юнита» халықаралық сыйлығының лауреаты болып табылады. Қазақстанның бірінші ханымының бастамасымен елімізде жетім балаларды қорғау туралы Заң қабылданды.
Оқушы: 2006-жылы мамыр айында Мәскеуде адамзаттың ізгі мұраттарына қызмет атқарғаны үшін «Алтын жүрек»халықаралық сыйлығы тапсырылды. Қазылар алқасының шешішімен жетім балалардың мүдделеріне көп жылдар қалтқысыз қызмет көрсеткені үшін «Бөбек» балалар қайырымдылық қоры Президенті С. А. Назарбаева «Алтын жүрек» халықаралық сыйлығының лауреаты атанды.
Оқушы: Сара Алпысқызы жалпы рухани- адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудың, «Өзін-өзі тану» бағдарламасының авторы болып табылады. Сол үшін Шыңғыс Айтматов атындағы Алтын медальға ие болды. 2010-жылы жас ұрпаққа рухани-тағылымдық білім берудегі еңбегі үшін «Достастық жұлдызы» сыйлығы табыс етілді. Гуманитарлық бағытта тұңғыш рет бұл марапатты Сара Алпысқызы иеленіп отыр.
Оқушы: С. Назарбаева П. Ивановтың «Детка» деген ілімін насихаттайды. Бұл ілімнің негізгі 12 қағидасы бар:
-Өзіңді жақсы сезінгің келсе, күніне 2 рет суық табиғи суда шомыл.
-Шомылудың алдында, табиғат аясының қара жерінде жалаң аяғыңмен тұр, ал қыс мезгілінде қар үстінде кем дегенде 1-2 минут тұр және басқа адамдарға жақсылық тіле.
-Салауатты өмір салтын сақта.
- Аптасына бір рет тамақ пен судан бас тарт.
- Табиғатты сүйе біл.
- Барлық адамдармен амандасуды ұмытпа.
- Адамдарға көмегіңді аяма және оны көтеріңкі көңіл күймен орында.
- Өз бойыңдағы жаман әдеттерді жоя біл.
- Ауру, өлім деген жаман ойлардан басыңды босат.
Мәтінмен жұмыс.
Сара Алпысқызының «Өмір әдебі» деген кітабынан алынған үзіндіні оқып , пікір алмасу.
« Мен бала күнімде шамадан тыс қарапайым жасқаншақ болдым. Өзім білетін құрбыларымның барлығы да менен ақылдырақ, маңыздырақ сияқты көрінетін. Актриса болуды армандадым да өзімнің балалық ақылыммен, бұл таңдаулылардың ғана ісі деп ойладым. Бақытыма қарай жас келе бойымдағы бұйығылылықтан
біртіндеп арыла бастадым.Рас, актриса бола алмадым, бірақ өмірімді бұрмаламай көрсететін бір қарапайым ақиқатты түсіндім. Ал нақтырақ алатын болсақ, адамдарды бір-бірінен ажырауға болатын басты айырмашылық жан дүниесі мен рухтың үйлесімі арқылы өмір сүру қабілетін айқындайтын олардың санасының даму деңгейі екен.»
Сара Алпысқызы.
Сұрақтар беру: 1. Осындай ойлар мазалаған кездер болды ма?
2. Өзіңе деген сенімділік, өзіңді таба білу дегенді қалай түсінесің?
Шығармашылық жұмыс.
Үй тапсырмасы ретінде оқушылар Сара Алпысқызына арнаған тілектерін, құттықтауларын, суреттерін слайдтар арқылы дайындап көрсетеді.
Мұғалім: Құрметті оқушылар! Сабағымызды Сара Алпысқызының ұрпақтарына айтқан ғибратты тілегімен қорытындылаймыз:
«Қымбатты балалар, мен- Анамын, Әжемін, шөбере сүйдім. Мен еліміздегі барлық баланы өз баламдай жақсы көремін. Сендерді үлкендердің өнегесін ғасырларға жалғайды деп сенемін. Ата-анаңа, айналаңдағы адамдарға мейірімді бол. Оларды сыйлай біл. Өтірік айтпа. Сонда сенің бойыңда сенімділік, өмір сүруге деген құштарлық, жалын пайда болады. Жүрегіңде өмірге, ата-анаңа, ең жақын адамдарға деген бауырмалдық, сүйіспеншілік бүр жарып, махаббатқа, достыққа ұласады. Мен сендерге осындай ізгі тілек тілеймін».
Мектеп «Топқайың орта мектебі» КММ күні №26
тақырыбы Жақсылықтан жақсылыққа құндылық Қамқорлық, жақсылық жасау,дұрыс әрекет қасиеттер Сүйіспеншілік, мейірім, достық, адамгершілік
МұғалімСлямова Алия Абильмажиновна
Сыныбы 4 Оқушы саны 10
1.
|
Сабақтың мақсаты:
оқушылардың дұрыс әрекет туралы құндылығын кеңейту.
Сабақтың міндеттері:
жақсылық жасаудың адам өміріндегі маңыздылығын түсіну;
жақсылық жасау іскерліктерін қалыптастыру;
имандылыққа ізгілікке тәрбиелеу.
|
Ресурстар(материалдар, дереккөздер)
слайд
|
2.
|
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
а/Амандасу
б/оқушылардың құрал жабдықтарын түгендеу
в/ 5 «Т» ұстанымын еске түсіру(тәртіп, талап, тыныштық, тазалық, татулық)
Сабақтағы жағымды күйге келу(Тыныштық сәті):
Арқаңызды тік ұстап отырыңыз. Көзіңізді жұмып, терең тыныстап демаламыз. Әрбір тыныс алған сайын неғұрлым көбірек босаңсып, сабырлы болуға тырысыңыз. Қазір біз орманға серуенге шығамыз. Өзіңіздің сынып есігіне қарай беттеп, есікті ашқаныңызды, дәлізбен өтіп, далаға шыққаныңызды елестетіңіз. Таза ауаны жұтып, шашыңызды желбіреткен желді және бетіңізді сәл-пәл қыздырған күн сәулесін сезініңіз. Орманға қарай жүре бастаңыз. Келе жатқанда абай болыңыз, жәндіктерді басып кетпеңіз. Бір минут тоқтап айналаға көз салыңыз. табиғаттың әсемдігі мен балғындығын сезініңіз. Гүлдердің біріне жақындап, еңкейіп,оның нәзіктілігі мен жұқалығына зейін салыңыз. Оны иіскеңіз және хош иісін жұтыңыз. Айналадағы бар нәрсені бақылап, ары қарай жүре беріңіз. Гүлдер, гүлдер мен ағаштардың иісі, құстардың дауысы мен жәндіктердің ызыңы.Орманға ендей түсіңіз, қараңызшы, ағаштар биіктей әрі қалыңдай түсті.Жарық орманда бақытты әрі қауіпсіз сезінеміз. Алаңқайға шығып, осында бірнеше минут демалыңыз. Түбіне барып отырғыңыз келетін ағашты таңдаңыз. Ағашқа жақындаңыз да оның діңінен құшақтаңыз. Оның қуаттылығын сезініңіз, ондағы өмір қуатын сезінуге және ұғынуға тырысыңыз. Енді оның діңіне арқаңызды сүйеп отырыңыз. Көзіңізді жұмыңыз, терең тыныс алыңыз және қоршаған айналаның жым-жырт тыныштығына көңіл бөліңіз. (Осы жерде 1-2 минут үзіліс жасау)
Табиғат неткен ғажап, оны қалайша сүйетінімізді және қадірлейтінімізді, бірде-бір тірі жәндікке зиян тигізбес үшін қамқорлық жасауды түсінеміз. Сіздің өз ағашыңыз бар екенін және кез келген уақытта оған келе алатыныңызды есте ұстаңыз. Ал қазір мектепке қайтуға дайындалыңыз. Орныңыздан тұрып айналаңызға тағы да бір көз қырын салыңыз. Келген жолыңызбен кері қайтыңыз, жолыңызда кездескен жәндіктерді басып кетпеңіз. Міне, мектептің алдына да келдік. Айналаңызға тағы бір қараңыз, таза ауаны тағы да бір терең жұтыңыз, есікті ашып, өз орныңызға қайтып келіңіз. Осы жым-жырттық, тыныштық, қанағат сезімін өзіңізде сақтаңыз. Көзіңізді ашып, жан-жағыңызға қарап күлімсіреңіз!
|
Ескертулер
музыка әуенімен
|
3.
|
Үй тапсырмасын тексеру
Үйге тапсырма ретінде «Жақсылық» туралы мақал-мәтелдер жаттап келу керек болатын. Қане балалар, жақсылыққа байланысты кім көп мақал-мәтел біледі? (Оқушылар өздерінің дайындап келген мақал-мәтелдерін айтып шығады. Соңында «жақсылық» адам бойындағы ең игі қасиет екенін топ болып тұдырымдайды).
|
|
4.
|
Жағымды ой-пікір (дәйексөз)
«Ешқандай жақсылық зая кетпейді.»
Үнді нақылы
|
1. Дәйексөзге байланысты оқушылардың пікірін тыңдау.
2. Мұғалімнің қорытындысы.
|
5.
|
Әңгімелеу (Оқиға айту) «Жан ана»
Ерте, ерте, ертеде қалаға жақын ауылда бір Жан Ана өмір сүріпті. Жан Ананың негізгі есемін ешкім білмейді екен. Алтындай жүрегі болғандықтан ауыл адамдары оны Жан Ана деп атап кетіпті.
Жан Ананың баласы жоқ екен. Бірақ ол ауылдың бүкіл баласын жанындай жақсы көріп, оларға ертегі айтып, ойыншық жасап береді екен. Сондықтан да ауыл адамдарына қол ұшын беруге әрқашан дайын болыпты. Жұмыстары басынан асып жатқандар да Жан Анаға: «Бүгін ісіміз көп, келіп біраз көмек бересің бе?»- деп өтініш білдіреді екен.
Уақыт өте келе ауылдағылар Жан Ананың жақсылығын ұмытып, көмектесу оның міндеті деп ойлапты. Әрі Жан Анаға барып бұрынғыдай өтінудің орнына «Жан Ана, бізге келіп көмек бер», - деп бұйыра бастапты.
Жан Ана олардың бұл қылығына мүлде ренжімейді екен. Үлкен бір ауыл, жалғыз бір Жан Ана, қайсібірінің дертіне ортақ болсын. Қанша тырысса да барлығының ісіне үлгермепті. Тіпті жанындай жақсы көрген балаларға да көңіл бөле алмапты. Жан Ана көмекке бара алмаған ауыл тұрғындары есігіне келіп: «Ей, Жан Ана, неге бізге көмекке келмедің? Біз сені жақсы бір адам деп жүрсек»,- деп жазғыра бастайды. Бейшара Жан Ана ешкімнің көңілін қалдырмайын деп жүріп күндердің бірінде науқастанып қалады.
Ауыл тұрғындары оған көмектесудің орнына: «Кішкене бір аурудан төсек тартып жатуға болады ма?»- деген екен. Бұл сөздерді естіп Жан Ана қапа болыпты. «Ертегі айтып, ойыншық та жасамаймын. Ең жақсысы бұл ауылдан кетейін» деп ойлаған екен. Түн ортасында киімдерін, жейтін азығын алып,үн түнсіз ауылдан кетпек болады. Ертеңінде ауыл тұрғындары әдеттегідей азанмен Жан Ананың үйіне барған екен. Үйге келсе, ешкім жоқ, бос тұрғанын көріп таң қалыпты. «Енді Жан Анасыз қалай күн көреміз? Ісімізге кім көмек беріп, бізге кім ақылшы болады?»- деп қайғырыпты. Міне, осы кезде қателіктерін аңғарып, Жан Ананың қадірін түсінген екен.Жан Анаға бір ауыз рахметін айта алмағандарына өкініпті.
Оны қайта іздеп тауып, онымен жақсы қарым-қатынаста болуды ұйғарыпты. Бірақ қаншалықты іздестірсе де, Жан Ананы көрген ешкім болмапты. Қымбатты балалар! Іштеріңде оны көргендерің бар ма? Егер жан Ананы көрсеңдер, жасаған жақсылықтары үшін алғыс айтуды ұмытпаңдар, жарай ма?
|
Талқылау сұрақтары:
1. Ауыл адамдарының жасаған әрекеттеріне сендердің көзқарастарың қандай?
2. Жан Ана адамдарға қандай жақсылық жасады?
3. Адамдар жақсылықты қалай түсінді?
4. Жан Ана неліктен өкінді?
5. Өздерің «жақсылық жасау» дегенді қалай түсінесіңдер?
|
6.
|
Шығармашылық жұмыс, топтық жұмыс
«Жақсылық тамшысы» (оқушыларға алдын-ала дайындалған тамшы үлгісінде қиылған қағаздар үлестіріледі. Әр оқушы өзінің жасаған жақсы істері туралы жазып, тақтаға іледі.
|
Қағаз, фламастер, желім
|
7.
|
Топпен ән айту
«Бала тілегі» сөзін жазған С.Молдасанұлы
Әнін жазған Ф.Жолдасова
Бал балалық, балдырған шақ, сан арман,
Барлық бала армандауға жаралған.
Кел, достарым, әндетіңдер, билеңдер,
Гүлденсін деп атамекен, қара орман.,
Болашақтың иесіміз бәріміз,
Туған жердің түрлендірер нәріміз.
Алтын бесік – ұлан-байтақ елімде
Жарқын болсын шырқап айтар әніміз.
Қалықтаған көгершіні көгінде,
Мұңаймасын ешбір бала елімде.
Ата берген батаменен көркейсін,
Ұлы Отаным, тілегім сол менің де.
|
|
8.
|
Үй тапсырмасы
Табиғатқа сен қандай қамқорлық жасадың? – тақырыбында өз ойын әңгімелеп беру.
|
|
9.
|
Сабақтың қорытынды сәті
Балалар бүгінгі сабақта алған жақсы қасиеттерді өз жүректеріңе түйіп алыңдар. Әрдайым жақсылық жасап жүрейік. Барлықтарыңа бүгінгі сабаққа белсене қатысқандарыңа рахмет. Сау болыңдар.
Жақсылық4 бар жерде
Тыныштық4 бүкіл әлемде
|
Музыка қойылады
|
Ата-аналарға педагогикалық оқу (презентациясымен)
Сабақтың мақсаты:
Ата-аналарға «Өзін-өзі тану» пәні арқылы рухани-
адамгершілік тұрғысында білім берудің мәнін ашу.
Міндеттері:
Ата-аналарға отбасындағы рухани жақындықтың мәнін ұғындыру;
Айнала қоршаған адамдарға тілеулес, ізгі ниеттерін дамыту;
Жауапкершілікке, сезімталдыққа тәрбиелеу.
Тыныштық сәті: (Нұрға бөлену)
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолдарыңызды айқастырмаңыз, қолыңызды тізеге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуыңызды өтінемін.Елестетіп көріңіз, Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын таза, әсем гүл сіздің әр ойыңызды , әр сезіміңізді, эмоцияңызды тілек қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.
Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, тек ізгі істерді істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздерді ғана айтады.
Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз. Құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көзімізге де жетті. Көзіміз тек жақсыға ғана қарап, бәрінен тек жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді. Нұр бірте-бірте қарқынды және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз.
Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарыңызға бағыттаңыз. Олардың да жүрегі нұрға толсын. Осы нұр бүкіл әлемге, барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, тірі жанға таралсын... Ғаламның барлық түкпір-түкпіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын... Нұр менің ішімде... Мен Нұрмын...» Енді осы нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалпында сақтаңыз. Енді жаймен көздеріңізді ашуға болады.
Рахмет!
Сұрақ: Қандай сезімде болдыңыздар? Ойларыңызбен бөлісіңіздер.
Сергіту сәті:
Күнге қарап қолымды
Бір,екі,үш деп соғайын (қол соғу)
Қарап тұрған көршіме
Мен қолымды бұлғайын (бір-біріне қол бұлғау)
Жылы-жылы жүзбенен
Маңдайынан сипайын (маңдайдан сипау)
Жылы-жылы сөзбенен
Жүрегімді сыйлайын (жүректі ұсыну)
Ыстық алақаныммен
Қолыңды бер қысайын (қолды қысу)
Амандасып өзіңмен
Құшақтасып алайын (құшақтасу)
Ата-аналарға сұрақ қою арқылы ойларын білу.
Сіз балаңыздың мінез-құлқының өзгергенін бірнеше рет байқадыңыз, не істейсіз?
Балаңыз сізбен жиі сырласа ма ? (қыз,ұл)
Балаңызда қандай жақсы қасиеттердің болғанын қалар едіңіз? Ол үшін сіз не істедіңіз?
Балаңыз жаман әдеттерге бой алдырғанын байқасаңыз қандай ақыл-кеңес бересіз?
Балаңыздың сізді тыңдамаған кезі болды ма, неліктен?
Сіз балаңызға күнделікті көңіл бөлесіз бе? Қанша уақыт бөлесіз?
Балаңыздың араласатын достарын білесіз бе?
Тәрбие – педагогикалық өмір құбылысы ретінде жеке тұлғаны қалыптастыру барысындағы күрделі, мақсатты, жоспарлы, бір мезгілде қайшылықты процесс, ждәне ол отбасы, мектепке дейінгі мекеме, мектеп арқылы жүзеге асырылады.
Тәрбие беру тек қана педагогтардың ғана міндеті емес, бұл әрбір отбасының және барлық ересектердің айналысатын ісі. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші рөл атқарады.
«Өзін-өзі тану» - баланы өз қадірін өзі білуге, өзін сыйлауға, өзін-өзі жетілдіруге, өз бетінше шешім қабылдай алуға, өз сөзі мен әрекеттері үшін жауапкершілікті сезіне білуге тәрбиелейді. «Өзіңді таны» деп қысқа ғана айтып кеткен гректің ұлы философы Платонның нақыл сөзі кім-кімді болса да ойландыруы тиіс. Өйткені адам, адам болып дүние есігін ашқаннан, бұл дүниеден озғанша өзін-өзі тануы керек. Өзін таныған өзгені де тани алады, түсіне де алады, қабылдай да алады. Өзін-өзі тану баршамызға қатысты: балаға да, ата-анаға да, мұғалімге де, жалпы барлық адамдарға да. Өзін-өзі тану дегеніміз – адамның өзін-өзі тәрбиелеуі. Бұл үздіксіз жүретін процесс. Өзіңді-өзің тәрбиелеу арқылы мінезіңдегі жағымсыз қасиеттерден арылуға болады. Ұлы Абай «Егер менің қолымда закон болса мен адам мінезін өзгертуге болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деп бекер айтпаған. Жағымсыз, келеңсіз мінезді өзгертуге болады, бірақ оны ешкім өзгертпейді, тек сол адамның өзі ғана өзгерте алады.
Өзін-өзі тану пәні әлемдегі ең басты құндылық - адамның өмір сүруі үшін, бақыт үшін, қуаныш үшін жаралғандығына негізделеді. Өмірдің осындай қарапайым ақиқатына – жақсы адам болуға баланы жастайынан үйрету керек. Жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде, оларды адами ізгі қатынастарға үйретуде «Өзін-өзі тану» пәнінің маңызы ерекше. Бұл пән ізгілік пен сұлулықтың шын мағынасын түсінуге, шынайы мейірімділік пен ақиқатқа ұмтылуға, өз өмірін жоғары мәнмен салыстыруға жетелейді.
«Отбасында, мектепте, қоғамдық орындарында үлкендер мен бала арасындағы сыйластық, махаббат пен мейірімділік, шапағат шуағы мен ізгілік нұрына бөленуі тиіс. Өйткені біз баланы – адал еңбек етіп, елін, халқын сүюге тәрбиелеп отырмыз. Сондықтан ұл-қызымызға көзбе-көз айтқан сөзіміз, берген тәрбиеміз жүректен-жүрекке жетсе, қандай ғанибет», - деп Сара Алпысқызы айтып өткендей ұрпақ тәрбиесіне әсте немқұрайлы қарауға болмайды. Баланы жас кезінен бастап, өзі қызығатын пәндерге даярлап, білім-білігін тереңдетуге барынша жағдай жасау ата-ананың міндеті.
Отбасы – адам баласының өсіп-өнер ұясы. Адамның өміріндегі ең қуанышты қызық дәурені осы отбасында өтеді. Бала өмірінің алғашқы өмірінен бастап ата-ана өзінің негізгі борыштары – тәрбие жұмысын атқаруға кіріседі. Ата-аналардың балалары алдында олардың денсаулығының дұрыс жетіліп, өсуін қамтамасыз ету, тәрбие беру, қатарға қосылып кетуін қамтамасыз ету сияқты міндеттерін орындауы, ал балалары алдында ата-анасын қамқорлыққа алып, сүйеніш болуы секілді міндеттері ұштасып жатады. Айталық, ата-ана өзінің алдына мына төмендегідей мақсат қойып, оның жүзеге асуына мән беретін болса, сөз жоқ, ұрпағының тәрбиелі, өнегелі, білімді болып өсуіне жол ашады:
Балаға өз қателігін түсінуге мүмкіндік жасау;
Баланың жақсы мінез, іс-әрекетіне назар аударып, көңіл-күйін көтеру;
Ата-ананың өзін-өзі ұстай білуі, бақылай білуі;
Балаға дауыс көтеріп, жазалауға асықпай, оны түсінуге тырысуы;
Баланың тілін түсініп, онымен сырлас, дос болуға тырысу және оның ойы мен паймдауларына көңіл бөлу;
Өз баласын басқа балалармен салыстырмай, дұрыс тәрбие беріп, мінез-құлқын, іс-әрекетін, қателігін түсінуге мүмкіндік жасай білу;
Оның психо-физиологиялық даму дәрежесіне, адамгершілік, эстетикалық қалыптасуына, жан-жақты жетілуіне көңіл бөлу;
Оның шығармашылық қабілетін, ақыл-ойын, сезімталдығын бағалай білу;
Оның талап-тілегіне тежеу жасамай еркіндік беріп, дүниеге, өмірге деген көзқарасын бақылай білу.
Білімсіз адам өмір сүре береді, ал тәрбиесіз адам өмір сүре алмайды. Адамға жасынан бұлақ суындай мөлдір, айнадай таза болып өмір сүруге машықтануүшін аса үлкен тәрбие керек. Сәби нені біледі деп немқұрайлы ойлағандықтан қателесіп жүрген жағдайымыз да аз емес. Нәресте сөйлей алмаса да түсінеді. Сондықтан оның қасында албаты келеңсіз жағдай жасауға, былапыт сөйлеуге, айқай-шу көтеруге болмайды.
Әр ата-ана баласын жақсы адам болса екен деп армандайды. Алайда ол тез арада тамаша адам бола қоймайды. Баланы жақсы адам болдыру үшін оның негізін ата-ана өзі қалауға тиіс. Ол үшін өздері арасынан сыпай қатынасып мәдениеттілік танытуымен қатар, оғаш мінез шығармауы қажет. «балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі»- деген аталы сөз осыдан қалған.
Баланы ұрып-соғып, қорқытып тәрбиелеу дұрыс емес. Бұл жақсы тәрбие болмайды, керісінше бұл бала қатігез немесе қорқақ болып өсуі мүмкін. Сондай-ақ баланы шектен тыс еркелететін ата-аналарда жиі кездеседі. Еркеліктің де жөні бар. Көп еркелеткен бала өз білермендігімен кетеді де, әрі әке-шешесінің тілін ала бермейтіндігі кездеседі. Қандай да бір жағдайға төзімсіз оспадар болып кететіндері де бар.
Соңғы тыныштық сәті:
Енді бір сәт тынышталып, көзімізді жұмайық. Бүгінгі сабақтан алған әсерлеріңіз бен жақсы ойларыңызды, естеріңізге түсіріп көріңіздер. Ол өздеріңізбен бірге қалуы үшін жүректеріңізге сақтап, балаларымызға деген сүйіспеншілік пен мейірімділік сезімдерімізді алақанға салып, барша әлемге сыйлайық.
Әке ақылы – бұлақ, Ана ақылы – шырақ, Аға ақылы – көмек, Іні ақылы – демеу, Бала ақылы – ұшқын, Өз ақылың басыңда, Іздегіш болсаң қасыңда, -дей отырып бүгінгі сабағымды аяқтаймын. Әр күндеріңіз нұрлы да шуақты болсын!
Достарыңызбен бөлісу: |