Қазақтың ұлттық қолөнерінде ағаштан көптеген заттар жасалады. Балташылар, ағаш ұсталары, ершілер қайыңды, үйеңкіні, үйшілер, ағаш ойып, шыбық өріп тоқушылар талды пайдаланады. Балташылар үй борайды, еден төсеп, арба, шана, жақтау, қақпа, тіреу сияқты ірі заттарды істейді. Ағаш ұстасы стол, шкаф, сөре, орындық, кебеже, асадал, рамалар жасайды. Ағаш оюшылар оны жонып күйдіреді де бояулап өрнектейді. Шыбық өрушілер, тоқушылар қамыстан, шидан қорап, шыпта, орындық, шарбақ сияқты заттарды өреді. Бұл жұмысқа бұтақсыз, оқырасы жоқ, таза ағаш таңдап алынады.
Ағаш шеберлері балта, пышқы, үстірік (сүргі), бұрғы, ағаш түрпісі, тез, қысқы, үскі, қашау сияқты аспаптарды пайдаланады. Бұлардан басқа түрлі өлшеуіш пен үлгі, біз, қырғы, желім, бояу сияқты көмекші құралдары да болады.
Ағаштан бұйым жасайтын шеберлер: емен, қайың, самырсын, үйеңкі, қызыл қарағай, шынар, қара ағаш, ырғай, шырғай, тасжарған, мойыл, қайыңның түбірі (безі), жөке, тал, арша, жаңғақ ағашы, май қарағай сияқтыларды пайдаланады. Бұлардың бірі қатты, бірі жонуға оңай, жылтыр, ал кейбіреуі жарылмайтын, қаңсымайтын болса, енді кейбіреуі иілгіш, жеңіл, су сіңбейтін бірақ бояу сіңгіш, желім ұстағыш болады. Әрбір істің ерекшелігіне қарай әр түрлі сападағы ағаштар пайдаланылады.
Киіз үй
Қазақтың байырғы ұлттық баспанасы киіз үй болған, оны кейде киіз үй, кейде қазақ үйі деп атайды. Қазақ үйлерінің үлкен-кішілігін керегелер санына қарай белгілейді. Киіз үйлердің екі, үш қанаттан бастап он екі, он сегіз, отыз қанатқа дейін жететін үлкенлері болған. Киіз үйлердің түрлері мен атаулары да көп. Бұрынғы хан-сұлтандар мен атақты байлардың үйлері 8 қанаттан бастап 30 қанатқа дейін баратын. Бұларды ақ орда, алтын орда, алтын үзік деп атаған. Ал орташа шаруа мен кедей шаруаларға тән киіз үйлерді алты қанат ақ үй, боз үй, қоңыр үй, қара үй, жаба салма, көтерме туырлықты, күрке, қамсау (шошала), отау, итарқа, жаппа деп атаған.
Қазақ үйлерінің сүйегі кереге, уық, шаңрақ, маңдайша, таяныш, табалдырық, сықырлауық деп аталатын ағаш құралдардан тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |