Тәрбие сағатының тақырыбы: «Ерлік – ұрпаққа ұран».
Тәрбие сағатының мақсаты: Ұлы Жеңісті дәріптеу, өз Отанын, туған елін қорғай білуге тәрбиелеу. Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен ата-бабаларымыздың ерлік істерін қастерлеп, рухын көтеруге, үлгі-өнеге тұту.
Көрнекілігі: «Ұлы Отан соғысының батырлары» фотомонтажы. Соғысқа қатысқан ардагерлердің суреттері жапсырылған «Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмайды» стенді. Ұлы Отан соғысы жылдарына арналған фотомантаж, слайдтар. Кітап көрмесі.
«Жаңашыл ұлдан Отаншыл ұл артық».
Мұхтар Шаханов.
«Батырлық – тәуекел мен ақылдың есебінен шығуы тиіс. Тәуекел кейде ақылды да ақтап алады. Ал ақылсыз тәуекел ешкімді де ақтай алмайды».
Бауыржан Момышұлы.
«Ерлік – саналы әскери тәрбиенің жемісі. Өзіңді саналы түрде қауіп қатерге бас тігуге мәжбүр етудің нәтижесі».
Бауыржан Момышұлы.
«Ерлік – басыңа төнген қауіп қатерді жеңу деген сөз. Ол тек қасарысқан қажырлы күресте ғана туады».
Бауыржан Момышұлы.
ӨТУ БАРЫСЫ:
1.Мұғалім:
Ардақты ардагер аталар, құрметті қонақтар, балалар, бүгінгі тәрбие сағатымыз Ұлы Жеңіске 70 жыл толуына байланысты «Ерлік – ұрпаққа ұран» деген атпен –өткелі отыр.
2.Жүргізуші :
Қайырлы күн ағайын!
Есенсіздер ме, құрметті қонақтар!
Адам баласы бір жақсы қасиеті туған жердің топырағынан алады деген ұғым бар. Туған топырағынан жаралған әр адамзаттың болашаққа деген сенімі мен көзқарас еркіндігі тек қана бейбіт өмірге қамтамасыз етілген елде қалыптаспақ.
Жанын қиған сен үшін,
Тоқта достым сабыр ет.
Үнсіз тұрып бір минут,
Басыңды иіп, тәжім ет.
Ұлы Отан соғысы жауынгерлерін 1 минут еске алайық./Үнсіздік минуты/ Рахмет.
3.Жүргізуші:
Бейбіт өмір! Осынау сөздің астарында азаттық пен еркіндікті және бас бостандығын білдіретін үлкен мағына жатыр. Бұл сөзде қай халықтың болмасын жердің бүтіндігі мен елдің амандығы үшін, бейкүнә сәбилердің тыныш ұйқысын қорғау үшін небір тар жер тайғақ кешуден өткенін баяндайтын тарихы жатыр. Бейбіт өмір қалыптасқан жерде әрбір ұлттың жер бетінде жасауы да сан ғасырларға жалғаса бермек.
Иә, Әрбір елдің болашағы өз Отанына шексіз берілген . Патриоттық рухы жоғары, ержүрек, қайсар ел азаматын тәрбиелеуден бастау алады. Біздің халқымызды ерлік дастаны ата – бабамыздың сонау заманда найзаның ұшы, білектің күшімен жер қорғауынан бастап, одан бергі небір соғыс зобалаңдарынан бастап бастан өткеруіне көрініс..... Соғыс -зұлымдық. Жазықсыз төгілген қан.
4.Оқушы:
Армысың! От жалыннан оралғандар,
Аттарың аңыз болып таралғандар.
Тірлікте жаны жарқын алау жандар,
Тойымсыз ажалға тосқауыл боп,
Топ жарып тайсалмай-ақ бара алғандар,
Армысың!
От жалыннан оралғандар!
5.Оқушы: Мен 25 жыл әскерде болдым. Біле білген кісіге бұл
үлкен университет. Осы 25 жылдың ішінде мен талай қолбасшымен кездестім,сабақ алдым.Талай генералдың қол астында қызмет істедім,тәрбие көрдім. Өйткені командир деген әскери педагог қой.Осы әр ұлт адамдарымен қызметтес болғанымды өзіме ерекше мектеп деп бағалаймын.Мен осы 25 жыл ішінде қарамағымда болған,үстеріне шинель киген солдаттар арқылы барлық халықтардың жанын ұқтым деп ойлаймын.Отан үшін өз басымды өлімге байлай отырып,мен оларды ажалмен алысуға жұмсадым.Олардың өлмеуі үшін, өз ұрпақтарын, өз халықтарының намысын, оның өздері сүйетін асыл қасиеттерін аман сақтап қалу үшін қасықтай қаным пида деп жанып тұрған отқа талай түстім. Өз халқын құрметтеп,сүймеген адам опасыз,оңбаған адам. Өз елінің бағасын білген адам ғана басқа елді қадірлей алады.Өйткені халықтардың туыстығы алдымен адамдардың өз халқына сүйіспеншілігіарқылы ғана келеді.Мен өзге ұлттарды құрметтеуші,өз ұлтын сүюші!
6.Оқушы: Бауыржан Момышұлы. (24 желтоқсан 1910 - 10 маусым 1982) — Кеңес одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег және тактик. Батыс майданындағы 16 армияның 316 (1941 жылдың қарашасынан бастап 8-гвардиялық Қызылту атқыштар дивизиясы 1073 атқыштар полкінің (1941 жылдың қарашасынан 19 Гвардия полкі) және батальон командирі. Ұлы Отан соғысына генерал-майор И.В. Панфилов басқарған әйгілі дивизиясының құрамында 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап қатысты. Батальон командирі ретінде аға лейтенант Бауыржан Момышұлы Москва үшін шайқаста 207 рет ұрысқа қатысты. 1941 жылдың 16-18 қараша күндері вермахтың Мәскеу бағытында екінші мәрте жасаған жорығы кезінде аға лейтенант Момышұлы басқарған батальон дивизиядан қашықта, Матронино деревнясының жанында Волоколамск тасжолында асқан ерлікпен ұрыс жүргізді. Білікті комбаттың басшылығы арқасында 3 күн бойы фашистер шабуылын тойтарып, батальон үлкен шығынсыз, ұрысқа қабілетті жағдайда қоршаудан шығады.
7.Оқушы: Бауыржан 7 жылдық пектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болған. Сонда жүргенде кезекті әскери міндетін өтеуге шақырылып, онда бір жарым жыл жүріп, запастағы командир атағын алады.
Туған ауылына оралған соң, ол біраз жыл қаржы мекемесінде қызмет істейді. Содан қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылы, түрлі әскери бөлімдерде взвод, рота командирі болады. 1941 жылы ІІ-ші дүниежүзілік соғыс басталысымен Бауыржан даңқты генерал – майор И.В. Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанды, батальон, полк командирі қызметтерін атқарды. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады. Соғыс кезіндегі жеке басының қаһармандық ерлігімен ерекше көзге түседі. Бауыржанның осындай ерлігі жөнінде белгілі орыс жазушысы А. Бек «Волокаламское шоссе» повесін жазды. Соғыстан кейін Бауыржан Совет Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан Бауыржан біржола шығармашылық жұмысымен айналысады.
Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген білгендерін арқау етеді. Бауыржан бірнеше орден, медальдармен наградталады. Кеңестер Одағының батыры атағын алады. Алайда бұл атақ Отан соғысы біткеннен кейін жарты ғасырдай уақыт өткенде барып берілген болатын. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасы тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың жарлығымен оған «Халық қаһарманы» деген атақ берілді.
8.Оқушы:
Жер үшін, Отан үшін лаулағандар,
Азамат, айтқан серттен аумағандар,
Шекара шебіндегі ну ормандар,
Халқына қалқан болып қаулағандар.
Ерлігің аңыздар мен шежірелер,
Ойлардан, өлең болып саулағандар,
Азамат!
Айтқан серттен аумағандар!
9.Оқушы:Қасым Қайсенов. 1918 жылы 23 сәуірде Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында дүниеге келген. Ол 2006 жылы 30 желтоқсан күні 89 жасқа қараған шағында ауыр науқастан дүние салды.1934 жылы мектеп бітіргеннен кейін Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумына түсіп, 1938 жылы оны бітірген соңПавлодар облыстық оқу бөлімінің саяси-ағарту жөніндегі нұсқаушысы болып қызмет атқарып жүргенде әскер қатарына шақырылып, әскери-барлау мектебіне жіберіледі.1941 жылы қараша айында осы мектепті бітірген бойда, Оңтүстік-Батыс майданының штабына жөнелтіліп, сол жерден арнайы тапсырма алып, Украинаның басқыншылар қолында қалған жерінде партизан отрядын құру үшін жау тылына түсіріледі. Ол жерде Қайсенов Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші отрядын басқарады. Одан кейінгі кездерде, 1944 жылдың аяғына дейін Молдавия, Чехословакия, Румыния жеріндегі партизан қозғалыстарына қатысады. Отряд командирі болып жүріп, жау тылында жүздеген жорықты басынан өткереді. Соғыс аяқталған соң Отанына — Қазақстанға оралып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы аппаратында жауапты қызметте болады. Жамбыл облысының Жуалы, Свердлов аудандарында атқару комитеттері төрағаларының орынбасары ретінде соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығын қалпына келтіру науқанына белсене араласады. 1951-1954 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы екі жылдық партия мектебінің аудармашылар бөлімінде оқиды. 1953-1972 жылдар аралығында «Жазушы» баспасы директорының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы көркем әдебиетті насихаттау бюросы директоры, «Қайнар» баспасы директорының орынбасары болып қызмет істейді.
10.Оқушы:
Армысың! Ары таза абзал жандар,
Ертерек шешек атқан ақ армандар.
Байсалдық, батырлықпен баға алғандар,
Бейбіт күн таңы болып ағарғандар.
Көңілде желбіретіп жеңіс туын,
Сөндірмей сенім отын жаға алғандар.
Бейбіт күн таңы болып ағарғандар.
Күш, жігер таба алғандар,
Отызда самай шашы ағарғандар.
Екенбіз өздеріңе біз қарыздар,
Жоғалтпай ар-ұжданын жоғалғандар!
11.Оқушы: Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов - Авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте батыры, «Барыс» орденінің иегері. 1922 жылы 5-тамызда Сарыарқаның кең-байтақ даласында, Ақмола облысының өзен-көлі тасыған, емдік суы атқылаған Майбалық ауылында туған. 2014 жылғы 9 қарашада Алматы қаласында дүниеден өтті. Аэроклубта тамаша тәжірибеден өтіп, ұстаздарының оң көзіне түскен талапты жігіт Талғатты 1940 жылы Саратов әскери-авиация мектебіне оқуға жібереді. Ондағы қатаң сұрыптаудан жанарының оты бар жігіт аман-есен өтеді. Саратовтағы ұшқыштар мектебін екі жыл оқып, сержант шенімен бітірген соң, Чкаловтағы бомбалаушы ұшқыштар мектебін аяқтайды. Ал қан майданға аттанар алдында Ижевск қаласынан «ИЛ-2» штурмовигімен ұшуды үйреніп шығады. Сол күннен бастап әскерилер арасында «ұшқыш танк» деп аталып кеткен «Илюшаға» басы бүтін бауыр басып, 1942 жылы майданға аттанады. Осы өзі бір көргеннен қатты ұнатқан ұшақпен көк жүзінде 500 сағат болады. 305 рет әскери шабуылға шығып, жау ұясы – Берлинді алуға бірінші болып қатысады. Фашистер өздеріне аяусыз өлім оғын сепкен Талғат мінген ұшақты «Қара ажал» деп атаған. 23 жасында Кеңес Одағының екі мәрте батыры атағын иеленіп, соғыста небір көзсіз ерлік көрсеткен қыран қазақ қан майданнан аман-есен оралған соң, әскери әуе академиясын аяқтайды. Қазақстанның әскери-әуе күштерінде түрлі басқару қызметінде болады. 1956 жылы денсаулығына байланысты демалысқа шығады. КСРО Жоғарғы Кеңесінің үш мәрте депутаты болып сайланады. 1957 жылдан 1970 жылға дейін азаматтық авиацияны басқарып, Алматы, Ақмола, Арқалық, Қызылорда, Қарағанды, Тараз сынды көптеген қалаларда аэропорт салу ісіне өлшеусіз үлес қосады. 1968 жылы Мәскеу инженерлік-құрылыс институтын бітіріп, мемлекеттік құрылыс саласында да қызмет атқарып, әсіресе, Алматыдағы небір тамаша зәулім ғимараттардың бой көтеруіне атсалысады. Бүгінде 86 жасқа аяқ басса да денсаулығы мықты, тың Талғат ағамыз табиғат аясында жиі болғанды ұнатады. Бал арасын, бау-бақша өсірумен айналысады, қоғамдық жұмыстан да қол үзген емес.
12.Оқушы:
Балауса іске аспаған арман ойлар,
Сәтінде тойланбаған бақыт-тойлар.
Өздерін Отан үшін оққа байлап,
Жауына жасын болған найзағайлар.
Алаңда «Ескерткіштер, мүсіндер» боп,
Шырқау шың созып тұрған көкке бойлар.
Уақыт уысына сыймағандар,
Бақытты ұрпағына сыйлағандар.
Жандарын ұрпақ үшін қиғандар,
Бал нәрін ұрпақ үшін жинағандар.
Бір уыс туған жердің топырағын
Қыршыннан қиылса да қимағандар!
13.Оқушы: Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұлова (шын есімі Ілия, майдандас достары «Лия» деп атапты) (1925 ж. 15 маусым (кейбір деректерде 25 қазан, 20 сәуір), Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Қаз КСР – 1944 ж. 14 қаңтар, Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники, Казачиха ауылы, РКСФР) – Кеңес Одағының Батыры (1944), мерген, ефрейтор. 1925 ж. 25 қазанда Ақтөбе облысы, Қобда ауданының Бұлақ ауылында Сарқұлов Нұрмұхаммед және Молдағұлова Маржанның отбасында дүниеге келген. Бала кезінде анасынан айырылып (1933 ж.), кейіннен Алматыда ағасының қолында тұрған, ал 1935 ж. бастап Ленинград, Красногвардейский ауданы, Гурдин көшесіндегі №46-шы балалар үйінде тәрбиеленген. Санкт-Петербургтегі 9-орта мектебінде оқыды.[1] Оқудағы озаттығы және үлгілі тәртібі үшін Әлия Қырымдағы Бүкілодақтық пионерлер лагері – Артекке жіберіледі. Артекте батырлар тақтасына Рубен Ибаррури, Тимур Фрунзе сияқты батырлармен қатар Әлия Молдағұлованың да суреті енгізілген. Соғыс басталған соң балалар үйімен бірге Ярославль облысының Вятское селосына эвакуацияланған. Вятское орта мектебінен 7-сыныпты бітірісімен Рыбинск авиациялық техникумына түседі, бірақ көп ұзамай (1942) ЖШҚӘ-ға (Жұмысшы-Шаруа Қызыл Әскері) майданға жіберу туралы өтініш жібереді.
1943 ж. Снайперлер дайындау орталық әйелдер мектебін аяқтайды. 1943 ж. бастап 54-ші арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған (22-ші әскер, 2-ші Балтық жағалауы фронты). Жау әскерінің 30-дан аса сарбаздары мен офицерлерінің көзін жойған. 1944 ж. 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты. Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұловаға 1944 ж. 4 маусымда Кеңес Одағы Батыры атағы берілді. Ленин орденімен марапатталды. Әлия Новосокольники ауданының Монакова ауылында жерленген. Әлия есімімен көшелер, ондаған мектептер (Мәскеудегі № 891 орта мектебі, Шымкенттегі № 29 орта мектебі, Новосокольники № 72 орта мектебі, Оралдағы № 38 орта мектебі), Әскери-теңіз флотының кемелері, Каспий жүк таситын теплоходы аталған. Ақтөбе, Астана, Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербор, Новосокольники қалаларында ескерткіштер орнатылған. Ақтөбеде облыстық мемориалды музей жұмыс жасайды.
14.Оқушы: Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметова (шын есімі Мәнсия) — 1922, Орал облысы Орда ауданы ,— 1943 ж. қазанның 16-ы — қаһарман қазақ қызы, Кеңес Одағының Батыры (1944). Шын есімі Мәнсия. Анасы еркелетіп Моншағым дей бергеннен, Мәнсияның тілі келмей өзін Мәншүк деп кеткен. Мәншүктің өз әкесі - Жиенғали Мәметов. Бірақ Жиенғалидің інісі Ахмет Мәметовте бала болмаған соң, 1925 жылы Мәншүкті сол кісінің қолына берген. Ахмет Саратов қаласында оқып жүргендіктен, Мәншүкті өзімен бірге сол жаққа алып кетеді. Көп ұзамай аласапыран заман басталады да, Ахмет бірнеше жыл ағасымен хабар алыса алмай қалады. Кейін 1931 жылы Алматыға келгеннен соң, жылдың соңында бір-ақ естиді: ағасы Жиенғалидің аштықтан көз жұмған екен. Ахмет Мәметов - қазақтан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі, өзі Алашордашы, Бейімбет Майлин, Құдайберген Жұбановтармен жақын араласқан. Сондықтан да 1938 жылдың қаңтар айында ұсталып кетеді. Ахметтің әйелі Әмина Мәметова - Әбілқайыр ханның тұқымы. Атасы молда, әкесі елге сыйлы адам болған, өзі патша заманында әйелдер гимназиясында оқыған, Саратовта аспирантура бітірген, елге келген соң әдебиет пәнінің мұғалімі болып, сол кездегі газеттерге сыни мақала жазып тұрған. Ұлы Отан соғысы басталған кезде Мәншүк Алматы медициналық институтында оқып жүрді. 1942 ж. тамызда ол өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-нші атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты. Аға сержант, пулеметші Мәншүк ұрыстарда өзінің мергендігімен және тобында батылдығымен көзге түсті. Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста Мәншүк ақтық демі біткенше пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты. Павлодар облысының колхозшылары Батыр қыздың құрметіне Мәншүк атындағы танк колоннасын құруға қаражат жинады. Туған жерінде оған ескерткіш орнатылған, Невель, Алматы, Орал, т.б. қалаларда Мәншүк атында көшелер бар. Республиканың ондаған мектептері, Қызылорда қыздар педагогикалық училищесі Мәншүк есімімен аталады. Қаһарман қыздың өмірі мен өшпес ерлігі жайлы «Мәншүк туралы жыр» (авторы — А. Михалков-Кончаловский, режиссері М. Бегалин) көркем фильм түсірілді.
15.Оқушы:
Айналып тұрса дағы жер есінде,
Сұрапыл сойқан жылдар ел есінде.
Желпініп, желбірейді менмұндалып,
Жеңістің алау туы жел өтінде...
Кеудесін шаттық кернеп ардагерлер,
Тұр бүгін алпыс жеті жыл белесінде,
Соғыстың жаңғырығы әлі есінде.
16.Оқушы: Біздің жерлесіміз-Бекіш Қасен Есімсейітұлы.
Бекіш Қасен Есімсейітұлы 1924 жылы Ботай ауылында дүниеге келген.
1932-1933 аштық жылдары Ресейдің Кемеровск облысына жан ұясымен қоныс аударған.
1942 жылы Иркутск қаласында әскери дайындықтан өтіп, ішкі істер қатарында әскери міндетін өтеген. 1943 жылы Сталинградты қорғауға қатысып, қолға түскен жау әскерлерін тылға жеткізіп отырған. Иран орталығы Тегеран қаласында өткен конференцияның қауіпсіздігін қорғауға қатысқан.
1946-1949 жылдары Батыс Украина жеріндегі ұлттық көтерілісті басуға қатысады.
1949 жылы елге оралады.
Құрметті зейнет демалысына шыққанша еңбектен қол үзбей автокөлік жүргізуші болып еңбек еткен. Қасен Есімсейітұлы Ұлы Отан Соғысының ІІ дәрежелі орденімен және мерейтой медальдерімен марапатталған.
Қасен ата мен Құсни әже үш ұл, үш қыз тәрбиелеп, ұлын ұяға қызын қияға қондырып, бүгінгі таңда жиырма екі немере, төрт шөбере сүйіп, балаларының тілеуін тілеп, өрісі жайылған бақытты жанұя қатарында.
17.Оқушы: Менің сүйікті атам-авторы: Мұқышева Назерке.
Қан майданда қатуланып,
Қайрат шашқан қазақ ұлы.
«Қазақ деген-батыр халық»,-деп шежіре жазады мұны.
(Молдабек Саламатов).
Қазақ өзінің батыр ұлт екендігін екінші дүниежүзілік соғыста да дәлелдеді.Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі жертөлелерде, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда батыр ерліктер көрсетті. Украинаны, Кавказды, Белоруссияны, Қырымды, Прибалтиканы азат етіп, Польша Румыния, Венгрия, Чехословакия,Болгария, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында жеңіс туын көтеріп өтті. Ұлы шайқастарда жеңіс үшін өз ерлігімен үлес қосқандардың бірі-менің сүйікті атам Мұқышев Молдаш. Атам 1921 жылы 22 мамырда дүниеге келген, 3жасынан жетім қалып, осы Петропавл қаласының балалар үйінде 11 жасқа дейін тәрбиеленген. Содан жалғыз нағашы апасы тауып алып, бауырына алған. Күн көру үшін бала жасынан колхозда жұмыс істеуге тура келеді. Соғыс алдында Червонныйдан Жантурин Иманғали деген ағасын табады. Өзі Мәдениет колхозда еңбек етеді. Соғыс басталғанда Қызыл Армия қатарына шақырылып, Алматыда жасақталған 124-атқыштар полкіне қатардағы солдат болып алынады. Әскери жаттығудан өткеннен кейін полк Царицин қаласына жіберіліп, алғашқы шайқасты Сталинградтан бастайды. Осы шайқаста аяғынан жараланып, екі ай емделгеннен кейін Сталиннің Бұйрығымен құрылған Беларусь майданындағы танкіге қарсы жасақталған механикаландырылған корпусқа ауыстырылады. Сталинград қаласын азат етуге қатысқаны үшін «Сталинградты азат еткені үшін» медаль берілді. 1943 жылдың бас кезінде Донецк даласында болған ірі шайқаста ауыр жараланып,госпитальға түседі. Бірнеше күн далалық госпитальде жатқаннан соң, атамды және барлық ауыр жараланғандарды тылдағы сауықтыру орны Кисловодск қаласына жібереді.Кисловодск қаласында үш ай жатып емеделгеннен соң, әскери коммисия әскерден босатып,1943 жылы елге оралады. Донецк қаласында болған шайқаста ерен батырлығы үшін «Советтер Одағының маршалы ЖуковГ.К» медаліне ие болады. Елге келген соң, егіс бригадасын басқарады. Күзде қайтадан Қызыл Армия қатарына алынып, 1943 жылдың 22 қыркүйегінде майданға аттанады. Польша жеріне, Варшаваға шабуыл жасағанда, снаряд жарықшағынан жараланады. Жарықшақтар жауырынына, арқасына тиген екен. Ес-түссіз қалып, ауыр жараланған оны, әскери госпитальға апарады. Операция жасап,госпитальда істейтін медбикелер қан беріп, атам аман қалады. Варшаваға шабуыл жасағанда өзінің ерлігімен ерекшеленіп, «Халықтар достығы» медалінің иегері атанады. Жазылғаннан кейін қайтадан майданға жіберіліп, бірақ денсаулығы жарамағандықтан, еңбек армиясына түседі. Оралдағы Первомайск қаласындағы қару-жарақ жасайтын заводта жұмыс істеп, тек қана 1946 жылы желтоқсанда ауылға оралады. Денсаулығына қарамастан,еңбек армиясында қызмет еткені үшін «Еңбек ардагері»медалін береді. Соғыстан кейін колхозда,сосын жаңа құрылған Уәлихан совхозында механизатор, бригадир болып зейнеткер болғанша еңбек етеді. Сол сияқты соғыс жылдарында ерен еңбегі, батырлығы үшін «Ұлы Жеңіске 30 жыл», «Ұлы Жеңіске 40 жыл», «Ұлы Жеңіске 50жыл», «Даңқ белгісі», «Отан соғысы», «Астанаға-10жыл»орден, медальдарымен марапатталған.
Менің әжеме 1943 жылы қосылып, 12ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Қазір немере, шөберелерінің қызығын көріп отыр. Қазіргі уақытта кіші баласының қолында тұрып, болашақ ұрпаққа бейбітшілік тілеп, бақытты өмір кешуде. Атама және бізге осы бейбіт өмірді сыйлаған соғыс және еңбек ардагерлеріне зор денсаулық, ұзақ өмір, ашық аспан тілеймін.
Батыр аталарымыздың ерлікпен жеткізген ұлы жеңіске тағзым етіп, әрбір бейбіт күніміз үшін, қатары сиреп қалған ердегерлерімізді қадірлеп, бас иіп жүрейік. Жеңіс құтты болсын!
17.Хор. Әрқашан күн сөнбесін.
18.Оқушы: Мен жастарға сенемін!!! (М. Жұмабаев)
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты —
Мен жастарға сенемін!
Көздерінде от ойнар,
Сөздерінде жалын бар.
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемін!
Жас қырандар — балапан,
Жайып қанат, ұмтылған.
Көздегені көк аспан,
Мен жастарға сенемін!
Жұмсақ мінез жібектер,
Суттей таза жүректер,
Қасиетті тілектер —
Мен жастарга сенемін!
Тау суындай гүрілдер,
Айбынды алаш елім дер,
Алтын Арка жерім дер,
Мен жастарға сенемін!
Қажу бар ма тұлпарға,
Талу бар ма сұңкарға?!
Иман күшті оларда,
Мен жастарға сенемін!..
Алаш — айбынды ұраны,
Қасиетті құраны.
Алаштың олар құрбаны,
Мен жастарға сенемін!
Мен сенемін жастарға:
Алаш атын аспанға
Шығарар олар бір таңда,
Мен жастарға сенемін!
19.Мұғалім:
Бейбіт өмірдің баға жетпес бақытты күндері амандықпен дидарласайық.
Солтүстік Қазақстан облысы
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан
Новоишим ауылы
№2 Новоишим орта мектебінің
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
Калиева Жанар Кенжебайқызы.
Достарыңызбен бөлісу: |